Білім

Балдырған

Біліп жүр

Акустика

Акустика – музыка таратқыш кеңістік. Бұл жұмыс көбіне архитектор маманымен байланысты. Архитектор концерт залын не театрдың жобасын сызғанда, алдымен ғимараттың акустикалық қасиетін мұқият есептеуі керек.

Әр ғимараттың көлемі әр түрлі. Кейде дыбыс толқыны тікелей не жоғарыдан таралуы мүмкін. Сонымен қатар қабырға мен төбе әр түрлі материалдардан қапталғандықтан, архитектор дыбыс толқынын қажет жерге орналастыра білуі керек.

Теңіз әлемі

Мұзтау

Мұзтау (айсберг) – үлкен теңіздерде кездесетін мұзды кесек. Көбіне мұндай мұзды кесектер қалың әрі ұзын келеді. Кейбіреулері миллион тонна салмақпен 150  шақырым қашықтықтағы жағаға жетеді. Олардың су бетінде ұшы көрініп тұрғанымен, негізгі бөлігі су түбіне орнығады. Қыста су беті қатқанымен, мұзтаулар үнемі қозғалыста болады.

Мұзтаулар көбіне Антаркти, Артикада да қалқып жүреді. Көп жағдайда пингвиндер мен итбалықтар мекендейтін жерлерде кездеседі. Ал кемелерге кезіксе, соқтығысады. 1912 жылы 15 сәуірде болған  «Титаник» оқиғасын мысалға алуға болады. Үлкен кеме мұзтаумен түйісіп, суға батты. 1500-ге жуық жолаушы мен кеме қызметкерлері қаза тапты.

Бұйым

Термос

Адамдар алыс жолға шыққанда немесе бау-бақшаға барғанда көбіне термосты қолданады. Термос – сусынды бірқалыпты, өз күйінде сақтайтын бұйым. Оған  ыстық шай, сусын не сорпа құйғанда бір температурада сақталады. Алайда термосқа мұздай сусын құйып, қайнатуға келмейді.

Термостың ішкі бөлігі екі қабаттан тұрады, арасында ауа шығаратын вакуум бар. Олардың ішкі қабаттары ыстық сәулені тартатын күміс түстес түспен боялады. Осының әсерінен термос ішіндегі сұйықтықтың температурасы бірқалыпты сақталады.

Оқушының өлеңі

Ақтөбе

Асыл қалам, алтын іргем,

Жаңар, жасар, өзгер, түрлен.

Сән-келбетің қуантады,

Көмкерілдің әсем гүлмен.

Ару қалам – Ақтөбе, сен,

Сағынамын сәл көрмесем.

Бүгінгідей болмас едің,

Гүлденбесең, өзгермесең.

Бүгін биік бағасы да,

Қуат берген даласына.

Қазақстан көз тігіп тұр

Батыстың бас қаласына.

Гүлмира СЛАМҒАЛИЕВА,

№4 Шұбарқұдық орта мектебінің

7-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

Оймақтай ой

Кітап оқисың ба?

Кітап – жастарды болашаққа жетелейтін білім көзі. Әлемдегі барлық даналықты, ғылым-білімді дарытатын құрал, адамзат тарихындағы асыл қазына. Бірақ сол асыл құндылығымызды жастар жағы ұмытып бара жатқан  тәрізді. Менің аңғарғаным, бүгінде кітапханалардың іші кітапқа толы болғанымен, оқырмандар аз болады. Әсіресе, жастардың дені кітап оқығанды емес, атыс-шабыс, қым-қуыт киноларды қарағанды, компьютер ойнағанды ұнатады. Егер біле-білсек, қызықты кино да, мультфильмдер де осы кітаптан алынады емес пе?

Біз қазір жазғы демалыста жүрміз. Егер кітап оқып, тынықсақ, көп нәрсені біліп, ұғынар едік. Біздің ата-анамыздың, ұстаздарымыздың «уақытыңды текке өткізбей, кітап оқы» деп ақыл айтуы өте орынды. Сондықтан, құрбым, кітапханаға жүр, кітап оқиық!

Гүлзира ИГИЛЬМАНОВА,

№42 Ақтөбе орта мектебінің

11-сынып оқушысы.

Жас қалам

Аялайық ананы

Ана – мейірбандық пен жанашырлықтың иесі. Отбасының барлық бақыты да ананың күлімсіреуінен басталады. Балаларға шынайы өмір мен бақыт жолын сілтейтін де сол ана.

Ананың аялы алақаны, айтқан ақылы есейсе де бала үшін қымбат. Ал аналар үшін бала үнемі сәби көрінеді. Бізді өсірген абзал аналарға қашанда басымызды иіп, оларды аялай білуіміз керек. Егер анамыз жанымызда сәл болмай қалса, қатты қиналамыз. Сол күні үй-іші де құлазып, көңілсіздік орнайды. Ал анамыз үйде жүрсе, барлығы жадырап, күлімдеп тұрады.

Біз адалдықты, жақсылықты анамыздан ғана үйренеміз. Сондықтан ана берген ақ сүтті аялап, оларды ренжітпей, көңілдеріне қаяу түсірмеуіміз керек.

Меруерт ЖӘНІБЕКОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Бетті әзірлеген Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button