Білім

Балдырған

Атамекен

 

Ертеңді елестетсем…

 

Ауылым. Осы бір сөзде ұлағатты ұғым, адамға өте бір жақын, ауызбен айтып болмайтын түсінік бар.

Өйткені ежелден ата-бабамыз қоныстанып мекендеген жерін, мейлі, ол құмды шөл, құрғақ дала, суық сібір, биік тау болсын, өзінің кіндік кесіп, кірін жуып өсіп-өнген жерін атақонысым, ауылым деп жанындай жақсы көреді.

Менің кіндік қаным тамған жер — Аралтоғай. Ауылым Әйтеке би ауданындағы ұзын жолдың бойына орналасқан.

Ауылымның тату-тәтті тірлігін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ел бірлігі — асыл қасиет. «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» демекші, біздің ауылдың тұрғындары тату да бақытты.

Мен ауылымды болашақта мынадай етіп елестетмін. Ең бастысы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Сонымен қатар, тұрғындар үш тілді жете меңгерген, жоғары білімді, еркін және тең құқықты әділ. Көгілдір отын, яғни газ жүйесімен қамтамасыз етілген. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған, салауатты өмір салтын ұстанған, сөзге шешен, көрегенді де көсем ақсақалдары бар, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетер жастары бар жарасымды елім елестейді.

Ертеңгі елімнің жарқын болатындығына жас буын да кепілдік бере алатындай. Мектебіміздің мұғалімдері мен оқушылары ауылымызды көркейту, көріктендіру мақсатында қыруар жұмыстар атқарды. Мен де мектептегі «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшесі ретінде осы іс-шараға белсене араластым. Өйткені ауыл тазалығына, ел көркіне жауапкершілікпен қарау — әрбір азаматтың перзенттік парызы.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, біз өзіміздің күш-жігерімізбен, бірлігімізбен көздеген мақсатымызға қол жеткіземіз. Ең бастысы, еліміз дін аман, халқымыз бақытты болсын. Өйткені халқым бақытты болса, мен де бақытты бола аламын.

 

Әсел СӘДІРҒАЛИЕВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

 

*   *   *

 

Біздің атамекеніміз, қазақ даласы — бабаларымыздың ұрпағына қалдырып кеткен асыл мұрасы.

Туған жер — алтын бесік, асыл анам,

Ауамен, ақ сүтімен асыраған.

Мен дағы кіп-кішкентай қызың едім,

Алысқа несібесі шашыраған, —

деп жырланатындай, менің туған мекенім, кіндік қаным тамған жер — Ақтөбе қаласы.

Менің қаламның жұпар атқан жусаны, кеудеме құйған мөлдір ауасы, барлығы да маған ыстық.

Мен талай тіршілік иесі нәр алған қасиетті жерім барын мақтан тұтамын.

 

Гүлсана СИСЕНБАЕВА,

№31 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Жеңіс

 

ӨТЕЛГЕН ПАРЫЗ

 

Соғыс. Қандай суық, ызғарлы сөз.

Бұл сөзді естігенде елім деп от кешкен ерлер еске түседі.

Ел шетіне жау тиген уақыт қандай ауыр еді. Бірақ рухы биік халқымыз еңсесін түсірмеді. Жігерін жанып, жауды жеңуге ұмтылды. Отанға деген сүйіспеншіліктің, жеңіске деген сенімнің арқасында олар аңсаған арманға жетті. Олар ел-жұрт, атамекен алдындағы парыздарын осылай атқарды.

Жеңіс — халқымыздың қыршын кеткен ұл-қыздарының қанының өтеуі.

 

Ұлмекен ЕРМЕКБАЕВА,

Ақкемер орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

Көктем

 

КҮМІС ШУАҚ ШАШЫЛДЫ

 

Міне, жадырап көктем келді. Күміс күн шуағын шашты.

Кең далаға жасыл кілем жайғандай, айналаның бәрі құлпырып кеткен. Бәйшешектер гүлдеп, балалар қызғалдақ теруге шықты. Таудан сылдырап аққан су гүрілдеп өзенге құйылып жатыр.

Мал төлдеп, уыз сыйлады. Адамдар қысқы киімдерін шешіп, жеңіл киіне бастады.

Құстар да ұшып келіп,  былтырғы ұяларын қайтадан «жөндеуге» кірісті.

Малшылар жайлауға көшіп, көңілдері жайланды. Егіншілер жер жыртуға кірісті.

Міне, осының бәрі қуанышы көп көктемнің келгенін білдіріп тұр.

 

Нұржан НҰРЛАНҰЛЫ,

Сапақкөл орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Ойыл ауданы.

 

Оқушының өлеңі

 

ТІЛЕК

 

Қайғы төніп батыстан,

Әлия апам қатысқан,

Дұшпандармен атысқан,

Болмасын соғыс, болмасын!

 

Бейбіт АСАНОВА,

Ақкемер орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

ДОСТАР

 

Достарымды ойлаймын,

Жамандыққа қимаймын.

Достарыммен мақтанам,

Достарыммен шаттанам.

 

Гүлжайнар МҰХАМБЕТОВА,

№45 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

КӨКТЕМ

 

Жер-әлемді құлпыртып,

Көктем келді далама.

Жүгіреді асыр сап,

Қуанысып бала да.

Су бетінде ұшады

Көлдің көркі — шағала.

 

Лиза САҚТАҒАНОВА,

4-сынып оқушысы.

Бестамақ ауылы,

Алға ауданы.

 

АНА

 

Ана — өмір гүлісің,

Ақындардың жырысың.

Таусылмайтын шаттықсың,

Көңілімнің нұрысың.

 

Дариға НЫСАНҚҰЛ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

ДАЛА

 

Көктем неткен көңілді,

Гүлдер өсіп жетілді.

Дала жайнап көктеді,

Жасыл кілем секілді.

 

Әйгерім ЕСТАЕВА,

М.Жұмабаев атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Сөзжұмбақ

 

АЯУЛЫ ЖАН

 

Алматы

Сағат

Ту

Ана

Нан

Алма

 

1. Қазақстанның көрнекті қаласы. 2. Уақыт өлшегіш. 3. Жалау. 4. Асыл жан. 5. Ас атасы. 6. Жеміс.

 

Құрастырған Таңшолпан ҚАЛЖАНОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Мен салған сурет

 

КӨГЕРШІН

 

Суретті салған Дидар ТІЛЕУБАЙ,

Шұбарши орта мектебінің 1-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

 

ГАЗЕТІМІЗДІҢ №46-47 САНЫНДА (17.04.2014) ЖАРИЯЛАНҒАН СӨЗЖҰМБАҚТЫҢ ЖАУАБЫ:

 

1. Ақ. 2. Нан. 3. Алма. 4. Шырын. 5. Ыдыс. 6. Мысық.

 

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button