Мәдениет

АҚТӨБЕЛІКТЕР МӘСКЕУДЕН ОРАЛДЫ

d0b0d0bbd0b8d18f2

Биыл батыр қызымыз Әлия Молдағұлованың қайтыс болғанына — 65 жыл. Осыған орай 14 қаңтар күні батырдың туған жерінде ас берілді. Бұл күнді Мәскеу қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №891 мектеп те, батыр қызымыздың жаудан азат еткен Новосокольники қаласы да атаусыз қалдырмады. Жуырда бір топ ақтөбелік арнайы шақыртумен осы қалаларға барып қайтты.

Қобдада Әлияның қайтыс болғанына 65 жыл толуына орай ас берілді. Осы шарадан соң батыр атындағы орталыққа Псков облысы Новосокольники қаласының басшылығынан арнайы хат келді. Хатта Новосокольники қаласының неміс басқыншыларынан азат етілгеніне 65 жыл толуына байланысты арнайы шара өтетінін, осыған біздің қатысуымызды өтініпті.

Осыдан кейін облыстық мәдениет басқармасымен хабарластық. Олар бұл ұсынысты қабылдады.Сөйтіп, Әлия мұражайының ғылыми қызметкері Ғалымжан Байдербес, Ғ. Жұбанова атындағы облыстық филармония әншісі Гүлсім Юсупова, облыстық халық шығармашылығы үйінің термешісі Қуанышкүл Серікбева бар, барлығымыз Мәскеу қаласына аттандық,—деді «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығының директоры Бағдаш Төпенова.

Алдымен Мәскеудегі батыр атындағы мектепке барған ақтөбеліктер білім ордасында өткізілген арнайы шараға қатысты. Өз кезегінде біздің өнерпаздар мектеп оқушыларына, келген қонақтарға ән шашуын тарту етіп, облыстық мәдениет басқармасы берген Әлияның алтындаған бюсін мектеп басшылығына тапсырды.

Осыдан соң ақтөбеліктер Новосокольники қаласында өткен Ю.Алексееваның «Новосокольники: земля, опаленная войной» деген кітабының тұсаукесеріне қатысты. Аталған кітапта Әлия туралы кеңінен жазылған. Тіпті біздің 101-атқыштар дивизиясы туралы да тың деректер бар екен.

Сондай-ақ, ақтөбеліктер салтанатты митингіге қатысты. Делегация мүшесі Ғалымжан Байдербес жиналғандарға батыр қызымыздың ерлігін айтып, алғысын білдірді.

Сондай-ақ, ақтөбеліктер Әлия жерленген Монакова қорымына барып, батырдың басына құран оқыды. Сапар соңында қала әкімі В. Соловьев ақтөбеліктерге ерекше ықылас танытып, арадағы достық қатынас осылай жалғаса беретініне сенім білдірсе, ал жерлестеріміз оған алғыстарын айтып, шапан жапты.

Новосокольники қаласынан кейін ақтөбелік делегация Мәншүк Мәметова қайтыс болған Невель қаласына жол тартты. Бұнда батырдың басына барып, құран оқып, тағзым етті.

Осы сапарымызда көңілімізге түйген нәрселеріміз көп болды. Мәселен, мен осы уақытқа дейін Мәншүкті танитындарды кездестірген жоқпын. Ал осы жолы Мәншүктің көзін көрген Анастасия Акулинамен таныстым. Ол кісі соғыста санитарка болған, Мәншүкті жерлеуге де қатысқан екен. Сондай-ақ, осы сапарда Новосокольники қаласынан көптеген құнды заттар әкелдім. Оның барлығы «Әлия» мұражайына қойылады.

Сонымен қатар соғыста қаза болған 70 адамды Новосокольники қаласының жанындағы жерге жерлеген екен. Соңғы жылдары оларды Монаковаға қайта жерлепті. Жергілікті мамандар бізге осының ішінде қазақтар да болуы мүмкін екенін айтты. Қазір олардың барлығы зерттеліп жатқан көрінеді.

Жалпы, бұндай сапардың жиі болғаны дұрыс. Өйткені осындай кездесу кезінде біздің батырларымызға қатысты да тың деректер кездесіп жатады,—деді Ғалымжан Байдербес.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button