«Ақтөбе»-90

Біздің «Ақ олимпиада»

«Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің жүлдесі үшін өткен шаңғы жарысына 80-нен астам адам қатысты. Биылғы жарыс «Ақтөбе» газетінің 90 жылдығына арнап өткізілді.

 

Олимпиада жылы

Дәстүрлі шаңғы жарысы «Ақтөбе» газетінің 90 жылдығына және Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының аяқталуына тұспа-тұс келіп отыр. Мұны «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-нің директоры Мейірхан Ақдәулетұлы және облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев баса мән бере айтты.

Жарыстың ашылу салтанатында Мейірхан Ақдәулетұлы қысқа сөйледі:

— Шаңғы жарысын екінші жыл өткізіп отырғанымызға қуаныштымын. Бұл игі іс енді дәстүрлі түрде өтіп тұрсын. Жарыстың облыстағы қазақ тілді бас газеттің 90 жылдық мерейтойына арналғаны да қуантады. Аяққа шаңғы ілген қатысушыларға шын жүректен жеңіс, сәттілік, ардагерлерімізге мықты денсаулық тілеймін!

 

Географиясы кеңейсе…

Жоғарыда айтылғандай, шаңғы жарысына 80-нен астам адам қатысты. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері мен ардагерлері ғана емес, жоғары оқу орындарының студенттері, орта оқу орындарының оқушылары, қала кәсіпорындарының жұмысшылары, сондай-ақ, облыс аудандарынан келген спорт сүйер жандар бар. Әсіресе, Мәртөк пен Қобда аудандары қатысқандарымен қуантты. Келесі жылы жарыстың географиялық ауқымы кеңейеді деп сенеміз.

Облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры Тұрғамбай Аймағамбет жарыстың өту кезеңі сәтті болғанын, сондай-ақ келесі облыстық чемпионат аудандардың бірінде өтетініне уәде берді.

Шараны ұйымдастырушылар шығармашылықпен кірісіп, жеңімпаз бен жүлдегерлер тұғырын мұздан жасады.

 

Жарыс жолында

Жарыстың тәртібіне сай әрі нәтиже айқын болуы үшін барлық қатысушылар жасына, жынысына қарай топтарға бөлінді.

Алғаш боп жарыс жолына қырық және одан үлкен жастағы әйелдер шықты. Бұл жерде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушылары Роза Қанапина мен Елена Дема бірінші және екінші орындарды жеңіп алды.

— Біз — шаңғышылармыз, ал біздің университет — қаладағы ресми түрде шаңғы шеберлігінен сабақ беретін бірден-бір оқу орны. Сондықтан да Ақтөбеде өтіп жатқан барлық жарыстарға қатысуға тырысамыз. Біз газеттегі мақалаларды жібермей оқып отырамыз, қажет ақпаратты көріп, ұйымдастырушыларға хабарластық, — дейді олар.

69 жастағы Валентина Алачева үшінші  боп мәре сызығын кесті. Ал сексенге таяған Людмила Ушакова километрлік қашықтықты бағындырды, жүлделі орыннан көрінбесе де, қандай сый-құрмет көрсетсек те лайық.

Ұйымдастырушылар жас ерекшелігіне қарай арнайы сыйлық әзірлепті. Арнайы сыйға ең жас қатысушы — бірінші сынып оқушысы Мирас Жумарстан ие болды.

Қырық және одан үлкен жастағы ерлер арасында фитнес-нұсқаушы Бостан Құсайынов жеңімпаз атанса, Абай Берғазин мен Валерий Григорьев жүлделі орындарды иеленді.

12-13 жастағы ұлдар мен қыздар арасында облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің тәрбиеленушілері ерекшеленді. Ұлдар арасында Бекзатхан Нұрқайдаров, Али Бақтыбаев пен Мәди Даумов, ал қыздар арасында Алтынай Нарекова, Сабина Бабаниязова және Анастасия Иванова үштіктен көрінді. Настя осы санаттағы жүлделі орыннан көрінген Мәртөктен келген жалғыз қыз.

Бірақ 14-15 жастағы қыздар тобында Мәртөктің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар күш-жігерлерін аямады. Бұл спорт мектебінің тәрбиеленушілері Ирина Сохарева, Айдана Аманбаева және Наталья Моцык үш жүлделі орынды да ешкімге бермей, өздері жеңіп алды.

Бұл жастағы жеткіншектер арасында Мәртөк ауданының өкілдері де барынша тырысты. Мұнда негізгі бәсеке Өрлеу орта мектебінің оқушысы Алмас Сүйіншалиев пен мәртөктік Әлішер Сукач арасында өтті. Алмас әу баста алға шықты, алайда Әлішер мәреге жақын қалғанда бәсекелесіне жетуге тырысты. Қашықтық сәл ұзынырақ болғанда, мүмкін, мәртөктік алға шығар ма еді. Ал мұнда сәл ғана басымдықпен Алмас жеңіске жетті. Алмастың жерлесі әрі досы Рысбек Құдайбергенов қуып жетушінің рөліне енді. Ал балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Рустам Харченко алға екі қарсыласын өткізіп алды, тіпті тағы бірін өзіне жеткізіп те алды. Мәреге жақындағанда екі секунд айырмашылықпен Рысбекті артқа тастап Рустам алға озды.

 

Мәредегі көрініс

 

16-17 жастағы, 18 жас және одан үлкен жастағы жігіттер мен қыздар да бар күш-жігерлерін аямады.

Бірінші санат бойынша мәртөктік Бибінұр Жапарова ақтөбелік Айдана Мұхамбетиярова мен қобдалық Марина Мыцты оп-оңай артта қалдырды. Алайда, жігіттер арасында жарыс олимпиададан кем түспеді. Руслан Әлішев (Өрлеу), Қуанышбек Құдайбергенов (Ақтөбе) және Игілік Сәрсенқұлов (Өрлеу) қашықтықты жоғары деңгейде жүріп өтті. Шаңғышылар құстай ұшқанда қарап тұрып, риза боласың. Мәре сызығын кесіп өткен үштік бірден жерге құлады. Бапкерлер де, төрешілер де оларға бірден жақындамады. Олардың да дәл осы сәтте ешкіммен тілдесуге зауқылары жоқ болатын. Мәредегі бұл көрініс олимпиададағыдай болды.

Екінші санат бойынша  шаңғыдан облыс чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер Алтынай Құбаева және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және құтқару қызметінің құтқарушысы Дмитрий Линник  жеңіс тұғырынан көрінді. Алтынай қобдалықтар Нәзира Бимашева мен Ақкүл Егімбайды басып озса, Дмитрий қобдалық Эдуард Пеливан мен Өрлеу ауылынан келген Аманкелді Дайрабаевты артта қалдырды.

 

Миша Сочиге барады

 

Жарыс барысында жақсы жаңалық естідік: шаңғышы Михаил Холостенко Сочиде өтетін Паралимпиада ойындарына барады. Көрермен болып. Жол шығындарын облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы көтеріп отыр.

— Қатысушы болмағаныма кішкене өкініш бар. Дегенмен, доданы өз көзіммен көруге мүмкіндік алғаныма ризамын. Менің мақсатым — тек қана жарыстың қызығын тамашалау ғана емес, бәсекелестерімді бақылап, шешім шығару. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Паралимпиадаға қатысуды өзіме мақсат етіп отырмын, — дейді М.Холостенко. 

Михаил Сочиге дейін біраз жүру керектігін әңгімеледі. Әуелі Ақтөбеден Орынборға дейін автобуспен, сосын одан әрі Краснодар өлкесіне пойызбен баруға тура келеді.

Ол да шаңғы жарысына қатысты. Ол ең әуелі өзінің демеушілердің қаржысына жасалған отырып тебетін шаңғысын сынап көрді. Мәреге жеткенде ол өзіне риза болды.

Облыстың спорттық және қоғамдық өміріне белсенді атсалысатын Михаил Холостенкоға табандылығы үшін облыстық газеттің арнайы сыйлығы — ұялы телефон табысталды. Толқыған Миша облыстық газеттің тілшісіне Паралимпиаданың соңғы жаңалықтарымен бөлісетінін айтты.

 

Асхат ҚАЛЖАНОВ,

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button