Спорт

Шын жанкүйер қиын кезде танылады

 

«13-сектор» неге ренжулі?

Футболдан Қазақстанның бес дүркін чемпионы, екі реттен күміс және қола медаль иегері атанған «Ақтөбе» командасы биылғы маусымды да сәтті бастап, бірінші кезеңді бірінші орынмен аяқтаған болатын. Алайда, соңғы кездесулердегі сәтсіздіктер сүйікті командамызды алтын үшін таластан ығыстыра бастаған сыңайлы. Әрине, командасын үнемі биіктен көріп үйренген жанкүйерлердің көңілдері түсіп қалғаны рас. Әсіресе, соңғы матчта «Астанадан» 1:6 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін «13-сектор» деп аталатын фан-клуб мүшелері әлеуметтік желілерде түрлі мәлімдемелер жасап жатыр. 18 қазанда Қобыланды батыр атындағы стадионда «Шахтермен» болатын ойын кезінде наразылықтарымызды білдіреміз деп жатыр. «Ақтөбе» көңілімізді қалдырды, енді стадионға бармаймын» деушілер де бар.

Әлеуметтік желілерде жазған мәлімдемелерінің себебін айтсын, ойларымен бөліссін деген мақсатпен «13-сектор» фан-клубының бірнеше мүшесіне телефон шалдық. «Не айтатыны бар, «Ақтөбенің» биылғы чемпионаттағы ойындарына талдау жасап көріңіз, біздің ренішіміздің жауабын ала аласыз», — деді.

 

Сараптама

Иә, біріншілікті сәтті бастап, турнир кестесінің көшбасшысы болған «Ақтөбе» 13 тур бойы аяқты алыстан тастап, көсіліп шапты. 13 ойында мүмкін болған 39 ұпайдың 32-сін қанжығаға байлады. Бар болғаны 7 ұпай ғана жоғалтты. 13 кездесуде қарсыластар қақпасына 23 гол соғып, өз қақпасына бар болғаны 3 доп қана жіберді. 14-турдан бастап «Ақтөбе» шынымен-ақ қожырады. Бірінші айналымның соңғы тоғыз ойынында Ақтөбеде «Атыраумен», «Ордабасымен», «Астанамен», сырт алаңда «Қайсармен» тең түсіп, Талдықорғанда «Жетісудан» 0:1 есебімен ұтылды. Бұл ештеңе емес, Алматыда «Қайраттан» 1:7 есебімен оңбай таяқ жеді. Алматыдағы ешкім күтпеген ірі жеңілістен кейін

«Тобылды» 3:1, «Таразды» 2:0 есебімен жеңіп, сырт алаңда «Ертіспен» тең түскенде жанкүйерлер алтын медальға үмітпен қарай бастады. Алайда, соңғы 9 ойында өз қақпасына 12 гол жіберіп, қарсыластар қақпасына 6 гол ғана соғуы көкейде күдік қалдырғаны рас. Дегенмен, негізінен алғашқы 13 кездесуде жинаған ұпай қорымен бірінші кезеңді бірінші орынмен аяқтады.

1-6 орындар үшін өтіп жатқан екінші кезең бәсекесі біз үшін сәтті болмай тұр. Жерлестеріміз Қарағандыда кеншілермен, өз алаңында «Қайсармен» тең ойнады. Одан кейін Алматыда «Қайратқа» қарсы қауқар көрсете алмады. Ал «Астанадан» 1:6 есебімен жеңіліп, тағы да ұятқа қалды. Қазір жүлде үшін талас кезеңінде 4 ойыннан екі-ақ ұпай ала алды. Төрт ойында екі гол ғана соға алды, ал өз қақпасына 9 гол жіберді.

Міне, статистикалық мәліметтер осылай дейді. Бірақ бұған қарап бәрінен түңіліп, командадан сырт айналып кетуге болмас. Бұл жөнінде облыстық футбол ассоциациясының президенті Сағат Еңсегенұлы мен команда капитаны Петр Бадлоны сөзге тарттық.

Сағат Еңсегенұлы:

— Иә, қазір команда қиын жағдайды бастан өткеріп отыр. Бірінші кезеңнің соңына қарай бас жаттықтырушы Владимир Никитенко соңғы матчтардағы сәтсіздіктерге байланысты қызметінен кетті. Орнына жас болса да белгілі клубты жаттықтырып, беделге ие болған Владимир Газзаев келді. Біз қалай болғанда да «Ақтөбені» бұрынғы атақ-абыройынан айырмай, биіктерден көріну үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Жанкүйерлердің ренішін түсінеміз. Бірақ футболдың аты — футбол. Доп — дөңгелек. Үнемі жеңіске жете беру мүмкін емес. Бұл тек футболда, спортта ғана емес. Кез келген салада үнемі үздік жүрген кім бар? Не нәрсе де өз уақытында. Тіпті Англияның, Испанияның ең мықты деген командалары да Чемпиондар лигасы тұрмақ, Еуролига тобына өте алмай қалып жатқан жоқ па? Соңғы он жылда әлем мен Еуропаның барлық жоғары трофейін жеңіп алған испандар кешегі өткен Бразилиядағы әлем чемпионатында дымсыз қалған жоқ па? Футбол королі — Пеленің жерлестері өз алаңында алдыңғы үштікке де іліне алмай, жүлдесіз қалды. Мұны айтып отырғаным, өзімізді ақтап алайын деген сөз емес. «Ақтөбенің» жарқын жеңістеріне біздің жанкүйерлердің бойы үйреніп қалған. Бірақ тағы да айтамын, спорттың аты — спорт.

Біз қазір үшінші орындамыз. Әлі ештеңе жоғалған жоқ. Жүлдегер атану үшін күресті жалғастыра береміз. Қазақстан Кубогы жолында финалға шықтық. Кубокты да алуға күш саламыз.

Дәл қазіргі кезде командаға жанкүйерлердің қолдауы керек. Сондықтан «Ақтөбе» командасының шын жанкүйерлері, Ақтөбенің нағыз патриоттары қазіргі қиын кезеңде қолдау көрсетіп, командаға күш береді деп сенемін.

 

Петр Бадло:

— Команданың сәтсіз ойындарының себебін дәл мынада жатыр деп айтып беру өте қиын. Жаңа футболшылар келді, бас жаттықтырушы алмасты. Жарақат алған негізгі ойыншыларымыз болды. Мұның да әсері бар, әрине. Футболшылар бірін- бірі ойын кезінде түсінбей қалып жатады. Бірақ бапкерлер құрамы тактикалық, физикалық жағынан үлкен жұмыстар жүргізуде. Әрбір ойынға тыңғылықты дайындаламыз. Гол соғу аз болғандықтан, осы жағына көбірек көңіл бөлінеді. Бірақ бәрі ойдағыдай болмай жатыр. Әрбір ойында жеңіс үшін, әрбір ұпай үшін жанталасып бағамыз.

Әрине, мүмкіндік қашанда болады. Көп ұпай жоғалтып алдық деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Медаль үшін, Кубок үшін күресті бір сәт те ойдан шығармаймыз.

«Дос қиындықта танылады» деген, жанкүйерлерге бізді қазіргі кезде қолдаңыздар дегім келеді. Жалпы қазақстанда біздің жанкүйерлердей жанкүйер көрген жоқпын. «Ақтөбе» командасында ойнағаныма сегіз жыл болды, еш жерден ақтөбеліктердей жанкүйер көрген емеспін. Бәрі де жан-тәнімен жанкүйерлік етеді. Біздің «он екінші ойыншымыз» қиын сәттерде жанымыздан табылады деген сенімдемін.

Сағат Еңсегенұлы мен Петр Бадлоның ағынан жарылып айтқан сөздері ақтөбеліктердің жүрегіне жетеді, жанкүйерлер ызу-қызу жеңіске шақырып жатса, футболшыларға серпін береді деп ойлаймыз.

 

Бердібай КЕМАЛ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button