Спорт

Жұлдызды дода

 

УЕФА

 Немесе Ең Әдемі Гол

Рас, «Киевтің «Динамосынан» жеңіліп қалдық. Бірақ ең әдемі голдың иесі Марат Хайруллин болғанын көрермендер де, ресейлік аса танымал сайт та шүбәсіз мойындады.

Әлемдік футболды түгел қамтитын, соның ішінде ең маңызды кездесулерден ғана мәтіндік тікелей репортаж жүргізетін ресейлік «Футбол на куличках» интернет-порталы 22 тамызда өткен «Динамо» мен «Ақтөбенің» ойынын 90 минут бойы бүге-шігесін қалдырмай талдап отырды. Репортаж жүргізген Владимир Щербань: «65-минут. ГОООООЛ! Хайруллин! 2:3. Ух, Марат Хайруллин қандай соққы жасады дейсің! Оң қанаттан берілген допты алаң иелерінің жартылай қорғаушысы Марат Хайруллин тамаша қақшып түсіп, жерге түсірместен, 13 метрдей қашықтықтан қақпаның түпкі бұрышына лып еткізді. Әзірге біздің кездесуіміздегі ең әдемі гол — осы», — деп жазды. Кездесу барысындағы соңғы гол да осы еді.

Ал ойын барысына келсек, 16-минутта Андрей Ярмоленко гол соқты да (0:1), 37-минутта Александр Гейнрихтің соққысы киевтік қорғаушы Бенуа Тремуниластың аяғына тиіп барып «Динамо» қақпасының торын бүлк еткізді (1:1). 51,57-минуттарда Браун Идейе мен Юнес Беланда іркес-тіркес екі гол соқты (1:3). Ал 65-минутта Марат Хайруллин ең әдемі голдың авторы атанды (2:3).

Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіндегі бұл алғашқы кездесу, өкінішке қарай, осылайша «Ақтөбенің» жеңілісімен аяқталғанымен, жанкүйерлер жерлестеріміздің жанкешті қимылдарына лайықты оң бағасын берді де. Мысалы, 53-минутта Сергей Давыдовтың, 73-минутта Александр Гейнрихтің соққыларынан қақпаны Александр Шовковский асқан шеберлікпен аман қалып қалса, 88-минутта Сергей Лисенковтың соққысын қақпа діңгегі кері қайтарды.

Қалай болғанда да, бізге бұл кездесуде Бразилия, Франция, Голландия, Нигерия (2), Хорватия (2), Марокко, Австрия тәрізді елдердің ұлттық құрамаларындағы ойындары арқылы да таныс ылғи футбол жұлдыздарын қарсы қойған әйгілі команданың қақпасына екі гол енгізу тіпті де қатардағы көп табыстардың бірі емес екені аян.

Қарымта кездесу 29-тамызда Киевте өтеді. «Динамо» Украина чемпионатында бұған дейінгі жеті ойында 4 рет жеңіп, 2 рет ұтылып, 1 рет тең ойнағанын еске саламыз.

Жігіттерімізге сенімді жігер тілейміз.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button