Білім

ҰБТ осылай өтті

Маусымның 3-7-сінде облыстағы мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырды. Нәтижесінде біздің облыс республика бойынша алғашқы бестікті түйіндеді(Алматы, Астана, Батыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы). Облыстың орташа балы — 76,8. Бұл — республикалық көрсеткіштен 2,3 балға жоғары деген сөз.

Тестілеу нәтижесінде облыс бойынша облыстық физика-математика мектеп интернаты көш бастап тұр. Аталған білім шаңырағының орташа балы — 107,6 балл.

Облыста 118 түлек «Алтын белгі» иегері атанды.  «Алтын белгі» аттестатын қорғау жөнінен де облыстық физика-математика мектеп интернаты бірінші орынды иеленді. «Алтын белгі» иегерлерінің үлесі — 8.   

786 (16,3 пайыз) түлек 100-ден жоғары балл жинады. Шектеулі балл (50) жинай алмаған оқушылардың саны — 1250.

Бұл туралы жақында облыстық білім басқармасының бастығы Жанат Самұратова өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.

 Биыл облыста 6940 оқушы мектеп бітірді. Олардың ішінде 5164 (74,4 пайыз) түлек тестілеуге қатысуға ниет білдіргенімен, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқаны — 4811 оқушы (69,2 пайыз).

Елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу биыл оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Тестілеу бірінші рет өткізілген 2004 жылы 1-сыныпты бітіріп, 2-сыныпқа көшкен оқушылар биыл мектеп бітірді. Олар тестілеуде жақсы нәтижеге қол жеткізді. Облыстың орташа балы — 76,8, — деді Жанат Самұратова.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша, облыстық физика-математика мектеп-интернаты облыста  көш бастап тұр. Аталған білім шаңырағының орташа ұпайы — 107,6. Одан кейінгі кезек қазақ-түрік лицейінің үлесінде (орташа балы — 104,8). Үшінші орынды М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаты иеленді (103,4 балл).

Ал аудандар бойынша, Ақтөбе қаласы алда: 84,3 балл. Екінші орын Мұғалжар ауданының  еншісінде (78,3 балл). Әйтеке би (75,8 балл), Алға (73,5 балл), Қарғалы (73 балл)  аудандары да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді.

Биылғы басты жетістіктеріміз «Алтын белгі» аттестатының иегерлері көбейді. Бұл — бір. Нақтырақ тоқталсақ, 284 оқушы  «Алтын белгі» аттестатынан үміткер болған еді. Соның 118-і білімдерін дәлелдеді. «Алтын белгі» алуға 1 балы жетпей қалған 3 үміткер аппеляциялық комиссияға өтініш жазды. Қорытындысы бүгін, ертең белгілі болады.

Айта кету керек, «Алтын белгі» аттестатын  қорғаушылардың көптігі жөнінен  облыстық физика-математика мектеп-интернаты алда тұр. Аталған мектептің 8 оқушысы білімдерін дәлелдеді. Ал аудан мектептерінің арасында Алға қаласындағы №3 қазақ орта мектебі бірінші орын иеленді. Бұл мектепте «Алтын белгіні» қорғаған оқушылардың үлесі — 5.

Жалпы, «Алтын белгі» аттестатын иеленгендер Ақтөбе қаласында көп: 55 оқушы. Одан кейінгі кезекке Мұғалжар (17 оқушы), Алға (9 оқушы), Шалқар (8 оқушы) аудандары ие болды.

Байғанин мен Ырғыз аудандарында «Алтын белгі» иегері мүлде жоқ.

52 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Оның ішінде 1 балл жетпеген «Алтын белгі» үміткерлерінің саны — 26.

Екіншіден, «екіліктердің» саны азайды. Былтырғы түлектердің 333-і «2» алса, биыл «екілік» саны — 267. Бұл — «екілік» өткен жылмен салыстырғанда 19,8 пайызға азайды деген сөз.

Үшіншіден, математика пәнінен көрсеткішіміз жақсарып келеді. Бұл — былтыр облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің тапсырмасымен құрылған «Математикалық білімді көтеруге бағытталған облыстық жоспардың» жемісі. Әсіресе, мектептерде қосымша білім беру негізінде енгізілген «Шахмат курсы» пәні нәтиже берді.  Облыс әкімінің тапсырмасына байланысты облыстық оқу-әдістемелік орталығы 1-11-сыныптарға арналған «Шахмат» курсы бағдарламасын әзірледі. Бұл курс облыстағы 445 мектепте қосымша білім беру негізінде енгізілді.

Кешенді жұмыстың қорытындысында, түлектердің 152-сі математикадан «екілік» алды (24,1 пайызға азайды).  Былтырғы түлектердің 270-сі математикадан «2» алған болатын.

Айта кету керек, математика пәнінен орташа балл да жоғарылады: 12,7 балл, — деді Жанат Самұратова.

 

 

Көш бастаған мектеп 

 

Қарагөз ТІЛЕУМАҒАМБЕТОВА, облыстық физика-математика мектеп интернатының директоры:

—  Біздің мектеп ұлттық бірыңғай тестілеуден жыл сайын жоғары  көрсеткішке ие.

Биыл 45 оқушы мектеп бітірді. Оның 9-ы халықаралық ғылыми жобаларға қатысып, жүлдегер атанғандары үшін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың бұйрығымен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысудан босатылды. Сөйтіп, тестілеуге 36 оқушы қатысты. Сол 36 оқушының 31-і 100-ден жоғары балл алды. Оның ішінде Аманбек Бекбауов — 123 балл жинап, «Алтын белгі» аттестатын иеленді. Облыс бойынша түлектердің «Алтын белгі» аттестатын қорғау жөнінен біздің мектеп бірінші орында тұр. 8 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. 25 оқушыға «Үздік аттестат» берілді. Нәтижесінде, облыс бойынша біздің мектеп тестілеудің қорытындысында ең жоғары ұпайға ие болды.  Орташа балл — 107,6.

Айта кету керек, екі түлегіміз —  Жанетта Жасанова мен Дана Кавкаева мектеп түлектері үшін ұйымдастырылатын жоғары оқу орындарының сынақтарын жақсы тапсырып, халықаралық IT және Назарбаев университеттерінің гранттарына ие болды.

Облыстық физика-математика мектеп-интернаты 1996 жылы ашылды. 17 жылда 73 түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанса, 99 оқушы «Үздік аттестатқа»  ие болды. Барлық түлектеріміздің 95 пайызы мемлекеттік гранттарды иеленіп, түрлі ұлттық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Оның ішінде 9 түлегіміз Назарбаев университетінде оқып жүр. Әрине, оқушыларымыздың осындай жетістіктерге жетулеріне, біздің мектептегі білім сапасының жоғары болуына ұстаздардың да үлесі, еңбегі зор.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button