Спорт

Біздің үміттеріміз

Мамандардың айтуынша, ақтөбелік балалар футболының болашағы зор

Соңғы жылдары Ақтөбенің спорт әлемі футболымен айшықталып, еліміздің, Еуропа елдерінің аяқдоп шеберлерінің бақ сынасатын орнына айналды десе болғандай. Еуропа чемпиондарының кубогы үшін матчтарды айтпағанда, жастар арасындағы әлем чемпионатының іріктеу ойындарының Ақтөбеде өтуі де көп жайтты аңғартады. «Ақтөбе» командасының ел біріншілігіндегі әрбір ойыны –  жанкүйерлер үшін үлкен мереке. Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион – республикадағы жанкүйері ең көп стадион.

Жуықта бір аптаның ішінде Еуропа чемпиондарының кубогы жолында өткен екі бірдей кездесуге куә болған жерлестеріміздің көңілдері көтеріңкі.

Әрбір ақтөбелік «Біздің футбол осындай!» деп мақтана алады. Ал енді осы бетке ұстар командамыздың жергілікті ізбасарларын дайындау қандай деңгейде? Балалар футболын дамытудың бағыты қалай? Спорт мамандарымен әңгіме осы туралы өрбіді.

Асылбек ҚҰЛМАҒАМБЕТОВ, облыстық туризм және дене тәрбиесі басқармасының бастығы:

– Әңгімені үлкен футболдан бастайын. Мұның реті бар. «Ақтөбе» командасы соңғы төрт жыл ішінде үш рет чемпиондықты, бір рет күміс медальды жеңіп алды. Ал өткен жылы үш бірдей жүлдеге – ел чемпиондығына, Қазақстан Республикасының кубогына және Суперкубокқа қол жеткізді. Ақтөбеліктердің мұндай жетістіктері балалардың футболға қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Қазір футболшы болуды армандамайтын бала кемде-кем. Енді бұл қызығушылықты нақты іске айналдыру керек. Ол үшін көптеген алғышарттарды жасау қажеттігі туындайды. Міне, осы мақсатқа жету үшін облыста балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жөнінде бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Өткен жылы қаладағы №8 футболдан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне олимпиадалық резервтер мектебі мәртебесі берілді. Әзірге бұл облыстағы жалғыз таза футбол мектебі болып табылады. Біздің көптеген шәкірттеріміз осы мектептен түлеп ұшты. «Ақтөбе» командасына лайықты ізбасарлар дайындау үшін футбол клубы жанынан жас ерекшеліктеріне қарай 5 топ құрылды. Бұл топтар Әйтеке би көшесіндегі №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында дайындалуда. Жасанды алаңда жаттығатын балалардың доп сиқырын меңгеруге мүмкіндіктері мол деп айта аламын. Бұл мектептің жасанды алаңында ел чемпионатының бірінші тобында өнер көрсететін «Ақтөбе-Жас» командасы ойындарын өткізуде. Яғни біздің балалар осындай жақсы стадионда шеберліктерін шыңдауда.

Мұнымен қатар №8 футболдан олимпиадалық резервтер даярлайтын облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 3 мың орындық трибунасы, астынан жылытылатын жасанды алаңы бар стадион салынуда. Бұл алаң бір айдың шамасында пайдалануға берілмек. «Авиатор», «Нефтяник» стадиондарына да жөндеу жүргізіліп, іске қосылмақ.

Футболды ауылдарда дамыту мәселесі де күн тәртібіне қойылып отыр. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Ырғыз, Байғанин селоларындағы стадиондар күрделі жөндеуден өтуде. Болашақта Алға, Ембі, Қандыағаш қалаларында жасанды стадиондар салу жоспарлануда, қазіргі  кезде сметалық-жобалық құжаттары жасалуда. Шалқардағы стадион да қалпына келтірілетін болады. Өкінішке қарай, аудандарда кәсіби футбол жаттықтырушылары жоқтың қасы. Сондықтан жас мамандар ауыл футболын көтеруді ойласа деген тілек бар.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегендей, футболмен айналысатын балалар саны артқан сайын, олардың арасынан шығатын шеберлер де көп болады. Қазіргі мақсат – стадиондар мен алаңдарды көбейтіп, балаларды футболға тарту. Бір сөзбен айтқанда, болашақ жасыл алаң шеберлерін дайындау жұмыстары басталып кетті. Қазірдің өзінде балғын футболшылардың бүгінгі аяқ алыстары үміт отын үрлей түсуде деп айтуға негіз бар.

Самат СӘРСЕНБАЕВ, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

– «Ақтөбе» футбол командасына резервтер дайындау үшін 5 топ ұйымдастырылды. Оларды білікті бапкерлер дайындауда. Қазірдің өзінде бірқатар табыстарға жетіп келеміз. Мәселен, суперлига командаларының резервтері арасындағы Қазақстан чемпионатында 1996 жылы туған жас футболшыларымыз Шымкент қаласында болған алғашқы турдан сәтті өтіп, үздік сегіз команданың қатарынан табылды. Екінші турдың ойындарында Тараздан алдыңғы төрт команданың бірі болып оралды. Енді «Тараз», «Ертіс», «Қазақмыс» командаларымен чемпиондыққа таласатын болады. Бұл команданы ағайынды Игорь және Андрей Прохницкийлер баптауда. Жаттықтырушылар балалардың шеберліктерін арттыру үшін олардың әрбірімен жұмыс жүргізуден жалықпайтынын көріп жүрміз. Сондай-ақ, басқа топтарда да тым жақсы ойнайтын балаларымыз жеткілікті.

Біз ана мектеп, мына мектеп деп бөлінуден аулақпыз. Өйткені қалада жасыл алаң жетіспегендіктен, №8 мектептегі әріптестеріміз бізде дайындалуға өтініш етеді. Ондайда сабақ кестесінің ыңғайына қарай дайындалуға алаңды беруден қашпаймыз. Себебі бәріміздің де мақсатымыз – жас жеткіншектерге жағдай жасап, болашақ жергілікті футболшыларды өсіру.

Николай ЮДИН, №8 футболдан олимпиадалық резервтер даярлайтын облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:

– Біздің мектеп 1980 жылы ашылды, содан бері бірнеше түлек шықты. Олардың арасында шеберліктерімен танылғандар сол кездегі «Актюбинец» командасының намысын қорғап, тым жақсы өнер көрсетті. Сонымен қатар еліміздің басқа командаларында ойнағандар да аз емес. 30 жылға жуық тарихымызда біз мақтана алатындай талай футболшылар шықты.

Сол дәстүр әлі де жалғасын табуда. Қазіргі кезде 35 топта 527 бала футбол әліппесін меңгеруде. Оларды жаттықтыратын 12 бапкердің 11-інің дене тәрбиесі бойынша жоғары білімі бар. Оның ішінде екеуі – жоғары, екеуі – бірінші, қалғандары – екінші санатты мамандар. Шәкірттеріміз республика чемпионаттарында, ірі-ірі турнирлерде өздерін таныта білуде. Бұрынғы жылдарды айтпағанның өзінде, биыл 1997 жылы туған балалар командасы Семейде 16 команданың қатысуымен өткен республика чемпионатында қола медальға ие болды. Бұл жерде тәжірибелі жаттықтырушы Тұрдығали Ильгуьдин мен Вячеслав Корышевтың еңбегін айта кету керек. Олар осы команданы 5-6 жыл бойы баптап келеді. 1996 жылы туған футболшыларымыз Ақтаудан республикалық турнирден чемпион болып оралды. 1993 жылғы балаларымыз да Астанаға, Қазақстан чемпионатына тыңғылықты дайындалуда. 15 жастағылар да чемпионаттың ақтық ойындарында медальдарды сарапқа салатын болады. Сондай-ақ, 1992 жылғыларға да үлкен сенім артып отырмыз.

Айта кету керек, облысымыздың бас командасы «Ақтөбе» футбол клубын резервпен қамтамасыз ету үшін жас ерекшеліктеріне қарай 5 топ және ересектерден дайындық тобы жасақталғаны белгілі. Міне, осыған байланысты футболды бізде бастаған көптеген балалар клубтың базасына ауысты. Жалпы, биыл мектептен кеткен барлығы 125 баланың орнын лайықты ойыншылармен толықтыруымыз керек.

Жас футболшыларды тәрбиелейтін жаттықтырушыларымыздың еңбекқорлығы қуантады. Жасы келген жаттықтырушыларды алмастыратын жастар легіне де үнемі назар аударып отырамыз. Соңғы жылдары Найль Галиев, Райс Ғалиасқаров секілді жас мамандар шақырылды. Олар да өздерінің алғашқы жетістіктерімен көрінуде.

Қазіргі кезде бізде жақсы стадион салынуда. Осы құрылысқа байланысты балалардың жаттығу жасауы процесінде қиындықтар туындады. Қаладағы әр жердегі футбол алаңдарында жаттығуға тура келді. Осындай уақытша қиындықтарымызды түсініп, алаңдарын берген Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының, №2, 39 және басқа да қала мектептерінің басшылықтарына алғысымызды білдіреміз. Енді аз уақыттың ішінде біздің шәкірттеріміз қазіргі заманға сай стадионда доп тебетін болады. Айта кету керек, футбол залы тарлық етіп келіп еді, енді ені – 24, ұзындығы 42 метр манеж де қосымша салынатын болды.

Балалар футболы Ақтөбеде қашан да жаман болған жоқ. Бұрынғыларды айтпағанда, бүгінгі Юрий Логвиненко, Антон Шурыгин, Игорь Абдушеев, Бекболат Нұрышев секілді футболшылар бізден шықты. Енді жаңа стадионымыз пайдалануға беріліп жатса, балғын футболшылардың шеберліктерін арттыруға мүмкіндік молая түседі деп ойлаймын.

Анатолий ПОБИРСКИЙ, футбол ардагері:

– «Ақтөбе» командасының тарихы 1967 жылдан басталады деуге болады. Өйткені сол жылы облыс біріншілігінде жеңімпаз болған команда КСРО-ның футбол лигасына өтіп, кәсіби команда болып құрылды. Команда құрамының барлығы дерлік жергілікті жастардан жасақталды. Байжанов, Исабеков, Ильгульдин, Симонов, Сарин, Бегунов, Камшуков және басқа әр жылдары ойнаған футболшылардың бәрі ақтөбеліктер еді. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Тым жақсы ойнадық. Ол кездегі лиганың «Б» тобындағы командалардың өзі азулы еді. Олай дейтінім, КСРО-да қаншама команда болды десеңізші!

Мен айтып отырған ойыншылардың бәрі де осы қалада доп қуып үйренгендер. Қазір балалар футболын дамытуға мүмкіндік мол. Облыстың экономикалық әлеуеті зор. Тек стадиондар мен алаңдарды көбейтіп, жағдай жасау керек. Сонда ғана бізден шебер футболшылар шығады.

Нұратдин АЯПБЕРГЕНОВ, №8 футболдан олимпиадалық резервтер даярлайтын облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

– Балалармен жұмыс істегеніме 30 жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде талай балғындар доп тебудің әдістерін меңгеріп шықты. Бәрі бірдей футболшы болып кетпесе де, әйтеуір, өзіне қажетті қасиеттерді үйренді деп ойлаймын. Бақыт Қызылбаев, Александр Савченко, Александр Ганженко секілді футболшылар –  осы Ақтөбенің жігіттері. Қазірде де Самат Шыңжанов, Азамат Ахметов, Санат Шалекенов және басқа шәкірттерім «Ақтөбе-Жас» командасының құрамында өнер көрсетуде. 1993 жылы туған шәкірттерім өткен жылы республика чемпионатында төртінші орынға табан тіреді. Бұл да жаман көрсеткіш емес. Енді 1994 жылғы балаларым 5 тамызда Астана қаласында 1-4 орындар үшін күресетін болады. Алдағы уақытта да талай ақтөбеліктердің жасыл алаңның иелеріне айналатыны анық. Бұрын КСРО кезінде балалар арасында түрлі жарыстар өткізілетін. Шеберлік тек жарыстарда ғана шыңдалады. Сол үрдіс кейін елдің экономикалық жағдайларына байланысты үзіліп қалды. Енді-енді ғана балалар футболын дамыту үшін қаржылар бөлініп, турнирлер, чемпионаттар ұйымдастырылуда. Мемлекеттік бағдарламасыз балалар футболын дамыту мүмкін емес.

Алдияр БАЙМҰХАНОВ, балғын футболшы:

– Футболмен шұғылданғаныма 6 жыл болды. Алғаш доп тебуді Ракиль Мунасипов ағай үйретті. Кейінгі жылдарда Нұратдин Аяпбергенов ағайды жаттығудамын. Футболдың арқасында көптеген қалаларды, елдерді көріп жүрмін. Әсіресе, Орынборда өткен халықаралық турнир есімде қатты қалды. Ресейлік құрдастарымызбен ойында көп нәрсені үйрендік. Біз оларға дес бермедік. Турнир қорытындысында бірінші орынды жеңіп алдық. Енді Астанада Қазақстан чемпионатының жүлделері үшін болатын ақтық сынға әзірленудеміз.

Қаладағы №24 лингвистикалық мектепте оқимын. Сабағым жақсы, «үштік» баға жоқ.

Футболдың, жалпы, спорттың берері көп. Жас кезіңнен денсаулығыңды нығайтасың, төзімділікке тәрбиеленесің, мінез-құлқыңды қалыптастырасың. Құрдастарыма, балаларға спортпен айналыс дегім келеді. Есірткіден, спирттік ішімдіктерден және басқа келеңсіз жайттардан бойың аулақ болады дегім келеді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button