Мәдениет

Айтыстың бағын ашты «халық банк»

Қазақстан «Халық банкі» биыл өзінің 90 жылдық мерейтойы аясында халыққа түрлі мерекелер сыйлауда. Жақында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ғимаратында «Қазақстанның Халық банкі»  акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының ұйытқы болуымен облыс ақындарының айтысы өтті.

Банктің мерейтойына орайластырылған марафон осы жылдың қаңтар айында өткен отшашу шоуынан басталды. Банк клиенттерін күтпеген тосын сыйлармен, жағымды жаңалықтармен таң қалдыруды мақсат еткен шаралар тізбегі жалғасуда. Соның бірі — «Мега Ақтөбе» сауда, ойын-сауық орталығындағы «Мега Айс»   мұз айдынында «Халықтық мұзға сырғанау». Ал  дәстүрлі өнерге шөлдеген халықты елең еткізген тағы бір  шара  — Ақтөбе өңіріндегі айтыскер ақындардың басын қосып, «Халықтық өнер» бағдарламасы аясында  айтыс ұйымдастыруы.

Филармонияның көрермендер залында ине шаншар орын қалмады. Айтысқа деген ел ықыласы бөлек екен. Әсіресе, аға, орта буын өкілдері мен ақ жаулықты әжелер көп көрінді.

Айтыс шымылдығы «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің әншісі Гүлнәзира Сағынғанова орындаған Нұрталап Жүсіповтің «Шаттық шашуы» әнімен  ашылды.

Алғашқы сөзді «Қазақстанның Халық банкі»  акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалының директоры  Апуажан Төлегенова айтты :

— Құрметті қауым, «Халық банкі» ұйымдастырып отырған шараға ерекше ықылас танытып келіп, бізге қолдау білдіріп отырғандарыңызға рахмет.

Халық банкінің тарихы дегеніміз — бұл Қазақстандағы барлық жинақтау жүйесінің құрылуы мен даму тарихы деуге болады. Қазақстан аумағындағы ең алғашқы жинақ кассасы осы Ақтөбе қаласында ашылды. 1923 жылдың 15 тамызынан бастап халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан банктің 90 жылдық мерейтойы баршамызға ортақ деп ойлаймын. Бүгінгі айтысты тамашалап, жақсы демалып қайтады деген сенімдемін.

Одан соң облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы Алмат Пангереев сөйледі.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның 400  орындық көрермендер залындағы   өнер сүйер қауымға билеттерді «Халықтық банк» Ақтөбе облыстық филиалы тегін үлестірді. Бұл шараға облыс аудандарынан да әдейілеп келген көрермендер көп болды.

Шараның жүргізушісі Орал Байсеңгірдің айтуынша,  айтысқа қатысуға тілек білдірушілер  көп болған, оған тек өңіріміздегі ақындар ғана қатыстырылып отыр екен. Айтыста  12 айтыскер 6 жұптасып бақ сынады. Оралдық айтыскер ақын Санат Каримов пен атыраулық ақын  Өнербек Дәулекен кештің құрметті қонағы болды.Айтыскерлердің ішінде Шалқар, Байғанин, Ойыл, Ырғыз аудандарынан келгендер де бар.

Ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының төрағасы «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС облыстық «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы, ақын, «Пәни мен бақи арасы», «Маңдай» атты жыр жинақтарының авторы Сәтжан Дәрібай болды. Ақын Нұрлыхан Айтова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты  Мұхтар Мировтар да қазылық етті.

Жас талап ақындармен қатар елге танымал Оралбай Кәметия, Есентүгел Әзиев, облыстық, республикалық айтыстарда Ақтөбенің намысын қолдан бермей  жүрген Аян Сейітов, Марат Ахметов, Жұлдыз Қожабекова сияқты ақындар да қатысып, шараның ажарына ажар қосты.

Айтыскерлер тізіліп сахнаға шыққанда көрермендер дүркірете қол соқты. Айтыс жанкүйерлері үшін таптырмас мерекеге айналды.

Сахнаға жеребе бойынша алғашқы жұп болып Талғат Тілеулесов пен Ораз Кенбаев шықты. Ақындар айтыс ұйымдастырушыларына деген алғыстарын әзілмен әдемілеп жеткізді. Талғат: «Осы бір айтыспен шектеліп қалмай, жыл сайын өткізіп тұрыңыздар!» деп тілек айтты.  Жас айтыскер Оразбектің сөздері өткір шықты. Астаналық студент Нартай Тілеуқұлов пен Сәкен Бекетаевтардың сөз сайысы да көрермендерін сүйсіндірді. Сәкеннің: «Армысыңдар,  «Халық банктің» тұрақты клиенттері!» деген сөзі ду күлдірді.

Жүйрік тілді ақын Оралбай Кәметия мен Данияр Алдабергенов айтысы да  елдің ойлаған жерінен шықты. Ал Ершат Қайболдин мен Аян Сейітовтің сөз қағысы  елдің айызын қандырды.

Одан әрі  Есентүгел Әзиев пен Наурызбек  Отарәлі,  Марат Ахметов пен Жұлдыз Қожабековалар сайысты. Жартылай финалға ақындардың ішінен суырылып Ершат Қайболдин мен Оралбай Кәметия, Данияр Отарәлі мен Жұлдыз Қожабековалар шықты. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортадан шыққан Оралбай да оңай берісетін ақын емес, Ершаттың екпіні одан да қатты болды. Жұлдыз да қыздардың атына кір жұқтырмай, қарсыласынан кем түспеді.

Ершат пен Данияр салғаннан жанкүйерлердің ойынан шығатын өткір де ойлы сөздерімен дараланған еді. Финалға шыққан да осы екі ақын болды.

Айтыстың көрігін қыздырып, көрерменнің көңілінен шыққан Ершат жыр додасында шашасына шаң жұқтырмады. Айтыстың Бас жүлдесіне Ершат Қайболдин ие болды. Бірінші орынға Данияр Алдабергенов,  екінші орынға Оралбай Кәметия лайық деп табылды. Айтысқа қатысқан жалғыз қыз Жұлдыз Қожабекова үшінші орынға шықты. «Қазақстанның Халық банкі»  акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы айтысқа қатысушыларының бәрін, тіпті  оралдық,  атыраулық ақындарды да  ақшалай сыйлықтармен  марапатталды. «Халық Банк» сыйлықтар үшін 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлді.

Қазылар алқасының төрағасы Сәтжан Дәрібай  айтыс туралы ойын былай жеткізді: «Көкшетаулық ақын Баянғали Әлімжановтің: «Ақтөбе — айтыстың астанасы» дегені бар-ды. Бүгінде Ақтөбеде айтыскер ақындар аз емес, мұның өзі халықтық өнердің өміршеңдігін көрсетеді. Аян Сейітов, Жұлдыз Қожабекова, Қайнар Алагөзов  сияқты ақындар  республикалық айтыстарға қатысып жүр. Айтыскерлеріміз республикалық, халықаралық додаларға қатысуы үшін өзімізде осындай  айтыстар жиі ұйымдастырылып тұрса қандай ғанибет. Осындай шараны ұйымдастырған «Халық Банкке» ақындар ризашылығын өлеңмен жеткізді деп ойлаймын. Айтысқа деген елдің ықыласы да бөлек, халық көп жиналыпты.

Бүгінгі айтыстың сапасы жоғары болды деп айтуға болады. Бас жүлдеге Ершат Қайболдиннің өнері әбден лайық екенін жұрттың өзі көріп отыр. Оның суырыпсалмалық қабілеті, сөзді табан астында тауып айтатыны өз алдына, өлеңінің  көркемдік деңгейі жоғары. Аспай-саспай отырып ойындағысын әдемі жеткізеді, болашағынан үлкен үміт күттіретін ақын.

Ал кейбір жас талап айтыскерлердің, сондай-ақ тәжірибелі деген ақындардың да айтысқа дайындықсыз шыққаны көрініп тұрды. Айтыс деген оңай-оспақ нәрсе емес, сахнада қалың жұрттың алдында өнер көрсету, айтқан сөзін нысанаға дәл тигізу кез-келген ақынның қолынан келе бермейді. Мұхтар Әуезов: «Айтыс — сөз майданы» дейді, ендеше майданға мықты дайындықпен шыққан дұрыс шығар, — дейді.

Шара соңында  айтыс ақындарына демеуші болған «Ақтөбе металлқұрастырушы зауыты» ЖШС атынан еңбек ардагері Әліби Қойлыбаевқа  сөз берілді. Ол  әуел баста 46 жұмысшысы ғана болған зауыттың бүгінгі күні 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырғандығы жөнінде және «Халық Банкінің» мерейтойлық шараларын  қолдау ретінде айтыс өнеріне демеушілік жасап отырғанын тілге тиек етті. Айтыс ұйымдастырушыларына, ақындарға деген жүрекжарды лебізін білдірді.

Ақындар айтысын ұйымдастырушы «Халықтық банкі» атынан  сол мекеменің  өкілі Сақыпжамал Жимбаева сөз алып, көрермендерге, облыстық филармония ұжымына, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына, облыстық «Ақтөбе» газетінің  ұжымына алғысын білдірді.

Айтыс десе, домбыраның үні естілсе, делебесі қозатын жұрт үшін бір мереке сыйлап, елдің еңсесін көтеріп тастаған «Халық Банктің» беделі бұрынғыдан да асқақтай түсті.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button