Ауыл

ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙ

Бозойдан шыққан көлігіміз кеңестер кезінен «Релейка» аталған, кіндігінде биік телемұнарасы бар жапандағы жалғыз үйдің жанына тоқтағанда, күн де  көкжиекке иек артып қалып еді.

– Шұбаттың көкесін осы жерден ішкізейін сендерге. Бозойдың басынан сатып ішуге де  шұбат таба алмағанымды Ақтөбеге айтып, ұятқа қалдырарсыңдар, –  дейді  жолсерігіміз Қаржаубай  жанындағы әріптестеріне.

Сөйткенше болған жоқ, жайраңдап шыққан жігіт ағасы үйіне қарай бізді бастай берді. Бала кезімізде көргенде, ауыз-екі тілде «релейка» делінетін үйде  байланыстың  құрал-сайманынан басқа  зат көзге түспейтін. Ол кезде Мәскеуден басқа телеарнамыз жоқ. Ара-тұра өзбек тілінде кинолар, хабарлар қосылып кетсе, мәз боламыз, тіліміз аздап ұқсас. Түсінуге келеді әйтеуір. 80-жылдарда соның өзіне мәз едік қой. Сондайда үлкендер «релейкідегілер қосқан ғой» деп отырушы еді.

Ендігісі  кәдімгі тұрғын үй болған. Бір бөлмеден ақ шымылдық қылаң береді. Жақында келін түскенінің белгісі.

Аман-түгел  сұрасқан  соң, қазақтың «бір көрген-таныс» дейтіні бар ғой. Үй иесі     Жаңбырбай Аймағамбетов осы жердегі «Сержан» шаруа қожалығының қожасы екен. Бір кездері  «релейкада»  қызмет етіп, ол жабылғасын әкесінің  алдына салған азын-аулақ малымен  қожалық құрыпты. Он шақты жылдан бері соның ырыздығын көріп отырған жайы бар.

– Әрине, мал бағу оңай шаруа емес, бірақ еңбек етсең, бейнеттің зейнетін көретінің рас. Жем-шөпті  дайындауда техника жөнінен осы маңдағы «Шамшырақ» шаруа қожалығы жәрдем береді. Олармен мал өнімдерімен есеп айырысамыз.  Қожалық жалпы саны үш жүздей тек ірі қара – жылқы, түйе, сиыр өсірумен айналысады. Құдайға шүкір, жағдайымыз жақсы. Ең бастысы, ұрлық-қарлық жоқ. Әйтпесе осы жерден ары-бері өтпейтін машина жоқ қой. Тек бір…

Сөзінің соңын жұтқан Жаңбырбай мал қоралардың төбесіне жақындаған биік-биік құм төбелерге көз тастады. Иә, құм деген жел соққан сайын көшетін, өткінші өмір секілді бір құбылыс. Қожалықтың қоралары тапалданып-ақ қалыпты.

Кәсіпкерлікті қолдау жөнінде Елбасының өзі оң пейіл танытып отырғанда,  жергілікті әкімдіктер қолғабыс жасап, «Сержан» қожалығының қоралары құм астында қала қоймас деген тілекпен қош айтыстық.

Бұл кезде бұйраттар арасынан шыққан Ойсылқара, Зеңгі баба, Қамбар ата түліктері де суатқа қарай  бет алған еді…

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,

журналист.

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button