«Ақтөбе»-90

Жадымда түлеген жаңғырық

(Естелік-эссе)

Осы бір дүниені жазсам ба, әлде жоқ па дегендей біраз уақыт ой толғанысында жүріп алдым. Оған себеп, әрине жасымыз да біразға келіп қалды ғой: қуат азайды, жад ескірді. Солай бола тұра мені бір ой мазалады да жүрді: оу, бұл — өзің отыз жылдай (дәлірегі 28 жыл) еңбек еткен, ыстығы мен суығына бірдей күйген, өзіңнің отбасыңдай болып кеткен «Ақтөбе» деген газетің ғой, неге оған арнап мына 90 жылдығына қалам тартпайсың, ар-намыс қайда дегендей.

Ия, күнделік дедім. Бұл материал сол күнделік негізінде жазылды. «Ақтөбе» газеті ұжымының тоқсаныншы жылдар ортасынан екі мыңыншы жылдар аралығындағы басынан өткерген қиын-қыстау күндері мен бір сәтке болса да шат-шадыман шақтары көсемсөз түрінде баян етіледі.

Бұдан бұрын да «Ақтөбе» газеті туралы, мәселен, 75 жылдығына арнап талай материалдар да жазған едім. «Қара шаңырақ» деген атаумен кітапша болып шықты.

Сонымен бірге, бұл жазбада сол жылдары «Ақтөбе» газеті қандай мәселелер көтерді, халықтың назарын неге аударды — бұл енді сол жылдардағы экономикалық, мәдени-тұрмыс, тіпті саяси тұрғыда жазылған материалдарда ашылып көрсетілмек. Сонымен бірге, бұл естелік-эссе тақырыптарға бөлініп жазылады. Олай болса көркем әдеби шығармада болатын қатаң сюжет желісіне бағынбайды, ілгерінді-кейінді жазылады.

Соңында айтар екі мәселе бар: бірі — бүгінде жұрт кітап оқымайды дейді, ол рас. Әсіресе, жастар жағы. Екіншісі —сол жастар бұдан он бес-жиырма жыл бұрынғы еліміздің, облысымыздың хал-ахуалын біле де бермейді екен. Оны өзіміз кез келген отырыстар мен жиындарда көріп те, біліп те жүрміз. Сондықтан бұл жазбалар, ең алдымен, соларға арналғанын баса айтқым келеді.

Сонымен…

 

1. «Бір қапшық арпа…»

 

— Оу, Әбілғазы, үй-іші, мал-жан, жан-жағың аман ба?

— Аман, аман… Әй, сен көп телефон шалмайтын едің ғой. Тыныштық па, әйтеуір?

— Тыныштық. 1994 жылдың күзінде өзіңе соққаным есіңде болар. Директордан бір қапшық арпа сұраған бір кейуана туралы айтып едім ғой саған. Сол кісінің аты-жөнін ұмытып қалыппын…

Әбілғазы ойланып қалды. «Не… ың… не…» деген дыбысы естіледі телефоннан. Әрі-беріден соң:

— Ие, ие, ол әлгі… ойбу, ол дегенің, қазір…

 

* * *

«14 қыркүйек 1994 жыл. Темір ауданы «Қайыңды» кеңшарының директоры Қылышнияз Нұрлинмен шаруашылық жайын, халықтың тұрмыс-күйін әңгіме етіп отырғанбыз…». Күнделікте осылай жазылған… Әрі-беріден соң қабылдау бөлмесінде әйелдердің айқай-шуы естілді. Қылышнияз да елең ете қалды. Баяғыдай ол кезде директордың басып қалып, қабылдау бөлмесінде отырған қызды (әлде келіншек) шақырып алатын құрылғы (кнопка) жоқ екен, өзі отырғыштан шапшаң көтеріліп, есікке қарай қойтаңдады. Есік ашылып еді, аржағынан ашулы әйелдің даусы лап қойды.

— Облыстық газеттен журналист келді деп естідім. Әуелгі шаруам сенде — журналистің көзінше бетпе-бет сөйлескім келеді.

— Тынышталыңыз, апа. Тыныш, тыныш!.. Қонақ отыр ғой,— дейді Қылышнияз. Даусы бәсең шығады. Миымда бір ұшқын ой зу ете қалды: «Баяғыдай заман болса, директор гүрілдеген гүрзі дауыспен мына әйелді баяғыда-ақ қуып шығар еді. Заман өзгерді деген осы».

Әйел директордың абажадай кең кеңсесінің маған қарсы беттегі көп отырғыштардың біріне жалп етіп отыра қалды. Директор өз орнына жайғасты.

Әйел әуелі маған үсті-басымды тінтіп дегендей, тіпті аяқ киіміме дейін қарап алды да, назарын тіктеді.

— Шырағым, біз — ашпыз. Осыдан бір апта бұрын келіп кетіп едім мына директорға. Ең болмаса бір қапшық арпа бер деп…— дейді әйел. Ашулы жүзі күн күйдіріп тастағандай тотығып кетіпті.

Мен Қылышниязға қарадым. Ол әуелі не айтарға білмегендей үстел үстінде жатқан қарындашты шиырып, айналдыра береді, айналдыра береді. Оның қысылып отырғанын сездім де, әрі екі ортаға түсер адвокат емеспін ғой деген оймен: «мен сыртқа шығып келейін» деп орнымнан көтеріле бердім. Әйел қолын көтеріп ербеңдете бастаған….

Далада олай жүрем, былай жүрем. «Не болып кеттік біз осы?…». Оған табар жауабым да жоқ. Бар білерім — біз жаңа экономикалық жағдайға түстік. Тәуелсіздік алдық, өз алдымызға ел болдық. Дегенмен, жағдайымыз бұрынғыдан бетер қиындап кетті: ауыл ыдырап жатыр. Бірі акционерлік қоғам боламыз десе, енді біреулері кооператив болған жақсы дейді. Бұған да көңілі толмағандар «өзім десе өгіз қара күшім бар» деп жеке қожалық болып жатыр.

Ал мына Қайыңды?.. Алдында аудан орталығында ресми адамдармен әңгімелескенімде, олар бұл ауылды мақтап еді. Былтыр тым тәуір астық алыпты, әсіресе, тары мол шығыпты. Мал басы да басқа шаруашылықтардағыдай кемімеген, сондықтан жекешелендіру деген айқай ұранға көп еліктемей, етек-жеңін әзірге қымтап отыр.

Олай болса, мына әйелдің бір қапшық арпа сұрағаны несі? Ие, бір қапшық арпа!.. Ойыл өзенінің арғы бетіндегі туып-өскен ауылым жаққа көзім түсті. Сарыкемер деп аталатын ол ауыл… шешелеріміз таң қараңғысынан жұмысқа кететін-ді. Сондағы табатын табысы — бір жылға беретін екі-үш қапшық Ақабаев Балмұханның (звеношы) ақ тарысы. Соның өзін шешеміз қыс бойы үнемді жұмсап, кейде тары орнына түйілген кебекті (иә, кебек) айранға былғап беруші еді. Одан біз өлгеніміз жоқ. Ал мына кемпір, жоқ, ол маған жастау болып көрінген, бір қапшық арпаға зар болып отыр. Бір гәп бар шығар мұнда.

Кеңсеге қайтып оралғанмын. Қабылдау бөлмеде әлгі әйелмен қарама-қарсы келіп қалдым. Қолында бір тілім қағаз бар.

— Берді, берді директор,— дейді. «Жақсы болған екен» дедім де, ішке кіріп кеттім. Көп тұрсаң, арызды боратады бұлар. Оның қайсыбіріне араласып, шешімін қалай табарсың бұл күнде. Бәрі жоқ, тіпті темекі тартатын мен соның өзін қаладан азар тауып жүрмін. Сабын, сіріңке, шемішкі майын, ет, т.б. айтпағанның өзінде. «Челнок» деген шыққан ол кезде, қала тұрғындарын қамтамасыз етіп тұрған әзірге солар. Ауылдағылар да солардың арқасында жан бағып жүр…

Директор түрегеп тұр екен. Жоқ, сол түрегеп тұрған күйі үстел үстін олай-бұлай сипалай береді. Бұл — оның қысылып тұрған кейпі. Жоқ, менен емес, газеттен ғой. Ие, газеттен… Ертең мына журналист әлгі көріністі жазып, айдай әлемге жария етіп жіберсе не болғаны?..

— Не болды өзі?— деймін мен.

— Сұрай береді, сұрай береді әлсін-әлі. Осыдан екі-үш ай бұрын екі қап тары, бір қап бидай алып еді. Енді, міне, тағы…

— Мүмкін, отбасында адам көп шығар?

— Қайдағы… Екі баласы бар. Жолдасы екі-үш жыл бұрын қайтыс болған. Мәселе басқада ғой. Естіп-біліп отырамыз (бұлар директордың тыңшылары шығар), қап-қап астық берсең, ертең сатып жібереді. Мұғалімдер, дәрігерлер, сосын  осы  кеңседегілер  болмаса, көбісі  әлгі өзіміздің төл теңгеміздің өңі түгілі, түсін де көрген жоқ. Сосын оларға да ақша керек, үнемдеп бересің ғой… — дейді Қылышнияз кейістікпен осы бір сөздерді үсті-үстіне төкпелетіп. Былай қарасаң, директордікі де дұрыс сияқты. Азын-аулық астықты бәріне бірдей таратып жіберсе, ертең не болады? Жаппай аштық деген сондайдан туындайды, яғни бұл жерде директор, бір жағынан, экономист, екінші жағынан — қолы қытымыр «саудагер» де сияқты. Кім білген, ана әйел де шынында, қиналып қалған да шығар. Әйтпесе қараптан-қарап директордың алдына келіп қол жая ма? Тапшылық, қардарлық деген осы…

Қалаға келген соң әрі ойландым, бері ойландым. Бұл — дайын материал ғой. Бірақ жазбадым оны. Қайтем бүкіл елге жария етіп. Аштық бар ауылда деп. Бір жағынан мен ол кезде саяси шолушы болып кеткенмін. Ал саясат — еңсемізді енді көтеріп, өз алдымызға ел болдық деген шақта өте нәзік, қауіпті нәрсе. Абзалы, өз жұртыңды, қазағыңды жамандап нан табу — абырой әпермесі анық.

Осыдан бір жыл бұрын, яғни Қазақстан сом аймағынан әлі шыға қоймаған кезде еліміздің жағдайы қандай болып еді? Әй, бірақ бүгінгі жұрт ол кезді ұмытып та қалған шығар-ау. Ал шындығында ол кезде инфляция 2000 пайыздан да асып кетіп еді ғой. Қапшық-қапшық Ресей рублін алғанымыз сол кез болатын. Дүниенің бәрі құнсызданды. Теңгеміз айналымға енгенмен де жағдайымыз онша мәз бола қойған жоқ-ты. Жоғарыда айтып кеткенімдей, сол теңгені қолына алып, табын сезінген ұжымдар әр жерде бір кездесетін.

Бірақ Үкімет соған қарамастан қатаң монетарлық саясат жүргізді. Мұны Елбасымыз Н.Назарбаев 1994 жылғы қыркүйектің он алтысында Алматыда өткен облыс әкімдері, белгілі экономист-ғалымдар мен банк қызметкерлері қатысқан кеңесте өзі де мойындады. Бірақ алда үміт барлығын баса айтып еді. Мысалы, «ұлттық валютаны енгізу, оның курсын ұстап тұру жөніндегі шаралар, қатаң монетарлық саясат өз жемістерін бере бастады. Айталық, көктем кезінде инфляция тым жоғары болып, 46 процентке жетсе, жаздың басында 25,4 процентке, тамызда — 13,3, ал қыркүйектің алғашқы онкүндігінде 6,2 процентке дейін төмендеді»,— деді Елбасы.

Иә, солай. Тәлтіректеп аста-төк бүгінгі заманға да жеттік. Бірақ менің жадымнан әнебір әйелдің ашулы жүзі мен «бір қапшық арпа берші» деген шын ба әлде жалған ба (директор оны өтірік деді ғой), жалынышты сөзі әлі күнге дейін шықпай қойған-ды. Әбілғазы айтады (жалғандағы жалғыз жиенім ғой): «ойбай-ау, … ол … ол бүгінде байып» кетті ғой» (ауыл адамдары, әлбетте асырып айтады ғой) дейді. Аты-жөнін де айтқан. Қайтем оларды қазір, бір кездері солай едіңдер ғой деп

есімін жұртқа жайып, бала-шағасынан ұят. Кейін, біраз күннен соң Қылышнияз туралы очерк жазғанмын — «Алтын күз» деген. Сол материал шыққан күні ертесін Ертай келіп: «аға, мына очеркің жақсы жазылыпты» деді. Содан артық баға да жоқ ол кезде маған. Жадау да жабық көңілде едім ғой…

 

* * *

Қыстың күні қысқа дегенмен де, қараңғылық тез түседі. Темекі тартуға (осы бәлекетті әлі тастай алмай жүрмін) балконға шыққанмын. Қаптаған жеңіл мәшина. Қарап тұрмай шетінен санай бастадым. Он, он бес, жиырма… Ойпырмай, мына жұрт байып кеткен бе, қалай? Таза ауа жұтуға қосарлана шыққан ұлым: «бұл аулада отызға жуық мәшина бар» — деді. Бұған, сірә, бүгінде таңырқауға болмас деймін. Өйткені, біз әлі өрлейміз, өсеміз, дамимыз. Тек тыныштық болсын!

 Төлеміс МЕҢДІҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button