«Ақтөбе»-90

«Кедейдің» электронды нұсқасы жасалды!

Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ақтөбе» газетінің 90 жылдығына арналған шара өтті. Ұжым газеттің тойына орай өте құнды дүниелерге толы көрме жасақтаған. Онда «Ақтөбенің» 1926-шы жылдарда «Кедей» боп шыққан кездегі қолжазбалар жинағынан бастап бермен қарайғы түрлі кезеңдердегі газеттер саны, мақалалар қиындылары, осы газетте қызмет жасаған, қазір жасап келе жатқан қаламгерлердің жинақтары қойылған.

Шараға газетті 30 жылдай басқарған бұрынғы бас редактор Нұрқайыр Телеуов пен қазіргі бас редактор Бауыржан Бабажанұлы шақырылды. Сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық мұрағат өкілдері, кітапхана оқырмандары да қатысты. Шараға қатысушыларды, газет қызметкерлерін мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының өкілі Жанар Рсалина, кітапхана басшылары мерекесімен құттықтады.    

Газеттің 1965-92 жылдардағы сандарына тапжылмастан «бас редактор» ретінде қол қойған Нұрқайыр Телеуовтің басылым тарихына жасаған қысқаша шолуы оқырманға қызықты болды.

— Газет 90-ға толады. Бұл — бір ғасырға жуық мерзім. 90 жылда газет талай оқиғаларды басынан өткізді. Ең алғашқы атауы — «Кедей», оған Ізмұқан Құрамысов қол қойды. 1924-1925 жылдар аралығында, яғни бір жыл ішінде газетке 5 редактор қол қойған. Бұдан газеттің қиын да күрделі тағдырын көруге болады. Электронды ақпарат құралы болған жоқ. Сондықтан газет тек хабар таратушы ғана емес, үгітші, насихатшы, халықтың сауатын ашып, ағартушылықпен айналысқан, оқырманды өнерге, мәдениетке баулу құралы болды. Ел енді ес жинап, жаңа өмірге қадам баса бастаған уақытта соғыс басталып кетті. Газетте еңбек етіп жүрген журналистердің тең жартысы қаламын тастап, қолына қару алды. Көпшілігі майданда қаза тапты. Тірі қалғандары енді қаруын қаламға айырбастап, соғыс жарасын жазуға кірісті. Бұл міндетті де журналистер абыроймен атқарды, — деді Н.Телеуов.

90 жылда газет атауы жеті рет өзгерді. «Кедей». «Алға». «Социалдық жол». «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунистік жол», «Ақтөбе».

— Бұл атаулардан неге дәл осылай аталғандығын түсінуге болады. Тек не себепті «Батыс Қазақстан» деп аталғанына тоқтала кетейін.1963-64 жылдары батыста өлке құрылды, оған бұрынғы Гурьев, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары кірді. Ал Ақтөбе сол өлкенің орталығы болды. Сондықтан ол уақытта облыста «Батыс Қазақстан», «Западный Казахстан» деген газеттер шығып тұрды, — дей келе Н.Телеуов өзі басшылық жасаған 1965-92 жылдар туралы сөз қозғап, осы жылдар аралығында газеттің талай абыройлы биіктерден көрінгенін тілге тиек етті.    

— Газетте қазіргідей арнаулы журналистік білімі бар, қаламы ұшқыр, журналистикаға саналы түрде келіп, оны өз тағдырына айналдырған қаламгерлер еңбек етті, қазір де еңбек етуде. Қазір санап отырсам, менімен қызмет еткен адамдардың ұзын ырғасы 70-тен асады екен. Бір айта кетерлігі, бұрын журналистикада ер адамдар өте көп болатын, ал қазір алғы шепте қыз балалар көп.

Біреулер газет беделін редактор беделімен байланыстырады, мен бұған келіспеймін. Менің ойымша, газет беделі ондағы журналистермен бағаланады және солай болуға тиіс.  

Осы газеттің ғасырға жуық жинақталған қолтаңбасын қазіргі буыны одан әрі жалғастыруда. Әрине, заман өзгерді, жаңа ғасыр туды, журналистердің алдына тың міндеттер қойылды. Оны «Ақтөбенің» қазіргі ұжымы толықтай жүзеге асырып отыр. Жасыратыны жоқ, қазіргі өте күрделі әрі жауапты, әлі де аумалы төкпелі кезеңде барынша еңбек етіп келе жатқан қазіргі ұжым бұл жолдан да абыроймен өтеді деп зор сеніммен айта аламын, — деді Нұрқайыр Телеуов.

Газеттің қазіргі редакторы Бауыржан Бабажанұлы «Ақтөбенің» бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқтала кетті.  

— Нұрқайыр аға айтып кеткен сол аумалы-төкпелі заманда газетіміздің әу бастағы іргетасы мықтап қаланғанын сол кездегі авторлардан-ақ білуге болады. Жиенғали Тілепбергенов, Құдайберген Жұбановтар осы газеттің белсенді авторлары болған. Жалпы, мақтануға тұрарлығы — біздің басылымдағыдай ақын-жазушылары көп қызмет еткен газет басқа облыстарда аз. Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Мұхтар Құрманалин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Тобық Жармағанбетов сияқты қазақтың көрнекті қаламгерлері еңбек еткен.

Жалпы, әр жылдарда замана желімен шайқалған кездері болған шығар, алайда, газетіміздің мұржасы түзу болды, ол халыққа қызмет етті. Облыстық газеттер қай уақытта да қазақтың ұлттық ошағы ретінде қызмет етіп келеді, — деді Б.Бабажанұлы.

2008 жылы «Экспресс К» басылымының ұйымдастыруымен үздік бас редакторлар анықталғанда «Ақтөбенің» бас редакторы бас жүлде алған болатын.

— Мен мұны өзімнің емес, ұжымның еңбегінің нәтижесі деп білемін. Биыл газетіміз 90 жылдығын тойлағалы отыр. «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлының идеясымен газетіміздің 90 жылдық тарихын топтастырып, кітап әзірлеп жатырмыз, оған қоса фотоальбом жарыққа шығатын болады. Мүмкін, бұл кітапты кейінгі ұрпақ тағы толықтыра жатар, біз өз мүмкіндігімізше газет тарихын барынша қамтуға тырысамыз. Оқырманға сыйлығымыз осы болмақ, — деді Б.Бабажанұлы.     

Шара барысында Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері Сағыныш Төремұратованың ақжолтай жаңалығы да айтылды. Сүйінші хабарды Сағыныш өз қуанышындай жеткізді:

— Біз жаңалық ашуды мақсат еткен жоқпыз. Газеттің 90 жылдығына өз тарапымыздан үлес қосқымыз келді. «Кедейдің» осыдан 90 жылдай уақыт бұрын шыққан сандарының сақталғандары көп емес. Дегенмен, соның өзін көздің қарашығындай сақтап отырмыз. Ол тек газеттің емес, біздің өлкеміздің тарихи жылнамасы іспетті құнды дүние. Сондықтан оның ескі сандарын іздеп, сұрап келушілер өте көп. «Кедейдің» онсыз да аз қалған сандары сарғайып, үлбіреп тұр, сондықтан оны кез келгеннің қолына ұстатуға қимаймыз. Сол себепті жақында «Ақтөбе облысы ғаламторда» қоғамдық қорының директоры Александр Гавриловтың көмегімен «Кедейдің» электронды нұсқасы жасалды. Компьютерге электронды нұсқасын енгіздік. Енді кез келген адам «История Актюбинской области» сайтынан «Кедейдің» электронды нұсқасын оқи алады. Алдағы уақытта газеттің «Социалистік жол» деп аталған тұстағы тігінділерінің де электронды нұсқаларын жасап, ғаламторға енгізу ойымызда бар, — дейді Сағыныш Төремұратова.         

Оның айтуынша, мұрағатта «Кедейдің» 1928-29 жылдары жарық көрген сандары бар. Бірақ олар да толық емес. Мысалы, «Кедейдің» 1929 жылғы сәуір-желтоқсан айлары аралығында шыққан сандары ғана, барлығы 47 саны бүгінге дейін сақталған. 1928 жылы шыққан 32 саны бар екен. Мұрағат өкілі газеттердегі бірқатар мақала, соның ішінде лингвист ғалым, профессор Құдайберген Жұбановтың бірнеше мақалалары араб қарпінен кириллицаға түсірілгенін айтады.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button