Құқық

Сот шағымымды неге қайтарып берді?

 

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

 

Аудандық соттың шешіміне қанағаттанбағасын облыстық соттың апелляциялық сатысына шағым түсіріп едім. Шағымым қаралып, сот шешімі күшінде қалдырылды. Содан кейін тікелей Жоғарғы Сотқа жүгінгенмін. Бірақ шағымымның қаралмайтыны, ол үшін алдымен облыстық соттың кассациялық алқасынан өтуім қажеттігі туралы жауап келді. Бұрын апелляциядан кейін кассациялық сатыға шағымдану үшін 15 күн ғана уақыт берілетін.  Осы мерзімді өткізіп алғаннан кейін Жоғарғы Сотқа шыға беруге болады деп есептеген едім. Қазірде заң өзгеріп кеткенге ұқсайды. Жалпы, кейінгі кездері  азаматтық іс қарау тәртібінде күрделі өзгерістер болған дейді. Қандай өзгерістер болғанын түсіндіріп берсеңіздер екен.

Нұрлан Омарұлы,

Мұғалжар ауданы.

 

Шешімге, қаулыға келіспеген тараптардың сот сатыларына шағымдану мерзімін жаңадан белгілеген ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексіндегі елеулі өзгерістер 2012 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Оған  дейін күшінде болған процессуалдық заң  бойынша қалалық, аудандық соттың шешімі 15 күн ішінде облыстық соттың апелляциялық алқасына шағымдалып, қаралып болғаннан кейін де заңды күшіне енуі үшін тағы 15 күн уақыт керек болатын. Өзіңіз айтып отырғандай, заңдағы өзгерістерге дейін осы мерзімде кассациялық тәртіппен шағымданып үлгеру қажет еді. Ондай жағдайда сот шешімі заңды күшіне кассациялық сатыда қаралғаннан кейін ғана енетін.

Бұрын соттың осы сатысына шағым беріп үлгермегендер бірінші немесе апелляциялық сатыларда заңды күшіне еніп кеткен сот кесімдеріне қанағаттанбаған жағдайда Жоғарғы Сотқа шыға беруге құқылы болатын.    

Енді заңдағы өзгеріс бойынша сот кесімі апелляциялық сатыда қаралу аяқталған күнінен бастап күшіне енеді (ҚР АІЖК-нің 360-бабы). Сондай-ақ, Кодекстің 384-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес заңды күшіне енген сот кесімдеріне азаматтық іске қатысушы тараптар облыстық және оған теңестірілген соттардың кассациялық алқасына жүгіну  тәртібін сақтаған жағдайда ғана Жоғарғы Соттың қадағалау сатысына шағымдана алады.

Бірақ заңда көзделгеніндей, адамдардың өміріне, денсаулығына немесе еліміздің экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін  айрықша жағдайларда бірінші, апелляциялық сатыларда қабылданған сот кесімі одан кейінгі сатыдан өтпегеніне қарамастан ҚР Бас прокурорының наразылық келтіруімен Жоғарғы Сотта қайта қаралуы мүмкін. Басқаша жағдайда облыстық соттың кассациялық сатысында қаралмаған сот  кесімдері сот қадағалауы тәртібімен тексеруге жатпайды.  

Кассациялық шағымды бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттың шешімі, қаулысы, ұйғарымы заңды күшіне енгеннен бастап алты айдың, ал қадағалау шағымын бір жылдың ішінде беруге болады. Егер алты айлық мерзімді өткізіп алмаған болсаңыз, облыстық соттың кассациялық алқасына, содан кейін ғана Жоғарғы Сотқа шағымдануға құқылысыз.

 

Үкімет қаулысын сот бұза ала ма?

 

Газетіңіздің өткен нөмірлерінің бірінде «облыс әкімінің шешімін бұзуға қандай орган (лауазым иесі) құқылы?» деген сауалға: «оның шешімін ҚР Президенті, Үкіметі бұза алады және сот тәртібімен күші жойылады» деп жауап қайтарғансыздар. Енді білгіміз келетіні – сот Үкімет қаулысын бұза ала ма? Және де Үкімет қаулысымен адамды меншік құқығынан айыруға болды ма?

Қуанышбек Ергенқұл,

Хромтау қаласы.

 

Жоқ. Конституция бойынша Үкімет қаулысын бұзу құқығы ҚР Президентіне ғана берілген. Ал меншік құқығынан адамды атқарушы билік емес, сот қана айыра алады.

 

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

8 (7132) 51-04-13; 8-701-586-11-10; 87022260735;

8-771-187-47-31; 8-707-892-55-14

E-mail: sultan.ns@mail.ru

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button