Спорт

ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖЕҢІЛІС

Еуро-2016

 Қазанның екі күні қазақстандық футбол жанкүйерлерінің айызын бір қандырды. Еліміздің ұлттық құрамасы екі ойында да жеңіліс тапқанымен, бұрынғы жылдарға қарағанда биік өнер көрсетті.

Голландтар ойланып қалды

Біздің команда алдымен Амстердамда Голландиямен кездесті. Алаң иелері ойын басталысымен тізгінді өз қолдарына алды. Біздің футболшылар дереу қорғанысқа көшіп, қалай болғанда да қақпаны аман сақтау үшін жанталасты. Тек қақпаны күзетіп қана қоймай шабуылға шығуды да естен шығармады. Сирек болса да қарсыластардың айып алаңына ұмтылған қазақстандықтар бұрыштама добын беру мүмкіндігіне ие болды. Ойынның 18-минутында Сергей Хижниченко асырған допты ұтымды пайдаланған қорғаушы Ринат Абдулин баспен ұрып, есеп ашты. Қазақстанды аутсайдерге санап келген голландтардың есі шығып кетті. Тайлы-тұяғы қалмай шабуылға шықты. Алаң иелері қанша жерден күштерін салғанымен ойынның бірінші таймында жеңіліп жатты. Тіпті ойынның екінші кезеңінде де біраз уақыт есепті өзгерте алмай діңкелері құрыды. Тек 62-минутта екінші таймда ойынға қосылған Ян Хунтелаар есепті теңестірді.

Өкінішке қарай, екі минуттан кейін төреші Афелайды шалып құлатты деп Бауыржан Жолшиевті алаңнан қуды. Алаңда он ойыншымен қалған Қазақстан құрамасы қорғанысқа күш салды. Бізге тең нәтиже де жеткілікті еді, бірақ олай болмай шықты. 82-минутта Афелай есепті 2:1-ге жеткізсе, 89-минутта Ван Перси пенальтиден үшінші голды соқты.

Бірақ 82-минутқа дейін тең есепті ұстап тұрған футболшыларымыз барша қазақстандықты риза етті. Роббен, Ван Перси, Снейдер, Вандер Виль секілді әлемдік деңгейдегі футбол жұлдыздарын әбден састырған Қазақстан құрамасы өзгелер ойлағандай қалпақпен ұрып алатын команда емес екенін көрсетті. Қазақстандықтардың мықты екенін голландтардың өздері де мойындады. Нидерландының бас жаттықтырушысы Гус Хиддинк: «Матч біз күткендей өте қиынға түсті. Қазақстан күтпеген жерден қарсылық танытты. Әрине, бірінші таймда біздің ойынымыз мүлдем жүрмеді. Ал екінші таймда жігіттер жоспарды толығымен орындады», — деді. Ал Голландияның ойынына реніш білдірген жанкүйерлері Мокин қорғаған қақпаға гол соққан футболшының ойыннан тыс қалғанын, мұны төрешінің көрмегенсігенін, Жолшиевке көрсетілген «қызыл қағаз» тіпті «сары қағазға» да тұрмайтынын, Қазақстанның қақпасына белгіленген пенальтидің де күмәнді екенін, төрешінің бұра тартқанын әлеуметтік желілерде ашық жазып жатыр.  

Голландия — Қазақстан 3:1 (0:1)
Гол:
 Абдулин 17 (0:1), Хунтелаар 62 (1:1), Афеллай 82 (2:1), Ван Перси пенальтиден 89 (3:1)
Ескерту: Абдулин 33, Дмитренко 55
Алаңнан қуылды: Жолшиев 64
Голландия: Силессен, Ван дер Виль, Де Врей, Мартинс Индии (Фер 81), Блинд, Де Йонг (Хунтелаар 56), Афеллай, Снейдер, Ленс, Ван Перси (к), Роббен
Қазақстан: Мокин, Воротников, Абдулин, Дмитренко (Гурман 72), Мирошниченко, Сүйімбаев, Карпович (к) (Коробкин 79), Шомко, Богданов, Жолшиев, Хижниченко (Нұрғалиев 90)
Төреші: Матей Юг (Словения)

Логвиненконың екі голы

Келесі ойын Астанада Чехия құрамасымен өтті. Қазақстанда дұрыс футбол алаңы жоқ, жасанды алаңда ойнамағалы 20 жылдан асты деп алдын ала байбалам салған чехтар менсінбегендік пиғыл танытқандай болды. Бұған дейінгі екі кездесуде жеңіске жеткен Чехия командасының, әсіресе, биылғы жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Голландиядан басым түскені, олардың мықты футбол ұжымы екенін көрсетсе керек.

Бірақ біздің футболшылар Чехиядан қаймыға қоймады. Голландиямен болған ойын сияқты емес, қорғаныстан ашық футболға көшті. Әлемнің үздік қақпашыларының бірі Петр Чех қорғаған қақпаны нысанаға алумен болды.

Алайда, тас-түйін қорғанысты қол көрмеген біздің ойыншылар чехтардың шабуылына тойтарыс бере алмай қалып жатты. Сондай сәттің бірінде, ойынның 13-минутында Борек Дочкал Андрей Сидельниковты қапы қалдырды. Дочкал 20 метрдей жерден қатты соққы жасап, қақпаның оң қапталын дәл көздеді. Ал бірінші таймның 44-минутында Давид Лафата есепті еселей түсті.

Екінші таймда да қарсыластар алма-кезек шабуылға көшті. 56-минутта Ладислав Крейчи чехтарға үшінші голды сыйлады.

Қарымта қайтаруды ойлаған біздің футболшылардың гол соғуға шеберліктері жетпей жатты. Әсіресе, Сергей Хижниченко есеп ашатын мүмкіндіктерді жіберіп алды. Асхат Тағыберген де Петр Чехты жиі мазалағанымен, нәтижеге қол жеткізе алмады.

Бас жаттықтырушы Юрий Красножан тығырықтан шығудың жолын ойластыра бастады. Карповичті Қонысбаевқа, Хижнеченконы Нұрғалиевке, Мирошниченконы Бейсебековке алмастырғаннан кейін біздің команданың ойыны қыза түсті. Футболшылар ірі есеппен ұтылып жатқанына қарамастан, атойлап алға ұмтылды. 84-минутта ақтөбелік жартылай қорғаушы Юрий Логвиненко Петр Чехтың қақпасына бір гол салды. Бірақ 88-минутта Нецид есепті 4:1-ге жеткізді. Дамылсыз қимылдаған қазақстандықтардың добын чехтар бұрышқа жіберді. Тағы да бұрыштама добы орындалды. Тағы да Юрий Логвиненко қақпаны дәл көздеді.

Бұл ойында команда капитаны Таңат Нөсербаев, Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген, Азат Нұрғалиев, Ұлан Қонысбаев, Юрий Логвиненко, Дмитрий Мирошниченко сынды футболшылар еуропалықтарша қимылдап, ойынның сәнін келтірді.

Есеп бойынша Қазақстан Чехиядан 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Бірақ бұл жеңіліс жеңістерге жетелеп тұрғандай боп көрінді. Өйткені Еуропаның үздік командалары өздерімен санаса алатын Қазақстан жастарының өсіп келе жатқанын анық байқады.

Қазақстан — Чехия 2:4 (0:2)
Гол:
 Дочкал 13 (0:1), Лафата 44 (0:2), Крейчи 56 (0:3), Логвиненко 84 (1:3), Нецид 88 (1:4), Логвиненко 91 (2:4)
Ескерту: Тағыберген 27, Нөсербаев 53, Шомко 76 — Коларж 31
Қазақстан: Сидельников, Воротников, Абдулин, Мирошниченко (Бейсебеков 83), Логвиненко, Карпович (Қонысбаев 58), Исламхан, Тағыберген, Нусербаев (к), Шомко, Хижниченко (Нургалиев 70)
Чехия: Чех (к), Кадержабек, Кадлец, Сивок (Прохазка 81), Лимберски, Дочкал, Коларж, Ваха, Крейчи (Пиларж 69), Дарида, Лафата (Нецид 79)
Төреші: Маттиас Гестраниус (Финляндия)

 

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button