Мәдениет

Қазақтың ғажап қызы еді…

Халқымыздың әйгілі әншісі Мақпал Жүнісованың сахнаға шыққан сайын жалықпай қайталайтын бір әнінде «Қолаң шаш, қиғаш қас, қара көз мен қазақтың қызымын» дейтін құлаққа жағымды есті жолдар бар. Әсері сылау майдай осы әнді тыңдаған сайын өзім қазақтың қызы деген ғажап атқа ең лайық қарындасым деп санайтын кербез сұлу Күләш келеді көз алдыма. Ойыма әр кез бірінші оралады.

Өткен ғасырдың аяғы. Қоғам бір жүйеден екінші бір бейтаныс жүйеге ауысып жатқан аумалы-төкпелі, аласапыран өліара шақ. Жасым жетіп зейнеткерлікке шыққанмын. Бірақ байыз тауып және үйде отыра алмай елегізіп жүрген кезім. Медицина академиясының (ол кезде осылай аталатын) кадрлар бөлімінң бастығы қызметі бос дегенді естіп осында жұмыс жасайтын жерлес және сыйлас інім, емі шипалы, қолы жеңіл білікті оташы Нағашыбай Ақатаев арқылы ректорға құлаққағыс жасап едім, өркені өскір Қайрат Қанатұлы сөзге келместен: «ағайды танимын ғой, келсін» депті. Сөйтіп мен екі інімнің көмегімен академияның кадрлар бөлімін басқардым.

Барғасын білдім, бұл ойнап отырып басқаратын бөлім емес екен. Бес жүзге жуық профессор-оқытушылары, бірнеше жүз лаборант-техникалық қызметкерлері бар ойдай ұйым. Біреуді жұмысқа қабылдап, екіншісін жұмыстан босату, демалыс беру, іссапарларға жіберу сияқты сырт көзге көріне бермейтін, қазаны сарқылдап қайнаған қат-қабат тіршілік ортасы екен. Бір мыңның үстіндегі қызметкерлерді түгел білу де, әрқайсымен жеке-жеке танысу да мүмкін емес. Тек сәті түскенде, орайы келгенде ғана танысып-білісуге болады.

Бұрын сыртынан еміс-еміс қана білетін Күләш Пірімжанқызымен осында жүргенде тереңірек танысудың сәті түсті.

Тамылжыған тамыз айының ортасы болатын. Ұстаздардың дені кезекті еңбек демалысында. Жұмыс  уақыты аяқталып, қайтуға оқталып жатқанбыз. Аптыға басып, алқынып Күләш келді. Үстінде құрылысшы қыздың жұмыс киімі, қасында он-он бірлер шамасындағы томпиған, сүйкімді ақсары бала бар.

Мен негізінен елде өскен, қазақы тәрбиенің бұлағынан қанып сусындаған, алған тәрбием, таным-түсінігім қалада, орыстар арасында өскендерден өзгешелеу, айналама көненің көзімен қарап баға беретін пенденің бірімін. Содан болар, менің міншіл, сыншыл көзімнен сәл жасқанып қысылғандай Күләш ақтала сөйледі. «Аяқ астынан анықтама керек болып соны кеңсе жабылмай тұрып үлгеріп алайын деп, жұмыс киімімді де өзгертуге мұршам болмай қапылып келдім, аға! Үлкен кісілерге үй салып жатыр едік, жұмыс басынан тура келіп тұрмын. Ерсілеу көрінсе, кешіріңіз. Ал мынау біздің үйдің тентегі, менің көмекшім» деп қасындағы баланы бауырына қысты. Осылай деп өзін таныстыра бастап еді, мен білетінімді білдіріп: «Қарағым, мен де ағаңмын. Бәріміз бір жердің, қасиетті Ырғыздың топырағынан жаралғанбыз. Ағаларыңның ішінде Ғарифолланы етене танимын, сыйлас, бір-бірімізге тілектес аға-ініміз» деп, елдегі аталарымыздан алған үлгі-өнегемен орнымнан тұрып баланың маңдайынан сүйдім. «Қатарыңның алды бол, аман бол, адам бол» дедім.

Күләш осыдан біраз бұрын медицина ғылымының докторы  атану үшін диссертациясын сәтті қорғаған. Буына пісіп жүретін дер кезі. Осындай атағы барлар кадрлар бөліміне едіреңдеп, жоғарыдан қарап ісініп-қабынып, көкірек қағып келетін. Жетіліп тұрғандай шетінен есіктен кіре шүлдірлеп орысша сөйлетінін қайтерсің.

Ал Күләштың жөні бөлек. Мінезі биязы, жібектей жұмсақ, тілі де жатық, бал тамады.

Ғайыптан ұшыраса қалғанда жарқырап атып келе жатқан таңдай, шуағын шаша күліп көтеріліп келе жатқан күндей, адамға ерекше жылы-жағымды әсер ететін, көктегі күннен нұр, жердегі гүлден нәр алған дегендей айырықша жаралған жандар болады өмірде. Ахмет Байтұрсынов сынды кемеңгердің «Аққұм» әнінде «Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты. Сөзі бар алуа шекер, балдан тәтті, адамның өзім көрген абзалы екен» деп тамсануы тегін бе!

Қазақтың қызы болып өмірге келіп, орыс қызы болып бой жетіп тәрбиеленген құрбыларынан Күләштың көш ілгері тұрғанын, таным-түсінігінің тереңдігі мені қайран қалдырды. «Тумысы бөлек жақсы жан, ерекше болар басқадан» деген рас екен ғой деп ойладым. Бұрынғылар «Қыз өссе елдің көркі» дегенде, «Анаңнан сені тапқан айналайын» деп бата бергенде осы Күләштай тәрбиелі, ұяң мінезді жанды көргенде жүрекжарды тілегін білдірген болар деп топшылаймын.

Кейін қарындасымның көп қиындықтарды басынан өткергенін, өмірдің талай өткелінен өткенін білдім. Бірақ соның бірде-біріне мойып жасымай, мұңайып мұқалмай өр кеудесін тік ұстай білген. «Асылды соға берсең жетіледі, жасықты соға берсең кетіледі» деп осындайда айтқан болар бұрынғы өткен даналар.

Мен кезінде көпшілікке ой салу мақсатында «Ия, қазақ әйелі, сен қандайсың?» деп аталатын көлемді мақала жазғаным бар. Оны тал бойына тәрбиесі жарасқан, қазақтың қызы  деген ғажап атқа лайықтылар қатары сиреп бара жатқасын ашынып әрі намыстанып жазғанмын. Ар-ұят арзандап «Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық» дейтін аруларымыздың азайғаны жанға батады. Біз бүгінгі қыз-келіншектер бойынан өз халқына ғана тән табиғилық пен тәрбиені көргіміз келеді. Шеге ақын тұсына келіп «қайын атаң, қайын енең кім болады, аттарын аташы» дегенде оқымаған, жоғары білімі жоқ, бірақ қазақы тәрбиеге қаныққан Қыз Жібек «… алдында жүріп қызмет еткенім жоқ. Аттарын атауға ата-ененің аруағынан қорқамын» деп жауап қайтарады.

Тәрбиенің уызына жарыған адамның сөзі, түсінік-танымы бұл. Кей-кейде үлкен өкінішпен алдыңды кесіп өтпейтін, атыңды  атап анайылық танытпайтын сол Жібектер, құдай-ау, қайда жоғалып кетті дегің келеді. Күләшқа сүйсінуімнің сыры да осындай аңсауда жатқан шығар, сірә.

Бірде, Күләштің проректорлық қызметке тағайындалып жатқан кезі еді. Денсаулық сақтау  министрлігінен телефон шалып жеделдетіп қарындасқа қатысты бір құжатты факс арқылы жіберуді тапсырды. Министрліктегілердің шаш ал десе бас алып, қамысқа от алып түскендей, күйіп-пісіп жанығып жататын дағдысы. Тапсырмалары ылғи суыт болып келеді.

Күләшті тауып сөйлесейін деп ректорат орналасқан қабатқа көтерілсем, түпкі жақтағы бір кабинеттің алдында жақында тағайындалған ректор, бұрыннан қызметтегі бірінші проректор және Күләш үшеуі бір мәселе жөнінде пікірлесіп тұр екен. Жаңа проректорға қабылдау бөлмесі болатын лайықты кабинет қарастырып жүргенін кейін білдім.

Мені көрген бойда Күләш «аға» деп ұмсына түсіп тоқтады. Онысына сәл қысылып қалғандай, ана екеуінен бұрын сәлемдескенін жөн көрмеген сыңайлы. Ректор болса үнсіз зілдене қарап тұр. Ал бірінші проректор «бастық және бағынышты» деген ұғымның тар шеңберінде қалыптасқан бастық болғандықтан менің қаймығып жасқанбай, тілдесуін, қасына шақыруларын тосып әрегірек тұрмай, дік-дік басып қастарына келгенімді ұнатпай, тіксінген қабақ танытты. Түсін суытыңқырап «жайшылық па?» деп сұрады…

Өресізді өрге сүйреп, тексіздерді төрге шығарған кешегі  Кеңес заманында ел билеуге қолы жеткен «ұлтанқұлдардың» қарауында қызмет істейтіндермен қарым-қатынасы осылай қалыптасқан, оған не амал…  Түрікпеннің ұлы шайыры Мақтұмқұлының: «Заман қалды сұмдарға. Ар-ұяттан тұлдарға» деген өлең жолдары тап соларға арналғандай көрінеді маған. «Аға деген ұл-қызды жаным десе болады» деп  Тұрмағанбет ақын тауып айтқан ғой …. «Аға» деген Күләшті қалай жаным, қалқам демеске. Және күні бүгінге дейін нәзік үні құлағымда тұр.

Арада біраз жыл өткенде, қайтыс боларынан үш-төрт ай бұрын, бір шаруамен Күләшқа бардым. «Асыл адам айнымас» деген, сол бұрынғы ақжарқын, сыпайы қалпымен «ағалап» қарсы алды. Қарапайымдылығы, кішіпейілділігі мен кісілігі, мінез байлығы еш өзгеріске ұшырамаған. «Құл жоғарыласа құдайын ұмытады» деген бар. Бірақ Күләштан мансапқа мастанудың нышанын байқамадым. Билік тізгінін берік ұстап отыр екен. Кейбір піспеген басшылардай ұзын арқан, кең тұсауға салып «көрейік», «ойланайық», «пікірлесейік» деген жоқ, барған шаруамды табанда, қолма-қол шешті.

Сол жолы маған дүниенің шолақ екенін, адамдардың бір-біріне қонақ екенін Күләш біраз құрбыларынан бұрынырақ түсінгендей, өмірдің мәні сыйластықта екенін зердесіне мықтап түйіп өскендей болып көрінді.

Мәңгілік суын ішкен ешкім жоқ бұл жалғанда. Бұл өмірдегінің бәрі өтпелі. Дей тұрсақ та сондай жаны сұлу асылдың дүниеден ертерек өткені өкінішті. Иманы болғай жолдасы, жұмақтан болғай тұрағы деп тілейік.

Н.ҚАРТБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button