Мәдениет

Өнеге өрісі

Негізінде Қобда өңірінің табиғаты өзен-суларымен, биік жоталарымен ерекшеленеді. Сондай аймақтағы Өтешсай деген ауылда дүниеге келген Құбайдолла ағаның қай жерде жүрсе де айналып соғып тұратын мекені бұл күнде ел көшіп кетіп, құлазығандай күй кешкенімен, бәрібір көңіліне ыстық. Арнайы сапар тартып келіп, балалық іздерін көргендей болады. Бірге өскен, қатар жүрген достары көз алдына келеді.

Бүгінде жетпіс бес деп аталатын берекелі белеске көтеріліп отырған ол бір сәт жүріп өткен жолдарын алақандағыдай сезінетіні бар. «Барлық тіршілігіміз еңбек етумен, алға ұмтылуымен қатар өрбіді ғой» деп ырзалық танытатыны да бар кейде өткен жолдарға.

Біздің кейіпкеріміз — Құбайдолла Бітіков бала шағын Қобда өзені бойында өткізді. Көктемде арнасынан тасып ағатын, жазда жайбарақат қалыпқа көшетін су бойы оның қиялына қанат бітіріп, алыс армандарға жетелейтінін қазір де көңіл түкпірінен көріп қалатыны жасырын емес.

Бұл есін жиып, үй-үйдің арасында қалбалаңдап жүгіріп жүргенде әкесі Нұрғали сонау батыста, қолына қару алып, елімізді қанқұйлы жаудан қорғауда еді. Жауынгер майданнан жеңіспен оралды. Оның кеудесіндегі Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендері, «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары ауылдағыларға батырлықтың белгісіндей сезілді. Шынында да, солай еді. Намыс жолында кеудесін биік ұстаған Нұрғали солдат бейбіт күнде де қасқайып алдыңғы қатарда жүрді.

Ол өзінің жастық қайраты мен жасымас жігерін қой шаруашылығын өркендетуге арнады. Жиырма жыл бойы қатарынан бағымындағы әр жүз саулықтан  140-150 қозыдан өргізді, әр қойдан 3,8-4 килограмнан жүн қырқу көрсеткішіне жетті. Бұл деректердің астарында шопанның маңдай тері мен тынымсыз еңбегі жатыр еді. Ол уақыттарда алдындағы отарын күн көтерілгеннен кейін өргізіп, айдап салды кәсіп еткен малшының мұндай табысқа жетуі мүмкін емес-тін. Бейбіт күннің еңбекқоры еленбей қалған жоқ. 1962 жылы «Еңбек Қызыл ту» ордені кеудесіне тағылды. Ал арада бір жыл өткенде оның есімі ҚСР Алтын кітабына жазылды. Сонымен бірге Республика Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталды.

Осы арада айтпай кетпеуге болмайтын бір жайт бар. Бала Құбайдолла сабақтан босаған уақытында әке жанынан табылып, қой бағысатын. Сондықтан да болуы керек, оның еңбек кітапшасында 1952 жылдан шопан жәрдемшісі болып еңбек етті деген жазулар бар. Ал бұл кезде ол он төрт жаста еді.

Жақсы еңбек ететін шопанның баласы мектептегі сабағын да үздік үлгерді. Өзі оқыған Қобда қазақ орта мектебінде жоғары сыныптарда комсомол ұйымының хатшысы болды. Кейін Темірдегі зоотехникалық-малдәрігерлік техникумда оған жылдарында да жастардың көшбасшысы болу қалпынан ажыраған жоқ. Кейініректе Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында, Алматы жоғары партия мектебінде сырттай білім алған жылдарында да өзінің комсомолдан бойға сіңген дағдыларын одан әрі дамытты.

Құбайдолла аға маман ретінде өзі туып-өскен Қобда өңірінде еңбек жолын бастағанын ерекше сүйінішпен айтады. Әуелгіде Калинин атындағы колхозда бас зоотехник болып еңбек етті. Өзі бала кезінен ортасында жүрген шаруаның ыңғайын түсіну, түйіндерін шешу оған аса қиынға түскен жоқ. Сондықтан да мал шаруашылығының тиімділігін арттыру, өнімін молайту секілді нақты бағыттарда батыл бастамалармен жұмыс істеді. Ол пайдаланылмай отырған резервтер мен тасада қалған мүмкіндіктерді іздестіріп, іске қосуға ұмтылыстар жасады. Цыгай тұқымды қойдың шаруашылықта өрістеуін қолға алады. Селекциялық және мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жолға қойылды. Осы мақсатта Украинаның, Қырымның асыл тұқымды малдары жеткізілді. Кеңестер Одағы заманында танымал болған Роза Люксембург атындағы асыл тұқымды мал зауытымен байланыс та берік орнады. Өз облысымыздағы «Жиренқопа» асыл тұқымды кеңшарының мол өнім беретін элиталық қойлары Калинин атындағы ұжымшардың жайлауынан қоныс тепті. Осындай шаруаларға ден қойған Құбайдолла аға Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанындағы бонитерлер жоғары мектебін де үздік бітіріп алыпты. Білім мен тәжірибені терең ұштастырған ол шаруашылықтағы қой басын іріктеп, саралап, түрлер бойынша отарларды жасақтауға көшеді. Сол арқылы ғана облысымызда жоғары өнімділіктегі цыгай қойының Батыс Қазақстандық тұқымын қалыптастырып, дамытуға елеулі үлес қосты. Калинин атындағы колхоздың қойларының жүні Жамбыл, Семей қалаларындағы алғашқы жүн өңдеу фабрикаларына, сондай-ақ Ленинградтағы Тельман атындағы фабрикаға кідіріссіз жол тартып жатты. Өнім барлық техникалық сапаларға лайық деп табылып, мемлекеттік стандарттарға сәйкес келді. Басқасын айтпағанда, осы жүн өткізуден ғана шаруашылық мол табыс алды және экономикалық қуатты, әлеуметтік дамыған өндіріс орнына айналды. Шопандар мен малшылар өнімді молынан өндіруге мүдделілік таныта бастады. Өйткені олар сол арқылы материалдық игіліктерге қолдары жететінін айқын сезіне бастады. Кейбір жекелеген шопандар бригадалары жыл аяғында сыйақы ретінде 70-100 аралығында тоқтыға ие болып жатты.

Ұжымшарда сиырлардың беретін өнімі де арта түсті. Әр сауын сиырдан жылына  3 мың литрге дейін сүт сауылды. Етке тапсырылатын жоғары және орта қоңдылықтағы ірі қараның тірілей салмағы 400 килограмға дейін жетті.

Бас зоотехник Бітіковтің осындай еңбектері ескеріліп, ол 1966 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталады. Нақ осы наградаға әкесі қой шаруашылығын өркендетіп ие болса, баласы ғылыми негізде жұмыс істеумен қол жеткізді.

Бастамашыл бас зоттехник Калинин атындағы колхозда көптеген іргелі істерге ұйытқы болды.

Соның да әсері болуы керек, оны 1969 жылы оны «Красный пахарь» кохозы басқармасының төрағалығына сайлайды. Бұл шаруашылықта егіншілік пен мал өсіру қатар қолға алынған. Жаңа басшы ұжымға тың серпіліс алып келеді. Ол уақытта мемлекетке ет тапсыру деген маңызды бір міндет бар. Төраға мамандар мен малшылардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мал қоң жинауға қолайлы күз айларын тиімді пайдалануға бағыттады. Соның нәтижесінде бұлар жарты жылдық жоспарлы қаңтар айының басында жоғары деңгейде орындап отырды. Астық жинауда да сондай шаралар жүзеге асты.

«Красный пахарьдың» 1972 жылы қой шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін Ауыспалы қызыл туға ие болуы — кешегі бала шопанның, бүгінгі басшының үзіліссіз еңбегінің заңды бағалануындай болатын. Шаруашылық осы тұста қозы алу мен жүн қырқу көрсеткіштерінен алдыңғы қатарға шықты.

Ірі қара бордақылау жұмыстары механикаландырылған жүйемен жүзеге асырыла бастады. Ол да көп ұзамай өз нәтижесін берді. Мал азығындық базаны нығайту мақсатында алқаптарға күздік бидай, судан шөбі, жүгері, басқа да қоректік өнімдер егілді.

Осы тұстағы өзінің алдағы өмір жолына әсер еткен бір жайтты Құбайдолла аға былай баяндайды.

— Бірде колхозға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Алтынбек Әкімжанов пен облыстық партия комитетінің партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Хайролла Иманалин келді. Шаруа жайымен танысты. Тірлігімізге ырза болған шығар, Хайролла аға серігінен «мынау не қылған пысық жігіт?» деп сұрапты. Алтекең «болашағы бар, сенімді басшыларымыздың бірі, резервте тұр өзі» депті. Не керек, содан көп ұзамай Қарабұтақ аудандық партия комитетінің екінші хатшылығы қызметіне жіберілдім, — дейді ол.

Қарабұтақ, Ырғыз өңірлері Құбайдолла ағаның өмір белестерінен ерекше орын алады. Ол өзінің білімі мен білігін, жинаған тәжірибесін пайдалана отырып, елге қызмет етті, жауапты қызметтер атқарды. Қарабұтақта екінші хатшы болса, Ырғызда аудандық атқару комитетінің төрағасы болды. Қай жерде еңбек етпесін, Құбайдолла ағаның халыққа жақын жүргенін, өзі араласқан шаруаны түбіне жеткізіп орындайтынын көз көргендер ыстық ықыласпен әлі күнге дейін айтып отырады. Еңбекқор азамат одан кейінгі жылдарда облыстық сүт өнеркәсібі бірлестігін басқарған, Қобда ауданындағы «Ақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне директор болған жылдарында да сол ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетін көрсетіп жүрді.

Ол бүгінде де сол қынулы қалпында. Облыстық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары ретінде көптеген адамдардың жандарына жеңілдік сыйлап, өзінің жүрек жылуымен бірге қамқор қолын да созады. Бір кездері шаруашылықта да, аудандарда да қатар қызмет атқарған, бір жағы өзіне ұстаз тұтатын Федор Евгеньевич Чемодановпен бірге талай жұбау жандардың қастарынан табылды.

Ардагер ағаның кеудесіндегі қос-қостан бой түзеген «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендері, бірнеше медальдар әке тәлімінің қайтарымы іспеттес.

Жалпы Бітіковтер әулетінде сондай ізгі сабақтастық қалыптасқан. Құбекеңнің ортаншы баласы Исламғали бала кезінде құрдастарына «менің әкем екінші хатшы, ал мен өскенде бірінші хатшы боламын» дейді екен. Алға ұмтылу адамды мақсатына жеткізеді. Облыстық деңгейде жауапты қызметтер атқарып жүрген Исламғали қазір «Нұр Отан» ХДП Алға аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Құбайдолла ағаның басқа балалары да азамат атанып, ел игілігіне қызмет етуде. Ал үлкен әулет басшысы Құбекең аға өмір серігі Мәншүк апамен бірге мәнді ғұмыр кешуде. Адамдар арасындағы сыйластықты, бір-бірінің қадірін түсініп, мағыналы мақсатқа ұмтылуды тіршілік тірегі деп түсінетін ілгері буынның өнегелі өкілі өз ортасына әрдайым шуақ шашып жүреді.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button