«Ақтөбе»-90

Желден де жылдам — жүйріктер

Ақтөбедегі «Мұнайшы» стадионында облыстық «Ақтөбе» мен «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін жеңіл атлетиканың негізгі түрі —жүгіруден облыстық жарыс өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл жолғы спорттық жарыста жүзден аса желаяқ бақ пен бабын ортаға салды. Биылғы жылғы спорт мерекесінің бұрынғылардан басты ерекшелігі — ол облыстағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Ақтөбе» газетінің 90 жылдық мерейтойына арналды.

 

Желаяқтары көп жарыс

 

Облыста осымен 42-ші рет өткен айтулы жарыстың өзіндік ерекшелігі аз емес. Талай жасқа үлкен спортқа жолдама беріп, қанаттандырған байырғы сайысқа биыл қатысушылар да аз болмады. Бұл жолы оған жүзден аса тұрғын қатысты. Бәсекенің және айрықша атап өтетін тұсы — «Ақтөбе» газетінің мерейтойымен сәйкес келгені болса керек. Сондықтан бұл желаяқтары көп жарыстың, басқалармен салыстырғанда, көпке дейін есте қалатыны айтпаса да түсінікті. Бұны жарыстың ашылу салтанатында «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев де атап өтті.

— Өңірде осымен 42-ші рет өткізіліп тұрған жарыстың газеттің 90 жылдық мерейтойына арналуында символикалық үлкен мән жатыр деп ойлаймын. Біз үшін бұл сайыстың орны ерекше. Өз басым қатысушылар мен жеңімпаздардың да бұл күнді мәңгілікке есте сақтайтынына сенімім кәміл. Өйткені олар облыстық жеңіл атлетикалық жарыстың тарихында қалады ғой, — деді Б.Бабажанұлы.

Өз кезегінде «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нүркеева да қатысушыларға жылы лебізін білдірді:

— Жастардың арасында қашықтыққа жүгіруге ниеттілердің қатары аз емес екеніне қуаныштымын. Бұл жарыс талай қыз-жігіттердің спортпен ауқымды деңгейде айналысуына жол ашқан. Сондықтан ең алдымен ол сіздерге арналған, жастар! Бір айтарым, бұл сында жеңіске жету соншалықты маңызды емес. Ең бастысы, өмірде сақтарыңыз сынбасын! Сіздерге жарқын болашақ тілеймін! Барлығыңызға сәттілік! Белсенділік танытқандарыңызға ұжым атынан алғысымды білдіремін. 

 

Аға буын — алдыңғы шепте

 

Мемлекеттің Әнұраны орындалған соң, жарыстың төрешісі, халықаралық санаттағы төреші Николай Марчук жарыстың басталғаны турасында белгі беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Осы орайда, талай байрақты бәсекелердің куәсі болған төреші туралы көптеп айтуға болады. Оның қатысуынсыз аймақта бірде-бір жарыс өтпейді. Марчук мырза спортты сүйетін журналистердің меселін ешқашан қайтарған емес. Әрдайым құрақ ұшып, елгезектік танытатын маманның спорттағы адалдығы һәм әділдігі жөнінде де ұзақ баяндауға болады.

Әдеттегідей ұйымдастырушылар қатысушыларды жасы мен жынысына қарай бірнеше топқа бөлді. Желаяқтарға берілген қашықтыққа келсек, ол 1-3 шақырым аралығында болды. Бұл ретте алғашқы боп ардагерлердің жүгіргенін тілге тиек ете кетейік. Алдыңғы буын ағаларды алдыңғы шепке шығарған жарыстың ұйымдастырушылары бұл жолы да көрегенділік танытты.

 

 

 

 

Тұңғыш һәм тәжірибе

 

Бұл жарысқа алғаш рет келген қала тұрғындары да кездесті. Солардың бірі — он жастағы Арина Зорина. Қашықтыққа жүгіру түгілі, бұндай спорттық сайыстарға қатысып көрмеген ол, тиісінше жүлдегерлердің қатарынан да көрінбеді. Есесіне, ең жас қатысушы ретінде оқушы қызға ұйымдастырушылар ырымдап арнаулы сыйлықты тапсырды. Кім біледі, болашақта дәл осы қыз Ақтөбенің атын асқақтатар спортшы болатын шығар? «Бұйырған қусаң да кетпес» деген…

— Қатысушы қыздардың барлығы менен үлкен. Сол себепті, олар мәреге бұрын келді деп ойлаймын. Әйткенмен, менің сағым сынған жоқ. Керісінше, өзіме келесі жылы олардан озамын деген мақсат қойып отырмын. Сыйлық бергендеріңізге рақмет, — дейді ол.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті дене тәрбиесі факультетінің оқытушысы Шыңғыс Төлеуов болса, тәжірибелі спортшы. Ол қашықтыққа жүгіруден бұған дейін үш мәрте алтыннан алқа тағынған. Сондай-ақ, жігіт ағасы шаңғы тебуден де мықты.

— Спорт — өмірімнің айнымас бөлшегі іспеттес. Содан болар, облыстағы кез келген жарыстан қалмауға тырысамын. Спорттың дамуына өзіндік үлес қосып жатқан облыстық басылымдардың өкілдеріне ризашылығым шексіз, — дейді спортты жанына серік еткен педагог.

 

Кіл жүйріктің ішінен кім жеңді?

 

Сонымен, жарыстың қорытындысына тоқталатын болсақ, 2000 жылы туғандар мен одан кішілердің тобында Қобда ауданынан келген Ольга Дуля жеңіске жетті. Ұл балалардан қарғалылық Юрий Линев суырылып алға шықты.

Қобда мен Бадамшаның 1998-1999 жылдары туған жеткіншектері де өзара бәсекеге түсіп, жеңімпазды анықтауға тырысты. Бұл сында мың метр қашықтықта қарғалылық Александр Иванниковқа тең келер ешкім табылмаса, қыздардың арасынан қобдалық Юлия Дон қарсыластарын шаң қаптырды.

17-18 жастағы қыз-жігіттердің де айдарынан жел ескендер бар. Бозбалалардан хромтаулық Артур Бальзамның жұлдызы жарқыраса, бойжеткендерден Қарғалы ауданынан келген Светлана Колесованың бағы жанды.

Ал 18 жастан жоғарылардың ішінде жеңіске үміттілердің қатары аз болмай, нағыз бәсеке осы топта қыза түсті. Рас, осы жолы да үш шақырым қашықтықты Шәміл Тереғұлов қиындықсыз жүгіріп өтіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Енді ше, халықаралық санаттағы спорт шебері деген атағы бар… Өз кезегінде әйелдердің арасынан бұл топта Марина Пулина бас жүлдені ұтып алды.

 

P.S. Спорттық сайыстың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер, сондай-ақ, қатысушылар бірауыздан ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Олар спорт мерекесін келер жылы да асыға күтетінін айтып, риза болып тарқасты.

 

Айбек СЕРІКҰЛЫ,

Асхат ҚАЛЖАНОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button