Білім

Балдырған

Жануарлар әлемі

Мүйізтұмсық

Мүйізтұмсық – жер бетіндегі ірі және күшті аңдардың бірі. Ең ірі мүйізтұмсықтың салмағы 3,5 тоннаға, ал ұзындығы 127 сантиметрге жетеді. Бұл аңның терісі өте қалың, ал бет-жүзі мүшеленбеген еттен тұрады. Тұмсығында екі үлкен мүйізі бар. Қызығы, оның мүйіздері сүйектен емес, қылмен қапталған.

Мүйізтұмсықтар көбіне оңтүстік-шығыс Азия, Африка елдерінде кездеседі. Бір айта кетерлігі, бұл жануар өздігінен ешкімге тимейді, сондықтан оған қатер төндіретін жаулары аз. Көбіне жапырақтармен, шөптермен, өсімдіктермен қоректенетін мүйізтұмсықтың мүйізі дәрі-дәрмектерге қолданылады.

Жасыл желек

Пальма

Пальма дегенде көз алдымызға биік, көп жапырақты ағашты елестетеміз. Негізінде пальма ағашының жер бетінде 1000-ға жуық түрі бар. Олардың арасында бұталы жыңғыл тәріздісі және өсімі жоғары бұралып өсетін өсімдік секілділері де кездеседі. Үлкен пальмалар көбіне жылы жерлерде өседі.

Пальма – өте пайдалы өсімдік. Оның жапырақтарынан адамдар ши, кәрзеңке және басқа бұйымдар тоқиды. Ал жемісін күнделікті тұрмыста қолдануға болады. Мысалы, кокос жаңғағы пальмада өседі.

Спорт

Үстел теннисі

Үстел теннисі – таза ауада, ашық алаңда, қозғалыста ойналатын ойынның бірі. Бұл ойын алғаш 1900 жылы Англияда пайда болыпты. Англиялықтар көбіне түстен кейінгі үзілісте үстел теннисін ойнауды қалыпты дәстүрге айналдырған. Бүгінде бұл спорттық үлгідегі ойындардың қатарына еніп, олимпиадалық жарыстарда ойналатын болды.

Ойын шарты бойынша екі адам бір-біріне допты үстелге ұрып, сеткадан өткізу арқылы ойнайды. Егер ойыншы допты қаға алмаса, ұпай қосылады. Жалпы, үстел теннисінің арнайы пластмассадан жасалған шағын добы мен ойыншыларға арналған резеңкеден жасалған таяқшасы бар.

Мәдени мұра

Біздің саяхат

Жақында Талдысай орта мектебінің бір топ оқушысы «Менің Отаным – Қазақстан» республикалық акциясы аясында  тарихи өңірлерді аралап, мәдени мұралармен танысты.

Алдымен оқушылар Ақтөбе қаласындағы тарихи-өлкетану музейі мен «Әлия» мұражайына келіп, тарихи ескерткіштерді көрді. Мұнан соң Қобда ауданының Әлия ауылына барып, батыр апамыздың туған жерінде аялдады. Облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының қызметкерлері оқушыларды жылы қабылдап, көптеген тарихи құнды ескерткіштердің мазмұнымен таныстырды.

Одан кейінгі сапар халық батыры, аты аңызға айналған  қолбасшы, Қарақыпшақ Қобыланды батыр кесенесі орналасқан Жиренқопада жалғасты. Батыр кесенесі дулыға бейнесінде жасалған екен. Кесененің сол жақ бетінде садақ бейнесінде жасалған Қобыланды батырдың мемориалдық кешені тұр. Оның ішінде Даңқ бөлмесі, батырдың өмірінен тарихи деректер жиналған мұражай да бар.

Ауылға қайтар жолда Қияқты жеріндегі Үңгіртасқа келіп демалдық. Үңгіртас -табиғаты ерекше әдемі, әсем жер.  Біз бұл туристік саяхаттан үлкен әсер алдық. Сондықтан осы саяхатты ұйымдастырған мектеп директоры Саулеш Биртаеваға,  директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақжібек Қуандыққызына және облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Тупеноваға, Қобда аудандық спорт және туризм бөлімінің бас маманы Жанболат Ерғалиевке алғыс айтамыз.

Нұрила НҰРЕШ,

Талдысай орта мектебінің

7-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Жас қалам

Үйреткені көп ағай

Әр оқушы өз  ұстазын мақтан тұтып, үлгі қылады. Ұстазының бойындағы жақсы қасиеттерін ықыласы  бар әр оқушы өз бойына сіңіріп, оған еліктейді.

Біздің мектепте 30 жыл бойы физика пәнінен оқушыларға дәріс беріп, ғылыми жұмыстарға жетелеген, қоғамдық жұмыстардың өтуіне белсене ат салысқан Кеңшілік Тәңірберген ағайымыз бар. Кеңшілік ағай – өз мамандығының шебері. Оның отыз жылдық сабақ жүргізу тактикасы жөнінде түрлі кітапшалары мен ғылыми жұмыстары жөніндегі  жинақтары шығарылып, облыс көлемінде таратылды. Өз ісінің білгірі ретінде ағайымыз «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

Біз физика сабағында ешқашан бос отырмаймыз. Ағай берген түрлі есептерді қызыға шығарып, қосымша материалдармен жұмыс жасаймыз.  Біздің арамызда физика пәнін жақсы көретін, ағай тәрізді ұстаз болуды армандайтын болашақ мұғалімдер де бар. Айта кетейін, Кеңшілік ағай тәрбиелеген оқушылар аудандық, облыстық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Сонымен қатар көп шәкірттердің жеке жұмыстары республикалық «Физика»  журналына жарияланды.

Кеңшілік ағайдан көп нәрсені үйренуге болады. Ол кез келген жұмысты тиянақты орындап, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық ете біледі. Ал оның тәлімі мол тәрбиелерінен жастардың үлгі алуына болады.

Жанайым ЖАҚСЫЛЫҚ,

Ақжар қазақ орта мектебің

10-сынып оқушысы.

Хромтау ауданы.

Оқушының өлеңі

Достық сезім

Достық сезім – шетсіз, шексіз аймағы,

Адалдық пен сенімділік айғағы.

Достық сезім – сан жырларды бөлісу

Тұнып жатқан жүрек пенен ойдағы.

Достық сезім – сарқылмайтын қазына,

Достық-әуен елітеді сазына.

Достық бірге куә болу өмірдің

Күңгірт күз бен жадыраған жазына.

Күллі әлемге үн қататын жаңғырып,

Достық үні татулықта мәңгілік.

Ақ пейілді адал досы көп жанға

Болашақтан атар әр кез таң күліп.

Мәулімнияз ШЫНБОЛАТОВ,

№4 орта мектептің 9-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button