«Ақтөбе»-90

«Кедейдің» беташар кезеңі

«Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдық тарихын тараулағанда, оның «Кедей» деген атпен алғаш шыға бастаған кезеңі туралы әңгіме әлі де толық мәнінде айтылып болмағанын ұмытпағанымыз жөн.

1924 жылғы 7 маусымда араб қарпімен екі бет қана болып шыққан Ақтөбе губерниясының «Кедей» газеті, сол тұстағы басқа да беташар басылымдар сияқты, бұрын көп зерттелмеді. Соған сәйкес,  ғылыми әдебиетте  «Кедейдің» ақпарат кеңістігіндегі орны мен рөлі, жарияланымдары мен жазушылары (ол заманда газет журналистерін осылай атаған) жайында тілге тірек болатын тұшымды мәлімет аз кездеседі.

Газеттің 1924-1930 жылдардағы дәуірін оның бірінші, беташар кезеңі деп санаймыз. Өйткені газет 1930 жылдың басында бұрынғы дәрежесіндегі шығуын тоқтатты.

Бұдан бұрынғы зерттеу еңбектерімізде атап көрсетіп жүргеніміздей, «Кедейдің» алғашқы екі нөмірі Ізмұқан Құрамысовтың (1896-1938) редакторлығымен жарық көрді. Ол осы кезеңде Ақтөбенің губерниялық партия  комитетінде жауапты қызмет атқаратын. Ізмұқан Мұқашұлы Ақтөбе облысындағы бұрынғы Ақбұлақ уезінде дүниеге келген. 1919-1924 жылдары Ақбұлақ уездік кеңесін басқарған, содан кейін Ақтөбенің губерниялық партия  комитетінде жұмыс істеген. «Кедейдің» тұңғыш редакторы бұдан соң Қазақ облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бюросының жауапты хатшысы болып тағайындалды.

Ізмұқан Құрамысов «Кедей» газетінің жарық көруіне тікелей атсалысқан адам. Өйткені сол заманда газеттерге жауапты редактор етіп партия қызметкерлерін бекіту дәстүрі болды. Ол  осы партиялық талапқа сәйкес редактор болып тағайындалған. 1925  жылдан бастап Өлкелік партия комитетінің хатшысы болып сайланғанға (1930) дейін республикалық «Жұмысшы» газетінің де редакторы   болды.

Ізмұқан Құрамысов туралы жазушы Сәбит Мұқановтың өмірбаяндық шығармаларынан мынадай жолдарды кездестіреміз:  «Домаланған кішірек бойлы бұл адам, мінез-қылықтарында  «мейлінше демократ» дейтіндердің, «идейный коммунист»  дейтіндердің, «ұлтшылдыққа, байшылдыққа қарсы» дейтіндердің біріне саналатын. Ғұрпында да ол демократтық мінезін қолданып, «бұқара» я «төмендегі» аталатындармен көп араласып, олардың кейбіреулерінің үйлеріне де келіп жүретін, кейбіреулері үйіне де барып жүретін… Сондай шақтарда ол өзін мейлінше жұпыны ұстауға тырысып, ойыны, шыны аралас әңгімелерден ауыз жаппайтын және күлкілі кеңестерді көбірек айтуға тырысатын. Оның үйіндегі отырыс-тұрысы да, ас ішуі де қазақша болатын…».  

 І.Құрамысов  өлкелік комитеттің екінші хатшысы болған жылдар қазақ тарихында  қасіретті ізін қалдырған  ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келді. Соған орай,  оның осы кезеңдегі қызметі туралы әрқилы тұжырымдар да жасалып жүр. Ол 1934-1937 жылдары  Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1938 жылы НКВД түрмесінде Ұзақбай Құлымбетов, Нығымет Сырғабеков,  Сүлеймен Есқараев, Ілияс Молдажанов, Жанайдар Сәдуақасовпен бірге оққа байланған алғашқы  19 адамның бірі — Ізмұқан болатын.  Көрнекті қоғам қайраткері, отызыншы жылдардың жолсыз жазасына ұшыраған Ізмұқан Құрамысовтың есімі «Кедей» газетінің тұңғыш редакторы ретінде де тарих шежіресіне енеді. 

 «Кедейдің» үшінші нөміріне Өтемісов (өмір тарихы зерттелу үстінде) деген азамат қол қойды, ал төртінші нөміріне   Абдолла Құлбеков (белгілі журналист-аудармашы) жауапты шығарушы болды. Ол кейіннен  танымал аудармашы атанды. Өмірінің соңына дейін Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аға редактор болды. Абдолла Құлбекұлының аударуымен орыс және шетел  әдебиетінің  «Мещандар», «Обломов», «Робинзон Крузо», «Дон Кихот» сияқты романдары қазақша сөйледі.

1924 жылғы бесінші нөмірінен бастап газет төрт бет болып шықты. 1925 жылдың бас кезінде газеттің жауапты редакторлығына Д.Хангереев деген азамат тағайындалды (Бұл адамның да өмір дерегі әлі белгісіз болып келеді).

Газеттің шыққанына бір жыл толған күннен, яғни 1925 жылғы 8 маусымнан бастап Әзімбай Лекеров (1901-1938) жауапты редактор болып бекітілді. Ол белгілі қоғам қайраткері, экономист-ғалым, профессор. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Семей, Қарқаралы, Павлодар, Бөкей уездік атқару комитеттерінде жұмыс істеген. 1926-1927 жылдары республиканың халық шаруашылығы Орталық кеңесінің төрағасы болады. 1927-1932 жылдары Мәскеуде білім алады, кейін 1932-1934 жылдары  Қазақстанның Жоспарлау комиссиясы төрағасының орынбасары болып істейді.

Көрнекті экономист-ғалым ретінде танылған Әзімбай Лекеров  1934-1937 жылдары Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының директоры болып жүрді. Сонымен бірге, әдеби сынмен, аудармамен айналысты, отызыншы жылдардың ойранында «халық жауы» ретінде жазаға ұшырады. Оның өмірбаянынан 1925-1926 жылдары Ақтөбе губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып істегендігі туралы дерек кездеседі. Әзімбай «Кедей» газетінің редакторы міндетін осы кезеңде атқарды.

Баспасөз тарихына арналған еңбектерде белгілі қаламгер жерлесіміз Жиенғали Тілепбергенов «Кедей» газетіне редактор болды деген пікірлер кездеседі. Алайда, біз мұның жаңсақ екендігін атап көрсеткіміз келеді. Бұлайша жазудың нақты объективті себептері болды. Бұл пікірлер «Кедей» газетін басқарған кейбір адамдардың, яғни кейін «халық жауы» атанған азаматтардың (Ізмұқан Құрамысов, Әзімбай Лекеров, Жанұзақ Жәнібеков, Кенжеғали Абдуллин, т. б.) атын айтуға болмайтын кезеңде  туындағанын ескерген жөн.

Кешегі кеңестік тарихымызда айтуға болмайтын есімдер мен айналып өтуге тиіс болған атаулардың өмір сүргені жасырын емес. Шындығында, Жиенғали Тілепбергенов «Кедей» газетіне редактордың орынбасары болып келді және жауапты редактор Әзімбай Лекеров жоқ кезде «уақытша шығарушы» ретінде газетке қол қойып отырған. Мұны газеттің сол жылдардағы сарғайған парақтарынан көре аламыз.  Ал жауапты партия қызметкері газет редакторы болған кезде оның орынбасары етіп газет жұмысын жүргізе алатын кәсіби журналисті тағайындау, сайып келгенде, газеттің шығармашылық жұмысын түгелдей орынбасардың басқаруын білдіретін.

Газеттің бұдан кейінгі белгілі редакторы – Жанұзақ Жәнібекұлы. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған Жанұзақ ғұмырының ақтөбелік кезеңі жайында соңғы кездері ғана сөз бола бастады. Оның Ақтөбе топырағына табаны тиген кез — 1926 жылдың желтоқсан айы деп есептейміз. Өйткені жауапты редактор Әзімбай Лекеров 1926 жылдың қаңтар айынан кейін  «Кедей» газетіне қол қойған жоқ. 1926 жылғы ақпан айынан бастап жыл соңына дейін газетке  уақытша редактор (бүгінгі ұғым бойынша – редактордың орынбасары) ретінде Жиенғали Тілепбергенов пен Кенжеғали Абдуллин кезек қол қойып жүрді. 

Бірінші рет «Кедей» газетінің 1926 жылғы 7 желтоқсандағы 115-нөмірі жауапты редактор (ол кезеңде қазақша – жауапты шығарушы, орысша – ответственный редактор деп жазылған; сол сияқты қазақтың тегі міндетті түрде  «ұлы», «қызы» деген қосымшалармен көрсетілетін болған) Жанұзақ Жәнібекұлының қол қоюымен шықты. Осы уақыттан бастап 1927-1928 жылдардағы нөмірлердің  бәрі соның басшылығымен жарық көрді. Ол  жоқ кезде орынбасары Кенжеғали Абдуллин уақытша редактор ретінде газет нөмірлеріне қол қойып  отырды.  Ал Жиенғали бұл кезде Қызылжардың «Бостандық туы» газетіне редактор болып тағайындалған еді.

«Кедей» газетінің 1928 жылғы 14 қазандағы 32-нөмірі жауапты редактор мәртебесінде Жанұзақ Жәнібеков қол қойған соңғы нөмір болды. Өйткені бұдан кейінгі нөмірлерден оның аты-жөні кездеспейді. Осы кезден бастап және 1929 жылы тұтастай газет шығару жауапкершілігі Кенжеғали Абдуллинге жүктелді.  Сондықтан газеттің сарғайған парақтарын негізге ала отырып, Жанұзақ Жәнібековтің «Кедей» газетін басқарған кезеңін 1926-1928 жылдар деп нақтылағанымыз жөн.

Жанұзақ Жәнібеков есімі бізге Сәбит Мұқановтың  мемуарлық еңбектері арқылы жақсы таныс.  1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Айна» атты кітаптың жәмиғы (құрастырушысы) ретінде аталатын Жанұзақ Әлжанұлы Жәнібеков нақ осы кісі. «Айна» — ағартушылық мақсаттағы  өлеңдер жинағы болды.   

Сәбит Мұқанов Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінде жұмыс істеген Жанұзақ Жәнібековті «жасы сол кезде қырықтарға таянып қалған семіз денелі, аққұба өңді, жалпақ семіз бетті, қасқа маңдайлы, мұртын мұрнының алдына ғана қоятын, сақалын қырып жүретін бұл адам осы Қызылжар қаласында, кедей семьясында туыпты (1890 жыл болуы керек)» деп суреттейді (Кейбір деректерде Ж.Жәнібековтің туған жылы 1888 және 1889 жыл деп те көрсетіледі).

Жанұзақ Жәнібеков 1910 жылдары Қызылжар қаласында қызмет атқарған Міржақып Дулатовпен танысады. 1916 жылдың дүрбелеңі басталғанда, Орынборға барып,   Міржақып арқылы «Қазақ» газетінің экспедиторы болып, қара жұмыста қалып қояды, кейін газет шығару ісіне араласады. «Қазақ» газетінің сарғайған парақтарында Жанұзақ қаламынан шыққан бірталай дүние кездеседі, бірер мәрте (1918) «Қазақ» газетінің жауапты шығарушысы-редакторы ретінде де қол қойған.  Ол  алаш әскері құрылғанда, соның сапында  қару ұстап күрескен адам. 1919 жылдың  соңына таман Қызылжарға қайта оралып, кеңестік істерге, әсіресе, оқу-ағарту жұмыстарына белсене араласады. 1920 жылы Коммунистік партияға мүше болады. 

Сәбит Мұқанов жазғандай, «биографиясында аздаған шатақ бар», кезінде Алаш арыстарымен қатар жүріп қызмет атқарған Жанұзақ Жәнібековтің қаламгерлік ғұмырнамасы, шығармашылық мұрасы  тиянақты  зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, төңкерістер дәуірінде өз бағытынан таймаған адал алашшыл тұлғасы мен осынау өліара шақта «Қазақ» газеті арқылы  қалдырған қолтаңбасы  тәуелсіз заман талабымен үндес зерделенуі шарт.

Жанұзақ төңкерістер дәуіріне дейін Алаш арыстарымен бірге жүрді, 1918 жылы үлкен саяси күрес алаңына шықты, жұртына қалам күшімен қызмет етті. Оның осы кезеңдегі, әсіресе, «Аттан, Алаш азаматы!» мақаласындағы: «Ер түріктің ер жүректі ұлдары, сілкін, ат-тұрманыңды даярлап атқа мін, жауға аттан! Жауың кім? Жауың – бәлшебек. Бәлшебектің тұқымы құрымаса, Россия мемлекетінде тыныштық болмақшы емес…»  деген ұранды сөздерін кеңес өкіметінің ұмыта алмағаны да, кешіре алмағаны да сөзсіз.

1925 жылдан бастап Кенжеғали Абдуллин «Кедей» газетінің  көптеген нөмірлеріне уақытша редактор ретінде қол қойып келді.  1929 жылғы 1-нөмірінен бастап мамыр айының аяғына дейін уақытша редактор ретінде тек өзі ғана қол қойып отырған Кенжеғали Абдуллин сол жылғы 27-нөмірден бастап газеттің жауапты редакторы болды. Жанұзақ Жәнібекұлынан кейін газетке басшылық жасаған — Кенжеғали Абдуллин. Газеттің беташар кезеңі оның редакторлығымен қорытындыланады. 

Жалпы Кенжеғали Абдуллин — тағдыр-талайлы, өнерпаздық жолы ой тоқтатуға лайық, соңында қалған сөздері  салмақты қалам иесі. Оның есімін таныту, шығармаларын зерттеу, еңбектерін қайта жариялау енді-енді қолға алынуда (Қараңыз: Байменше С. «Кедейдің» Кенжеғалиы //«Ақтөбе» газеті, 2012 жылғы қаңтар).

 «Кедей» газеті — Кенжеғалидың қаламгерлік таланты, әсіресе, журналистік қарымы, баспасөздегі ұйымдастырушылық  қабілеті ерекше байқалған басылым.  Танымал ақын, көрнекті қаламгер Кенжеғали газетте «К.», «К.А», «Кенжеғали» деген есімдермен  көптеген шығармаларын жариялады.

Кенжеғалидың басқаруымен газеттің 5 жылдық мерекесі өткізілді. Мысалы, 1929 жылғы 7 маусымдағы 29-нөмір тұтастай «Кедей» газетінің осы алғашқы мерейтойына арналған екен. Салыстыру үшін айта кетсек, «Кедей» газетінің 1925 жылғы 1250 дана таралымы бес жыл ішінде 7 мың данаға жеткен;  1925 жылы 14 тілші ғана жазып тұрса, олардың саны 1929 жылы 144-ке жетіпті; Алғашқы жылы оқырмандардан 60 хат алған газетке  1929 жылдың бес айы ішінде 606 хат келіпті; бұрын зиянмен жұмыс істеп келген газет 1928 жылды 7 сом 73 тиын пайдамен аяқтапты.

Кенжеғали Абдуллиннің «Кедей» газетіндегі жауапты редакторлығы Ақтөбе өңіріндегі аумақтық-әкімшілік бөлініске орай 30-жылдың бас кезінде аяқталды. Бұдан кейін ол Шымкентте«Оңтүстік Қазақстан» газетінде  жұмыс істеді,  Созақтағы «Молшылық үшін» газетін басқарды.     

 «Кедей» газеті осынау беташар кезеңінде ұлт арыстары — танымал қаламгерлердің шынайы шығармашылық ордасы болды, талай-талай қауырсын қалам иелерін тәрбиеледі. Мысалы, Жиенғали Тілепбергенов пен Кенжеғали Абдуллин газеттегі журналистік қызметімен қоса, осы уақытта Құдайберген Жұбановпен бірге жас ұрпақ тәрбиесіне де баса көңіл бөлді. Ақтөбе педагогикалық техникумында бұлардан дәріс алған әрі журналистиканың әліппесін үйренген талантты жастардың бір  тобы (Ғұмар Аққұлов, Мұса Дінішев, Смағұл Мұқашев, Ерекеш Бірманов, Кәрім Ержанов, Бисенбай Ералин, Ғабдыр Салықов, Сабыр Ілиясов, Ғұбайдолла Юсупов, т.б.) кейіннен  республикаға танымал  журналистер болып шықты. Солардың бірі, байырғы журналист Кәрім Ержанов өз естелігінде Құдайберген Жұбановты, «Кедей» газетінің редакторы Кенжеғали Абдуллинді, Жиенғали Тілепбергеновті «жарыққа жетелегендер» деп  құрметпен атады. Осы жылдары «Кедей» газетінде Құдайберген Жұбановтың жұртшылыққа кеңінен танылмаған «Таңжарықтың қуанышы», «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» атты көркем әңгімелері  жарияланды.

Ақтөбе губерниясы 1928 жылы дербес округке айналғаны мәлім. Ал 1930 жылы округтер ажырап, ауданға бөлінді. Соған сәйкес окургтік «Кедей» газеті де бөлініп, енді Темір және Ырғыз аудандарынан шығатын болып белгіленді. «Кедейдің» беташар кезеңінде асыл ағаларымыз қалыптастырған әсем қалами дәстүрлердің Темір мен Ырғыз топырағына жеткені және осы өңірлердегі жергілікті баспасөздің бастауын құрағаны сөзсіз. Өйткені бұл  жаңа газеттер алғашқы кезде «Кедей» газетінің филиалы ретінде жарық көріп тұрды. Осы негізде біз  «Кедейді» бүгінгі облыстық «Ақтөбе» газетінің де, сол сияқты Темір және Ырғыз аудандық газеттерінің де ізашары болған басылым деп санаймыз.

Бұл кезеңде Темірдегі «Социалды майданға» Хамит Құрмашев редактор болғанын, ал Ырғыздан «Шаруа тілі» газетін шығару Кәрім Ержанов пен Қазбек Әзірмәмбетовке жүктелгенін айта өткен жөн.

1930-1932 жылдары Ақтөбеде «Степная правда» газетінің бір беті қазақша шығып жүрді, кейін ол қазақ тілінде шығатын аудандық «Алға» газеті болып атала бастады. Бірақ бұл баяғы «Кедейден» кемелденген жергілікті баспасөздің социализм жолына ұмтылған, латын қарпімен шыққан келесі кезеңі еді.

 

Серікқали БАЙМЕНШЕ,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Сәлеметсіз бе. Ж.Ә.Жәнібеков туралы жазғандарыңызға үлкен рахмет. Менде нағашы атамның ОСОВИАХИМ книжкасы бар, сонда туған жылы 1889 жыл деп жазылған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button