«Ақтөбе»-90

Жылдар жаңғырығы

    Ұшталған сөз

 

Университетті жаңа бітіріп келіп, журналистиканың жұмбақ әлеміне кіріп кеткен, өткен ғасырдың 70-жылдарының аяқ шеніндегі балаң газетшілік дәуір. ҚазГУ-дің жолдамасымен облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне жұмысқа келген 1977 жылы мен тап болған ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Сырым Бақтыгерейұлы еді.

Бұл  — оның комсомолдық «Лениншіл жастың» меншікті тілшілігінен партиялық «Коммунизм жолының»  бөлім меңгерушілігіне  жаңа ауысқан кезі-тін. Қырыққа толмаған қылшылдаған шағы. Содан болар, бөлім меңгерушісінің басы толы идея, бірінен бірі туып жатқан ой, ылғи жаңа ұсыныс, тың жоспар… Жаңа рубрика ашу, тақырыптық  беттер ұйымдастыру, авторлар сөйлету… Осының көпшілігін ойдағыдай орындап, облыстың сол кездегі он алты ауданын (ұмытпасам, Ақтөбе өңірінде 44 қалқоз, 200-дей кеңшар болған-ды) рет-ретімен шарлау үшін, әрине, ҚазГУ-ді кеше бітіріп келген «молодойдан» қолайлы ешкім жоқ.  Бүгін ана ауданға, ертең мына ауданға кетіп бара жатасың…

Осы Сырым бастығымнан ақыры Алматыға, «партшколға» оқуға жіберіп әрең «құтылдым», бірақ сонда  да «құр кетпеді» — өзі  тізгінін ұстаған бөлімнің  ендігі бар  билігін мойныма іліп кетті… Сол күндерден көп белгі бар, әрине. Газетшілік өмірдің кейбір  суреттері күні бүгінгідей көз алдымда…

Университетте бірге оқыған курстасым, қазіргі белгілі жазушы Серік Жанәбіловтің ҚазГУ  қабырғасында жүріп алғашқы кітабы шыққан, кейін  «мен жалпы қара мақалаға жоқпын ғой» деп шалқайғаны бар-ды. Бұл — кітабы шыққаннан кейін әркімде болатын мақтаныш сезімін сыртқа шығарған риясыз кейпі еді.

Бірақ газеттің жаны — сол «қара мақала». Ал  романы — очерк. Күнделікті қара мақаладан басқа, айына кем дегенде бір-екі очерк жазбай тұра алмайсың. Бір жолы «Жас дәурен» деген очерк жаздым. Кейіпкерім — жас шопандар бригадасының мүшесі еді. Жаздым. Сырым бастығыма бердім.  Қарап, қолын қойып,  жоғары қарай — редактордың бірінші орынбасары Таңатар Шаңбатыров ағамызға апарып берді. Ол кісі де кідіртпеді, көп ұзамай газет бетінде жарқ ете қалды.  Газетке шыққаннан кейін оқып отырсам, бүкіл мәтінде жалғыз ғана сөз өзгерген екен.

Былай болатын: очеркте жас шопан бір сәт атының ауыздығын алып, жайылып жатқан  отар соңында тұрып қиялға беріледі ғой баяғы… Қатты қиялданып кетсе керек, кенет отардың бір қанаты оқшауланып, бөлек өріп бара жатқанын көзі шалады. Жалма-жан атының тізгінін тартып, тебініп қалады; бірақ оты мол жерге құныға жайылған аты құрғыр жүре қоя ма? Сол кезде жас шопаныңыз астындағы атын қамшымен  тартып жібермей ме? Очерктің нақ  осы тұсында, қамшы тиген кезде «аты қиқаң ете қалды» деп  жазған екенмін,  газетке шыққанда «қиқаң» сөзі «шипаң» деп өзгертіліпті. Очерктің летучкада мақталғаны да есімде.

Кейін ойлап қарасам, «қиқаңнан» гөрі «шипаң» сөзі бейнелі екен.  Жақсы редактор түзейді деген осы шығар. Біраз жылдардан соң, Астанадағы сәті түскен бір сұхбатта  Сырым ағамнан  «шипаңның» жайын сұрағанымда, ол  есіне түсіре алмады: «сірә, Тәкең (Таңатар Шаңбатырұлы) ұштап жіберді-ау деймін» деді ол. Солай шығар, Таңатар ағамыз да қазақ сөзінің қадірін білетін бірегей тұлға еді ғой!

 

·        Ойда жоқ очерк

 

…Бөлім меңгерушісі Сырым Бақтыгерейұлы жоспар жасауға кірісті. Тұтас нөмірдің жоспары. «Очерк керек!» деді ол кенет. «Темір ауданынан, комбайншы туралы болса, тіпті жақсы» деп қосып қойды.

Айналып келгенде, ертеңгі нөмірге берілетін очеркті мен жазатын болдым. Кейіпкермен кездесу қайда, телефон арқылы партком хатшысымен әрең сөйлесіп, фактілерін алу ғана мүмкін болды.

Бастығымның сөзі есімде тұр: «Сен ҚазГУ-де оқып жүргенде үш жыл комбайншы болып, Торғайда егін жинаған жоқсың ба?».  Иә, иә, тап сол күндері вариатордың белдігі құрғыр тез үзіліп қала беруші еді… Не керек, ақыры вариатордың белдігін деталь ретінде пайдалана отырып, жыл сайын каникул кезінде егін жинауға қатысатын, өзім өмірі жүздеспеген комбайншы-мұғалім туралы очерк жазуға тура келді, ертеңіне газетке шықты.

Сол жылы Қазақстан 1 миллиард пұт астық тапсырып, соған арналған «Социалистік Қазақстан»  (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің арнаулы нөмірінде менің осы очеркім облыстық газеттен алынып жариялансын.

Көп ұзамай «Қазақстан» баспасынан қаламақы келсін: «Сіздің «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған очеркіңізді  жинаққа кіргізіп едік» дейді баспагерлер.

Сөйтіп,  Сырым ағам себепші болып, ойда жоқта жазылған очерк осылайша үш басылымда жарық көргені бар…

 

·         «Шайқайды… байқайды… қайқайды»

 

Кешегі кеңестік заманның өз дәстүрлері бар еді. Мәселен, жыл сайын коммунистік сенбілік өткізілетін. Аупарткомның тапсырмасымен редакция ұжымына сол күні атқаратын жұмыс ауқымы белгіленіп, сенбілікке бастауыш ұйымда есепте тұратын барша коммунист, тұтас ұжым бірі қалмай қатысатын. Әдетте бізге жеңілдеу — көше сыпыру, жол жиегін әктеу, т.б. осы тәрізді жұмыстар жүктелетін.

Осыған сәйкес, газеттің де өз дәстүрі қалыптасыпты. Сенбіліктен соң редакция ұжымын бір қызметкер үйіне қонаққа шақырады екен. Және сенбілік қорытындысымен редакцияда қабырға газеті шығару әдетке айналыпты. Сол жылғы сенбіліктен кейін редакция ұжымын журналист Қонай Әлжанов үйіне шақырды.  Көп ұзамай қабырға газеті шықты. Редакцияда бірге еңбек ететін көрнекті ақын Есенбай Дүйсенбаевтың сенбілік туралы қабырға газетіне арнап жазған әзіл шумақтары есімде қалыпты.  Соның бірер жолы мынадай еді: 

Идош бәрін байқайды,

Камал балшық шайқайды,

Бүгін қонақ келед деп,

Қонай үйге қайқайды.

 

Үйде жатып бұққанға,

Бойына ас жұққан ба?

Қолына  алып күрегін,

Жетіп келді Мұхтар да!

Түсіндіре кетсек, бұл жерде құрметті Иекеңнің — Идош ағамыздың ол кезде бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде барлық жұмысқа басшылық жасауы, Әбдікамал ағамыздың жол жиегін әктеушілер үшін шелектегі ақ балшықты шайқап тұрғаны, ал Қонайдың сол күні жігіттер үйіне қонаққа келетін болғандықтан ертерек кеткені, ал редакция жанында  партиялық есепте тұратын белгілі ақын Мұхтар Құрманалин ағамыздың да сенбіліктен сырт қалмағаны айтылған.

Есенбай Дүйсенбаев ағамыздың сол тұста шығарған әзіл өлеңдері көп болушы еді. Ол әзілдердің мәтіні замандастарының мұрағатында сақталған да шығар. Менің айтайын дегенім — бұл да журналистикамен бірге жүретін шығармашылық. Журналистер ортасын  әрлендіріп жүретін, көңілді көтеретін шумақтар.

Жан-жақты талантты Есенбай ағамен  қызметтес болуға тура келді. Ақындығын айтпағанда, журналистиканы өте жетік меңгерген қаламгер еді. Оның көлемді очерктердің өзін бірден машинкаға айтып отырып жазатыны аңыз болып кеткен-ді.

Ес-ағаңның газеттің көркемдігін арттыруға қосқан үлесі де зор. Баяғыда бір белгілі қаламгер ағамыз: «талай-талай тамаша ойларым газет суреттерінің текстовкаларына кетті ғой» деп қынжылып еді. Сол айтқандай, Ес-ағаңның газеттің қос беттерінің ортақ тақырыбын, суреттердің текстовкасын әзірлеп беретін шеберлігі  тіпті бөлек-ті.

Бір күні газеттің ауыл шаруашылығы бөлімі әзірлеген  арнаулы бетіне қарлы қысты бейнелеген ҚазТАГ-тың бейтарап суреті барғалы жатыр еді. Жауапты хатшы Ұлықпан Жұмабаев Есенбай Дүйсенбаевтан осыған көркем текстовка әзірлеуді өтінді. Сонда Ес-ағаңның суретке қарап тұрып:

Қыс-қаңтар, ақ күртік іргең қар,

Қыста да көктемге бергісіз күндер бар… — деп жазғаны ертеңіне газет бетінде жарқ ете қалды.

Жалпы, біртуар Есенбай ағамен, басқа да әріптес аға-апалармен қызметтес болған жылдардың жақсылығы жаңғыртып тұратын сәттер көңіл түпкірінде  аз емес. Газеттің 90 жылдық тойы тұсында бүгінгі ақтөбелік газетші әріптестерімнен осы тәрізді ашық баспасөзге шықпаған журналистік фольклорды да ұмытпай,  жинақтай жүруді өтінер едім. 

Әлқисса… Психологтар адамды еңбектің, өзара қарым-қатынастың һәм дүниені танып-білудің субъектісі ретінде қарастырады. Шығармашылық қызметтің дербес саласы болып табылатын журналистика, яки бейнелеп айтқандағы адамтану ғылымы да — осы үш негізгі әлеуметтік іс-әрекеттің аясында түзіледі. Сондықтан «журналистика – ғылым ба,  өнер ме,  мамандық па,  қызмет пе?» деген сауалдың бірауыз сөзбен түйінделетін  нақты жауабын осы уақытқа дейін ұсыну оңай болмай келеді. Бұл жұртшылық жиі айтатын  әрі  «благодарный», әрі  «благородный» журналистика мамандығының бірнеше ғылымның тоғысуы нәтижесінде  қалыптасатын ерекше қасиеті болса керек.

Дүнияуи болмысқа сенсек, журналист болу үшін тал бойыңдағы құдай берген бір пайыз шамасындағы  талантыңды тоқсан тоғыз пайыздық үздіксіз еңбекпен үнемі еселеп тұрмасаң, қаламның жүрдек болуы екіталай екен. Орыс әдебиетіндегі В.Ф.Одоевскийге тиесілі: «Перо пишет плохо, если в чернильницу не прибавить хотя бы несколько капель собственной крови» деген сөздер нақ осы жүрек жалыны мен жігер-қайратын жедел журналистикаға жұмсаған «Коммунизм жолы» (бүгінгі «Ақтөбе») газетінің  өзіміз ортасында болған кешегі шығармашылық ұжымына да арнап айтылған сияқты.

Сол себепті «Ақтөбе» газетінің редакциясында Смағұл Мұқашев, Ұлықпан Жұмабаев, Көмекбай Оразниязов,  Дүйсенғали Мұқаев, Мұрат Нұртаев, Нұрхайыр Телеуов, Таңатар Шаңбатыров, Әкімжан Оралбаев, Смат Қабылбаев, Идош Асқаров, Есенбай Дүйсенбаев, Төребек Досқалиев, Төлеміс Меңдіғалиев, Кәдірбай Бекбағанбетов, Сырым Бақтыгерейұлы, Әбдікамал Амандықов, Арыстан Аймағанбетов, Зейнолла Құлжанов, Әбдіқани Аймағамбетов, Сағынбай Сембаев, Амангелді Смағұлов, Жанғабыл Қабақбаев, Ибадулла Сұлтанов, Қуаныш Тектіғұлов, Қонай Әлжанов, Сексенбай Күлімбетов, Зияш Телеуова, Күләш Қаракеева, Сатыбалды Сәуірбаев, Ертай Ашықбаев, Нұрмұхамбет Дияров, Сағындық Ниянқұлов сынды әрқайсысының қайталанбас қолтаңбасы бар және басқа да әріптестермен бірге қызмет атқарған жылдардың жадымызда жүргенін ілтифатпен білдіруді бір парыз санадық.

 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

«Ақтөбе» («Коммунизм жолы») газеті

редакторының бұрынғы орынбасары,  

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button