«Ақтөбе»-90

Жадымда түлеген жаңғырық

(Естелік-эссе)

 Партиялар шеруі

 

«… 1994 ж. 17 қазан. Шұбарқұдыққа бару керек еді (жалпы, мен Темір ауданына жиі баратынмын. Өйткені бұл аудан — менің туған елім, тума-туыс, алыс-жақын, таныс-тамыр бар деген сияқты — мұны мен қазір жазып отырмын), мына жауынның басылар түрі жоқ…».

Шұбарқұдық басы дүрілдеп тұр екен. Қай жер — мекеме, кәсіпорын, ұйымға барсаң да, саған сақтықпен қарайды, саған бұрынғыдай іштарта жадырап сөйлеспейді. «Оу, бұларға не болған?» деймін іштей. Алдында аудан әкімдігіне кіріп шыққанмын. Кейбірі айтқан: жазбай-ақ қой, «Азат» дей ме, «Алдаспан» дей ме, аяғымызды тырп бастырмайды…» дейді. Менің де бір ішкі есебім болған (енді бұл тіршілік қамы ғой) — аудандық тұтынушылар қоғамынан бірер кило үнді шайын пұлына сатып алу. Өйткені оның төрағасын танитынмын.

Енді не болды? Қой, құрсын, бастан құлақ садақа. Кейін білсем, шынында азаттықтар барлық саланы бақылауға алыпты. Әлгіндей қардар тауарлар «Азат» партиясы мүшелерінің қатысуымен ғана өткізіледі екен. Бұл жақсы ма, жаман ба — кім білген?! Әйтеуір маған сол кезде жер-жерде «қос үкімет» пайда болғандай көрініп еді.

Ол кезде не көп — партиялар көп, әртүрлі саяси қозғалыстар, бірлестіктер — бәрі де, әйтеуір біз ұлт үшін қызмет етеміз, тілді қорғаймыз, ұлттық кадрларға үстемдік береміз деген уәде, бағдарламалары басылымдар бетін бермейтін, бірқатарының өз басылымдары да болды, мысалы, «Азат» партиясының.

Шыны керек, біз «Ақтөбе» газетінің журналистері оларды қолдап, қолпаштап та жүрдік. Әрине, алғашқы әзірде. Өз басым екі-үш материал жазғаным да есімде…

Менің жазып отырғаным — 1994 жылдың күз айлары. Бұл жылдарда Қазақстанда «Алаш», «Азат», «Желтоқсан», «Қазақстан халық конгресі» (бұл партия ма, әлде қозғалыс па — оны қазір ашып айта алмаймын), т.б. партиялар өмірге келген еді. Бәрінің де ұраны, әйтеуір ұлт мәселесі («Халық конгресінен» басқасы, онда әр ұлттың өкілдері болатын), халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары. Бұған әртүрлі қозғалыстарды, топтық мақсатты көздейтін, бірақ тіркелмеген неше түрлі ұйымдарды қоспай отырмыз.

Несін айтасың, дәуірледік қой сол жылдарда. Осындайда ұлы Абайдың мына бір сөзі еске түседі: «Болды да партия, ел іші жарылды». Тек сондайларға лағып кетіп жүрмесек болғаны да. Осындай бір ойда шырмалып отырғанымда кеңсеге Өтенов кірді. Бұл жігітті бұрыннан танитынмын, мамандығы — заңгер. Өнеркәсіп бөлімінде жүргенімізде кәсіпорындардан, құрылыстан мақала жазуға талай тапсырма да бергенбіз (ол кезде Өтенов жұмыссыз болатын), енді сол айтады: «Төке, өзің білесің, «Дәстүр» қоғамдық-саяси қозғалысын партияға айналдыру ойымызда бар, соған сен мүше болып, көпсалалы жұмысының бір пұшпағын мойныңа алсаң қалай болады» деп қарап тұр.

Зәрем тас төбемнен шықты: ұрылған, соғылған — бойда үрей бар, жәйіме қарап жүрмей, енді саясатқа араласуым керек пе? Үрей дегеннен шығады, психолог ғалымдардың еңбегін оқимыз, жалпы, Адам деген кім деген сауалдарға жауап іздеп философтардың зерттеулеріне жүгінеміз — шын мәніне келгенде Адам — «әлеуметтік хайуан» көрінеді. Ал оны үнемі жерлеу, қорқыту — психологиялық үрейге әкеліп соқтырады екен. Менің жағдайым ол кезде осындайлармен шамалас еді.

— Ойбай, жоқ. Мен — партия-мартия дегендермен шаруам жоқ адаммын, — дедім.

Өтенов (аты-жөнін ұмыттым) маған қарап жайбарақат күліп тұр.

— Ай, Төке, қорқақсың-ау, қорқақсың… Соңыра сайлауда жеңіп шықсам — сен ақпарат министрі боласың (айтпақшы, ол редакциядағы кейбір жігіттерге — экономика министрі, сыртқы істер министрі… боласың деп қалжыңдап жүретін),— деп күледі.

Бұл — сол бір жылдардағы өмір шындығының көрінісі де еді. Айтпағымыз — ол кездегі партиялар адамдарға осындай уәделерді үйіп-төгіп беріп жататын. Бұл мәселелер де «Ақтөбе» газеті журналистерінің назарында болып, қалам ұшына іліктіріп жүрді, бірақ мақтау да емес, даттау да емес — өте сақ, сараптамалық әдіспен жазылатын ондай материалдар.

1992 жылдың қараша айы. Республикалық, оны айтасыз Ресейдің белді-белді деген газеттерін оқимыз, кейде пәтерімізде тұрған «көгілдір жәшікке» (теледидар) көз тігеміз. Бір күні Қазақстанда «34 одағы» деген пайда   болды.  Бұл не нәрсе?   Көп ұзамай «Ақтөбе» газетінде әлгі «34-тің» бағдарламалық жобасы жарияланды… Бақсақ, бұл одақ жайдан-жай пайда бола қалмапты: еліміздің көрнекті ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері, интеллигенция өкілдері құрған екен оны. Тегіннен-тегін емес, кейіннен белгілі болғандай, 1993 жылдың ақпанында Құрылтай жиынын өткізіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Онда Елбасы былай деді: «Оңшыл және солшыл пиғылдағы ұшқарылықтан ада көзқарастар жүйесі — центризм идеологиясы да бүгінгі таңда өте маңызды».

Иә, енді бәрі түсінікті болды. Жазу керек екен. Осындай оймен Қазақстандағы партиялардың ұстанымын, бағдарламалық бағыттарын талдап, ой елегінен өткізіп, «Саясат сахнасында — жаңа одақ» («Ақтөбе», 19 ақпан) деген тақырыпта көлемді материалды дүниеге әкелдік.

Алайда, «центризм» деген сөз — бізге ол кезде ана жақта да емес, мына жақта да емес, белгісіздеу, тұманды көзқарас сияқтанып көрінген-ді. Зерттей келе В.Лениннің баяғы замандағы сөздеріне құлақ түргендей болдық. Енді әлгі аталған мақаладағы сөздерге назар аударып көрелік.

«Центризм» деген термин біз білетіндей, 20-ғасырдың бас кезінде халықаралық жұмысшы қозғалысында пайда болды. Ленин сөзімен айтсақ, «ол — оппортунистік ағымның «солшыл» фразасымен бүркемеленген марксизмге қарсы ағым». Бірақ заман өзгерді, көзқарас түзелді дегендей, Ленин оны қоғамда тек бір ғана партияның болуын қалағандықтан, өз мақсатына жету үшін айтқан екен. Өйткені центристік партиялар күні бүгін де капиталистік елдерде өмір сүріп келеді. Ал бұл термин Президентке неге қажет болды десек, республикадағы қалыптасқан жағдай, яғни ондаған ұлттың қатар өмір сүруі… өзінің (Президент) саяси көзқарасында осы маңда тұруын талап еткендей»,— деп жазыппыз.

Бертінірек келе ойласақ, Елбасымыз арғы-бергіні, болашақты ойлайтын мықты саясаткер екендігін дәлелдеп берген жоқ па? Партиялар көп, бірақ оларды большевиктер құсап тым-тырақай таратып, көсемдерін ұстап, көзін құртып жіберу — бүгінгі заман талабына сай келмейді — халықаралық жағдай оған жол бермейді. Тыныштық керек біздің елге, ұлт, ұлтаралық қатынаста бейбіт қатар өмір сүру керек.

Кейін «34-тің» одағы «Қазақстанның халық бірлігі одағы» болып қайта құрылды. Ол кезде осы жолдың авторы «саяси шолушы» дегеннен алшақтады да, басқа бір мәселелермен айналысып кетіп еді. Осы күні сол «Қазақстанның халық бірлігі одағы» қайда кетті десек, меніңше, ол әуелі «Отан», кейін «Нұр Отан» партиясының негізін қалады-ау деймін…

Сол жылдарда «Ақтөбе» газеті өте нәзік және күрделі де, түсініп болмайтын (біз ол кезде әлі атеистер едік қой), адам санасына орасан зор әсер ететін — имандылық, дінге де орын беріп отырды.

…Бір мақаланың соңына түскенмін. Тіпті тақырыбын да қойып, «Биссимилля рахмани рахим немесе ислам фанатизмі туралы» (шықты, 1994 ж. 7 мамыр) деп. Енді алғашқы сөйлемді бастай бергенімде телефон дырылдап қоя бергені.

— Алло! — деймін. Трубкадан орысша сөз естілді. Аң-таң тыңдап отырмын. Сөзінің сыңайына қарағанда, ол жігіт жұмыссыз екен. Енді соған — жұмысқа орналасуына көмектесуімді өтінеді.

— Жігітім, сен кімге телефон шалып тұрсың? Жаңылысып тұрған боларсың,— деймін. Жоқ, менің аты-жөнімді айтып тұр. «Телефон нөмірін саған кім берді?» десем, көптен бері таныс, аралас-құралас болған адамның аты-жөнін айтады.

Түсінікті болды. Осыдан бірер апта бұрын әлгі танысым редакцияға келіп, шаруасын айтқан. Баласын жұмысқа орналастыруға көмек сұрайды. Өнеркәсіп, құрылыс саласымен айналысқаныммен ондай шаруамен ісім де болмаған-ды. Оның үстіне ол кезде қаладағы өндіріс саласының барлығында дерлік орыс ұлтының өкілдері отыратын-ды. Он ойлап, тоғыз толғанып отырғанымда кенет Кәрім Айнабеков есіме түсе қалғаны. Біз — Идош Асқар, Кәрім және мен біраз жылдардан бері қатынасымыз әбден қалыптасып кеткен  достар едік. Ол қалалық пошта мекемесінің басшысы болғанмен, оларда автотранспорт кәсіпорны бар болатын. Сөздің қысқасы, сол Кәрім Айнабеков менің танысымның баласын жұмысқа орналастырған-ды.

Қазақ деген осы — ұлтшылдық дегенді білмейді, бәрі дос, бәрі бауыр… Әлгі жігітке «ертең телефон соғарсың» дегенмін. «ЖБИ-70» деген құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорынға телефон шалдым, әрине, директоры да орыс еді. Соған қарамастан: өз ұлтыңның баласы, мамандығы — техникум бітірген, механик деп жатырмын. Обалына не керек, «біз де «қалқып тұрмыз» ғой, ертең келсін» деген-ді.

Осындай да жағдайлар болған-ды ол кезде. Ал дінге келсек, жоғарыда аты аталған мақала жазылды. Ол — көлемді материал. Тоқетерін айтсақ, сол кездің өзінде осы Ақтөбеде ислам дінін жамылған шала сауаттылар, шетелден (қай елден — кім білсін) оқып келген дінтанушылар, олардан шыққан фанатиктер қаптап жүрді. Сол мақалада мынадай жолдар бар: «… Олар — фанатиктер… Ал фанатизм дегеніміз — белгілі бір топтың (қазіргі түсінікте), ағымның, әлдебір жекелеген адамдардың болмысты түсінудегі шектелген ұғымы… қажет болған жағдайда… жанын пида етуі мүмкін…

Бұл жағынан фанатизм фатализммен астасып жатады. Фатализм — бұл философиялық немесе діншілдік ағым…» деп жазыппыз сол кезде. Біздің бұл көзқарасымыз қазір дұрыс па, бұрыс па — ол жағын білмейміз.

Ал баяғы көп партиялар, қозғалыстар қайда кетті? Ол жағын да айта алмаймын. Білетінім — «Нұр Отан», Коммунистік, Азаматтық (әлде басқа ма) партиялар ғана. Сол жылдары «Ақтөбе» газетінің осы мәселелерге де назар аударғаны қазір мені таңғалдырады.

 

               Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ. 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button