«Ақтөбе»-90

Біз өткен жол

Бастауын сонау 1924 жылдары шыққан «Кедей» газетінен алатын облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымы мен қалың оқырман қауымы биыл өздерінің сүйікті басылымының 90 жылдығын тойлағалы отыр.

Тоқсан жыл! Бұл, шын мәнісінде, бір ғасырға таяу ұзақ ғұмыр, газет өміріндегі қиындығы да көп, қызығы да мол жылдар. Айтуға да, оқып еске алуға да боларлық шапағаты мол тарих.

Газет басшылығы өз оқырмандарымен, ардагер журналистермен ақылдаса отырып газет бетінде «Ақтөбе-90» айдарын ашып, газеттің өткені мен көргені мол тарихына мүмкіндігінше бір үңілуге ұйғарым жасапты. Өте құптарлық, қуана қарсы алатын ұйғарым. Өткен өмірді еске алып отырмаса, жаңашылдық қайдан туындайды дегендей, газеттің қазіргі жас оқырмандарына бұл қызық та, қызғылықты болары анық.

Сонымен, осы тоқсан жылдық тарихы бар облыстық газетті мен сонау «Социалистік жол» деген атпен шығып тұрған кезеңінен, оқушы кезімнен алып оқимын. Тынысым мен тіршілігімнің тұшымды белгісіне айналды десем болғандай. Кеңес әскерінің қатарында бақандай үш жыл қызмет атқарымда да пошта арқылы алдыртып оқыдым, әрі ауылда еңбек етіп жүрген теңдестерім жайлы газетке мақалалар жазып тұрдым. Қысқасы облыстық, аудандық баспасөздерден еш қол үзген емеспін. Ол өмір нәріме айналды. Баспасөзге қатысып, ондағы жарық көрген материалдарды оқып, кең тыныстау қандай ғанибет десеңші. Қазір де солаймын. Облыстық, республикалық баспасөздерге көз жүгіртпесем, елімде, жерімде не болып, не қойып жатқанын білмегендей сезінемін.

Жарайды. Енді өзімнің облыстық, ол кезде «Коммунизм жолы» газеті редакциясының есігін қалай ашқаным жөнінде қысқаша баяндайын. Мен газетке қайсыбір әріптестерім сынды шақырумен келген жоқпын. Редактордың есігін қайта-қайта қаққыштап сұранып та келмедім. Алдында «Ойыл», «Ырғыз» аудандық газеттерінің ауылшаруашылық бөлімдерінің меңгерушісі болып 5-6 жыл істеген жұмыс тәжірибем бар-тын. Жоғары білімді ғалым-зоотехник деген дипломым бар.

Жұбайымның қатты науқастануына байланысты, клиникасы бар облыс орталығына көшіп келуге мәжбүр болдық. Содан жұмыссыз жүруге болмайды. Көп кешікпей облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығын қарайтын хатшысы Кеңес Нокин ағамызға жолығуды ұйғардым. Ол кезде оларға кіріп, тілдесіп шығудың өзі проблема. Қазір-ақ кіріп шығамын деп келген менің алдымнан да кедергілер табыла кетті. Алдымен шағын анкета толтыруың керек екен. Аты-жөнің, не шаруамен келдің, тағы басқа сияқтылар. Ол толтырылған анкета мәліметтерімен танысып, бір тәуліктен соң жауап береді екен. Ертесіне келсем, «Сізге бұл мәселе бойынша маған емес, облыстық партия комиссиясының төрағасы Әбуовке жолықсынды айтты», — деп хатшы әйел жауап қатты.  Тым болмаса бірауыз пікірімді білдіре алмадым-ау деп қапаландым…

Ертесіне облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Хайрулла  Иманалин ағамен тілдесуді ұйғардым. Хатшы қыздан «Хайрулла аға бар ма?»,-деп сұрағаным сол еді, «Қазір ағай»,— деп телефонға жармасты. «Бір ағай Сізге кіруді сұрап тұр» деп еді. Сірә, арғы жағынан келсін деген болуы керек. Телефон тұтқасын қоя салды да, рұхсат берді,  шешініп кіріңіз деген ишарат танытты.

Жағдайымды, келген шаруамды мұқият тыңдап болған соң бөлім меңгерушісі:

— Екі мамандығым бар дейсің. Ым… — деп ыңылдап, ойланып сәл отырды да, біреуге телефон шалды. Кіммен сөйлесіп отырғанын өзі біледі. Бірақ маған айтқаны естіліп тұр.

— Нұрқайыр — деді, — есіңде ме, таяуда өткен бюрода Василий Андреевич екеуіңе («Путь к коммунизму» газетінің редакторын айтып отырғаны шығар деп түсіндім) «журналистер қатарын ауыл шаруашылығы мәселелерін толық түсініп жазатын агроном, зоотехник мамандарымен толықтырыңдар» деп шүйілгенін. Соның бір сәті келіп тұрғандай. Қазір өзіңе барады. Екі мамандық иесі, өндірісте де, газетте де істеген. Сөйлесіп көрерсің, — деп сөзін аяқтады.

Сосын:

— Інім, жолың болайын деп тұр. Редакторға барып жолығыңыз, аман болыңыз, — деп сөзін қысқа қайырды. Рақметімді айтып, шығып кеттім.

Бұл 1974 жылдың наурыз айы болатын. Содан бері де қырық жыл өтті. Мамандығымды ескергені болуы керек, газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне орналастым. Жігіттердің бәрі жақсы, жайдары жандар екен. Көпшілігін білемін, ал үлкендер жағымен танысып, ортақ тіл табысуға тырыстым. Бәрі де мені туған інілеріндей, бірге өскен құрбыларындай көрді десем артық айтқаным емес. Әсіресе, құрдас журналистер баспасөздің әр жанрларынан хабарлары мол, фельетоншы Зейнолла Құлжанов, ақын Болат Теміров, өндіріс саласын шебер жазатын Төлеміс Меңдіғалиев, баспасөздің шеберлерінің бірі Зияш Телеуовалармен қатты сыйластықта болдық. Облыстық баспасөзге де төселіп қалғандаймын. Қарт журналистер, жауапты хатшы Лұқпан Жұмабаев, Дербіс Ниязбаев, еңбекшілер хаттары бөлімінің меңгерушісі Дүйсенғали Мұқаев ағалардан ақыл-кеңес алып тұруды да ар санаған емеспін. Бұл ағалар қазірде жоқ. Жайсаң жандар еді. Иманды болсын.

Сол жылғы мамыражай маусым айында облыстық «Коммунизм жолы» газетінің 50 жылдығы кең көлемде облыс бойынша аталып өтті. Газеттің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы газет оқырмандарына зор қуаныш әкеліп, журналистер қауымын серпілтіп, жаңаша ойлауға, жаңа іс-қимылдарға бағыт-бағдарлар бергендей болды. Газеттің мазмұндылығы артып, әр жыл сайын үлкен мерекелер қарсаңында Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің медальдарына, республиканың әртүрлі мақтауларына ие болғаны есімізде.

Ол кезеңдерде газет шығарудың оңай еместігін қарт журналистер біледі. Менің білетінім бұрын-соңды кеңсеге де, баспаханаға да жарымаған екі газетке обкомның бұрынғы бірінші хатшысы И.Журин салдырған, осы күнгі обләкімдік үйінің 3-4 қабатынан екі редакцияға орын бергені болды. Бірақ Рысқұлов көшесіндегі баспахана салынғанша, қаланың бұрынғы бөлігіндегі ескі, жыртық-тесігі көп, іші аңғал-саңғал баспахана пайдаланылды. Солай бола тұрса да, бұл газет шығарушылардың, корректорлардың, кезекшілікке баратын журналистердің ұнжырғасын түсіре алмады. Олар әр ісіне адал болуды ойлады. Газет ел айнасы екенін түсінген әріптестерім барынша тырысты. Он бес жылдай еңбек етіп, оның он үш жылын бір кабинетте газеттің партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Мұрат Нұртаев ағамызбен қаламдас, пікірлес болғанымды оқырман қауым есіне сала кетпеске болмас. Ол кезде партияның сөзін сөйлеп, халықты, оның шешімін орындауға шақыратын газеттің де, оның партия тұрмысы бөлімінің де беделі барырақ еді. М.Нұртаев ағамыз беделді журналист, білікті заңгер еді. Көп сөйлей беруге құштарлығы жоқ, айтса  шындықты, дәлдікті ұнататын.Ойына сақтағаны көп, естігенін ұмытпайтын, зерек адам еді. Бірде:

— Партияның қаулы, қарарлары көбейіп кетті, оны орындауға аз да болса ықпалы боларлықтай бөлімнің бір айдарын ойласайықшы, — деп маған назар аудара сөйледі. Ол пікірін маған берілген тапсырма деп түсіндім де, көп кешікпей өз пікірімді айттым.«Коммунист бәріне де жауапты» деген айдар қойып, өндірісте еңбек етіп жүрген коммунистерді сөйлетсек қалай болар екен, редакция алқасымен келіссеңіз, бөтен болмас» дедім. Бірер күннен кейін алқа мүшелері пікірімізді мақұлдады. «Бұл айдарды өзің жүргізесің, апта сайын газетке беріп тұратын боламыз» — деді редактор.Ең алдымен осы айдар бойынша өндіріс орнындағы ферроқорытпа зауытының атақты құрыш құюшысы, орденді коммунист Смағұл Үкібаевты сөйлеткеніміз әлі есімде.

Қай кезде де газет суретсіз, өрнектеусіз шыққан емес. Ол кезде де оқырманның көзін тартарлық, ойын бөлерлік фото-суреттер орын алатын. Оның иесі облыстық газетте ұзақ жылдар бойы фото-тілші, нәрлеуші болып істеген Федор Терещенко, Жұлдызбай Әндіров деген азаматтар еді. Федор Давыдович ұлты украин болғанымен, жаны қазақ деуге келетіндей еді. Облыстық баспасөзге көп еңбек сіңіргендердің бірі еді. Қазан төңкерісінің алпыс жылдығы қарсаңында оның «Октябрь» кинотеатрының кіреберісінде екі газеттің ұйымдастыруымен фото-көрмесі ұйымдастырылды.

 

Арыстан АЙТМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының  құрметті журналисі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button