Спорт

Әзірге 20 алтын

Азия ойындары

 30 қыркүйектегі ойындар қорытындысы бойынша Қазақстан 15 алтын, 16 күміс, 25 қола медальмен 4 орында тұрақтаған еді. Кеше 20-шы алтын қоржынға түсті.

Бізді Иран құрамасы өкшелеп келеді. Олардың 10 алтыны бар. Ирандықтар күрес түрлерінен бірнеше алтын медальды қоржындарына түсіреді деген көпшіліктің болжамы шықпай қалды. Бірде-бір ирандық балуан финалға өте алмады.

Қазақстандықтар спорттың басқа түрлерін айтпағанда, күрес түрлері мен бокстан қанжығаларын алтынмен аптап, күміспен күптеп жатса, төртінші орынды әбден бекіте түсуі мүмкін. Ал енді топ бастап келе жатқан қытайлардың есебінде 125 алтын, 79 күміс, 61 қола медаль бар. 54 алтын, 55 күміс, 60 қола медаль жинаған Азиада қожайындары корейлердің қытайларға жете алмасы анық. Ал үшінші орында келе жатқан жапондарға біздің де жете алмайтынымыз белгілі болып қалды. Өйткені Жапония қоржындарына 37 алтын, 54 күміс, 55 қола салып үлгерді.

Жанкүйерлердің күрес шеберлері мен боксшыларға үміт артып отырғаны анық. Грек-рим күресінен Мақсат Ережепов (71 келі) ширек финалға дейін ғана жете алды. Ал алтын алады-ау деген Алмат Кебісбаев (59 келі) қола жүлдемен шектелді. 98 келіде күрескен Ерұлан Ысқақов алған қола медальға мамандар қуанышты екенін айтып жатыр.
Боксшы қыздарымыздың қадамы тәуір. Алдыңғы күні айбынды Марина Вольновамыз (69-75 келі) жартылай финалда жеңіліп қалып, қола медальды місе тұтты. Ал Жайна Шекербекова (48-51 келі) финалда үндістандық Мери Ком Хмангке 0:2 есебімен есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
Иван Дычко (91келі +), Қайрат Ералиев (56 келі), Біржан Жақыпов (46-49 келі), Жасұлан Әлімханұлы (75 келі), Антон Пинчук (91 келі) жартылай финалға шықты.

Ватерполшыларымыз Қытайды пенальти бойынша ұтып, финалға шыққан еді. Кеше су добы шеберлері финалда Жапония құрамасын 7:6 есебімен жеңіп, Азия чемпиондары атанды. Бұл — 16-шы алтын медаль.

Регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңде Тайландты 22:5 есебімен ұтып, соңғы Гонконгпен болатын кездесу нәтижесіне қарамастан жартылай финалға шықты.

Грек-рим күресінен алтыннан үміткер Нұрмахан Тінәлиев алғашқы белдесуінде өзбек Абдорбек Мамосалиевті 11:2 есебімен еркін ұтып, ширек финалға шықты.  Ширек финалда ирандық Дарзи Бабажанзадехті де 3:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда қырғыз Мұрат Романовтан 5:1 есебімен басым түсті. Енді финалда корей балуаны Ким Ионгминмен белдеседі.

Гандболшы қыздарымыз қола үшін таласта Қытайды ойынның бірінші кезеңінде 14:11 есебімен жеңген болатын. Ал екінші кезеңде есеп 26:26 болып жатты. Кездесудің соңғы минутында Марина Пикалова соққан гол қазақстандықтарға жүлде әкелді.

 

Бердібай КЕМАЛ.   

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button