Мәдениет

Жаңа өрлеудің басы еді

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тахауи Ахтановтың туғанына 90 жыл толады.

Ақтөбе өңірі бұл датаны республикалық көлемде атап өткелі отыр. Облыс орталығында Тахаң мен лирика дүлдүлі Қуандық Шаңғытбаевқа біртұтас ескерткіш кешені орнатылады. Жыл бойы Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романы бойынша «Оқитын өлке» акциясы өткізіледі. «Тахауи тағылымы» деген атпен Қазақстан драма театрларының ХХІ республикалық фестивалі, осы фестиваль аясында «Т.Ахтанов және қазіргі қазақ драматургиясы» атты ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Бұлар той аясында өткізілетін шаралардың бірқатары ғана.

Тахауи Ахтанов туралы әңгіме бола қалса, әуелі алдымызға «Боран» романын салып сөйлейтініміз рас. Орынды да шығар. Бірақ Тахаң оған дейін де, мысалы, 1956 жылы жарық көрген «Қаһарлы күндер» романымен-ақ қалың қазақты былай қойғанда, біраз шет жұрттарға да мәлім болған.

Жиі айтылмайтын, тіпті әдебиеттің жақсы-жаманын жеткілікті білетіндердің өзі біле бермейтін бір фактіні әйгілі Әбіш Кекілбаевтың сөзімен келтірейік:

«…Әдебиеттегі тұла бойы тұңғышы болып есептелетін «Қаһарлы күндер» романы Мәскеудің «Воениздат» баспасында аударылып басылып, әскери-патриоттық тақырыптағы шығармаларды талқылаған үлкен жиында баяндама жасаған бір дуалы ауыз тарапынан одақтық әдебиеттегі елеулі табыс ретінде аталды. Тіпті Лениндік сыйлыққа да ұсынылды. Ол аталмыш сыйлықтың жаңа беріле бастаған тұсы еді. Көпұлтты әдебиеттің талай марқасқасы ондай сияпаттан әлі ауыз тие де қоймаған. Тырнақалды туындысының өзі екі жылда бір берілетін биік жүлдені бүкілодақтық дәрежеде сарапқа салатын бес-алты таңдаулы шығарманың қатарына ілігуі қазақ прозасына аса дарынды жаңа есім қосылғандығының даусыз айғағы еді…».

Бұл кезде Мұхтар Әуезов тірі еді. Және Тахауи інісінің талантын тап басып бағалағандардың бірі сол ұлы қаламгер еді. М.Әуезов Мәскеуде хирургтің пышағына түсер алдында жазған соңғы хатын төрт жазушы інісіне, соның бірі Тахауиға арнағаны да мәлім. Сонда сұңғыла жазушының: «Мен сенің мақалаларыңнан, кең тынысты романыңның да кей бояуларынан «осы менімен туыстас-ау» деп ойлап жүруші ем», — деген жолдары осы «Қаһарлы күндер» романын меңзеп тұрған еді.

Қазір оқта-текте теледидарға үңілетін жұрт ресейлік телесериалдардың бір мырза тобы соғыс тақырыбына айналғанын байқап-ақ жүрсе керек. Аңғарылатын бір жәйт, әрине, соғыс қимылдары да толас таппайды, дегенмен бұл сериалдарда мылтық пен зеңбірекке махаббат пен сүйіспеншілік, ыстық сезім толқыныстары (әрине, алуан түрлі ұсақ-түйек пендешілік қылықтар да) ілесе жүреді. Жүрекке әсер беруге тиіс ғашықтық кадрлардың қанды шайқастарға қатты ілесіп кететіні сондай, кейде соғысып жүріп сүйікті болғаннан артық ештеңе жоқтай етіп түсіріледі.

Осыдан туатын тағы бір пікір бар. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін көп ұлтты кеңес әдебиеті өкілдерінің қаламынан шыққан кесек туындылар лезде мәлім болатын еді. 260 миллион (бәлкім, одан да көп) халқы бар КСРО оқырмандары дереу сол кітаптың соңына шырақ алып түсетін де, оқымай тыным таппайтын. Жетпісінші жылдың орта тұсында Юрий Бондаревтің соғыс тақырыбын көтерген, негізгі өзегі орыс, яғни кеңес солдаты мен неміс қызының сүйіспендігі болып табылатын  «Жағалау» романы елді дүр еткізді, кейін осы романға КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді, осы роман желісімен жап-жақсы көркем фильм түсірілді. Алматыда қолға түспейтін сол кітапты кішкентай Бабатайдың ауылдық кітапханасынан тапқанымыз да және оны кітапханашыдан жоғалып кеткен кітаптардың тізіміне кіргізіп жіберуді өтініп, өтінішіміз қабылданған соң, әлгі кітапты Алматыға әкеткеніміз де есімізде.

Міне, сол Ю.Бондаревтің романындағы әуен, яғни майдан тек қиян-кескі шайқастардың алаңы ғана емес, кәдімгі адамшылық сезімдердің де, айталық, ерлік пен ездіктің, көсемдік пен көре алмаушылықтың, нәзіктік пен ноқайлықтың да шарпысқан ордасы болғаны Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романында бұдан әлдеқанша жылдар бұрын көрініс берген еді. Және сол бойда, жоғарыда келтірілгендей, өте-мөте ыстық ықыласқа бөленген еді. Мұны сол кезде Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Ғабит Мүсіреповтің 1959 жылы өткен Қазақстан жазушыларының ІV съезінде жасаған баяндамасындағы мына ұстамды жолдар да дәлелдейді:

«…Прозамызға әскери жанр сияқты үлкен де жаңа бір тарау қосылса, ол тарау, өз заманымыздың тақырыптарындағы темір қазықтай, ортадан ойып орын алса, бұл да осы жастарымыздың екі съезд арасында әдебиетімізге салған үлкен олжасы деймін…

…Бұл ретте менің Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мазмұны терең, өрісі кең «Күткен күн» романын атағым келеді… Совет жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктерін сипаттайтын  Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романын да москвалық достар осы дәрежеде бағалады. Ахтановтың романы онкүндік қарсаңында қазақша, орысша басылып шығып еді, енді Москвадағы «Советский писатель» баспасында да, Шығыс Германияда неміс тілінде де басылғалы отыр. Жас талаптың тұңғыш романының шетел оқушыларына қарай алғашқы басқан қадамы осы болмақ…»

«Қаһарлы күндер» туралы әңгімеміздің бір сорабы — осы.

Жазушылық шеберлік өз алдына ғой, бәлкім, автордың таланына бұйырған бақ шығар, әлде оқырманның пейіліне қаратылған ырыс шығар, кейбір туындылардың кеңестік замандағы қатаң цензурадан қалай аман қалып, қайтіп кітап болып шыққанына таң қаласың.

Солардың екі-үшеуін ғана атай кетейік. Біреуі — Ғабит Мүсіреповтің жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы аштықты аяусыз әшкерелейтін «Шұғыла» әңгімесі, екіншісі — Тахауи Ахтановтың тоталитарық саясаттың көлгір бетпердесін сыпырып тастаған «Боран» романы, үшіншісі — Мұхтар Мағауиннің патшалық Ресейдің империялық озбырлығын жеріне жеткізе баяндаған «Аласапыран» дилогиясы.

«Боран» әуелі «Дала сыры» деген атпен повесть болып жарияланды да, кейін жазушы қайта өңдеп, толықтырып романға айналдырды. «Кенет ауаға шымырлап ызғар кіріп, теріскейде қара бұлт тұтасып келе жатса да, Қоспан асықпады» деген жолдармен басталатын роман әлі күнге дейін оқырманды әлсін-әлсін сол ызғармен тітіркендіріп, сол қара бұлтқа қайта-қайта сескендіре қаратып отырады.

Қазақ әдебиеті сынында да, одақтық көлемде де бұл роман туралы жеткілікті айтылды. Осы туынды жарық көрген бойда, сонау 1964 жылы Асқар Сүлейменовтің «Ертеңі қалай боларын кім білсін, осы повестің бүгінге дейінгі тағдыры қызық. Оқушы жұртшылық байқағандай өзі аз додаға түскен жоқ. Біраз сыншының қаламын қағазға шұқитты. Жиналыс-жиындарда біраз дауысты буындырған да, біраз дауысты жібіткен де осы повесть» деуі («Тағы да «Дала сыры» туралы») мен мына 2007 жылы талантты әдебиетші ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың: «Әдебиетімізде нағыз ренессанс 60-жылдардың екінші жартысында басталды», — дей келіп, қазақ әдебиетіндегі сол жаңа өрлеудің басы дерлік туынды ретінде Тахауи Ахтановтың «Боранын» мысалға алуының («Зая ұрпақ» болса да, зая әдебиет болмайды») арасында бірнеше томға жүк боларлық көп пікірлер жатыр.

«Боран», қазақ тарихының сұлбасына салсақ, «Қаһарлы күндердің» жалғасы да тәрізді еді. Себебі осы романдағы ерекше бейнелетін екі кейіпкер де — Қоспан да, Қасболат та — сол соғыстың жауынгерлері. Айырмашылығы — Қоспан майдандағы, тіпті майдандағы да емес-ау, әуелден қанға сіңген адал ділін сақтап қалған дара кейіпкер болса, сондай дара кейіпкерлікке лайқат, қару ұстанған қас дұшпаннан қайтпаған Қасболат, әттең, күдікшіл заманның илеуі мен билеуіне мойынсұнуға мәжбүр болған, билікке қолы тиген соң обал-сауапты ұмытқан көптің бірі еді. Тағдырдың (расына келгенде, саясаттың) тәлкегіне қараңыз: кешегі майдандастардың бірі — қойшы, екіншісі — аудан басшысы. Одан да әріге барсаңыз, қойшы — жағымды кейіпкер, ал басшы бұған кереғар кейіпкер. Асқар Сүлейменов жазғандай, бұл туындының «аз додаға түспегені»  де сондықтан. Неге оқырман ірі партия қызметкерінің тұлғасынан жерініп, әншейін бір қойшының бейнесін артық санауға тиіс? Социалистік қоғамның саясаттанған тұғыры осынша осал ма еді? Бірақ, қазір қалай сөксек те, сол заманның, содан бергі заманның да біршама талғамшыл болғанын да мойындауымыз керек. Үстемдік құрып тұрған қоғамның саясатын сынаған осы туындыға сол кезде жаңадан тағайындалған Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының ең алғашқысы берілсе, беріде М.Мағауиннің «Аласапыранына» да осы сыйлық тапсырылып еді. Талғам заманға байланыста ма, басқаға байланысты ма, түсінбейсің. Ал әңгімеміздің негізгі тінін қайта жалғасақ, Қоспан мен Қасболат — бір ине сүйреткен бір жіптің екі ұшы. Қоспан иман-ұятты, адалдық-арды қандай азап көрсе де арқасынан (жүрегінен) түсірмей көтеріп жүре беруге төзімі жетер, сонысымен де асқақ пешененің иесі болса, Қасболат сол азапты арқалағандарға да, басқаларға да мейірімі түспейтін өзімшіл, сезімсіз пиғылдың, өзге үшін күйе алмайтынын былай қойғанда, өзі де ештеңені (тіпті ұнатқан аяулы адамын да) сүйе алмайтын бейшара топтың өкілі.

Тахауи Ахтановтың, бергілерді айтпай тұра тұрғанда, әрідегі осы екі шығармасымен-ақ әдебиетке қандай жаңа сүрлеу салғанын үнемі мойындамасқа тіпті де болмайды.

Осы екі шығармасының арасында жазушы «Махаббат мұңы» повесін ұсынып еді. Басты кейіпкердің прототипі кім екені белгісіз. Бәлкім, жоқ та шығар. Мысалы, ол кезде Фариза апамыздың кітабы шыға қоймаған, ал шындығына келсек, Тахаң Фариза қарындасының алғашқы жыр топтамасын өзі басқаратын «Жұлдыз» журналына бұл туынды жазылып болғаннан кейінгі әлденеше жылдардан соң жариялаған. Сол повестегі басты кейіпкер ақын Ләззаттың тағдыры арқылы жазушы сол кездегі адал көңіл оқырманды, қазіргі ақындар жазып жүргендей, тәтті мұңға батырады. Оқырман елжірейді, егіледі, күрсінеді, күбірлейді, жабырқайды, жадырайды. Бұл повесть, бір жағынан, кіршіксіз махаббатты мәртебелесе, екінші жағынан, таланына тазалық бұйырмағандарды мүсіркейді. Әйтеуір, жүректерді астаң-кестеңге салады, ойландырады, қажет десеңіз, опындырады. Сол Тахаңның жақсы көрген інісі Есенғалидың беріде «Әйелден ақын шықпайды, әнші не биші болмаса» деп жазатыны, бір есептен, осы күні сол нәзік Ләззаттардың тірі прототипін таба алмай қиналатындығынан да шығар.

…Таза дерекке сүйенсек, жазушы қазақ әдебиетінің сүбелі жетістігі болған осы үш шығармасын қырық жасқа да толмай-ақ жазып үлгеріпті. Институттың екінші курсында оқып жүріп соғысқа өзі сұранып аттанған Тахаңның әскерден 1948 жылы босағанын және ескерсек, әлгі үш ірі туындыға қоса сол ортада монографиялық зерттеу, бірқыдыру әдеби-сын мақалалар, біршама әңгімелер жазып тастағанын және қосатын болсақ, жазушының төл әдебиетімізді жаңа жолға салудағы есепсіз еңбегін мына заман тұрғысынан жаңаша зерделеуге болады-ақ.

…Бұл туындылардан соң «Антпен» түйінделетін қаншама драмалық шығармалар, «Шырағың сөнбесін» дилогиясы, алуан мақалалар дүниеге келді. Әуезовтің сенімі қалай ақталғанын, қазақ әдебиетінің көсегесі қайтіп көгеретінін қалың оқырман мықтап ұғынды.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button