Спорт

Екеудің екпіні

Премьер-Лига

 3-4 қазан күндері өткен 28-турда «Қайрат» сәл ентігін басты да, оған «Ақтөбені» ойсырата жеңген «Астана» жақындай түсті. Салқын ақылға салып қарасақ, биылғы чемпиондық тәжге осы екі клуб таласатын тәрізді. Ал сырт алаңда жеңіске жеткен «Ордабасы» ұпай саны жөнінен үшінші орындағы «Ақтөбемен» теңесті. Бірақ ақтөбеліктердің шымкенттіктерден бір ойыны кем.

«Ақтөбе» бұл турда да сырт алаңда ойнады және өткен жолғыдай бұл жолы да жеңілді. Рас, өткен турда 0:2 есебімен ұтылса, бұл сапарда бұл көрсеткішті біраз «өсіріп» тастады: 1:6.

Ақтөбеліктердің шамасы бірінші таймға ғана жетті деуге болады. 41-минутта Твумаси гол соққанға дейін біршама қарсылық білдірген жерлестеріміз ойынның екінші бөлігінде тым дәрменсіз болып қалды. Станислав Павлов қорғаған қақпаға голдар бірінен соң бірі сүңгіп жатты.

Әрине, негізгі құрамның бірқатар ойыншылары түрлі себептермен бұл жолы жасыл алаңға шықпағанын сылтау етуге де болар: Андрей Сидельников, Марат Хайруллин, Алексей Мулдаров, Данило Неко, Дмитрий Мирошниченко, Юрий Логвиненко… Дегенмен «Астана Арена» алаңына шыққан бұл жолғы құрамдағылар да бұрын ойынға қатыспай жүргендер емес еді ғой. Тіпті шындап келсеңіз, бұлардың қай-қайсысын да сорлылардың сортынан деуге келе қояр ма екен?!

Демек, «Ақтөбенің» ойыны нашарлап кетті дегеннен гөрі (тіпті солай болған күнде де), одан да бұрын «Қайрат» пен «Астана» әбден күшейіп алды деген қорытынды жасаған көбірек мақұл тәрізді. Әйтеуір шабуылшы екені есіне түсіп Алексей Антонов бір гол соқты да, сонымен екінші кезең басталғалы төртінші ойынды жеңіссіз, бұл жолы ұтылыспен аяқтап, салымыз суға кетіп оралдық.

«Астана»-«Ақтөбе» — 6:1

Гол авторлары: Патрик Твумаси, 41-минут (1:0); Фокси Кетевоама, 51-минут (2:0); Патрик Твумаси, 52-минут (3:0); Алексей Антонов, 57-минут (3:1); Фокси Кетевоама, 65-минут (4:1); Патрик Твумаси, 75-минут (5:1); Дамир Кояшевич, 86-минут, пенальти (6:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Станислав Павлов, Петр Бадло (капитан), Тарас Царикаев (Абат Айымбетов, 46-минут), Маркос Пиззелли (Игорь Зенькович, 70-минут), Роберт Арзуманян, Павел Шабалин (Евгений Левин, 62-минут), Валерий Коробкин, Андерсон Сантана, Тимур Кападзе, Алексей Антонов.

Кездесуден соң «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Газзаев жанкүйерлерден команданың бүгінгі дәрменсіздігі үшін кешірім сұрайтынын мәлім етті. Одан соң ойынның ақтөбеліктер үшін бұлай аяқталуының өзі дәлелді деп тапқан себеп-салдарларын айтты. Біріншіден, кездесуге негізгі құрамның бірқатар мықты ойыншылары қатыспағаны әсер етіпті. Екіншіден, команда Қазақстан Кубогы үшін болған бәсекеде жасанды алаңда ойнапты да, одан соң Алматыда табиғи алаңда ойнапты. Тағы бір себеп, команда ойын маусымына жеткілікті әзірленбепті. Команданың көптен бері жеңіске жетпеуінің де бірқатар объективті себептері бар екен. Бас бапкердің кездесуден соңғы әңгімесі негізінен осылай өрбіді. Негізгі мақсат биыл үштікке ілініп, келесі жылғы еурокубок ойындарына қатысу екендігі де жанамалай айтылды.

*   *   *

 

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Қайсар»-«Ордабасы» — 0:1

Гол авторы: Артем Касьянов, 44-минут (0:1).

«Шахтер»-«Қайрат» — 0:0
Сұрмергендер

 

Мергендер көшін 12 доппен Милош Трифунович («Атырау») пен Фокси Кетевоама («Астана») бастап тұр.

Біздің мергендеріміз:

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 6 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Алексей Антонов (шабуылшы) — 3;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Андерсон Сантана (қорғаушы), Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп   

 

1 Қайрат      27       17       4          6          52-21  34       

2 Астана      26       13       10       3          48-19  30     

3 Ақтөбе      26       12       9          5          36-26  24     

4 Ордабасы 27       12       5          10       28-31  24

5 Қайсар       28       9          11       8          25-27  22

6 Шахтер       28       11       6          11       37-39  21

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

22-турдан соң екі топқа (1-6 орындар; 7-12 орындар) бөлінер сәтте әр команданың бірінші кезеңде жинаған ұпайы екіге бөлініп, жаңаша есептелгенін еске саламыз.

 

Мәмілесіз кездесулер

 

7-12 орындар бәсекесінде 28-турдың ойындары төмендегідей есептермен аяқталды:

«Жетісу»-«Тараз» — 0:3

Гол авторлары: Алексей Щеткин, 63-минут (0:1); Жақып Қожамберді, 76-минут (0:2); Александр Яровенко, 79-минут (0:3).

«Ертіс»-«Атырау» — 2:0

Гол авторлары: Владислав Чернышов 48-минут (1:0); Игорь Юрин, 80-минут (2:0).

«Тобыл»-«Спартак» — 1:0

Гол авторы: Иван Садовничий, 8-минут (1:0).

Бұл тур 7-12 орындардағы командалардың турнир кестесіне біраз өзгерістер әкелді. Екінші көшті бастап тұрған екі команда («Жетісу», «Атырау») кейін сырғыды.

7-8 орындарға 21 ұпай жинаған павлодарлық «Ертіс» пен «Тараз» жайғасты.

9-10 орын иелері — бірдей 19 ұпайлары бар «Жетісу» мен «Атырау».

11-12 орындарда бұрынғыша «Тобыл» мен «Спартак» тұр. Бұлардың өзара кездесуінде өз алаңында жеңіске жеткен «Тобыл» 18 ұпай жинап алса, семейліктер сол 15 ұпаймен бұрынғыша көш соңында қалды.

Өзгерістер болғанымен 7-11 орындардың аралығын үш ұпай ғана бөліп тұрғандықтан әзірге қай клубтардың бірінші топқа түсіп қалатынын нақты болжау қиын.

 

1 ойын. 7 гол

 

28-тур ойындарында 14 гол, оның ішінде 7 гол бір ойында соғылды.

Бір кездесу ғана тең есеппен аяқталып, еш гол соғылған жоқ.

Екі ірі ұтыс нәтижесі (0:3; 6:1) тіркелді.

6:1 есебі чемпионат басталғалы екінші рет тіркелді. 24-турда «Қайрат» «Шахтерді» дәл осындай есеппен ұтқан болатын. Бұл жолы «Ақтөбенің» мойнына су кетіп қалды.

«Шахтер» тең ойнап, «Қайраттың» қатарынан алты кездесуге созылған жеңісті жорығын тоқтатты. Дегенмен «Шахтердің» өзі, міне, қатарынан сегізінші тур бойы жеңіске жете алмады.

«Астана» осымен 13-ші ойынын (28 мамырдан бері) жеңіліссіз (бұл жолы жеңіспен) аяқтады.

Бұл турда ең көп жанкүйер «Қайсар»-«Ордабасы» кездесуіне жиналды — 5200 адам.

 

Жеке көрсеткіш

 

«Ақтөбе» өз алаңында 12 кездесу өткізді: 8 рет жеңіп, 4 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 22 гол соқты, өз қақпасына 3 гол енгізді. Сырт алаңда 14 кездесу өткізіп, 4 рет ұтып, 5 рет тең түсті, 5 рет жеңілді. Қарсыластар қақпасына 14 гол соғып, өз қақпасына 23 доп жіберіп алды.

 

Деректер

 

Қазірге дейін Премьер-Лига командалары арасында 165 кездесу өткізілді.

84 рет алаң иелері жеңсе, 35 рет қонақтар басым түсті, 46 ойын тең есептермен аяқталды.

Қақпаларға 384 гол енді. Алаң иелері 246 гол соқса, қонақтар 138 рет мергендік көрсетті. Солайша орта есеппен әр кездесуде 2,33 гол соғылды.

Қазірге дейін ең көп (42 рет) қайталанған есеп — 1:0.

 

Кезекті тур

 

29-турдың ойындары екі апталық үзілістен соң 18-19 қазан, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

«Ақтөбе» өз алаңмызда «Шахтерді қабылдайды. Бұған дейін Қарағандыда екі рет бірдей есеппен (1:1) тең ойнап, өз алаңымызда 4:0 есебімен жеңіске жеткенбіз. Біздің командадан гол соққандар: Ю.Логвиненко, Д.Неко, Д.Мирошниченко, А.Гейнрих, М.Пиззелли, М.Хайруллин.

18 қазан, сенбі

1-6 орындар тобы:

«Қайрат» — «Қайсар»

«Ордабасы» — «Астана»

19 қазан, жексенбі

7-12 орындар тобы:

«Тараз» — «Тобыл»

«Атырау» — «Жетісу»

«Спартак» — «Ертіс»

 

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button