Мәдениет

Сәулелі іздер

Бір оқиға әлі есінен кетпейді. Таң рауандаған шақ еді. Төңіректі көзбен шолып, жан-жағын жіті барлай, төрт жылқышы үйірді айналып ақырын бүлкілдете жортып келе жатқан. Кенет алдарынан көкшулан арлан қаша жөнелгені. «Ұрыста тұрыс жоқ». Мұның мінгені Әлден нағашысының Күрескөк аталған ұшқыр байталы-тұғын. Азулы түз тағысының алдын орағыта Күрескөктің тізгінін қоя берді. Жануар лезде көкшуланға өкшелеп жетіп, өңмендей түсті. Қуғыншының дүбірі жақындағанын қасқыр да көз қиығымен сезіп келеді. Ол енді жетіп, қолындағы сойыл тәрізді қаруын сілтеуге оқтала бергенде бөрі бұлт еткені, сол мезетте астындағы Күрескөгі де оқыс шорт бұрылды. Жігіт те бар екпінімен ат үстінен ілгері сыпырылып, ұшып түсті. Әккі арлан болса да жан керек, артына қарайламастан тура тарта берді. Әлгі айқаста сан соқтырған айлалы арланның қулығын алыстан бақылаған қарт немересінің ебедейсіз қарекетіне өкінгеннен намыстан булығып, жарыла жаздады. Сайынның бетінен оты шығып, ұяттан қатты қысылды. Осы оқиға оның нендей іске де тындырымды кірісіп, ширала түсуіне талай мәрте сабақ болды.

…1947 жыл. Сәкең сол қолының саусағына күбірткелі шығып, істемеген емі, жақпаған дәрісі қалмайды. Алайда саусағы солқылдатып, жанына әбден батады. Марқұм әкесі Садық шыдай алмаған баласын аудан орталығы Жарқамыстағы емханаға көрсетеді. Сәкеңнің бағына емханада қырқыншы жылдары саяси көзқарасы үшін Пермь қаласынан жер аударылған профессор Здравомыслов дейтін ғалым-дәрігер қызмет етеді екен. Профессор көрген бетте кеселдің асқынып кету қаупінен сақтанып, алдын ала ем-доммен бірге шұғыл түрде ота жасауды ұйғарады. Бәлкім, оның болашақта дәрігерлік мамандықты таңдауына, сірә, өміріндегі осы сәттің ерекше әсері болған шығар.

«Талапты ерге нұр жауар» демекші, емтиханның бәрін өте жақсы бағаға тапсырған ол Ақтөбедегі мемлекеттік медицина институтының студенті атанды. Әлбетте, оқу өте қиынға соқты. Себебі күллі оқу жүйесі мен бағдарламасы орыс тілінде жүргендіктен қазақы ортада өскен ауыл баласы бастапқыда ештеңені ұқпай, берілген тапсырманы күні-түні құр жаттап айтуға мәжбүр болды. Шындығы сол — елге кері қайтуға ар-намыс жібермеді, бірінші, екінші курста жанын қинаған азаптан жүнжіп кетті. Дегенмен үшінші курстан былай білуге құштар студент тынымсыз еңбекқорлық пен ұдайы ізденістің нәтижесінде орыс тілін терең игеріп, дәрістің мән-мағынасы мен іс жүзіндегі тәжірибелік парқын пайымдауға ден қоятын сана деңгейіне жетті. Алдына мақсат қоя білу мен сол үдеден абыроймен шығу асқан табандылық пен зор ерік-жігерді талап етеді. Қазақы қисындағанда «Өзгені жеңе білу — қасиет, өзіңді жеңе білу — құдірет». Сөйтіп, Сайын Садықов аталған жоғары оқу орнының емдеу факультетін 1968 жылы ойдағыдай тәмамдады.

Жас маманға қиындығы мен қызығы мол еңбек жолына араласудың мүмкіндігі туды. Ол бар оқыған-тоқығанын тағдыр тәлкегімен сырқатқа  ұшыраған отандастарының сауығып кетуіне, дертіне шипа үміт сәулесін түсіруге аянбай жұмсады. Сөйтіп 1970  жылға дейін Хромтау қаласында хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып жемісті қызмет етті. Осы жылдары өңірдегі адам денсаулығының өзекті мәселелерімен етене жақын танысқан сайын оның көзқарасы түбегейлі өзгеріп, ем-домның ғылыми-технологиялық тиімді жаңа түрлерін тәжірибеге батыл енгізу мен қолданудың заман талабына сай аса ділгірлігін сезді. Сөйтіп бірыңғай зерттеу жұмыстарымен айналысуға тәуекел етіп, белін бекем буды. Сол жылы Қазақтың онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері, 1987 жылы клиникалық радиологияның аға ғылыми қызметкері, 1996-1999 жылдар аралығында осы бөлімшенің меңгерушісі болды. Сайын Садықов қатерлі ісік ауруларын сәулемен емдеу бағытындағы ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, ісіктің ионданған сәулелерге сезімталдығын жоғарылатуға бағыттап, 1991 жылы Мәскеудің оқымыстылары алдында «Өкпенің қатерлі ісігін сәулемен емдеуде дозаларды әр түрлі тәсілмен бөлшектеудің салыстырмалы нәтижелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл емдеу тәсілінің нәтижесінде өкпе, өңеш, жатыр, жұтқыншақтың қатерлі ісіктерімен ауырған науқастардың өмір сүруі сапасы жақсарды.

Зерттеуші-ғалым бұдан соң Қазақтың Ұлттық медициналық университетінде әуелі ассистент, сосын доцент, 1999 жылы онкология, маммология және сәулелік терапия кафедрасының доценті ретінде өзіне жүктелген ғылыми-ұстаздық мәртебелі жауапкершілікті қатар алып жүрді. 2003 жылы доценттік диплом алып, 2008 жылы ҚазҰМУ-дың Ғылыми кеңесінің шешімі бойынша оған академиялық профессор атағы берілді. Ол ұзақ жылғы ұстаздық, ғылыми шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде бірнеше монография мен оқулықтар, интерндерге, студенттер мен оқытушыларға арналған бірнеше оқу-әдістемелік еңбектер жазып, сәулелік терапияның барлық тарауларына қайтадан өзгеріс енгізіп, қазақ тілінде толықтырып бастырды. Өзі еңбек ететін университеттің барлық факультеттеріне, интерндерге арнап ситуациялық есептер, тестілер құрастырды.

Онкология кафедрасының негізгі бір базасы — Қазақтың онкология және радиологиялық ғылыми зерттеу институты. С.Садықов осы институттың радиология бөлімшесінде 42 жыл бойы сәулемен емдеу проблемасымен шұғылданатын мамандардың бірі. Профессор бүгінгі таңда еліміздегі инновациялық технологияны қатерлі ісіктерді емдеуге қолдана білетін бірден-бір жоғарғы кәсіби маман.

Ұстаздық пен ғылыми шығармашылықты құстың қанатындай қатар алып жүрген айтулы тұлға —188-ден астам елеулі еңбектің авторы. Соның ішіндегі 10 монография, 3 тиімді ұсыныс,1 авторлық куәлік иесінің еліміздегі дәрігерлік жоғары оқу орындарында «Медициналық радиобиология негіздері», «Сәулемен емдеу», «Иондаушы сәуленің физикалық және радиобиологиялық негіздері», «Медициналық радиология», «Клиникалық радиобиология», «Клиникалық радиология» тәрізді оқулықтары мен монографиялары пайдаланылып жүр.

Профессор өзінің ғылыми ізденістерінің мәні мен үлгі тұтқан ұстаздары туралы былай дейді:

«Радиология бірнеше ғылымның қосындысынан, атап айтқанда, медицина, ядролық физика, радиология, биологиядан тұрады. Аталған ғылымның Қазақстанда негізін салушы академик Сайын Балмұқанов ағамыз. Сол кісі 1945 жылдан бергі Қазақстандағы атомдық сынақтарды тексеріп, оның қоршаған ортаға, адам мен жануарлар ағзасына тигізген зиянын, әсерін, қанша доза мөлшерінде екенін анықтап, қай уақытта қандай ауру түрлері болуы мүмкін деген сұрақтарға ғылыми дәйекті түйін жасады. Жалпы, осының пайдасы мен зиянды жақтарын анықтап, ғылыми дәлелдеп берді.

Сәулемен емдеудің сыр-сипаты ғылымда көп ашылмаған ғой. Емдік сәулелер алуан түрлі: нитронды рентген, кванттық, гамма, протон… Осы сәулелердің адам ағзасына тигізетін әсерін зерттейміз. Сәулені қолдану оның физикалық емдеу қасиеттеріне байланысты. Және осы ерекшеліктеріне орай сан алуан сәулелер қолданылады. Сондай-ақ, денедегі онкологиялық ісіктің сезімталдық қасиетіне қарай сәулемен емдеудің күші белгіленеді. Ісік ауруы түрлі-түрлі болып бөлінеді. Әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болады. Қазақтың онкология және радиология институты тұңғыш рет осы ісік ауруының себеп-салдарын зертханалық тәжірибелер арқылы ғылыми зерттеумен шұғылданып келеді. Қазақ ғылымының әйгілі тұлғаларының жетегімен біздер шетелдік, атап айтқанда, Италия, Англия, Швецария, Германия, Чехословакия, Австрия, Нидерландия, Грекия ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргіздік. Тұңғыш осы институт қабырғасында бұрынғы Кеңес Одағы бойынша эксперименттік тәжірибелер жасалды. Содан кейін бұл басқа жерлерге де таралып, жасала бастады. Қазақтың онкология және радиология зерттеулер институты әлемдегі басқа ғылыми орталықтармен салыстырғанда сәулемен емдеуде айтарлықтай оң нәтижеге жетті».

Білікті ғалым Душанбе қаласындағы онкологтар мен радиологтардың  IV съезі, Қазақстанның онкология және радиология институтының 50 жылдығына арналған мәжіліс, Астана қаласында өткен онкологтар мен радиологтардың VII съезі сияқты мәртебелі жиындарға қатысып, келелі мәселелерге ғылыми зияткерлік ортаның назарын аударды.

Талант көп қырлы болады деген рас. Абзал азамат Сайын Садықов қолы қалт еткенде қазақтың салт-дәстүрі, ән-күйі, шежіресіне де шама-шарқынша үлесін қосып жүр. Ел ішінде Сайынның сөзіне жазылған сазды ән әуені де кездесіп қалады. Шойыннан құйылғандай ірі денелі, жауырыны қақпақтай Сәкең студенттік өмірде күреске түсіп, белдескенін жеңген палуан. Ол 1966 жылы Ашхабад қаласына бір айлық әскери жиынға шақырылады. Осы жолы Орта Азия мен Қазақстанның студенттері арасында күрестен жарыс өтеді. Ақтық шешуші айқаста ауыр салмақ дәрежесі бойынша Сәкең 120 кг. тартатын Әзербайжанның жеңімпазымен белдесуге шығады. Қазақстанның намысын қорғаған Сәкең төреші ысқырығы естілісімен қас қағым сәтте әзербайжандық түйе палуанды алып ұрады. Сөйтіп, жеке-дара жарыс жеңімпазы атанып, спорт шебері атағын иеленеді. Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаевтың:

«…Балқытам деп тасты да,

Мен жүргенде тіл безеп,

Белдескенді астыңа

Алып ұрып бір кезек —

Бақыт отын маздатар

Бастан кештің сапар-күн:

Айхановпен қаз-қатар

Қара палуан атандың!..» — деп жырға қосуы осы оқиғаға байланысты болса керек.

Ғибратты ғұмыр кешкен Сәкеңнің денсаулық саласында ғылыми шығармашылық алар асуы әлі алда деп білеміз.

 Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button