«Ақтөбе»-90

Жадымда түлеген жаңғырық

(естелік-эссе)

 

2. «Саяси шолушы» дегеніміз не өзі?

 

Бұрын бұл газет («Ақтөбе») не жазбады дейсің — бәрін де: өнеркәсіпті де, көлік, құрылыс, қаржы мәселесі, әдебиет пен өнер, ара-тұра тіпті дінді де жазды, тек саясат емес. Саясат — бұл коммунистік партияның, иә, тек қана бір партияның құзырында болды да, журналистер оған көп қалам тарта қоймады. Ал сол партияның өзі, мысалы, облыстық партия комитетінде отырғандар туралы қазір кесіп-пішіп айтуға болады: газетке саяси тақырыпта мақала жазуға тіпті қатыспады десе де болғандай еді. Сондықтан газет анда-санда КазТАГ материалдарын берумен ғана шектелетін.

Енді бүгінде ойлап қарасаң — обкомдағылардікі де жөн-ау дегің келеді. Өйткені бір ғана партия болды ғой, ал оның жүргізіп отырған саясаты белгілі: олар коммунистік идея-идеологияны насихаттайтын. Ал оларың — сол партияның пленумдары, съездері, құдайдың құтты күні болмағанымен, жиі қабылданып жататын қаулы-қарарлары. Бір жағынан бұл да саясат.

Енді заман өзгерді, елде демократиялық процестер жүріп жатыр. Кім не айтамын десе — өз еркі. Сол демократиямен бірге келген әртүрлі партиялар, бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, тіпті неше түрлі қорлар да бар, бәрі, әйтеуір «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар. Халық қайсысына сенерін білмей аң-таң, біреулері әуелі ана партияда болып, араға екі-үш ай өтпей жатып: «қой, олардың саясаты маған ұнамады, сондықтан мына партияға өттім» дегендер де болып жатты.         

Енді сапырылысқан партиялардың, қозғалыстардың ара жігін ашып көр, бағасын бер, халыққа түзу жол көрсет — бұл өзі былайғы жұртқа қайдам, әйтеуір мені біраз күн төбеге қарап, аңырайып отыруыма мәжбүрледі. Одан не пайда, мида (ойда) ештеңе жоқ. Бір мезет баяғыда алғаш газетке келіп, жұмысқа орналасқаным есіме түсті. Сонда облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын білейін деп, газет тігінділерін қопарыстырғанмын. Бір нәрселерге сонда түсінгендей болғанмын…

Газет деген керемет қой — бәрі бар онда. Жадыңды жаңғыртады, ойыңа ой қосады, бәрінен бұрын Тәуелсіздік алған еліміздің алғашқы тәй-тәй басқан қадамдарын «сөйлетеді».

Иә, солай. Газет тігінділерін қарап отырып, біраз нәрсеге қаныққандай болдым. Анау жылдары, Одақ тараған кезде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы деген өмірге келіп еді ғой, енді сол ыдырауға жақын тұр екен. Оның төңірегінде әртүрлі әңгімелер шыға бастапты. Біреулер «осы Достастықтың керегі қанша» десе, енді біреулері «әзірге керек, онсыз  экономикалық  қарым-қатынас  үзіліп,  онсыз да берекеті кете бастаған кәсіпорындар мүлде тоқтап, жұмыссыз қалған жұмысшылар көшеге шығады» дейді.

Сараптап қарасақ, ТМД деңгейінде алынған бірлескен 200 қаулының бір де бірі орындалмапты. Бұған қоса кейбір мемлекет басшылары, мәселен, Украинаның Президенті Л.Кравчук «егер ТМД қабылдайтын Жарғы мемлекеттер тәуелсіздігінен жоғары тұратын болса, онда алда болатын Минскідегі Кеңеске қатысудың қажеті жоқ» депті. Ал Өзбекстан Президенті И.Каримовтың пікірінше, Орта Азия мемлекеттері өз жолымен кетуі тиіс.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көптен бері айтып жүрген өзара экономикалық байланысты қайта жандандыру жолындағы ұсыныс-пікірлерін біреулер басқаша түсінеді екен: Н.Назарбаев әлі де Ресейден айырылғысы келмейді, ол бұрынғы Одақты аңсайды дейді. Түсініп көр! Саясат деген осылай.

Осындай құйтұрқы мәселелердің бірқатарын зерттей, сараптай келе «ТМД өмір сүре ме?» деген көлемді мақаланы (22 қаңтар 1993 жыл) өмірге әкелген болдық. Сол кездің өзінде Елбасымыз алысты меңзеген көрегендік көрсетіпті. Мысалы, бір кездері Қазақстандағы ірі кәсіпорындардың 93 пайызы Орталық министрліктер мен ведомостволарға бағынатын еді. Олардан шығарылған өнімнің оннан тоғызы сыртқа жіберіліп отырған. Енді сол байланыстар үзіліп, кәсіпорындар өз жұмысын тоқтата бастаған. Олай болса, әзірге басқа байланыстың көкжиегі көрінбей тұрса, неге ТМД-ны сақтап қалмасқа?!

Ал саяси одақ ше? Бұл — проблемалы мәселе, бірақ анығы сол — біздің Президентіміз оған мүлде, тіпті үзілді-кесілді қарсы. Оған Н.Назарбаевтың сол жылдарда айтқан мына бір сөзін мысалға келтірсек те жеткілікті ғой дейміз: КСРО кезінде өзі айтқан конфедерациядан да бас тартатындығын мәлімдепті. Сосын: «айырылыссақ айырылысайық, бірақ тек өркениетті елдердегідей болсын»,— депті.

Бірақ сол ТМД мемлекеттерінің іші тыныш па еді? Ай, жоқ. «1993 жыл. 2 сәуір. Ресей халық депутаттарының кезектен тыс тоғызыншы съезі… Жұрт дүрлігуде…

Б.Ельцинді тағынан тайдырғысы келеді…». Күнделіктегі осы аз ғана ойды тарқата айтсақ, шынында, сол күндері Ресейде баяғы Жоғарғы совет үйін басып алған

А.Руцкой, сосын ұлты шешен, экономика ғылымдарының докторы Хасбулатов көпірме сөзге шебер Жириновский, т.б. үкіметті басып алса не болар еді?

Бұл үшін әуелі осы аталған саяси тұлғалардың өзін танып-біліп алуымыз керек қой. Мысалы, А.Руцкой 1992 жылы Молдовадағы саяси оқиғаларға байланысты өз ойын ашық айтқан еді. Яғни  Приднестрдегі орыс  тілді азаматтардың (ол кезде диаспора деген сөз айтылмайтын) республикадан  бөлініп, өз алдына отау  тігу  саясатын қолдады. Ал Жириновский белгілі: «таза ұлтшыл, шовинист» («Дүниені дүрілдеткен төрт күн», «Ақтөбе», №69, 13 сәуір).

Расын айтайын, ол кезде саяси шолушы ретінде Ресей Президенті Б.Ельцинді қолдап, бірнеше дүркін мақала жазып едік. Әлі де сол көзқарасымдамын. Неге дейсіздер ғой. 1992-93, тіпті 1994 жылдар шежіресін бір сәт көз алдарыңызға елестетіп көріңізші: «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дейді ғой, біздің Елбасымыз бен Б.Ельциннің арақатынасы тәуір болатын. Себебі де баршылық, әлі де болса экономикалық байланыс бар еді. Кәсіпорындардың бірқатары, ауыл шаруашылығы да бар оның ішінде, техникалық жабдықтарды, құрал-сайман, запас бөлшектерді, тіпті кәдімгі шегені де, сіріңкені де Ресейден тасымалдайтын. Ол кезде шекарамыз да бекіп болмаған-ды, «оны бекітуге, бекеттер қоюға күш-қуат жетпей жатты» («Дүниені дүрілдеткен төрт күн»).

Бұған енді сарбаздар құрамасында орыс ұлтының өкілдері көп екенін, Ресей әскерінің Қазақстанда тұрғандығын еске алсақ — саяси жағынан да қауіпті еді.

Халықаралық жағдай да оңып тұрмаған-ды (сірә, оның оңған күні бар ма?) ол кезде. Солай десек те, Б.Ельцинге Украина, Армения Президенттері, кейін АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея басшылары да оң көзқарас танытқан-ды. «Осының бәрінде Б.Ельцинді ұлы санап емес, ол жүргізіп жатқан реформа, саясат дүние жүзі қауымдастығының ұстанған бағытына сай келетіндіктен» (аталған материалда).

Бәрінен бұрын бізге сол кездегі Ресей Мемлекеттік Думасының кейбір депутаттарының, саяси қайраткерлердің баспасөз беттерінде, электронды құралдар арқылы сөйлеген сөздері, ұстанған бағыттары қауіптірек болды. Олай дейтін себебіміз, олар бұрынғы Одақтас (ТМД) республикаларда тұратын орыс азаматтарының шабын түрткілеп, «қос азаматтықты алыңыздар» дегенді шығарды және бір күн емес, бірнеше ай, тіпті жылға созылып (бұл мәселе қазірде де анда-санда көтеріліп қояды), бейбіт халықтар арасына ши жүгіртумен болды. (Әй, қазір көбіміз бәрін де ұмытып, естен шығардық қой).

Ал одан бұрынырақ жылдары Армения мен Әзірбайжан арасындағы жер дауы, Грузиядағы шиеленіс, т.б. елдердегі халық толқулары әсіре ұлтшылдардың осындай «үгіт-насихат жұмыстарының» нәтижесі еді. Сондықтан да біз — «Ақтөбе» газеті провинциалды дәрежеде болса да, ара-тұра ондай «үгіттерге» қарсы үн қатып отыруға мәжбүр болды. Осыдан келіп өмірге «Орыс картасы» («Ақтөбе», №17, 2 сәуір 1994), «Жириновский — бұл соғыс, бұл қырғын» (24.03.1994), «Жылымық» (1 қаңтар 1994), тағы басқа да мақалалар жазуға тура келді.

Сондағы біздің мақсатымыз — халық шетелдің қайдағы бір саясатшысымақтары сөздеріне ермесін, жылы ұясын суытпасын, балаларын соғыс өртіне салмасын дегендік еді.

Мына бір қызықты қараңыз. Біз манадан бері сайлаушылары алдында бедел жинау үшін қайсыбір депутаттар (Ресей) мен соған үміткер біреулердің пікірлерін, ұстанымдарын сөз етіп отырмыз ғой. Ал ондайларға Ресей үкіметі ресми өкілдерінің де қатысы болды дегенге сенесіз бе? Әй, білмеймін.

Ол — алашапқын, біреуді біреу танып, айырып болмас жылдар еді ғой. Саяси шолушы болған соң — күнделікті жеп жүрген нанымыз — ондайларды аңдып, бағып жүрдік. Мысалы, көзіқарақты оқырман 1993-1994 жылдары Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрі болған Козырев деген шенеунікті әлі ұмыта қоймаған шығар. Ал сол азамат Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен сөйлеген сөзінде не деді дейсіздер ғой. Бұрынғы Кеңестер Одағы құрамында болған мемлекеттердегі кикілжің, әртүрлі ереуіл, оқиғаларды басуды, былайша айтқанда, «тәртіп орнатуды» Ресейге жүктеу керек дейді. Бұл не сонда? Ол кездегі шолушы түсінігінде барып тұрған арандатушылық, Тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласушылық деп қабылданып, осы идея тұрғысында жоғарыда аталған мақалалардың бірқатарына сыналап болса да кіргізіліп отырды.

Бұндай «адасушылықтан» жұрттың бәрі демократ деп санаған, біз де ол кісіні солайша қабылдап жүрген едік — Черномырдин, ие, ие, дәл соның өзі, ол кезде Ресейдің үкіметін басқаратын, сол әркез «орыс картасын» алға тартып, ТМД мемлекеттерінде тұратын орыс азаматтарына қос азаматтық — Ресейдің де, мысалы, Қазақстанның да азаматтығы берілуі тиіс деп соқты. Мұны естіп-білген біздегі кейбір орыстар жалдары күдірейіп, басқа ұлт өкілдеріне көздерін аларта қадап жүрді. Міне, империялық көзқарас деген.

Сондай «ұлтшылдық ауруымен» біздегілер мықтап сырқаттанды. Еліміздің Парламентінде де сөз қозғалды, тіпті кейбіреулер: «орыс партиясын» құру керек деп өздерінше жаңалық ашқандай болды. Батыл да ер, қайраткер азаматымыз, депутат, жазушы Ш.Мұртаза орнынан желпіне көтеріліп, қызулана сөйлегені де есімізде: «олай болса, біз «қазақ партиясы» дегенді құрайық, біздегі ұйғырлар да, өзбектер де сөйтсін» деді. Берілген тойтарыс соншалықты қатты болды ғой дейміз, кейін бұл мәселе төңірегінде ешқандай әңгіме болмады.

Солай дейміз-ау, әлі күнге дейін «орыс картасы» ойналып келеді. Сонада, 2014 жылдың наурыз айының бас жағы ғой деймін, Жириновский тағы ескі әніне басты: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. — бұлар РСФСР құрамы, сондықтан олардың барлығын біріктіріп, қазір айтуға қиын Алматыны — бұрынғы Верный қаласы деп атап, соған бағындырып, астана ету керек, — деді.

Айта берсе, саясатта бұндай толқулар, алыпқашпа әңгімелер көп-ақ. Бірақ соның бәріне біз де өз қам-қаракетімізше тойтарыс беріп отырған болдық. Осылайша, газет халықты сабырға, шыдамдылыққа шақырып отырды.

            

Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ. 

   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button