Спорт

Роберттің кілті. андрейдің құлпы

Премьер-лига

29 маусымда өткен 17-турда «Ақтөбе» сырт алаңда бесінші рет жеңіске жетіп, көшбасшылық тұғырын мығымдай түсті. «Астана» өз алаңында тең ойнауға мәжбүр болып, басты бәсекелесінен жеті ұпайға кейін қалды. «Жетісу» қарсыласын өте ірі есеппен ұтып, турнир кестесінде бірден үш қадам ілгері жылжыды. Қазақстанның сол күнгі тым ыстық ауа райы футболшылардың өрнекті ойын көрсетуіне еш кедергі бола алмады.

Енді ретімен баяндайық.

17-турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Атыраумен» кездесті.

35 градус ыстықта басталған кездесудің алғашқы кезеңінде атыраулықтар жиі шабуыл ұйымдастыруға тырысты. Ұйымдастырды да. Айбек Нұрыбеков алыстан соққы жасады. Одан Милош Стойчев пен Ненад Иньяц та қалыспады. Дегенмен қарсы қимылдаған ақтөбеліктер күшті мүмкіндігінше есептеп пайдаланды. Құр алқынуды мақұл көрмей, шапшаңдықты алыстан пас тастаумен әдіптеді. Сондай сәттердің бірінде, 36-минутта Марат Хайруллин бұрыштамадан соққан добын қақпаның алыс діңгегіне бағыттады да, оны созыла секірген Роберт Примус баспен соғып жібек торға сүңгітіп жіберді — 0:1.

Таймның соңына таман осы Марат тура «тоғыздыққа» бағыттаған допты қақпашы Сергей Плотников қақшып үлгерді.

Екінші таймда жергілікті ыстыққа бой үйретіп алған ақтөбеліктер тағы да атқа мінді, әттең, Александр Гейнрих пен Марат Хайруллин діттеген нысананы қарауылға іліктіре алмай қалды. Осындай шақтардың бірінде Сергей Куцов қорғаныс мөлшерін тым шектен асырып жіберді. Ол 57-минутта құстай ұшқан Марат Хайруллинді шалып құлатты да, өзі екінші рет ескерту қағазын алуына байланысты жасыл алаңнан кетуге мәжбүр болды.

«Атыраудың» азшылықта қалғанын ақтөбеліктер тиімді пайдалануға ұмтылатыны даусыз еді. Владимир Никитенко алаңға Эмиль Кенжесариев пен Сергей Давыдовты шығарды. Дегенмен голды тың ойыншылар емес, осы кездесуде ерекше көзге түскен Роберт Примус қайтадан соқты. 64-минутта Марат Хайруллин бұрыштамадан соққан доп Андрей Харабараға тап болды да, ол оны Александр Гейнрихқа бағыттай қойды, ал Александр «сәлемдемені» әуе арқылы Робертке жеткізді де, ол тағы да баспен соғып, тағы да жібек торды бүлк еткізді — 0:2.

Бірақ, алаң иелері бұған біржола мүжіліп қалған жоқ. Қасарыса қайта-қайта қарсы шабуылға көшті. Енді ақтөбелік қақпашы Андрей Сидельников тәртіп бұзуға мәжбүр болды,  ол Ненад Иньяцты сұлатып түсірді де, бас төреші он бір метрлік айып добын белгіледі. Андрейге Қазақстан ұлттық құрамасының қақпасы сеніп тапсырылуы бекер еместігі осы 84-минутта тағы бір дәлелденді, Валентин Чуреев соққан доптың бетін ақтөбелік қақпашы айдалаға бұрып жіберді.

Сөйтіп «Ақтөбе» көрші қақы дейтін ұғым-заң футболда жоқтығына сүйеніп, биыл «Атырауды» екінші рет ұтты. Мұнайшылар аймағы футболшыларын өз алаңымызда бірінші айналымда, 24 сәуірде 3:0 есебімен (А.Харабара, Д.Мирошниченко, М.Хайруллин) ұтқан болатынбыз.

«Атырау»»-«Ақтөбе» — 0:2

Голдар авторы: Роберт Примус, 36-минут (0:1); Роберт Примус, 64-минут (0:2).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады:

Юрий Сидельников, Алексей Мулдаров, Андрей Харабара, Петр Бадло (капитан), Дмитрий Мирошниченко, Марат Хайруллин (Сергей Гридин, 86-минут), Роберт Примус, Асхат Тағыберген, Сергей Ковальчук (Эмиль Кенжесариев, 55-минут), Александр Гейнрих (Сергей Давыдов, 70-минут), Тимур Кападзе.

 «Ақтөбе» командасында ескерту қағазын алғандар: Асхат Тағыберген, Андрей Сидельников.

«Атырау» командасының футболшыларына 5 ескерту қағазы көрсетілді. Екінші рет «сары қағазға» ие болған Сергей Куцов 57-минутта жасыл алаңнан қуылды. Ал Валентин Чуреев соққан он бір метрлік айып добын Андрей Сидельников қақпаға дарытпады.

 

*    *    *

Басқа кездесулер:

«Жетісу»-«Ақжайық» — 5:1

Гол авторлары: Дамир Даутов, 42-минут (1:0); Владимир Яковлев, 52-минут (2:0); Шафкат Саломов, 55-минут (3:0); Мұрат Тілешев, 71-минут (4:0); Евгений Коструб, 84-минут (4:1); Абылайхан Тотай, 85-минут (5:1).

«Тобыл»-«Восток» — 3:0

Гол авторлары: Нұрбол Жұмасқалиев, 17-минут (1:0); Мартин Комарек, автогол, 73-минут (2:0); Бейбіт Әбішев, 78-минут (3:0).

«Тараз»-«Шахтер» 2:1

Гол авторлары: Жақып Қожамберді, 86-минут (1:0); Никола Василевич, 90+3 минут (1:1), Жақып Қожамберді, 90+4 минут (2:1).

«Астана»-«Ертіс» — 1:1

Гол авторлары: Игорь Юрин, 30-минут (0:1); Фокси Кетевоама, 62-минут (1:1).

«Қайрат»-«Ордабасы» — 0:0

 

ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

 

1 Ақтөбе      17       12       4          1          25-7    40 

2 Астана      17       10       3          4          28-19  33

3 Шахтер     17       7          3          7          21-22  24

4 Қайрат       17       6          6          5          22-19  24

5 Ордабасы 17       6          6          5          14-12  24

6 Ертіс           17       5          7          5          17-17  22

7 Тобыл        17       5          5          7          25-21  20

8 Жетісу*      17       4          8          5          9-19    17

10 Атырау    17       4          5          8          11-24  17

11 Тараз       17       4          4          9          15-21  16

12 Ақжайық*          17       4          6          7          22-25  12

 

(О — ойын; Ұ — ұтыс; Т — тең; Ж — жеңіліс; Д — доп айырмашылығы; Ұп — ұпай).

*Ойыншылар мен бапкерлердің жалақысын кешіктіргені үшін «Ақжайықтан» — 6 ұпай, «Жетісудан» 3 ұпай шегерілгенін еске саламыз.  

 

*   *   *

17-турдың ерекшеліктері:

Біріншіден, бұл турда 16 гол соғылды. Қақпаларға 30 мамырда өткен 14-турда дәл осылай 16 гол соғылған болатын. Бұл жолы алаң иелері 11 гол, қонақтар 5 гол соқты. Орта есеппен әр кездесуде қақпаға 2,66 доп енді. Екі футболшы бір ойында екі гол соқты — Жақып Қожамберді («Тараз»), Роберт Примус («Ақтөбе»). Өткен турда ақтөбелік футболшы Тимур Кападзе осылай жасап еді. Бір футболшы өз қақпасына гол соғып алды (Мартин Комарек, «Восток»). Бір футболшы он бір метрлік айып добын қақпаға енгізе алмай қалды (Валентин Чуреев, «Атырау»). Бір кездесуде ойын тағдырын 90+4 минутта соғылған гол шешіп кетті. Өткен турда да бір кездесудің тағдырын 90+4 минутта соғылған осындай гол шешіп кеткен еді.

Екіншіден, алаң иелері 3 кездесуде жеңіп, қонақтар 1 кездесуде ғана ұтты, 2 ойын тең есеппен аяқталды. Екі тур өткізіп барып қайтадан ірі есеп нәтижелері тіркелді (5:1; 3:0). Бұл турдағы алты ойында 1,8,11,13-турлардағы тәрізді ешқандай ұқсас есептер болған жоқ. Ал чемпионат басталғалы 2:1 есебі он сегізінші рет, 0:0 есебі он жетінші рет, 1:1 есебі оныншы рет, 2:0 есебі жетінші рет, 3:0 есебі алтыншы рет қайталанды. Ал 5:1 есебі екінші рет тіркеліп отыр. Бұдан бұрын 1-турда «Тобыл» Қостанайда «Астананы» дәл осындай есеппен ұтқан болатын.

Үшіншіден, кездесулер барысында 30 ескерту қағазы көрсетілді (алаң иелері — 15, қонақтар — 15). Екінші рет ескерту алғандары үшін екі футболшы жасыл алаңнан қуылды — Дмитрий Евстигнеев, 90+2 минут («Тараз»), Сергей Куцов, 57-минут («Атырау»). Бұл турдағы ең тәртіпсіз командалар — «Восток» пен «Атырау», бұлар 5 реттен «сары қағазға» ие болды.

Төртіншіден, бұл турда ең көп жанкүйер жинаған — Алматы қаласы, «Қайрат»-«Ордабасы» кездесуін 9000 жанкүйер тамашалады. Басқа қалалар былай жіктеледі: Тараз — 3800; Қостанай — 3300; Астана — 2000; Атырау — 2000; Талдықорған — 1000 жанкүйер. Чемпионат басталғалы ең көп көрермен жинаған кездесу Ақтөбеде өтті. «Ақтөбе»-«Астана» ойынына 12 000 жанкүйер жиналды.

Бесіншіден, чемпионат басталғалы 102 кездесуде 49 рет алаң иелері жеңіп, 31 кездесу тең есеппен аяқталды, 22 кездесуде қонақтардың бағы жанды. Барлығы 225 гол соғылып, әр кездесуде қақпаға орта есеппен 2,20 доп енді. Алаң иелері — 140, қонақтар 85 гол соқты.

Алтыншыдан, «Ақтөбе» сырт алаңда осымен 9 кездесу өткізіп, 5 рет ұтты, 3 рет тең ойнады, 1 рет жеңілді. 9-4 доп айырмашылығымен 18 ұпай жинады. Ал өз алаңында 8 ойын өткізді. 7 ойында жеңіп, 1 рет тең ойнады, ұтылған жоқ. 22 ұпай жинады. Доп айырмашылығы: 16-3. Барлығы 17 кездесу өткізіп, 10 кездесуде «Ақтөбе» өз қақпасына еш гол енгізбеді. Қақпасына ең аз гол өткізген және өз алаңында жеңіліс дәмін татпаған, сондай-ақ өз алаңында ең көп ұпай жинаған, оған қоса чемпионат басталғалы бір-ақ рет (сырт алаңда) ұтылған жалғыз команда — «Ақтөбе». Бір кездесуде 2 голдан соққан ақтөбеліктер: Александр Гейнрих (екі рет қайталады), Тимур Кападзе, Роберт Примус.

Жетіншіден, өткен аптада Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік бақылау комитетінің кезекті отырысы өтті. Онда 16-турдағы тәртіпсіздіктер талқыланды. «Шахтер»-«Атырау» кездесуіндегі дөрекі әрекеті үшін жасыл алаңнан қуылған қарағандылық қорғаушы Евгений Тарасов 2 кездесуден шеттетілді. «Ертіспен» кездесуде 5 ойыншысы ескерту қағазын алған «Жетісу» командасына 150 000 теңге айыппұл салынды.

 

*   *   *

Сұрмергендер:

Игорь Зенькович («Ақжайық», «Шахтер») — 10 доп;

Момоду Сиссей («Қайрат») — 7;

Эдин Юнузович («Жетісу», «Ордабасы»)  — 6;

Игорь Бугаев («Тобыл») — 6;

Олег Недашковский («Қайрат») — 5.

4 голдан соққан 6 футболшының біреуі — біздің Александр Гейнрих.

 

*   *   *

«Ақтөбе» мергендері:

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 4 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 3;

Юрий Логвиненко (қорғаушы) — 3;

Роберт Примус (қорғаушы) — 3;

Андрей Харабара (жартылай қорғаушы) — 2;

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы) — 2;

Петр Бадло (қорғаушы) — 2;

Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы) — 2;

Антон Землянухин (жартылай қорғаушы).— 1;

Сергей Ковальчук (жартылай қорғаушы) — 1;

Сергей Гридин (шабуылшы) — 1;

Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1.

*   *   *

Келесі 18-тур Еуропа кубогы ойындарына байланысты екі күнге бөлініп өткізіледі.

7 шілдеде, жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңында «Таразды» қабылдайды.

Бұл командамен бірінші айналымда, 28 сәуір күнгі 8-турда сырт алаңда кездесіп, ойын тағдырын 90-минутта ақтөбелік Петр Бадло соққан бір гол шешкен еді.

Қалған кездесулер:

6 шілде, сенбі

«Шахтер» — «Тобыл»

«Ақжайық» — «Ордабасы»

«Восток» — «Қайрат»

7 шілде, жексенбі

«Жетісу» — «Астана»

«Ертіс» — «Атырау»

Ал бүгін, 4 шілде күні Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңінің алғашқы кездесулері өткізіледі.

«Гандзасар» (Армения, Капан) — «Ақтөбе»

«Левски» (Болгария, Литекс) — «Ертіс» (Павлодар)

«Астана» — «Ботев» (Болгария, Пловдив)

Қарымта кездесулер 11 шілдеде өткізіледі.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button