«Ақтөбе»-90

Құрметті журналистер қауымы! Қадірлі газет ұжымы!

Сіздерді облысымыздың аға басылымы — «Ақтөбе» газетінің 90 жылдық торқалы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

«Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің бүгінгі мерекесі — тек өңір жұртшылығына ғана емес, жалпы қазақ журналистикасы үшін айтулы оқиға.

Жиырмасыншы жылдардың басында дүниеге келген «Ақтөбе» газеті — Ақтөбе өңірінің жылнамасын ғасырға жуық уақыт жазып келе жатқан басылым.

Тарихтың талай соқпағынан өткен газет әркез елмен бiрге болып, халықтың мұңын бөлiсті. Сондықтан да болар, қалың оқырманы күн өткен сайын көбеймесе, азаймады.

«Ақтөбе» газеті бүгiнге дейiн талай қабырғалы қазақ журналистерiнiң қаламын шыңдап, қанаттандырған ұстахана секілді болды. Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Тобық Жармағамбетов, Мұхтар Құрманалин, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұқанбетқалиев сынды сөз зергерлері әр жылдары газет редакциясында еңбек етіп, басылымның қоғам өмірінде лайықты орын алуында қыруар күш-жігер жұмсады.

Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген Қазақ елінің іргелі өңірі – Ақтөбе облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді.

Бүгінгі «Ақтөбе» Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың, ел Үкіметінің саясатын сындарлы жүргізіп келе жатқан, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі. Сөзі салмақты, пікірі салиқалы, ойы өрісті аға газет арайлы Ақтөбе өңірінің жарқын келешегiнiң жаршысы рөлiн атқаруда.

Алдағы уақытта да ел мүддесi жолында бiрлесiп еңбек етiп, елiмiздiң көркейiп, гүлдену жолындағы шығармашылық еңбектерiңiзде толағай табысқа жете берулерiңiзге шынайы тiлектестiгiмді бiлдiремiн.

Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер. Әрдайым еліміздің рухын көтеретін жағымды жаңалықтарыңыз көп болсын!

 

 

Құрметпен,

облыс әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button