Әлеумет

Мазасыз маусым

Демалыс

Суға түсу маусымы басталғалы көп уақыт бола қойған жоқ. Бір өкініштісі, айналдырған он-он бес шақты күнде облысымыздан бес адам суға кетіп үлгерген. Судан келер қасіретті болдырмаудың амалы қандай? Тілсіз жау қашанғы қайғымызға себеп бола бермек?   Осы жайлы «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің  суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі мамандарымен тілдесіп қайтқан едік.

Су да сақтансаң, сақтайды

Қасымжан БАЙСАДАҚОВ, «ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару қызметі» ММ  бастығы:

Осында 2005 жылы жұмысқа келдім. Басында  46 адаммен  жұмыс жасаған мекеме қазірде 52 адамға толықты. Сол уақытта судан құтқару қызметінде 3 миллион теңгенің  ғана заты болған болса, қазір 106 миллион теңгенің құрал-жабдықтарымен жұмыс жасап жатырмыз. Осы қызметтегі мамандардың кезіндегі 17 мың теңге жалақысы да көтеріліп, кейбіреулері 40 мың теңгеге жуық ақша алып отыр. Тағы бір қуана айтар жайт, Ақтөбе су қоймасының маңында судан құтқару қызметінің арнайы станциясы салынуда. Қазақстанда жоқ, көлемі 305 шаршы метрді алатын үлкен станцияның ішінде  қызметкерлердің демалатын бөлмесі, медициналық кабинеттер, суға түсу орны, мамандардың жұмыс бөлмесі орналасса, сыртта спорт алаңы, бақылау мұнарасы бар. Кезінде екі-үш құтқарушыда ғана арнайы құтқару формасы болса, бүгінде әр құтқарушының күздік, жаздық, қыстық киімдері толық, аяқтарында 100 долларлық арнайы аяқ киімдері бар. Айта берсек, жаңалық көп. Алдағы күндері күрделі болса да осы уақытқа дейін еңбектері  еленбей келген сала ардагерлері арнайы Төтенше жағдайлар министрлігінің медалімен марапатталмақ. Шілденің басында станцияның ашылу салтанатында табыс еткелі отырмыз.

Осы жаңалықтар кісінің суға кету қаупін сейілте ме? Биылғы суға түсу маусымы басталғалы бері де суға кетушілер тіркелген көрінеді.

– Иә, өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін тілсіз жау бес кісінің өмірін жалмады. Бірақ бұл – бұрнағы жылдармен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Біздің қызметкерлеріміздің судағы қауіп жөнінде жасап жатқан ескертпе  жұмыстарында кінәрат жоқ секілді. Қыс бойы әр мекемелерге, оқу орындарына барып сақтық шараларын үйрету үзілген емес. Әйтсе де сол сақтық шараларын сақтамайтындар, суға түсуге ішіп, қызып келетіндер, түсуге болмайды деген жерлерге барып суға малтитындар, ата-ананың қарауынсыз жүрген балалардың суға кетіп қалмасына кім кепіл? Әрбір адам өзіне тиесілі жауапкершілікті сезінсе, мұндай қайғылы оқиғалардың орын алуы азаяр еді. Тап мынадай күннің аптап ыстығында, әсіресе, сенбі, жексенбі күндері Ақтөбе қаласындағы өзен, тоғандардың маңайына 1500-2000 нан аса адам келеді. Олардың барлығының қауіпсіздігін бақылау біздің мамандардың адал міндеті.

Мамандарыңыздың саны қанша?

– Бізде облыс бойынша бар-жоғы 52 адам жұмыс жасайды. Бұл – облыс бойынша. Ал облыстың маңайындағы сулардың көлемін есептеп көріңіз,  786 су орны бар екен. Олардың барлығы дерлік суға түсетін жерлер емес, әрине, дегенмен алыс ауылдағылар мұнда түспеу керек дегенді біле тұрып, түсулері мүмкін ғой. Мысалы, Шалқар көлінің маңында біздің үш-ақ адам жұмыс жасайды. Мамандардың жеткіліксіздігінен жұмыс орнында қателіктер бола қойған жоқ әзірге. Кадр мәселесі де алдағы күннің еншісіндегі дүние.

– Суға түсуге болмайтын жерлерге арнайы белгілер қойылған ғой.

– Әрине, орнатылған. Бірақ адам тыныш жүрмейді ғой, белгіні бұзып кетеді, металл болса, өткізуге алып кетеді. Мысалы, «Земснаряд» деп аталып кеткен судың маңайында суға түсуге болмайтын жер бар. Ол жерге бүгінде арнайы бекет орнаттық. Сол маңайға тұрғын үй бағдарламасы бойынша 10 көп қабатты үй тұрғызылды. Онда 1039 отбасы орналасқан. Соларға айтарым, сол түсуге болмайды деген жерлерге балаларыңызды жолатпаңыздар! Сол жердегі судың астынан кезінде құм дайындалған. Аяғыңды сала бере, құлдырауға сүйреп кететін қауіпті орыннан қай кезде де сақтану қажет. Құдай да сақтансаң, сақтаймын деген.

Бізде жаңа станция бар!

Оксана ТИЧИГИНА, эксперт-құтқарушы:

Былтырғы жылы маусымның ортасына дейін тілсіз жау он адамды опат еткен. Биыл  бес адамды есепке алдық. Әрине, бұл  жылда адам шығынының екі есеге азаюы көңілге сәл де болса үміт ұялатады. Кешегі сенбі, жексенбі күндері үш адамға суға кету қаупі төніп, біздің құтқарушылар бір адамды өлімнен арашалап алып қалса, қалған екеуі су құрбанына айналды. Біздің сақтық үшін таратып жүрген парақшаларымыздағы ережелерді халық бұлжытпай орындап жүрсе, судың қауіптілігін ескерсе, мұндай қателіктер орын алмас еді. Біздің салынып жатқан жаңа станцияның  да келешектегі басты бағыты – осындай қайғылы оқиғаларға қарсы жұмыс күшін молайтып, мұндай келеңсіздікке жол бермеу. Бәленбай жыл ескі, жарықсыз, сусыз  вагондарды жұмыс орны етіп жүрген судан құтқарушылардың ендігі жерде өз станциялары болады. Басшылықтың белсенді жұмысының нәтижесінде осыған қол жеткізгелі отырмыз. Құрылыс жұмыстарына 58 миллион 100 мың теңге қаражат жұмсалған мекеменің алдағы күндері ашылу салтанаты болады. Сонымен қатар соңғы үш жылда осы қызметтегілердің құрал-жабдықтары толық жаңартылып, оған 40 миллион теңгедей қаржы жұмсалған.

Зоя НҰРҚАТОВА, медбике:

Мұнда 8 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Қызығы мен шыжығы қабат жүретін бұл жұмыста түрлі кездейсоқ жағдайлардың куәсі боласың. Тек суға кету қаупі ғана емес, қол-аяғын зақымдап алғандар, кенеттен қан қысымы көтерілгендерге жедел жәрдем беру – менің жұмысым. Ал болашақта мынадай әсем ғимаратта жұмыс жасау мұнан да гөрі ұнамды болатынына сенімдімін. Себебі бізде мақтанышпен айтатын станция салынып жатыр ғой.

Махамбет ЕРЖАНОВ, құтқарушы:

Адам жұмысты емес, жұмыс адамын тауып алады деген бар. Демек, өз жұмысым мені тауып алды. Әр кісінің өз жұмысына деген сүйіспеншілігі болады. Судың өзі жанның рахаты емес пе?  Өз басым бірнеше кісінің судан аман шығуына арашашы болдым. Бүгінде біздер үшін жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Барлық құрал-жабдықтар жаңа. Ертең станция іске қосылса, тіпті, бәрі керемет болып кетері сөзсіз.

Евгений БОЙЧЕНКО, сүңгуір- құтқарушы:

Бұл жұмысқа келгеніме бір-ақ жыл болды. Кісінің алғысына бөлейтін жұмыс, әрине, мен үшін қызық. Бірінші келгенде ескі вагонда от жағып, сонда жұмыс жасағанбыз. Енді бәріміздің көз қуанышымызға айналған өз мекемеміз болады. Жаңа орында, су жаңа құралдармен жұмыс жасаған кімге жаман дейсіз. Қуанышымыз шексіз.

Суға түсуге өз отбасымен келген 11-шағын аудан тұрғыны Қали Сейітжанов суда құтқарушылардың еңбегін нағыз ерлік деп санайды.

Адам өміріне арашашы болу – үлкен шаруа. Құдай сақтасын, тілсіз жау аяқ астынан төне қалса, осы кісілердің көмегіне жүгінуіңе тура келеді. Әр суға түсуге келген адам қауіпсіздік шараларын сақтап, абай болуы керек. Осы суда құтқару қызметі бөлімінің ескертпелерін ескеріп жүрсе, ешқандай сан соқтырарлық жайт болмауы тиіс. Біз де аптасына бір рет келіп, отбасымызбен суға шомылып кетеміз. Өзім жұмыста болсам да бір мезгіл босап, балаларыма бас-көз боп келемін. Себебі екі балам да малтуды енді-енді үйреніп келеді.

Абайла, су!

Тұрғындар үшін суаттардағы қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі нұсқаулықта қай кезде суға шомылмау керек, қандай жағдайда қалай сақтану керек, суға ағып бара жатқандарға қандай көмек көрсету қажет – осылардың барлығы көрсетілген. Судан сақтанайық десеңіздер, ішімдік ішіп суға бармағандарыңыз абзал. Балаларыңызды қадағалаусыз қалдырмаңыз.                                                                                                                                                                                                                                      Судың тереңге тартып кететін тұсына  жоламағандарыңыз дұрыс.                                                               Қандай жағдайда да кісінің өз тағдыры – өзінің қолында.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button