Мәдениет

Мәдениет

Ұлттық қолөнерге қолдау қажет!

Қазақтың ұлттық қолөнері қолдауға зәру. Қазіргі уақытта ұлттық қолөнершілерге жасалатын қамқорлықтың ең үлкені көрмелер өткізумен, сырттан келген қонаққа «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанып көрсетумен ғана шектелетін сыңайлы. Қалған уақыттың барлығында балды бармақ шеберлер өз қазанында өзі қайнауға мәжбүр. Рас, үлкен деңгейде шаралар өткізгенде, шеберханаларға шам алып кіріп, алтын қол иелерінің асты-үстіне түсіп, әке-үке дейміз, шара біткесін, олар шарасыздық күйіне қайта түседі…

Елімізде Қазақстанның қолөнершілер одағының құрылғанына бар-жоғы бір ғана жыл болды. Оған дейін қолөнершілердің жоғын жоқтаған ешкім болған жоқ. Бірақ оған да шүкір дейік. Бірінші жылы етек-жеңін жинаса, алдағы уақытта төрт құбыласын түгендеп алуға барын салмақ ниетте одақ мүшелері. 

— Былтыр «Our Herіtage» қоғамдық қоры һәм Орта Азияның Еуразия қорының қолдауымен Ақтөбе, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент пен Өскемен қалаларының бірнеше қолөнершілері бірігіп, қолөнершілер одағын құрдық. Алғашқыда құрамында барлығы жеті адам болды. Одақты құрудағы мақсат — ешкімнен қолдау таппай отырған шеберлерді насихаттау, оларды түрлі деңгейдегі көрмелерге алып шығу, басқа шеберлермен арада тәжірибе алмасуына ықпал ету. 2009 жылдан бері елімізде «Шеврон» компаниясының қаржыландырылуымен 2006 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қазақстандағы қолөнер мән дәстүрлі кәсіпті қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында төрт рет «Шебер» республикалық байқауы өткізілді. Одан жеңімпаз болған қолөнершілерге алғашқыда ақшалай сыйлықтар берілді, кейін Өзбекстанға, Үндістанға, Малайзия елдерінде өткен халықаралық көрмелерге қатысып, сол елдегі қолөнершілермен тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады, — дейді зергер, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Болат Атыраубаев. 

Биыл қазақстандық қолөнершілердің «Шебер» конкурсы бесінші рет өткізілмек. Қазір іріктеу туры өткізіліп жатыр, нақты қорытындысы маусым айында шығатын болады.

Әрине, көрме өткізген жақсы. Бірақ ол қолөнершілердің еңсесін көтеруіне толық деңгейде ықпал ете алмайды. Оларға бұдан да қомақты, кешенді қолдау қажет. Шеберлерді қолдау мәселесі басқа елдерде жақсы жолға қойылған. Мысалы, Өзбекстанда халық шеберлері жүз пайыз салықтан босатылған. Сауда орындарындағы Қытайдан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келіп жатқан қолдан жасалған бұйымдардан ол жақта өнімді экспортқа шығарудың жүйелі жолға қойылғандығын байқаймыз. Жапонияда қолөнер бағытында жұмыс жасап, салт-дәстүрді сақтап келе жатқан адамдарға мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді. Бізде олай емес. Мемлекет ешбір шеберге шеберхана ашып беріп, құрал-жабдықтарын алдына салып беріп отырған жоқ. Рас, мемлекет маған ештеңе істемеді деп оны күстаналауға ешкімнің қақы жоқ. Нарықтық сана деген тағы бар. Алайда барлық шебердің, барлық қолөнершінің менеджер болуына мүмкіндігі жоқтығын да ескеру керек. Барлығы бірдей жеке кәсіпкер атана алмайды. Себебі, қолөнер деген күнде табыс әкеліп отырған кәсіп емес, сұраныс бір күн бар, екінші күні жоқ болуы әбден мүмкін.

— Мемлекет тарапынан ешқандай кешенді көмек жоқ екені рас. Бірақ ауызды қу шөппен тағы да сүрте алмайсыз. Себебі, көрмелердің өзіне жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді… Оның өзі үлкен олжа. Бірақ бізде неге Өзбекстандағыдай жағдай жасалмайды? Тым болмаса, қолөнершілерді 100 пайыз болмағанымен, 50 пайыз салықтан босатуға болмас па екен? Қазақстанның экономикасы бұдан аса зардап шегіп қалмас деп ойлаймын. Өзбектер аса бай халық емес, бірақ олар ұлттық құндылықтарын ұлықтауда бізден озып кетті. Бұл бағытта басқа елдерден көш бойы артта қалып келе жатқанымыз ақиқат, — дейді Болат Атыраубаев.

Шеберлердің көбі — жасы ұлғайған адамдар. Жастардың дені қолөнерді еңбегі еш, тұзы сор кәсіп деп санайды. Сондықтан оған басын тыға қоймайды. Қазір ауылдарда текемет басып, алаша тоқып жатқан ешкімді көрмейсіз. Зергерлер  сіркелеу әдісі жойылып барады деп зар қақсайды. Мүйіз тарақ жасайтын аталарымыз, алаботадан сахар қайнататын әжелеріміз жоқ. Далада өсіп тұрған шиді ешкім жинамайды. Ауылдарда жүн мен тері шіріп жатыр. Бұрын басқасын тастаса да, көрігін тастамаған аталарымыздың бұл құралы шаң-шаң болып сарайларда жатыр. Қазақтың келіншектері қазір тіпті жүн түтіп, ұршық иіруді де ұмытып бара жатыр. Телесериал қарап отырып тоқып тастайтын жүн шұлықты базардан сатып алатын жағдайға жеттік. Ілкіде бір қытайлардың «осы қазақтар қызық, денсаулыққа өте пайдалы киіздерінен сүйретпе аяқ киім жасап алудың орнына қытайдың экспортқа шығаратын сасық аяқ киімдерін сатып алады» деген өтірік-шыны аралас әңгімесін естідік. Олар айтпаған дегеннің өзінде, бұл шындық екені рас. Оны былай қойғанда қазір екінің бірін орнына тұрғызбай тастап жатқан омыртқа ауруына ұшыраған адамның астына киіз төсеп жатса, үлкен ем екенін біле бермейміз.

…Малайзияға барып келген шеберлер көзін жұмып, аузын ашып келіпті: ол жақта қолөнер кәсібіне зор мән беріледі екен. Қолөнершілердің арнайы орталықтары бар көрінеді. Мұнда қолөнер шеберлерінің дүниелерін жұртқа таныстыруға, сатылымға шығаруға, шеберлер арасында байланыс орнатуға барлық жағдай жасалған деседі. Қырғыздардың шетелдік қонақтарға ұсынатын сувенирлерін сыртқа экспортқа шығаруына барлық жағдай жасалған. Б.Атыраубаевтың айтуынша, қазір олардың заттарын саудалайтын орындар тіпті Америка, Англия, Жапония секілді мемлекеттерде де бар көрінеді. Өзбекстанда  «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертификатына ие болған халық шеберін ақ киізге көтермегенмен, оны дүрілдетіп, даңқын шығарып, мемлекеттік тапсырыс беріп, кәсібін жүргізуге көмектеседі екен. Бізде ше?..

Өткен жылы қараша айында Иранның Тегеран қаласында ЮНЕСКО-ның қолөнер саласы бойынша халықаралық қазылар алқасы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Иран, Түрікменстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің шеберлері ұсынған қолөнер бұйымдарын саралап, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісіне» лайық өнімдерді іріктеді. Оған берілген 407 жұмыстың ішінде 188-і сапа белгісі сертификатына ие болды. Оның ішінде 12 қазақстандық қолөнершінің бұйымдары жоғары бағаланды. Мұндай зор бағаға Ақтөбе облысы бойынша тұңғыш рет қолөнер шебері Ерқосай Әбілев те ие болған-ды.

— Мен малдың сүйегінен бесікке салатын шүмек жасаған болатынмын. Бұл еңбегімді халықаралық деңгейдегі қазылар алқасы жоғары бағалады. Бұл жеңісім туралы облыстық мәдениет басқармасын өзім хабардар еттім.

Жалпы, елімізде болып жататын көрмелерге, байқауларға қатысып тұруға тырысамын. Алматыда өткен халықаралық «Ортеке» байқауында менің туындыларым жоғары бағаланды. Алайда кейбір көрмелер ізсіз өтеді. Мысалы, өткен жылы Астанада «Ел іші — өнер кеніші» атты көрмеге туындыларым қойылды, алайда қатысқанымыз жөнінде ешбір сертификат, құжат берілмеді. Ізсіз, нәтижесіз өтетін көрмелердің шеберлерге қандай пайдасы бар? Оның үстіне көрме ұйымдастырушылары оған келетін аудиторияны да зерттеуге тиіс дер едім. Себебі, қолдан шыққан бұйымдар қымбат болады, оны көшеде кетіп бара жатып көрмеге кіре шығайыншы деген адамдардың барлығы бірдей сатып ала алмайды. Яғни шебер заттарын көтеріп апарып, қайтадан алып қайтады.   

Көптеген шеберлер үшін негізгі мәселе осы — өнімдерді сату, өткізу жолға қойылмай отыр. Біз тек өнімді өңдеуші, жасаушымыз. Оны сатуды, өткізуді, тіпті экспортқа шығаруды жолға қоятын ықыласты, ниетті ешкім жоқ.

Шебер өз кәсібіне шынайы берілсе ғана, одан пайда болады. Бізде оған мүмкіндік жоқ. Себебі шеберлердің барлығының дерлік негізгі табыс тауып отырған жұмысы бар, яғни оның қолөнері екінші, қосымша жұмысы болып отыр. Менің осы кәсіппен айналысқаныма 25 жыл болды, қазіргі  кәсібім де, нәсібім де осы, — дейді қолөнер шебері,  Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертификатының иегері Ерқосай Әбілев.

Біздің үлкен мақтанышымыз — 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне әлемнің бірнеше елінен миллиондаған турист келеді. Туристі осы елдің егесі де, қожасы да — қазақ деген ұлт қандай ұлт, ол қалай өмір сүреді, қандай киім киеді, қалай сөйлейді, қалай тұрады, қандай тамақ жейді, қандай ауамен демалады деген нәрселердің бәрі қызықтырары сөзсіз. Олардың арасында сүйсініп те, сынап та қарайтындар болады… Көрмені көргендері көрмегендеріне айтады, біздің елден бір-бір естеліктер ала кетеді. Ол естелік қазақ ұлтының тұтас болмысын көрсете алатын кішкентай құндылық болуы керек. Бұл тұрғыда біздің шеберлердің туындылары бірінші орынға шығуы керек!

Осы тұрғыда еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық қолөнерді дамыту мен жаңғырту ісі қолға алынып жатыр.

 Барлық аймақтарда ежелгі кәсіпті насихаттайтын, ұлттық нақышқа қатысты жұмыс істейтін қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетілетін болады. Қазақтың тарихы тереңде жатқан ұлттық өнер туындылары әлем халқының назарын аударуы тиіс. Туризм бағытында қандай шаралар іске асатыны туралы, облыс бұған нақты қандай үлес қосатыны жөнінде қазір айту әлі ертерек. Алайда осы бағытта жұмыс атқаруға, үлес қосуға дайын отырмыз, —  деді біздің газетке берген бір сұхбатында Ақтөбе облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов.

 

P.S.

ЭКСПО-2017 көрмесі кәсіпкерлермен қатар ұлттық қолөнершілердің де жұмысына серпін берері сөзсіз. Себебі туризмнің дамуы — қолөнердің тынысын ашуына септігін тигізеді. Алайда бір реттік емес, тұрақты мемлекеттік қолдауға бәрібір ештеңе жетпейді. Қолөнершілер «жыламайды». Ал қазақта «жыламайтын» бала «сүтсіз» қалатыны тағы бар. Сондықтан қазақ қолөнерінің мәйегі суалып, тамыры қиылмасын десек, қолы — алтын, бірақ қысқа қолөнершілерге қолдау көрсететін заң шықса да артықтық етпес еді… Себебі қазір біздің қолөнершілерге қолдау көрсеттік деп жүрген кейбір шетелдік компаниялардан гөрі бұл шеберлер ұлтқа, мемлекетке керегірек-ау…

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Қосымшаның редакторы Индира ӨТЕМІС.

 

 

 «Қарлығаштың» қарлығаштары

 

Облысымызда балаларға арналған «Қарлығаш» конкурсы өтіп жатыр. Конкурсқа кішкентай әншілер қатысып отыр. Ұйымдастырушылар оны жыл сайын өткізуді көздейді.

Идеяның авторы — «Саз» балалар студиясының көркемдік жетекшісі Света Айтбаева. Ал ұйымдастырушылар — облыстық мәдениет және білім басқармалары, «Қазақстан — Ақтөбе» облыстық телекомпаниясы.

«Қарлығаштың» осы кезге дейінгі кішкентай әншілерге арналған конкурстардан айырмашылығы — бұрын мұндай шаралар 1-2 күн ішінде өтіп, балаларға мақтау қағаздар, сыйлықтар таратумен ғана шектелетін. Ал «Қарлығаш» бірнеше турдан тұрады және бірнеше айға созылады. Жеңімпаздарды анықтауға дауыс беру арқылы қалың жұртшылық та қатысады.

Конкурсқа қатысуға барлық аудандардан 170 бала тілек білдірген. Бірінші турдан олардың 20-сы ғана өтті. Әрі қарайғы турлардың нәтижелеріне қарамастан, бұл 20 баланың бәрі де қорытынды концертке қатысатын болады. Оларды қорытынды концертке Алматыдағы Р. Глиэр атындағы музыка мектебінен шақырылған продюсер дайындайды.

Конкурсқа қатысушылар наурыз айында гала-концерт береді. Ал қорытынды концерт мамыр айына жоспарланып отыр. Жүлделі орындардан бөлек, тыңдармандар таңдауы мен ұйымдастырушылар тағайындаған аталымдар бойынша да жеңімпаздар анықталады.

 

Өз тілшіміз.

 

 

Жастар қуантты

 

Қарғалы аудандық ішкі саясат бөлімі жыл сайын ауыл жастарының басын қосып, көңілді тапқыштар клубтары арасында сайыс өткізіп келеді.

Сайысқа «Нұр Отан» ХДП мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалдары, «Жас Отан» жастар мен «Бастау» жеке меншік мекемесі демеушілік көрсетті. Демеушілердің арқасында бақ сынауға қатысқан командалар қатары биыл жетеу болып отыр.

Биылғы ойын «Жайна жастық шағыңда» деген атпен өтті. Жалпы, бұл шараның мақсаты — жастардың белсенділігін арттыру, талантты жастарды көпшілікке таныстыру, олардың өнерлерін шыңдау.

Аудан орталығы — Бадамшадан үш команда өнер көрсетті: «Ойы-бай», «Бадамша құрамасы», «Жыми» (Бадамша Агротехникалық колледжі).  Бұларға қоса, «Жас Алаш» (Әлімбет ауылдық округі), «Қарабұтақ қырандары» (Кемпірсай ауылдық округі), «Атамекен» (Ащылысай ауылдық округі), «Бауырсақтар» (Желтау ауылдық округі) командалары бар — жеті команда бір-біріне лайықты қарсылас бола білді.

«Жас Алаш» командасы сайысқа жан-жақты дайындықпен келген. Желтаулық «Бауырсақтар» командасы —  жас команда, бірақ команда мүшелері тапқыр, ойлы әзілдерімен қуантты.  Сайыс барысында басқаларды қайталау, «жиендік таныту» сынды келеңсіз жайттар да байқалды.

Қорытындысында, ұпай санымен І орынды — «Бадамша құрамасы» иеленсе, ІІ орынға — «Бауырсақтар», ІІІ орынға «Ойы-бай» командалары лайық деп танылды.

Қалған төрт командаға да сый-сияпаттар табысталды.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Тарих сағаты

 

Нұрпейіс Байғанин атындағы  облыстық балалар кітапханасының жоғары сынып оқушыларына қызмет көрсету бөлімінің «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубы мүшелері «Тарих тұнған өлкелер» атты тарих сағатын өткізді.

Мұғалжар ауданының құрметті азаматы, «Қалдайбек  қасыреті»  өлеңінің авторы, ақын-сазгер  Жанұзақ Талдыбаев осы шараның қонағы болды.

Шараға №6, №15, №22 мектептерінің, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға   арналған мамандандырылған  мектеп-интернатының және Ақтөбе қалалық аз қамтылған балаларға арналған мектеп-интернатының жоғары сынып оқушылары қатысты.

Кітапханашы Д.Бейбіт осы шараға арнайы әзірленген «Қойнауы құт, жері бай, өркенді өңір» кітап көрмесін кеңірек таныстырды. Сонымен қатар, қатысушыларға «Сырға  толы өлкем менің» атты слайд ұсынылды.

Әр қазақтың жүрегінде ата-бабалар мекеніне, туған жерге деген  сүйіспеншілік болады.  Шара барысында оқырмандар Жанұзақ Талдыбаевтың Темір, Байғанин, Мұғалжар аудандарының тарихы туралы қызықты әңгімесін тыңдады. Ал «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубының мүшесі Рабиға Байбекова Ырғыз ауданы туралы мазмұнды әңгімеледі.

Д.БЕЙБІТ

«Атамекен» өлкетану-патриоттық

 клубының жетекшісі.

Ақтөбе қаласы.

 

Жаңа есімдермен танысыңыз…

 

Облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейі жаңа баспаналы болғаны белгілі. Ғимараттарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, музей ұжымы бірнеше көрме ұйымдастырып үлгерді.

Нақ бүгінгі күні мұнда «Жаңа есімдер» атты көрме өтіп жатыр. Атынан көрініп тұрғандай, көрмеге жас суретшілердің жұмыстары қойылған. Атап айтқанда, Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері Давид Дерезовский мен Сабина Наурызбаеваның, қалалық көркемсурет лицейінің оқытушысы Ирина Придаткинаның және жас суретші Ардақ Оразованың еңбектері қойылып отыр.

Көрмеге қойылған туындылар графика, живопись, экслибрис жанрларында жазылған. Көрмедегі 35 еңбектің ішінде жұрт назарын ерекше аударатын дүниелер жоқ емес.

Давид Дерезовскийдің «Күз», «Натюрморт» шығармаларынан оның қазірдің өзінде төселіп қалғаны, көп ізденетіні байқалады. «Жарас мерген» экслибрисі, т.б. еңбектерінен тарихқа қызығушылығын аңғарасыз. Давид — облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысып, танылған, болашағынан үміт күттіретін жас.

Сабина Наурызбаеваның графика жанрындағы «Серуен» картинасына ұзағырақ үңілесіз. Автор бұл туындыны үлкен бір әсерлерден кейін қолға алған тәрізді.

Ардақ Оразованың, Ирина Придаткинаның еңбектеріне де өнерсүйер қауым тарапынан жылы пікірлер айтылары даусыз.

Көрме наурыздың 5-іне дейін жалғасады.

 

Өз тілшіміз.

 

«Ой түйіндері»

 

Ембі қалалық кітапханасында еңбек ардагері Шүйінішәлі Бүркітовтың «Ой түйіндері» кітабының тұсаукесері өтті.

Ембі қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Дина Алданова жиналғандарға кітаптың мазмұнын таныстырды. Кітап  төрт — «Өлең—сөздің патшасы», «Туған жер әуендері», «Ой түбінде жатқан сөз», «Ағайын лебізі» — бөлімнен тұрады.  Кітапқа автордың ұстаздық еткен жылдарындағы жазбалары мен өлеңдері, достарының жылы лебіздері топтастырылыпты. Ембі қаласының әкімі

Ә.Қорғанбай ардагерді құттықтап, ата-баба дәстүрімен иығына шапан жапты. Ембі қаласындағы мектептер мен мекеме басшылары да сый-сияпат жасады. Тұсаукесерге қонақ ретінде келген  ардагердің әріптестері А.Сарқұлова, Я.Ержанова, Қ.Ниеталиналар және  ұстаздың шәкірттері, қазір әр салада еңбек етіп жүрген азаматтар қызықты әңгімелер айтты. Жиында ардагердің шәкірті, бүгінде Ембі қалалық мәдениет үйінің қызметкері, күйші  С.Алдабергенова Құрманғазының «Балқаймақ» күйін  орындады, мектеп оқушылары автордың «Кеш қолға алдым өлеңді», «Поэзия өлмейді», «Ардагерлерді құттықтау», «Уақытты бос өткізбе» секілді өлеңдерін оқыды. Ембі қалалық орталық және балалар кітапханалары бірлесіп дайындаған «Өмір жолы, ұлы өнеге азамат» тақырыбындағы бейнекөрініс пен «Кемелді кезеңнің кереметтері» тақырыбындағы фототоптама оқырмандар назарына ұсынылды.

Кеш соңында Шүйінішәлі Бүркітов жиналғандарға қолтаңбасы қойылған кітаптарды тарту етті.

 

 

Н.КЕНЖЕБОЛАТОВА,

Ембі қалалық кітапханасының әдіскері.

Мұғалжар ауданы.

 

 

«Жазулы аят, хадис қызыл сырмен…»

 

«Мешітті таңғажайып салды оңдап,

Ұстаны Бірман атты алды таңдап.

Ойы мен зейіні артық шеберлерді

Қасына жүз шамалы қосты жалдап».

Бұл — Әбубәкір Кердерінің Досжан хазіретке арнаған өлеңінен үзінді. Өлеңде айтылған мешіт 1868 жылы (қазіргі Шұбарқұдық кентінің батыс жағында) тұрғызылған. Алты күмбезді, кең мешіт екен. Мешіт құрылысы үшін екі түсті кірпіш пайдаланылған.

Әбубәкір Кердері ақын былай деп суреттейді:

«Ғажайып нақыштары әрбір түрмен,

Жазулы аят, хадис қызыл сырмен.

Көргенде сүйек еріп, тәнің балқып,

Толғандай мұсылманның көңілі нұрмен».

Міне, осындай мешіт Кеңес өкіметі жылдарында алдымен — дүкен, кейіннен… ат қораға айналған. Төбесі құлап қалған ғимараттың бір бөлігі қазір де тұр.

Жалпы, Қазан төңкерісіне дейін облыс аумағында қанша мешіт болды? Қандай көрнекті дін қайраткерлерінің есімдері ел есінде сақталды? Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін қайраткерлерінің тағдыры не болды?

Облыстық «Руханият» музейінің қызметкерлері осы бағытта ізденістер жүргізіп отыр. 2012 жылдың жазында музей қызметкерлері Хромтау, Қобда, Темір аудандарында болып, көне мешіттер орындарын аралаған және сол мешіттерді салдырған, ұстаған адамдар жөнінде деректер жинастырған.

— Бұл, әрине, істің басы ғана. Бір жазда тіпті аталған үш аудан бойынша да көне мешіттерге, дін қайраткерлеріне қатысты барлық деректерді толық қамту мүмкін болмады. Алдағы жазда Ойыл, Шалқар аудандарына іссапарлар жоспарлап отырмыз, — дейді музейдің ғылыми қызметкері Айжан Қаңтарбаева.

Жиналған деректер арасында жоғарыдағы ақын өлеңінде айтылған Бірман шебер жөнінде де мағлұматтар бар. Ақтөбе аймағында он шақты мешіттің құрылысы осы тұлғаның басшылығымен жүргізілген. Ол дін ісіне берілген әулеттен шыққан. Қобда өңірінде өмір сүріп, 1922 жылы 76 жасында қайтыс болған. Бүгінгі күні Бірман шебер туралы ел аузында айтылатын әңгімелер, негізінен, аңызға келеді. Төрт ұлынан тараған ұрпақтары Ақтөбе қаласында, Қобда өңірінде, басқа да жерлерде тұрып жатыр. Музей қызметкерлері олармен байланыс жасап отыр.

Ал Досжан хазірет дүниеден өткеннен кейін оның мешітін ұлы Абдолладан туған немересі  — Махтұм ишан ұстаған. Кейбір деректерге қарағанда, Досжан хазірет Меккеге — үш рет, ұлы Абдолла жеті рет сапар шеккен…

Өткен жазда Хромтау, Қобда, Темір өңірлерінен жиналған осы сынды деректер «Діни-тарихи мұраны зерттеу — ұрпаққа аманат» атты ақпараттық альбомға топтастырылып отыр. Жуырда музейде оның тұсаукесері өтіп, жұртшылыққа таныстырылды. Әзірге жұқа ғана бұл альбом ата-бабаларымыздың ислам дінін нығайту жолында атқарған істері жөніндегі жаңа деректермен толығып, қалыңдай береді деп сенеміз.

 

Айна САРЫБАЙ.

 

 

«Нағыз білім интернетте емес, кітапханада»

 

Облысымыздағы ең алғашқы кітапхана 1883 жылы Ырғызда ашылыпты. Биыл бұл оқиғаға 130 жыл толып отыр.

Бұл жөнінде Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры Несібелі Жұмағұловадан білдік.

— Облысымыздағы кітапханалар тарихы ХІХ ғасырдың 80-жылдарынан басталады. Ең алғаш рет 1883 жылы Ырғызда Ыбырай Алтынсарин 300-400 дана кітабы бар кітапхана ашқан. Бұл кітапхана сол кездегі патшалық үкімет қаржысына емес, халықтың қаржысына ашылған. Ыбырай Алтынсарин осы кітапхананы ашу үшін, Ақтөбе уезі қазақтарынан — 169 сом, Ырғыз уезі қазақтарынан 10 сом қаржы жинапты. Кітапхана 1883 жылдың күзінде Ырғыз қаласындағы училище жанынан ашылған, — дейді ол.

Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда 139 кітапхана болған. Солардың бірі — 1896 жылы Ақтөбе қаласында ашылған оқу залы. Бұл — облыс аумағындағы көпшілікке арналған бірінші кітапхана.

Ол кезде Ақтөбе — Торғай губерниясы құрамындағы уезд орталығы. Кітапхана ашу ісін жергілікті интеллигенция қатарынан бастама көтерушілер тобы қолға алған. Қайырымдылық арқылы 300 сом мөлшерінде алғашқы қаржы жиналыпты. Ал қала басқармасы жыл сайын кітапханаларды қамсыздандыруға 50 сом бөлуге міндеттенген. Бұл мардымсыз қаржы еді. Сондықтан оқырмандарға ақылы қызмет көрсетілген. Кітаптар қалалықтардың жеке кітапханаларынан жиналған. Әрине, арасында қазақ тіліндегі әдебиеттер болмаған. Қазір сол кездегі дүниелердің кейбірі Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы. Мысалы, Михаил Таран есімді азамат 1892 жылы «Север» журналына қосымша болып шыққан Николай Карамзиннің «Ресей мемлекетінің тарихы» кітабын оқу залына сыйға тартыпты.

Осы кітапхананың негізінде 1920 жылы Ақтөбе қалалық кітапханасы құрылған. 1922 жылы ол қалалық орталық кітапхана статусын алған. Ал кейіннен облыстық кітапханаға айналған, яғни бүгінгі Сақтаған Бәйішев атындағы кітапхананың тарихы 1896 жылы ашылған оқу залынан бастау алады.

1995 жылы облыс аумағындағы кітапханалар саны 459-ға жеткен екен. Әйткенмен, 1995 жылдан бастап еліміз бойынша кітапханалар жаппай жабыла бастады. 1998 жылы облысымызда небәрі 95 кітапхана қалған. Ал бүгінгі күні, Несібелі Жүмағұлованың айтуынша, Ақтөбе өңірінде 236 кітапхана жұмыс істеп тұр.

2006 жылы облысымызда 2007-2009 жылдарға арналған кітапхана жүйесін жаңартудың аймақтық бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама бүгінге дейін жалғасын тауып отыр және осы бағдарлама аясында облыстағы кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, электронды және басқа да ақпаратты қор мен кітапхана қызметін дамыту бағытында көптеген істер істелді. Соның нәтижесінде бүгінде 36 ауылдық кітапхана «Жаңа үлгідегі ауыл кітапханасы» сертификатына ие болып отыр. 2006 жылы мұндай сертификатқа ие кітапханалар саны үшеу-ақ еді. Облысымызда интернет жүйесімен қамтылған кітапханалар саны 70-ке жетті. Бес кітапхананың жеке сайты бар. Алдымен өз сайттарын Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана (www.baishev.kz), Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы (www.aktobeoub.kz) және Нұрпейіс Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы (www.baiganinka.kz) ашты. Ал аудандық кітапханалар арасында Байғанин аудандық орталық кітапханасы (www.bika.kz) бірінші болып оқырмандарға өз сайтын ұсынды. Жуырда оның қатарына Хромтау аудандық орталық кітапханасы (www.hrb.kz.) қосылды.

Облыс бойынша кітапхана оқырмандарының саны өткен жылы 229, 2 мың адамды құрады. Бұл — тұрғындардың 29 пайызы.

— Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе — білім» — деген екен. Әрине, теледидар, Интернет, әлеуметтік желілер бар — бүгінде жұрттың, әсіресе, жастардың кітапқа қызығушылығы төмендеген секілді. Бірақ қазіргі техниканың қарыштап дамыған дәуірінде де кітап білім көзі ретінде өз құндылығын жойған жоқ. Шынайы, терең білім іздеген жанды бүгінгі күні де  кітапханадан табасыз. Олар басқа дерек көздерінен гөрі, кітаппен жұмыс істеген анағұрлым дұрыс деп біледі, — дейді Несібелі Жұмағұлова.

Оқырмандарды тарту мақсатында кітапханалық қызметтің түрлі формалары тәжірибеге енгізіліп отыр. Қарғалы ауданында аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімімен бірлесіп ұйымдастырған қайырымдылық кітапханасы жұмыс істеп тұр. Мәртөкте және Ырғызда аудандық орталық кітапханалар жанынан жаз айларында жылжымалы кітапхана ұйымдастырылады. Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы базасында жазғы көше кітапханасы жұмыс істейді.

Еліміз бойынша жыл сайын өткізілетін «Бір ел — бір кітап» акциясынан жұртшылық хабардар. Ал облысымызда 2011 жылдан бері «Оқитын өлке» акциясы ұйымдастырылып келеді. Бұл акциялардың мақсаты — кітапқа деген қызығушылықты арттыру. «Оқитын өлке» акциясына 2011 жылы Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында» атты тарихи романы таңдап алынса, өткен жылы ақын Мұхтар Құрманалиннің туғанына 85 жыл толуына орай ақынның «Жұлдызды жорық» кітабы таңдалды.

Ал биылғы таңдау — қазақ әдебиетінің классигі Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасы.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

ВРЗ

 

Екі ауданда орталық балалар кітапханасы жоқ. Темір және Хромтау аудандарында орталық балалар кітапханалары 1990-жылдардағы қаржы тапшылығы кезінде жабылып қалған болатын.

 

 

15 жас, жаңа клип және көп–көп көрме…

 

Мәдениет пен өнер саласында жүрген замандастарымызға төмендегі сауалдарды  жолдағанбыз:

 

1. Соңғы жылдары елімізде мәдениет саласында жақсы жаңалықтар, жаңа жобалар көп. Нақты қандай жоба, бастама Сізге ұнады?

2. Өнер адамына сынның пайдасы қаншалықты? Сіз сынды қалай қабылдайсыз?

3. Жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

 

Сонымен:

 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, «Екі езу» эстрадалық-миниатюра театрының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері:

 

1. 2012 жылы Елбасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне отандық әлеуметтік-мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, облысымызда «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында мәдениет саласы бойынша қолға алынып жатқан істер бар. Әрине, қолдау бағытындағы игі істер қатары әлі де көбейе түскені дұрыс.

2. Сынның пайдасы, әрине, бар. Сынды көре алмаушылық немесе қызғаныш деп түсінбеуіміз керек. Екінші жағынан, өнерден өз үлесіңді алғың келсе, біреудің пікірі мен сөзіне тәуелді болған дұрыс емес. Менің ойымша, сынды кез келген адам айтқаннан гөрі, сол салада тер төгіп жұмыс жасап жүргендер айту керек. Сыншы екенмін деп, тым қаталдық танытып, шектен шығуға тағы болмайды. Қателікті көрсетіп, жөн сілтеудің орнына, қаталдықпен «бас салған» сыншы біреудің сағын морт сындырады. Жанын жарақаттайды. Сынды айта білу де — өнер…

Өзім сынды дұрыс қабылдаймын. Сынды қарапайым түрде жеткізсе — сіңімді. Меніңше, адамды қатты-қатты сынай бергеннен гөрі, арасында тәтті-тәтті сөздермен мақтап қойған да дұрыс… (күліп… – ред.)

3. Жоспар көп. Жоғарыдан келетін бұйрықтарды күтіп отыра бермей, ел мәдениетінің дамуына, өнердің өрге жүзуіне үлес қосатын істерді өз күшіңмен ұйымдастыру керек. Биыл «Екі езу» театрының құрылғанына — 15 жыл. Күзде осы мерейтойды атап өтеміз. Соған дайындаламыз.

 

 

Айнагүл ӨЛМЕСЕКОВА,

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы:

 

1. Жақсы бастамалар бар. Бірақ көпшілігі Ресейден көшірілетін секілді. Расымды айтсам, көңілім тола бермейді.

2. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» — дейді. Менің ұстанымым бойынша, «Өнер сынсыз өрге баспайды». Орнымен айтылған сынды қабылдаймын. Бірақ оны айтып тұрған адамның өзі сын айтуға лайықты болуы керек.

3. Өнер адамының қиялы ұшқыр болады. Сондықтан алға қойған жоспарларымыз да көп. Театрдағы өнерімнен бөлек, әншілік өнерімді де халыққа ұсыну мақсатында  өткен жылы С. Жиенбаевтың сөзіне жазылған Д. Ботбаевтың  «Анашым» әніне клип түсірдім. Әнсүйер қауым жылы қабылдады. Қазіргі таңда жергілікті арналардан көрсетіліп жүр. Әрине, бұл мені қанаттандырды. Енді махаббат тақырыбындағы бір әнге клип түсіруді ойластырып қойдық.

Әрине, ең бастысы — театрдағы шығырмашылық қызметім. Алдағы уақытта көрермендерді бенефисіме шақыру ойда бар.

 

 

Жанар МАҚСОТОВА, облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінің ғылыми қызметкері:

 

1. Егер нақты көркемсурет өнерін алатын болсақ, соңғы жылдары суретшілерге арналған республикалық байқаулар көбейді. Және ол байқаулардың жүлделері де қомақты. Әншілер, әртістер секілді суретшілер үнемі жұрт алдында жүрмейді, олардың еңбектері де көп көріне, көп сатыла бермейді. Сондықтан оларға демеу болатын байқаулар, симпозиумдар көбірек өткені дұрыс-ақ. Осы орайда Қазақстанда өткен шаралар арасында Түркі әлемі мүсін өнерінің 5-ші халықаралық бьенналесін ерекше атап өтер едім.

2. Сын арқылы тек қана өнер адамы емес, қарапайым адам да өзінің кемшілік-қателіктерін біліп, соны түзетуге ұмтылады. Алайда, қанша адам болса, сонша пікір бар. Сын орынды айтылу керек. Сынды айта білу де, қабылдау да адамның мәдениеттілігіне байланысты.  Жалпы, өнер адамымын деп, өзін бөлектеп, төске көп соғудың қажеті жоқ деп білемін.

3. Ақтөбелік суретшілер шығармашылығын неғұрлым кеңірек насихаттау мақсатындағы іс-шараларды үзбей өткізуге тырысамыз.

 

 

Сауалнаманы жүргізген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

 

 

«Мыңнан астам ескерткішке құжат әзірленеді»

 

Тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, қорғау және насихаттау жұмыстарының маңыздылығы неде? Біздің өңірімізде бұл бағыттағы жұмыстар қай деңгейде жүргізіліп жатыр?

Осы орайда тарих ғылымдарының докторы, этнограф Рахым Бекназаровты әңгімеге шақырған едік.

— Тарих, ең алдымен, ұлттың өзін-өзі тануы үшін қажет. Тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу мақсатындағы істердің, әсіресе, кешеге дейін өткені барынша бұрмаланып келген халық үшін маңызы өте зор болса керек. Біздің өңірімізде қазір қандай нақты шаруалар атқарылып жатыр?

— Бұл шаруалар тек өткенді тану үшін ғана емес, бүгініміз бен болашағымыз үшін де керек. Мысалы, Қазақстанның батыс аймағында Хиуа, Бұқара секілді тамырын тереңге жіберген қалалар жоқ. Қазақтың көне қалалары, негізінен, оңтүстік өңірде шоғырланған. Сондықтан жымысқы ойлы тарихшылар тарапынан: «бұл жерлер —  қазақтың ежелгі мекені емес, қазақтар мұнда беріде ғана қоныстанған» — деген сөз айтылып қалады. Осы пікірге қарсы қоятын дәлеліміз қайсы? Біз оған қарсы дәлел ретінде көне қорымдарды алға тартамыз. Ал жер қазақтыкі, оның ата-бабаларының жері деп, тек ғылым арқылы, құжатқа сүйене отырып шешілетіні белгілі. Сондықтан бүгінде Ақтөбе өңіріндегі көне қорымдарға құжаттар әзірленіп жатыр. Әсіресе, шекара бойындағы, иесіз жатқан жерлердегі қорымдарға құжат дайындап қойған дұрыс.

— Жалпы, тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімін жасау ісі КСРО тұсында қолға алынғаны белгілі. Сіз айтқан көне қорымдар сол тізімге енген бе?

— КСРО кезінде жасалған тізімге Ақтөбе аймағынан 4-5 қана тарихи-мәдени ескерткіш енген. Ал қазір 1000-нан астам ескерткіш тізімге алынып отыр. Көне қорымдар — тарихи-мәдени ескерткіштердің маңызды бір бөлігі екені белгілі, көптеген жұрттар өз жеріндегі көне қорымдарды ғылыми айналымға енгізіп, ұлттық мақтанышқа айналдырып отыр. Біздің жеріміздегі көне қорымдар жөнінде деректерде, мәліметтерде бұрыннан айтылып жүр. Бірақ олар ғылыми айналымға енгізілмеген. Енді төлқұжаттар әзірленсе, осы олқылық түзеледі. Төлқұжатта олардың орналасқан жері, қорымдағы әр қабірдің өлшемі, қай ғасырдан қалғаны, кімдер жерленгені, қазіргі жағдайы және басқа да мәліметтер нақты көрсетіледі.

Бүгінгі күні ТМД көлемінде ескерткіштерді зерттейтін ескерткіштану саласына ерекше мән беріп отырған екі мемлекет бар — Қазақстан мен Ресей. Біздің елімізде осы іспен түбегейлі айналысып жүрген адамның есімін жақсы білесіз: Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының этнология бөлімінің меңгерушісі Серік Әжіғали. Серік Ескендірұлы өз ізденістерін аспирант кезінде Ақтөбеде бастаған. Біздің өлке үшін бұл үлкен сәттілік болды десек те болады. Мысалы, Абат-Байтақ кесенесі жөніндегі деректер төңкеріске дейінгі орыстың, шетелдің тарихшылары мен саяхатшыларының еңбектерінде кездеседі. Бірақ ол кейін қиратылып, мүлде қараусыз қалған. Тіпті біржола жоғалып тынуы да мүмкін еді. Абат-Байтақты жан-жақты зерттеп, ғылыми айналымға енгізген — Серік Әжіғали. Соның нәтижесінде кесене 1982 жылы мемлекеттік маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қатарына енгізіліп, мемлекет оны өз қорғауына алды. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Абат-Байтақта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қазір ол еңселі ескерткішке айналды. Әлі бірнеше ғасыр даламызға айбын беріп тұрары сөзсіз.

— Қазақстанның ТМД көлемінде ескерткіштану жұмыстарын жүргізіп жатқан екі мемлекеттің бірі екенін айттыңыз. Бұл орайда біздің өңірдің мүмкіндіктері қандай?

— Бұл жұмыстарды тиянақты жүргізуге барлық мүмкіндіктер бар. Бірінші атап көрсетеріміз — Ақтөбедегі  мықты мамандар, қалыптасқан орта. Айталық, Қазақстанда көне құлпытастардағы жазуды оқи алатын үш-ақ маман бар екен. Сол үш маманның бірі Ақтөбеде тұрады. Ол — Қонысбай Рақбаев. Облыстық тарихи және мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның директоры Бекарыстан Мырзабай, облыстық тарих, этнография және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенбаев — өте білгір, өз саласына жетік мамандар. Ал Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, тарихшы Гүлбану Ізбасарова зерттеулер нәтижелерін насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп жүр. Кейінгі буын — жастардың да жетістіктері жоқ емес.

Екіншіден, Ақтөбеде осы істердің маңыздылығын, ең бастысы, ұлт үшін керек шаруа екенін түсінетін басшылар бар. Кезінде тарихшылар, этноархеологтар қолға алған бастамаларға Аслан Мусин, Елеусін Сағындықов ағаларымыз үлкен қолдау көрсетті. Ондай қолдау мамандарға барлық өңірлерде бірдей көрсетілген жоқ. Мұны айту керек.

Соңғы жылдары Қобыланды батыр, Әбілқайыр хан зираттарында, Абат-Байтақта жүргізілген зерттеулер — сол қолдаудың нәтижесінде жүзеге асқан жұмыстар. Ал қазіргі облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те сол дәстүрді үзген жоқ.

Үшіншіден, жергілікті зиялы қауым тарапынан үлкен түсіністік бар. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Кенжеғали Кенжебаев археологиялық қазба жұмыстарын, зерттеулерді алға жылжытуға айрықша үлес қосты. Зәкіраддин Байдосов, Идош Асқар, Рысжан Ілиясова, Еркін Құрманбеков сынды аға-апаларымыздан бастап, болашаққа қалдыратын мұра қамына алаңдап, тіпті барын салып, осы бағыттағы істердің басы-қасында жүрген зиялы азаматтар көп.

Сонымен қатар, қаржы мәселесіне келгенде де, өңіріміздің мүмкіндігі жоғары. Бірақ ондай мүмкіндігі бізбен деңгейлес басқа аймақтарда ескерткіштану бағытындағы жұмыстар енді ғана қолға алынып жатыр. Олармен салыстырғанда, біз ілгерілеп кеттік.

— Қазақтың көне қалалары оңтүстікте шоғырланғанын еске салдыңыз. Ал батыс аймақтан көне қалалар орнын іздеу жұмыстары қолға алынған күнде, сіздіңше, қаншалықты нәтижелі болмақ?

— Батыстан үлкен қалалардың орнын іздеу нәтиже береді деп ойламаймын. Табиғи жағдайлар ата-бабаларымызға батыс өңірде үлкен қалалар салуға мүмкіндік бермеген. Мысалы, қыста отын қамы өте қиынға соққан. Әрине, елді мекендердің орны бар. Олар, негізінен, сауда жолдарындағы орталықтар.

Алтын Орда мемлекетінің дамып, өркендеген шағында ондай орталықтарда қысы-жазы қалыпты тірлікті қамтамасыз етуге, отын мәселесін шешуге қазынадан қаржы бөлінген. Берідегі Қарабұтақ, Ырғыз сынды бекіністер үшін де Ресей өкіметі қыруар қаржы жұмсаған. Батыс өңірде қала тіршілігі осындай қолдаулардың арқасында ғана мүмкін болған.

— Дегенмен, ата-бабаларымыздың тіршілігі тым жұпыны болды деуге келмес? Қазақ жерінен алтын адамдар табылып жатыр емес пе?

— Әлі де табылады. Өйткені, ата-бабаларымызда ел мен жерді қорғап шейіт болған жандарды алтынмен аптап, ерекше құрметтеп көметін дәстүр болған. Біз — автохтонды мәдениет иелеріміз. Яғни, осы жерге ең ежелгі замандардан иелік еткен халықтың ұрпағымыз. Әрине, бұл — өз алдына бөлек үлкен тақырып.

Әбілқайыр хан кесенесін тұрғызу ісі қолға алынғалы отырғаны мәлім. Осы орайда әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Әбілқайыр ханды қайта жерлеу үшін Ақтөбе қаласын таңдау керек дегенге сіз қалай қарайсыз? Және мұндай пікір айтылғанда, әңгіменің бір ұшы туризмді дамытуға тірелетін секілді?

— Біздің түсінігіміз бойынша, туриске асфальт жол, бес жұлдызды мейманхана қажет. Бірақ турист бұларды өз елінен де таба алады. Оларға керегі, керісінше, — таза экологиясы бар дала, табиғат. «Әбілқайырды Ақтөбеге жерлейік» деген пікірді мен қуаттамаймын. Ол «Хан моласында» қалуы  тиіс. Ал Ақтөбеде тарихи орындар жеткілікті. Қала аумағында Нұрпейіс Байғанин, Бақытжан Қаратаев сынды белгілі адамдар жерленген. Осындай орындарға қоғам назарын аудару керек.

Туризм саласын дамытуды ойласақ біз, ең алдымен, туристің қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей жағдай орнатуымыз қажет. Бұл үшін қоғамдық сана қылмыс атаулыға қарсы болуы керек. Басқаша айтқанда, өзін біреу тонап кетуі не ұрып-соғып кетуі мүмкін деген ой туристің қаперіне де кірмейтін болсын.

Екіншіден, қазақ ағылшын тілін меңгеруі тиіс. Турист жергілікті гид, такси жүргізушісі, даяшыларды былай қойғанда, былайғы жұрттың да өзіне кез келген жағдайда бағыт көрсетіп, жөн сілтей алатынына сенімді жүруі керек. Бүгінде осыған қала қазағының шамасы жеткенмен, ауыл қазағының шамасы жетпей отыр. Бұл жағынан біз моңғолдардан қалып қойдық. Моңғолияда 2,8 миллион халық бар. 38 миллион мал бар. Бұл елге жылына 1 миллион турист келеді екен. Ен далада мал бағып жүрген моңғолдың қаршадай баласы туристермен ағылшын тілінде сөйлесе алады. Экологиялық туризмді моңғолдар ертерек қолға алды. Олардың тәжірибесін пайдалану үшін, біз сол елден келген қандастарымызды іске тартқанымыз дұрыс.

Біздің тіпті бизнесмендеріміз де бұл салаға бейімделмеген. Мысалы, Ақтөбедегі супермаркеттерде шытырлақ қалталар (пакеттер) сатулы. Сырттан келген турист үшін бұл — сорақылық. Мұндай жағдайдан кейін ол өз еліне барғанда Қазақстанға жарнама жасамайды. Турист бір келген жеріне екінші рет келмейді. Бірақ ол бір елді ұнатса, соған жарнама жасап жүреді. Өз еліне барған соң, алған әсерлерін басқалармен бөліседі, «сол жерге бар» — деп кеңес береді. Сондықтан біз әр туристі риза етіп жіберуге мүдделіміз.

Жоғарыда айтқанымдай, туриске асфальт жол, жан-жақтан көп қабатты сұп-сұр ғимараттар анталап тұрған қаладан гөрі, сенің далаң, суың, ұлттық тамағың қызық. Оған ағаш-тал, жабайы аң, тарихи-мәдени ескерткіштер керек.

— Біздің аймақта осыған лайық жерлер қайсы?

— Көп. Мысалы, Доңызтау өңірі. Бұл — тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Тіркеуге алынған тарихи орындардың тізімі: Сүлікті, Бесбай, Тұщыайрық, Ащыайрық, Қошқар ата… болып жалғаса береді. Бір қорымның өзінде 500-дей зират бар. Олар бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысы — өз алдына бөлек ескерткіш. Тас қашау өнерінің үлгілері, құлпытастардың безендірілуі, қарапайым ою-өрнектердегі үлкен философия — өз алдына бөлек бір-бір тақырып. Яғни, бір қорымның өзі бір күн экскурсия жасауға жеткілікті. Көне ғибадатхананың, көне мешіттер мен қыстаулар орындары да бар. Жазда этноауылдар ұйымдастырып қоюға болады. Туристі түйеге мінгіз, шұбат ішкіз. Киіз өңдеу кәсібін жандандырып, түрлі кәдесыйлық заттар ұсын…

— Өңірімізде ескерткіштерді тану, зерттеу жұмыстары түрлі бағыттарда жүріп жатыр. Алдағы уақытта қандай нақты істерге басымдық берілгені дұрыс?

— Қобыланды батыр мен Әбілқайыр ханның жерленген орындарын анықтадық.  Ақтөбе топырағында жерленген ұлы тұлғалар қатары біз білетін батырлармен, Әбілқайыр ханмен шектелмейді. Абат-Байтақта халқымыз ерекше қадірлеген тұлға жатыр. Ол кім? Сондай-ақ Бөкенбай батырдың жерленген жері қайсы? Осы сауалдарға ғылыми тұрғыдан тиянақты жауап керек.

Сонымен қатар, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу мақсатында жүргізілетін жұмыстарға тек ақтөбелік мамандарды тартумен шектелмей, қазақтың үлкен ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеуді ойлаған жөн. Бұл іске Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институты, Әлкей Марғұлан атындағы  Археология институты, Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану  институты сынды үлкен орталықтардың мамандары тартылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сұхбаттасқан Индира ӨТЕМІС.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button