Мәдениет

Өнерлі отбасылар озды

Ақтөбедегі «Ақбөбек» балалар орталығында «Ақбөбек жұлдыздары» атты өнерлі отбасылар байқауы өтті.

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті мен «Ақбөбек» балалар орталығы бірлесіп ұйымдастырған байқау еліміздің бірінші ханымы Сара Назарбаеваның туған күніне арналған «Мейірімді жолмен» тақырыбындағы онкүндікті бастады.

Байқауға балалары «Ақбөбек» балалар орталығына баратын 11 отбасы қатысты. Ашылу салтанатында облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Шамшырақ Сайлағиева отбасылық байқаудың маңызы туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқаудың ашылу салтанатында «Құстар» биін билеген биші Әсия Маратқызының аяғының ұшымен жүргенін көрген жұрт бойжеткеннің өнеріне сүйсіне қарады.

Одан соң өзге балаларын өнерге баулып жүрген ата-аналар ортаға шықты. Әуелі «Ақбөбек» орталығында 1-сыныпта оқитын Мейірхан Тілектесовтің анасы Айымжан Гильманова виолончель аспабында «Мой ласковый и нежный зверь» фильмінен музыкалық үзінді, ал әкесі Аймырза Жаманқұлов балалайкада «Я встретил вас» деген ежелгі орыс романсын орындап, көрермен көңілінен шықты. Мейірханның өзі эстраданың сүйемелдеуімен «Атам мен әжем» әнін шырқады.

Ұлымның кішкентайынан музыкаға қабілеті барын байқадық. Ұяң, ұялшақ еді. Көпшіліктің алдына шығуға жасқанатын. Біз оны қолдайық деп, сахнаға өзіміз шығып, үлгі көрсетеміз. Содан ба, қазір едәуір пысыды, сахнада өзін еркін ұстауға үйреніп жүр. Осындай байқаулар көзінде ұшқыны бар балалардың шығармашылығын қолдауға көмектеседі. Сондай-ақ отбасы татулығын нығайта түседі, — дейді өнерлі әке Аймырза Жаманқұлов.

Одан соң үш жасар Иянат Жұбатқан ата-анасымен бірге «Пластикалық этюд» бөлімінде өнер көрсетті. Спортшы ата-ана кішкентай Иянатты біріне-бірі лақтырып, қағып алған кезде, залда отырғандардың жүректері селт етті. Әбден үйренген бүлдіршін мәз-мейрам. Бақсақ, Иянаттың әкесі — күрес жанкүйерлеріне белгілі, ақтөбелік дзюдошы Саламат Отарбаев екен. Анасы Алма да дзюдо күресімен айналысқан палуан.

— Өзім Ақтаудың қызымын. Саламат екеуміз Алматыдағы кезекті бір жарыста таныстық. 2009 жылы шаңырақ көтердік. Қазір бір ұл, бір қызымыз бар. Спорт денені шынықтырып қана қоймайды, адамды сабырлы етеді. Қазір қызымызды өзімізбен спортзалдарға ертіп апарамыз. Нұрахметіміз — екі жаста. Әлі кішкентай. Саламат ұлының тезірек өскенін күтіп жүр, күрес секциясына бергісі келеді, — дейді Алма Отарбаева.  

«Ақбөбек» балалар орталығының меңгерушісі Клара Ахетова онкүндіктің қалған күндерінде балалардың сурет көрмесі, басқа да түрлі байқаулар өтетінін айтты. Балалар құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Шамшырақ Сайлағиева екеуі барлық отбасыларға Алғыс хаттар табыстады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

Сәбиіңіздің есімі кім?

 

Дүниеге жаңа келген сәбиге ат қою рәсімі — адам өміріндегі өте маңызды оқиға. Қазақ халқы шыр етіп дүние есігін ашқан сәбиге берілетін есімге ерекше көңіл бөліп, оның дұрыс болуына қатты мән берген. Балаға жақсы ат қою ата-ананың алғашқы парызы екені туралы дінімізде де айтылады.

Балаға берілген есім оның тағдырына әсер ететінін жұлдызшылар да, психологтар да айтады. Сондықтан әрбір ата-ана өзінің баласына мағыналы есім беруді қалайды.

Ырымшыл халқымыз перзентіне қол бастаған батырлардың, сөз бастаған шешендердің, ел бастаған билердің, жез таңдай жыршылардың, күміс көмей әншілердің атын қоюға тырысады. Мәселен, облысымызда есімі ерекше сәбилер бар екендігі туралы біздің бөлімде қызықты деректер бар. Солардың бірі — Қобланды Ақжүрек Қыпшақұлы. Мүмкін осы есімді берген кезде ата-ана халқымыздың тарихына зор құрметпен қарайтынын білдірген шығар. Бәлкім, баласы елін сүйген азамат болсын деп ырым қылған шығар. Десек те балаға есім беру кезінде жақсырақ ойланған дұрыс. Кейде біздің адамдар шетелдік актерлердің есімін қойып, тілін сындыра алмай жатады. Қазақтың баласы аты затына сай болуы керек емес пе? Біздің мамандар мүмкіндігінше «ол дұрыс емес» деп ақыл-кеңес беруге тырысады.

Өткенде қазақстандық телеарналардың бірінде қызына үнді ханшайымы Лайлиннің есімін бергісі келіп, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлерімен керілдесіп жатқан алматылық қазақ азаматын көрдік. «Ләйлім емес, Лайлин!» деп қызыл кеңірдек болған қазақ жігітіне қарап таңырқағанымыз өтірік емес. Осыған ұқсас жағдайлар біздің тәжірибемізде де кездеседі. Кейде «қ» әрпінің орнына «к», «ұ» әрпінің орнына «у» жазғызғысы келетіндер бар. Оларға біздің мамандар қате жазбас үшін бірыңғай талап ережелерін түсіндіреді.

Өткен жылы Ақтөбе облысы бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі дүниеге келген сәбилерге қойылған сирек кездесетін есімдерді ата-аналарының қалауларымен туу туралы акт жазбалаларына тіркеген болатын. Сонда бір байқағаным, соңғы кездері Арнұр, Ғалымжан, Ерасыл, Артем, Асмир, Камал, Ерманат, Абылай, Ырыскелді, Дінмұхаммед, Елтөре, Ақжүрек, Аят, Мұстафа, Ханиф, Ақмәрмәр, Диясбек, Медина, Индира, Ертолқын, Тұмархан, Қызғалдақ, Алсу, Ляйсан, Жансел, Любовь, Есения, Инаят деген есімдер көп екен.

Сонымен қатар Нұрболат, Тамирлан, Николай, Санжар, Данил, Мақсат, Ибраһим, Әділет, Таир, Мансур, Руммиса, Мари сияқты есімдер де көп кездеседі.

Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы»туралы кодексінің 63-бабының 2-тармағына сәйкес, балаға қосарланған ат беруге де рұқсат етіледі. Қазір сол қосарланған есімдер «модаға» айналып кеткен сияқты. Балаларының туу туралы куәліктеріне Абу Адль, Нурали Сұлтан, Нұр Мұхаммед, Әбіл Мансұр, Дін Ахмет, Айша Бибі, Ақ Ару деген есімдер жаздыртатын ата-аналар бар.

Нина Бейісова,

облыстық азаматтық хал актілерін тіркеу және апостилдеу бөлімінің бастығы.

 

 

ұл — ұрпақ, қыз — өріс

 

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында «Ұлтын ұлықтау — ұрпақ қолында» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғаған семинарға Ақтөбе қаласының және барлық аудандардың мектептерінен тәрбиешілер қатысты. Балалар облыстың түкпір-түкпірінен келіп оқитын мектеп-интернаттың ұрпақ тәрбиесіне қатысты семинар өткізуге толық мүмкіндігі барын айтқан «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы филиалындағы тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы Тәттігүл Байланова білім ордасында тәрбие жұмысы жүйелі жүргізілетініне тоқталды.

Мектеп-интернатта қала және ауыл балалары білім алады. Мектеп-интернат жатақханасындағы оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты ұйымдастырылатын бұрыштар әрдайым талапқа сай жабдықталады. Мәселен, «Мен тұратын мекенде» деп аталатын бұрыш маған қатты ұнайды. Ол жерге киіз үй жасаулары ұлттық нақыш беріп тұр.

Осы жерде Міржақып Дулатовтың «Мектептің басты мақсаты — жалғыз білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру» деген сөзін ешуақытта естен шығармаған абзал. Қыз бала тәрбиесіне арналған басқосуды ұйымдастыруға ұйытқы болған мектеп-интернаттың директоры Гүлнар Тәжіғалиеваға, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәрия Нұралинаға алғысым зор, — деді Т.Байланова.

Семинар барысында  «Ұл — ұрпақ, қыз — өріс», «Қызға салар тыйымның басқа түсер қиыны» тақырыптарында баяндамалар оқылды. Мектеп-интернаттағы «Сымбат» үйірмесінің жетекшісі Н.Жетімекова «Шығармашылық шыңы — шеберлік» тақырыбында қыз балаларды қолөнерге қалай баулу керектігі туралы айтты, өз тәжірибесімен бөлісті. Ол оқушылар жасаған бұйымдарды қонақтарға ұсынды.

«Асылайымның үлгілері» тақырыбында мектеп-интернаттың 11-сынып оқушысы Асылайым Мирасбекованың шаш күтімі, шашқа түрлі сән үлгілерін жасау төңірегінде айтқан әңгімелері тартымды болды. Асылайым өз құрбыларымен бірге семинарға келген қонақтардың шашына түрлі сән үлгілерін жасап берді.

Семинарда қыздар тәрбиесіне арналған тақырыптар жан-жақты талқыланды. Балалардың актерлік шеберлігі мен спортқа деген қызығушылығы төңірегінде әңгімелер айтылды. «Өз жұлдызыңның жарқырауына өзің жәрдем ет» тақырыбындағы өткен тәрбие сағатының да тағылымдық мәні зор болды.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Ұрыспаңыз, әңгімелесіңіз

 

Әр отбасында соңы ажырасуға алып келетін ұрыс-керіс болады. Ондайда көп ерлі-зайыптылар отбасын сақтап қалудың жолын табуға тырыспайды. Отбасын сақтап қалудың бірден-бір жолы ұрыс-керіссіз әңгімелесу екенін көпшілігі мойындай бермейді.

Ашуланған кезде ерлі-зайыптылар бір-біріне ауыр сөз айтып, жанын жаралайды. Кейін өкініп, көз жасын көлдетеді. Ұрыс-керістің алдын алу үшін жұбыңызбен көп сөйлесу керек, ашық әңгіме айта білу қажет.

Әңгімелесудің қарым-қатынасты реттеуге әсері зор. Әңгімені бастағанда қатты дауыс көтеріп сөйлемеңіз. Себебі олай басталған әңгіменің соңы айғайға, дау-жанжалға ұласуы әбден мүмкін. Оны бір қалыпты ырғақпен бастаңыз. Дауыс ырғағы өте маңызды. Даусыңыз неғұрлым жұмсақ шықса, әңгімелесудің нәтижесі соғұрлым сіздің пайдаңызға шешіледі.

Бір проблемалық жағдайға байланысты сөз бастағанда оның соңы ұрыс-керіске ұласып кетпес үшін, қимыл-қозғалысыңызды бақылауды ұмытпаңыз. Мәселен, беліңізді таянып әңгіме бастамаңыз. Немесе бір аяғыңызды екінші аяғыңызға, тізеңіздің үстіне асып қойып отырмаңыз. Бұл әйелдің күйеуіне өзінің басымдығын көрсетпекші болғаны. Бұлай отыру мынадай мағына береді: «айта бер, айтып қал, бірақ бәрібір менікі дұрыс, мен сенен ақылдымын…».

Әңгіме барысында жолдасыңыздың сөзін бөлмеуге тырысыңыз. Ол ішіндегісінің бәрін айтып болған соң, өз ойыңыздың дұрыстығын дәлелдеу жеңілірек болады. Егер бір-біріңізбен сөз жарыстырып сөйлейтін болсаңыз, жағдай ушығып кетеді.

Ал егер артық нәрсе, жаман сөз айтып қоятын әдетіңіз болса, аузыңызға су толтырып алыңыз. Немесе ашуыңыз тарқағанша бір, екі, үш… деп санай беріңіз.

Өзіңіздің ашуыңыз басылған кезде ғана әңгіме бастаңыз. Отағасыны мақтап қою да артық етпейді. Ол жақсы көретін тақырыпқа әңгімені ыңғайлауға үйреніңіз. Жалпы отбасының іргесі берік қалануы қиын. Дегенмен екі адам сол үшін күресе білулері керек.

Айсұлу ӘЛІМОВА,

психолог.  

 

Гинекология: үйдегі қыздың түздегі қылығы

 

«Қазақстан — 2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Елбасы: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміздің қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар — болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», — деп қоғамымыздың қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуі керектігін ескертіп отыр. Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі.

Шынында да, Отан отбасынан басталады десек, әрбір отбасының ұйытқысы, берекесі – әйел. Ұлттың ұлт болып қалуы, қоғамның дамуы, мемлекеттің өркендеуі – болашақ ана болар қызды қалай тәрбиелейтінімізге көп байланысты. Қызым үйде — қылығы түзде. Осылай анықтама береді қазақ мақалы.

Бұл жерде ең алдымен жасөспірім қыз баланың киім киісі мән беруді талап етеді. Облыстық адам репродукциясы және отбасын жоспарлау орталығындағы жасөспірімдер гинекологы Салтанат Тубулбаева қыз баланың денсаулығы киім киісі мен тәртібіне тікелей байланысты екеніне сенімді.

Ата-аналар өсіп келе жатқан қыз балаларына мықынына әзер сыйып тұратын тар шалбар, әсіресе, джинсы шалбарлар алып беріп жатады. Олар ондай тар киімдердің жасөспірім қыздың толық өсіп-жетілуіне кері әсері барын біле бермейді. Мықынға жабысып тұратын тар шалбарды үнемі киіп жүрген қыз баланың жамбас сүйегі дұрыс жетілмейді. Кейін жүкті болғанда тар жамбас жас ананың өздігінен босана алмай, операция жасатуына мәжбүр етеді. Осындай күрделі проблемаларға жол бермес үшін ата-аналар қыздарының тар джинсы киюіне рұқсат етпегендері дұрыс. Қазір қарап отырсаңыз, жасөспірім қыз балалардың дене бітімі ер балаларға ұқсап өсіп келеді. Үнемі киіп жүрген тар шалбардан мықыны қысылып тұрғандықтан, жамбас сүйектің өсіп-жетілуіне мүмкіндік болмайды. Оның есесіне иықты, ірі денелі қыздар көп. Яғни жамбас сүйегінің жетілуі қыз баланың бойына, дене бітіміне толық сәйкес келуі керек, — дейді Салтанат Ахмеджанқызы.

Дәрігер жас қыздардың күн салқында капрон шұлық, қысқа юбка, кіндіктен төмен шалбар, ішін ашып тұратын, белінен жоғары кофта киіп, жалаң бас жүруі денсаулығына кері әсер еткенін кейін тұрмыс құрғанында білетінін айтады. Жалпы жылына жасөспірімдер гинекологының қабылдауына келетін 5-6 мың қыз баланың киім-киісі мен жүріс-тұрысы қыздардың үйдегі тәлім-тәрбиесі қандай екенін көрсетіп тұрады екен.  Дәрігер қабылдауына келген әр қыз балаға синтетика материалдардан тігілген киімдерден гөрі, таза мақта матадан тігілген киім кию туралы кеңес беріп отырады.

Жалпы қыз баланы тәрбиелеуге ата-ана ерекше көңіл бөлуі керек. Тәрбиеден кеткен қателіктің салдарынан облысымызда жыл сайын 14 пен 16 жас аралығындағы 100-ге жуық қыз бала жүкті болып, мектептің қабырғасынан дәрігердің қабылдауынан бір-ақ шығады. Облыстық отбасын жоспарлау орталығына өткен жылы аудандардан 67, Ақтөбе қаласының өзінен 33 қыз бала жүкті болып тіркелген. Олардың екеуінің жасы 15-ке де толмаған.

— …Бұны біз тікелей тәрбиеден кеткен қателік деп отырмыз. Ата-ана өсіп қалған қыз баласының тағдырына қатты алаңдауы керек. Түнгі клубтарға жіберіп, қалай ұйықтап жататынына таңым бар. Ауылдық жерлерде жасөспірім қыздардың жүктілігі үлкен проблемаға айналғанына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Бұл жерде мәселенің түпкі себебіне үңілуіміз керек. Бұл тақырыпқа келгенде қаланың қыздары емін-еркін, анасымен ашық сөйлеседі. Ал ауылдың қыздары тұйық келеді, анасымен ашық сөйлесе бермейді. Оны біз қабылдауға келгендерінде де аңғарып отырамыз.

Жүкті болып қалатын жас қыздардың бәрі бірдей тәртіпсіз деуден аулақпыз. Бұл жерде жақын-жуық ер адамдардан, өгей әкеден зорлық-зомбылық көретіндер де бар. Яғни жасөспірім қыз бала өсіріп отырған ата-ана мұқият болулары керек. Жас қызды жалғыз қалдырмаған, түнгі жын-ойнақтарға жібермеген дұрыс, — дейді дәрігер.

Оның келтірген деректеріне көз жүгіртіп көрдік. Өткен жылы жүкті болып тіркелген 67 ауыл қызының 35 пайызы, ал 33 қала қызының 65 пайызы түсік жасатқан. Көп жағдайда  жасөспірім қызының денсаулығына, тағдырына алаңдаған ауылдағы ата-ана баланың жарық дүниені көруіне қарсы болмайды екен. Ал қалалықтар көбінесе дәрігерге түсік жасату үшін жүгінеді. Ондай жағдайда әрбір жасөспірім қыздың жүктілігін тоқтату туралы шешім қабылдауға облыстың бас гинекологы, қыздың ата-анасы, емдеуші дәрігері, отбасын жоспарлау орталығының басшысы қатысады. Егер, жасөспірім қыздың босануына денсаулығы жарамайтын болса, онда алғашқы апталарында жүктілік тоқтатылады. Мәселен, ондай жағдай өткен жылы екі рет қайталаныпты. 14 жасар екі қыздың денсаулығы бала тууға жарамайтыны анықталған соң, дәрігерлер жасанды түсік жасаған. Ерте жастан тізімге алынған мұндай қыз балалар түсік жасалғаннан кейін кәмелет жасына толғанға дейін гинекологтың қатаң бақылауында болады.

—    Жалпы қыз баланың тәлім-тәрбиесін қоғамымыз бірінші орынға қоюы керек. Қазір бұл тұрғыдан алып қарасақ, қоғамдағы ахуал сын көтермейді. Қыз баланың денсаулығына анасының жатырында жатқан кезінен-ақ мән берілуі керек. Мәселен, жылына біздің қабылдауымызға келетін бес мың жасөспірім қыздың 40 пайызы етеккір циклінің бұзылғаны туралы айтады. Одан кейін сыртқы орта факторлары әсерлерінен қабыну процесінен пайда болған аурулар көбейіп кетті. Жыныстық жетілудің бұзылуы салдарынан зардап шегіп жүрген жасөспірім қыздар да бар. Мұның бәрі де ата-ананың өздерінің денсаулығына, өмір сүру сапасына, баланың денсаулығына мән бермеуінен болып жатыр. Сонымен қатар бұл жерде сіз бен біз айтып отырған қыз баланың киім киісі мен тәлім-тәрбиесі үлкен рөл атқарады, — дейді Салтанат Тубулбаева.

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.            

 

Ішіңе сыйған қыз сыртыңа да сыя ма?

 

Соңғы жылдары елімізде ажырасуға арызданған жұптардың саны көбейіп кетті. Мәселен, Ақтөбе облыстық әділет департаментіндегі азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мәліметі бойынша өткен жылы облыста 2257 жұп ажырасқан. Ал 2011 жылы 2067 жұптың некесі бұзылыпты. Мамандардың айтуынша, соңғы 3 жылдың көрсеткішіне қарасақ, неке бұзу жағдайы 20 пайызға артып отыр. Мұндай жаға ұстатарлық жағдайға жетуімізге не себеп? Ер жеткен ұлымыз бен бойжетіп отырған қызымызды отбасылық өмірге бейімдеп, дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе? Егер нақ солай екеніне кепілдік берер болсақ, отау құрған жастардың шаңырағы неге жиі шайқалады?

Мұның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазіргі қоғам ажырасу дегенге үрке қарауды қойды. Ажырасу деген «салт-дәстүр» сияқты санамызға сіңді. «Тұра алмасаң, ажырасып кетпейсің бе?» Бұл — жастардың жан-жағындағы кез келген «ақылшының» сенімді кеңесі. Отбасының басына төнген қайғы, кез келген қиындықтың шешімі, тығырықтан шығудың ең оңай жолы ажырасу болып тұр, отбасын «соңына дейін» сақтап қалуға тырысу жоқ.

Жалпы қоғам отбасы құндылығы туралы мәселеге бас қатырып жүрмеген сияқты. Елбасы «Қазақстан — 2050» Стратегиясында бұл туралы баса айтты. Ол: «Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені оның салдарынан ең алдымен балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді»: Бала тәрбиесі тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті. Мені еліміздегі ажырасулардың көптігі алаңдатады. Қазақстандық отбасылар берік болулары тиіс», — деді Жолдауында.

— Біз жылдың соңында аудандардан келіп түсетін мәліметтерді салыстырып қарап отырамыз. Облыста туу көрсеткіші көбейіпті. Бұған кәдімгідей қуанып қалдық. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 18456 сәби дүниеге келген, ал 2011 жылы 17872 сәби болып еді. Қиылатын некелердің саны да жыл сайын артып отыр. Өткен жылы облыс бойынша 8550 жұптың некесі қиылса, 2011 жылы 8415 жұп неке сарайының көмегіне жүгінді. Әрине, олардың бәрі де неке қию рәсімі кезінде бақытты. Бірақ сол бақытты сәт ұзаққа созылар ма екен?.. Әңгіме осында.

Жыл сайын некенің бұзылғандығын көрсететін құжаттардың саны көбейіп тіркеледі. Ерлі-зайыпты жұптар былтырдан биыл көп ажырасқан. Бұл кәдімгідей алаңдаушылық туғызады екен. Үйленбей жатып ажырасып кететіндер де болады. Ең қысқа неке үш күн отасқан жұптың некесі десек, сіз таң қалмаңыз, — дейді бөлім бастығы Нина Әміртайқызы.

Қол ұстасып отау құрған қыз бен жігіт көп ұзамай, мінездері келіспейді, шатақ басталады. Қатты сөз айту, қол жұмсау, опасыздық жасау, ақырында ажырасып тыну… Міне, бүгінгі күннің ажырасу сценарийі шамамен осындай…
Енді отбасылық драманың екінші бөлігіне кезек берейік. Кеше ғана дүйім жұрттың көзінше аста-төк дастарқан басындағы тойда бір-бірімен төс қағыстырып, құйрық-бауыр жескен құда-құдағилар енді бірін-бірі атуға оқ таппайды.
Қыздың анасы өзіне кезінде «қайтып келген қыздың жаман болатыны» туралы анасы айтқан ақыл-кеңестердің мүлдем өңін аударып, басқа бағытта «тәрбиелейді»: «Ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды. Күйеуіңді қазірден бастап жүгендеп алмасаң болмайды, айтқаныңа көндіріп, айдауыңа жүргіз. Бұған көнбесе, көп дегенде ажырасып кетерсің. Ажырасқандардың алды-арты сен емессің».

Осыған ұқсас «пайдалы кеңесті» жігіттің анасы да береді: «Қазірден оны қатал ұстамасаң, ертең басыңа шығады. Саған он қыз әперуге шамамыз келеді, жалынып артынан барушы болма!». Осындай «өсиет» естіп өскен ұл мен қыздың шаңырағын шайқалтпай ұстап қалуға шамасы келе ме?..

Ажырасу амалайламен жасалатын іс емес. Жас отбасылар да, көп жыл бірге тұрып жатқан ерлі-зайыптылар да ажырасып жатады. Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта соңғыларының ажырасуы жиілеп кетіпті.

Адамдар ажырасу үшін үйленбейді. Әрине, әр отбасының ажырасу туралы оқиғасының өз ерекшеліктері бар, бірақ себептері бірдей: жұбайының опасыздық жасауы, жұпыны тұрмыстан күйзелу, мінез үйлесімсіздігі, құмар ойындар, ішімдікке әуес болу сияқты зиянды әдеттерден арыла алмау, «отбасы көсемі» болу үшін «билікке» талас, жақын-жуықтарының әсер етуі. Психологтардың айтуынша, ажырасу туралы бір рет болсын ойланбаған ерлі-зайыптылар кемде-кем. Ең қызығы, статистика бойынша көп жағдайда ажырасуға бірінші болып әйелдер бел буатын көрінеді.

 

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

қазақтың алты баласына қолдау керек!

 

Алды сегізге, кенжесі екі жасқа толған алты баланың анасы Алмагүл Қалжанова балаларымен бірге Ақтөбенің ескі қала бөлігіндегі Асау — Барақ көшесі, 71-үйде анасының баспанасын паналап тұрып жатыр. Алты баласын ештеңеден тарықтырмай өсірем деп тырмысқан Алмагүл қазір көшенің арғы бетіндегі моншаны жуып, күнелтіп жүр. 27 жастағы жас келіншек көптен бері отбасының жалғыз асыраушысына айналды. Моншада таңертең басталған ауыр жұмыс кей күндері түнгі сағат бірге дейін созылады. Әсіресе, сенбі-жексенбі күндері жұмыс кестесі тығыз, ондайда Алмагүл үй көрместен жұмыста жүреді. Үйдегі шиеттей бала-шағаға анасы Қаламқас бас-көз болып отырғанына жас ана шүкір етеді.

 

Үміт үзілмейді

…Алты баланың әкесі Мақсаттың отбасынан кеткеніне сегіз ай болыпты. Алмагүл жұмыссыз жолдасына ренжулі, материалдық қиындықтарға шыдамаған күйеуі шаруасы шатқаяқтаған шаңырағын шырғалаңға тастап кетіп қалған. Орда бұзар отызға келген атпалдай азамат қиындықтан қорыққан. Жығылғанға жұдырық осы болса керек. Алайда алты баласын етегінен ұстатып, қара нан мен қара су берсе де, далаға қаңғытпай отырған ана «бұл қиын күніміз де өтер, кетер, балаларым ертең-ақ үлкен азамат болады» деп алдағы күннен үмітін үзер емес. Тек балаларының әкелерін күтетіні ғана жас келіншектің жанына батады…

Біз барған күні Алмагүл жұмысқа кетпек болып асықты. Анасы Қаламқас дастарқан жайып, балаларды киіндіріп күтіп отыр екен. Екі жасар Данияр дүниеге келген жылы Алмагүл алтыншы бөбегіне өмір сыйлаған ана ретінде қалалық әкімдіктің шақыруымен салтанатты рәсімге қатысып, «Күміс алқа» иегері атаныпты. Содан бері балалар үйге бірнеше мәрте келген БАҚ өкілдеріне бауыр басып қалғанға ұқсайды, бізді жатырқамады. Есіктің алдынан сәлемдесіп қарсы алған бүлдіршіндердің бірі сөмкемізді көтеріп, бірі сырт киімімізді алып, әлек болып жүр. Бірінен-бірі өткен әп-әдемі үш ұл мен үш қыз суретке түсуге дайындалып, айнаның алдын босатар емес. Танысуды да өздері бастады.

«Апай, айтыңызшы мен сұлумын ба?», — деп сұраған бес жасар Нұрсұлу расында да көрікті бала екен. «Әрине, күнім, сен асқан сұлу қызсың!». Бұл жауабымызға масаттанған кішкентай Нұрсұлу айнаның алдына қайта барды: «Мен сұлу екенімді онсыз да білемін!».

 

Анаргүл — болашақ дәрігер

Алмагүлге баланың үлкені сегіз жасар Анаргүл қолғанат. Қазір нағашы әжесі екеуі анасы жұмыста жүргенде балалардың тамағын әзірлейді, кірін жуады, үй жинайды. Қайта-қайта суық тиіп ауырып қала беретін кенжетай Даниярдың демікпесін кетіру үшін дәрігер дәрі ерітіндісі қосылған ыстық бумен тыныстау керектігін айтқалы бері сол қоспаны өзі жасауды үйреніп алған Анаргүл әжесінің айтқанын екі етпей, жанын тындырады. Тұла бойы тұңғышының сезімтал, елгезек, бауырларына қамқор болып өсіп келе жатқанына Алмагүл іштей қуанады.

— Мен өскенде дәрігер болғым келеді. Кішкентай інім көп ауырады, әжем екеуміз оны емдеп жазып аламыз. Өзімнен кейінгі бес бауырыма үлгі көрсету үшін үздік оқып, жақсы мамандық иесі болуым керектігін білемін. Математиканы, өзін-өзі тану және дене шынықтыру пәндерін жақсы көремін.

Мен үйдің үлкенімін ғой, маған көп жауапкершілік артылып отыр. Сондықтан да дәрігер болғым келеді, — дейді Анаргүл.

Анасы жабырқаса көңілінен шығуға тырысып, жадырап жүретін Анаргүл өзін өкшелеп өсіп келе жатқан бауырлары жеті жасар Еркін мен алты жастағы Әлішер үшеуі №2 мектепке барады. Кезінде Алмагүл де осы мектепте оқыған.

Ал бес жасар Нұрсұлу, үш жасар Лилия және екіге енді толған Данияр мультфильм қарағанды, түрлі түсті қарындашпен сурет салғанды ұнатады.

Алмагүлді алты баласымен паналатып, жылдар бойы жанына жалау болып жүрген анасы Қаламқастың үлкен ұлы өз алдына шаңырақ құрыпты, одан екі немере сүйіп отыр. Өмірін бірге өткізген серігі Садықтың дүниеден ерте озғаны жүрегіне жазылмас жара салса, көзінің ағы мен қарасындай етіп өсірген қос ботасының бірі Алмагүлдің бағы ашылмағаны жанына батады. Жазмыштан озмыш жоқ. Осының бәріне төзген ана он жылдан бері жиендерін жетектеп келеді.

— Алмагүл ерте тұрмыс құрды. 18 жасында тұңғышын босанып, бізді ата-әже атандырды. Күйеу балам Мақсаттың Алмагүлден төрт жастай үлкендігі бар. Алғашқы жылдары біз оны жас жігіт қой, әлі-ақ есі кіріп, өзінің әке болғанын сезінер, сөйтіп жұмысқа тұрар деп үміттенгенбіз. Жыл сайын сәбилі болғандарына қарамастан, ол жұмысқа қырсыз болып шықты, отбасына табыс әкеліп қарық қылмады. Арада,міне, 10 жыл өтті. Бүгін-ертеңмен айлар, жылдар жылжыды. Бірақ тұрақты жұмыс істеген күйеу бала жоқ, ақырында сегіз ай бұрын кетіп тынды. Қызымның ажырасқанын қаламаймын. Балалардың толыққанды отбасында өскеніне не жетсін. Бірақ жатып ішер жалқау еркекті алты баласымен қоса асыраймын деп жүрген Алмагүлдің төзімі таусылғанын көріп отыру маған да оңай болмады.

Қазір балалар үкіметтен ешқандай көмек алып отырған жоқ. Жағдайлары мәз емес. Біз намысқа тырысып, материалдық тұрғыда жағдайымыз мүшкіл екенін айта бермейміз. Қазақшылыққа салынып шүкір дейміз, балалар өз несібесінен көреді дейміз. Қалалық балалар ауруханасынан бір медбикені арнайы бөліп, балалардың денсаулығын бақылауға көмектесіп отырғандары үшін денсаулық сақтау басқармасына, қолдау көрсеткендері үшін №2 мектептің ұжымына алғысымыз шексіз, — дейді Қаламқас апа.

 

су құбыры, баспана, балабақша

Ол өмір бойы екі баланы аяғынан тұрғызу үшін құрылыста жұмыс істеген жан жолдасын, өзінің аспаз болып еңбек еткен жастық шағын еске алды. Сол еңбектің арқасында қазір өздері тұрып жатқан үйді салып алыпты. Бірақ үйге су құбыры тартылмағанын айтқан Қаламқас апа мен Алмагүл жергілікті органдардан су құбырын тартып беруге көмектесуді бірнеше мәрте сұраған көрінеді. Бірақ бұл өтініштеріне әзірге ешкім құлақ аспапты. Балалардың естиярлары әжесімен бірге суды көшеден, көршілердің құдығынан сұрап тасиды. Қыс айларында көше көк мұз болып жатқанда жолдан су толы шелекпен өту өте қауіпті көрінеді. Бірақ, амал жоқ, балалы үй суды көп мөлшерде қажет етеді.

Отбасының екінші бір өтініші балабақша мәселесі болды. Кішкентай Лилия мен Данияр балабақшаның не екенін білмей өсіп келеді. Оларды балабақшаға орналастыру үшін жас ана талай табалдырықты тоздырып, талай есікке бас сұққан. Бірақ бұл мәселе де жабулы қақпақ астында қалып қойыпты.

— Мен алты баламмен бірге анамның үйінде тұрып жатырмын. Өзімізге тиесілі баспанамыз болған емес. Сондықтан мен көп балалы отбасына мемлекеттік бағдарламалардың бірі арқылы пәтер берілуі керектігін естіп, үйдің кезегіне 306-шы болып тұрып қойдым. Оған да бірталай уақыт өтті. Өткен жылы барып сұрасам, әлі күнге дейін 306-шы болып тұр екенмін. Кезектің жылжымағанына таң қалдым. Қаламызда қаншама үйлер салынып, мемлекеттік бағдарлама арқылы берілгенін естіп, бақытты жандар мерекелерде қоныс тойын тойлап жатқанын теледидардан көріп отырамын. Бізге де сондай бақытты күн туар деген үмітімді үзген емеспін. Жергілікті билік органдары менің баспана туралы проблемама қатысты бір ауыз үн қатса екен деп тілеймін, — деген Алмагүлің көзіне жас үйірілді. Көздері жәудіреген балалар анасының жабыққанын көріп тынышталып қалды.

Елбасымыз халқымыздың санын көбейтуді мемлекеттік саясаттың маңызды мәселесі ретінде міндет етіп қойып отырған қазіргідей тұста көп балалы отбасыларға қолдау көрсету керек десек, оған нағыз лайық адам моншаның еденін жуып, жалғыз өзі өндірдей ұл-қыз тәрбиелеп отырған Алмагүл Қалжанова екенін даусыз. Иә, сөз жоқ, балалы үй — базар. Бірақ жұпыны үй қоңырқай тірліктің куәсіндей отбасының таршылық көріп отырғанын көрсетті.

 

«жасанды түсік жасатқан емеспін»

— Мен тек қана «Күміс алқа» үшін 10 мың теңгенің көлемінде ай сайын үкіметтен жәрдемақы алып отырмын. Оған қоса моншадағы жұмысымнан шамалы ақша табамын. Бар тапқан-таянғанымды балаларға тамақ алып беруге жұмсаймын, оқу құралдарын түгендеуге тырысамын. Басқа тартсам — аяққа, аяққа тартсам — басқа жетпейтін… ақша ғой. Балаларымның тәрбиесімен, сабағымен айналысатын мүмкіндігім мүлдем жоқ. Таңның атысынан, іңір қараңғысына дейін моншаны жуамын. Оңай емес, бірақ түнде жұмыстан келгенімде балаларымның ұйықтап жатқанын көріп, көңілім жұбанады. Олардың болашағы жарқын болса екен деп тілеймін…

Өзім екі түйір баланың бірі болып өстім. Кішкентай кезімде балаларым көп болса екен деген арманымның болғаны рас. Кейбіреулер менің алты бала туғаныма қарсылық білдіріп, ақыл айтқансып жатады. Бірақ мен еш өкінбеймін. Ертең балаларым үлкен азамат болады! Талай рет жүкті кезімде материалдық жағдайымның қиын екенін бетіме басып, жолдасым екеумізге баланы алдыртып тастау туралы кеңес бергендер болды. Бірақ мен ешқашан жасанды түсік жасатқан емеспін. Ол — үлкен күнә. Қалай ғана өз балаңды кескілеп өлтіруге келісім бересің? Жоқ. Мен үшін ол мүмкін емес нәрсе, — дейді Алмагүл.

Алмагүл жолдасы Мақсаттан заңды түрде ажырасуға бел буыпты. Оның отбасын асырайтынына, жұмыс істейтініне сенбейді, күдерін үзген. Мақсат соңғы рет Жаңа жылда балаларына сыйлық әкеліп, отбасымен бірге болғысы келетінін айтып кетіпті. Бірақ атпалдай азамат іс жүзінде ештеңе дәлелдей алмағандықтан, айтқаны бос сөз болып қала беріпті. Алмагүл оның нақты мекенжай бойынша тіркеуде жоқтығынан балаларына жәрдемақы алу мүмкін болмай отырғанын айтады. Бірақ нақты қандай жәрдемақы тиесілі екенін де білмейді, тек егер, құдай қосқан қосағынан заңды түрде ажырасып кетсе, жалғызбасты ана ретінде мемлекет тарапынан балаларына жәрдемақы алатынына сенімді.

 

Жергілікті органдар не дейді?

Біз Алмагүлдің мәселесі бойынша облыстық зейнетақы төлеу орталығының бастығы Қайрат Отаровқа хабарласан едік.

— Алмагүл Қалжанова деген көп балалы ана біздің тізімде бар екен. Оған әрбір баласын бір жасқа жеткізгенше мемлекет бала күтіміне байланысты тиесілі ақшасын төлеп берді. Енді тек «Күміс алқа» алған ана ретінде республикалық бюджет тарапынан ай сайын 10 578 теңге алып отырады. Ал жергілікті бюджет тарапынан қандай көмектер тиесілі екенін мен айта алмаймын. Оны жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұрайсыздар, — деп Қайрат Орынбасарұлы жөн сілтеді.

Бұл басқармада біздің сұрағымызға бөлім бастығы Гүлім Сексенбаева жауап берді. Оның айтуынша, жергілікті бюджет тарапынан Қалжановтар отбасына қандайда бір жәрдемақы төленуі үшін Алмагүл аз қамтылған отбасы екенін дәлелдеуі керек. Ол үшін құжаттарын ағайынды Жұбановтар көшесінде орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырып, соңғы үш айдағы Мақсат екеуінің тапқан табысын есептетуі қажет.

—  Бізде «аз қамтылған отбасы» деген категорияға жататын отбасыларға ғана мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады. Ол кедейшіліктің шекті деңгейінен, яғни үйге ай сайын 6156 теңгеден аспайтын табыс кірген жағдайда отбасы аз қамтылған болып есептеледі. Оны есептейтін арнайы критерийлер бар. Егер ата-ана жұмысқа қабілетті бола тұра, мүлдем жұмыс істемейтін болса, онда мемлекетке масыл болып отырғандары үшін ақша төленбейді. Қалай болғанда да Қалжановтар отбасы алты баласының әрқайсысына 18 жасқа толғанша айына бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен шығатын жәрдемақы төленуі үшін «аз қамтылған отбасы» категориясына өтуі керек. Оның қанша болатынын қазір мен де, сіз де дөп басып айта алмаймыз. Сондықтан қалалық бөлімдегі атаулы әлеуметтік көмек алушылармен айналысатын арнайы бөлімшеге Алмагүлдің өзі құжат тапсырғаны дұрыс. Содан кейін, аз қамтылған отбасы екендігі заңды түрде анықталып жатса, тұрғын үй көмегі бөлімі арқылы төленетін жәрдемақыға да қол жеткізуге болады, — деді Гүлім Жарасқанқызы.

 

Төзім таусылмаса екен…

Дәл қазір алты баласын аяғынан тұрғызу үшін тағдырына мойынсұнған Алмагүлдің төзімі таусылмаса екен деп тілейік. Қазақтың ұрпағын өрбітіп отырған жас ана, жалғыз өзі үйелмелі-сүйелмелі алты баланы, қазақтың алты баласын бағып отырған жас ана дәл қазір көмекке зәру. Жергілікті билік органдары тарапынан балаларға қолдау көрсетілсе — нұр, қалтасы қалың қазақтың азаматтары қол ұшын созса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ал алты баласына қайырылмай адасқан азаматтың үйіріне қосылғаны дұрыс, әрине. Себебі бір қазақтың жұбы жазылса, тағы бір отбасы ойран болғаны, тағы бір ошақтың оты сөнгені, тағы бір әйелдің бақытсыз болғаны…

Бұл ойлар Алмагүлді де сан мәрте мазалапты. Жолға серттесіп бірге шыққан серігінің орта жолға жетпей жалт бұрылғаны қинайды оны. Талай рет ашуын ақылға жеңдіріп, құдай қосқан қосағын кешіріп көрді. Қате екі жақтан болады! Бұл — анасының сөзін мойындаған өзінің ойы.

…Биыл көктем ерте келетін сияқты. Бірақ кең дүниені жылы лебімен өбетін көктем алты баласының болашағына алаңдаған жалғызбасты ананың ескі қаладағы осы бір шағын үйін жылыта алмайтын сыңайы бар. Өмірдің өз көктемін аңсаудан туған сағынышты сезім сыртын ғана жылытып, ішін мұздата түскен алдамшы шуаққа көнбейтін де шығар… Осындай ойлардың құрсауынан арыла алмаған күндері Алмагүл аядай бөлмеге әзер сыйып аласұрады. Балалары әке жолын қарап, есік пен терезеге талмай үңіледі. Алмагүл үшін әкелері туралы айтқаннан артық азап жоқ екенін кішкентай балалар қайдан білсін. Алмагүлдің көзі де терезеге, тұтқасының сыры оңа бастаған есікке үнемі түседі. Осы бір есік күйеуі үшін мәңгіге жабылып қалғанға ұқсайды. «Тұрғың келмесе бар, бара бер, есік анау!» деген сөздер талай рет айтылып еді… Ақыры сол есік күйеуін шығарып сап тынды. Мәңгіге ме? Ол жағын ешкім айыра алмайды…

Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

 

…Ана безсе баладан,

бәрінен де сол қайғы!

 

Ұлтымыздың болашағы — қазақтың қаракөз бүлдіршіндері. Алайда өзінің ұрпағына жанашырлықпен қарамай, сәбилерін тастанды балалар қатарына қосатындар да бар. Заң бойынша ата-анасы бас тартқан сәби тиісті құжаттары рәсімделіп болған соң, кезегін күтіп отырған, балаға зәру жандардың қолына тапсырылады. Осы ретте ересектердің заңды білмеуі мен немқұрайдылығы көп байқалады екен. Оның үстіне «Анашым, мені алып кетші!» айдарын жүргізгелі редакциямызға телефон соғушылар көбейді. Көпшілігі ауылдардан хабарласады. Кейбірі жасөспірім емес, 3-5 жастағы бала асырап алғысы келетіндерін айтып, оның жолдарын, тәртібін сұрайды. Осы тақырыпта ізденген едік. Әлқисса…

 

Жүзден астам отбасы кезекте тұр

Қазіргі таңда Ақтөбе өңірінде сәби асырап алуға ниет білдірген 100-ден астам ата-ана кезекте тұр. Сәбилерге өзге облыстардан, әсіресе, Атырау облысынан «құда түсушілер» бар. Бұны бізге қалалық білім бөлімінің қамқоршы-қорғаншы органының бас маманы Райгүл Қонақбаева айтты. Одан әрі ол:

— Біз былтыр қабылданған «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сүйеніп, жұмыс істейміз. Ең әуелі сәби асырап алуға ниет білдірген ата-ана некеде болуы және жастары 45-ке толмауы шарт. Көпшілік түсінбей жатады, асырап алу мен қамқоршылыққа алудың ережелері екі бөлек. Кәмелеттік жасқа толған еңбекке қабілетті азаматтар қамқоршы немесе қорғаншы бола алады. Баланы асырап алуға ниет білдірушілердің тұрақты жұмыстары болуы тиіс. Сондай-ақ үйі болуы, оның ішінде, балаға тиесілі орын болуы шарт. Осыдан соң үміткер ата-ана бізге — қалалық білім бөліміне өтініш білдіруі қажет, — дейді.

Аталған Кодексте айтылғандай, құзырлы органдар бала асырап алуға өтініш жасаған ата-анадан денсаулығы, отбасы туралы анықтамаларын, мінездеме талап ете отырып, бала асырап алу мүмкіндігі туралы қорытынды жасайды. Содан кейін ғана облыстық білім басқармасы сәбилер үйіне жолдама береді. Болашақ ата-ана таңдаған сәбиіне 15 күн бойы барып, бірге серуендеп, ойнатады. Сәби де өзінің жаңа ата-анасына үйренісуі тиіс. Танысу кезеңі өткеннен кейін баланың құжаттары мен үміткер ата-ананың құжаттары сотқа жіберіледі. Баланы асырап алу жөніндегі соттың шешімі шыққаннан бастап 15 күн өткеннен кейін ғана баланы отбасына алып кете алады. Ал асырап алу жөніндегі соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін азаматтық хал актілерін жазу органдары асырап алу жөнінде куәлікті береді. Егер де асырап алған балаға жаңа ата-анасы өзінің тегін бергісі келсе және оның есімін өзгерткісі келсе, азаматтық хал актілерін жазу бөлімдеріне өтініш білдіруі қажет. Сонда ғана АХАЖ бөлімі кітапқа асырап алушыны ата-ана ретінде жазып, тууы туралы куәлік береді.

 

Тастанды сәбилердің көбі — науқас

«Үміт» сәбилер үйінің әлеуметтік педагогы Жанна Тастанованың айтуынша, осыдан 10 жылдай уақыт бұрын сәбилер үйінде 140-150 бала болатын. Соңғы жылдары мұндағы бейкүнә сәбилердің саны сәл де болса азайыпты.

— Қазір  «Үмітте» 100 сәби бар. Біздегі жүз сәбидің 1-еуі ғана — тұл жетім, 45-і — уақытша қалдырылғандар, 35-і — бойында туа біткен ақаулары бар мүгедек, ақыл-есі дұрыс дамымаған балалар. Кейбіреулер ата-аналық құқықтарынан айрылған соң, баланы осы жерге қалдырады. Баласын бағуға қазір шамасы келмейтін аналар да балаларын осында уақытша қалдыра алады. Сәбилер бізде туғаннан үш жасқа дейін бола алады. Үш жастан асқан соң, дені сау бүлдіршіндерді Алға балалар үйіне ауыстырамыз. Ал мүгедек бүлдіршіндерге арналған интернат бізде  жоқ болғандықтан, біз жүйке жүйесі бұзылған, кемтар сәбилерді үш жасқа толған соң Қызылорда қаласындағы психоневрологиялық балалар интернатына жөнелтеміз. Былтыр Қызылордаға 10 баланы, биыл қаңтарда екі баланы жібердік.  Енді төрт баланың құжаттарын әзірлеп жатырмыз, — дейді әлеуметтік педагог.

Бұл мекемеде уақытында балаларын алмаған ата-аналар ішкі істер басқармасы арқылы іздестіріледі. Әр аудандардың құзырлы органдарымен байланыс орнатып, үнемі бірге іздеу салады екен.

Жанна Тастанованың айтуынша, көбінесе жас аналар науқас боп туған баласын баққысы келмей, бас тартып жатады. Былтыр осы сәбилер үйіне көбісі түрлі дерттерге шалдыққан, ана уызына жарымаған 20-ға жуық нәресте түсті. «Ауру боп туғанына сәби кінәлі емес. Сондықтан біз бала асырап алғысы келетін ата-аналарға бәрін бірдей көрсетеміз. Ал олар дені сау бала алғысы келеді», — дейді әлеуметтік педагог.

 

Бастапқы ойды өзгерту үшін…

Облыстық перинатальды орталық — өңірдегі денсаулығы қыл үстінде тұрған әйелдерге жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін бірегей мекеме. Бұл орталыққа күніне орташа есеппен 20-25 ана түседі екен. Орталықтың бас дәрігері Асхат Балықов ананың баласынан бас тартпауы үшін көптеген жұмыстар жасалып жатқанын айтады.

— Біз аналардың балаларынан бас тартуын мейлінше азайту шараларын жүргіземіз. Бізде Мәскеуден арнайы осы бағытта оқып келген білікті психолог Жанат Бекетова жұмыс істейді. Психолог баласын тастап кетуге бекінген қыз-келіншектермен әңгімелесіп, ақыл-кеңесін айтады. Сондай-ақ екі жерде кеңес беру-диагностикалық тобымыз бар. Психолог сол жерлерге барып, аптасына екі рет «Баладан бас тартудың алдын алу» тақырыбында сабақ өткізеді. Аналармен ғана емес, әкелермен де сөйлесіп, кеңес береді. Тек қана психолог емес, нәрестеден бас тартқан аналармен ұжым болып сөйлесеміз, себебін анықтаймыз, бастапқы ойынан айнытамыз. Бірақ кей аналардың перзентханадан шыққаннан кейін баласынан бас тартқанын естіп жатамыз. Өкінішке орай, оларды бақылай алмаймыз, — дейді бас дәрігер.

Әйелдің жүкті кезінде іштегі шарананың кемтар болатынын алдын ала білетін медициналық тексерулердің қазір небір түрі бар. Дегенмен тастанды балалардың көпшілігі туғаннан кемтар…

— Жүкті кезінде аналардың көпшілігі денсаулығына немқұрайды қарайды. Уақытында дәрігерге көрінбейді. Мәселен, аналар жүктіліктің он екінші аптасына дейін учаскелік дәрігерге есепке тұруы тиіс, бірақ тұрмайды. Сондай-ақ тиісті скринингтік тексерулерден де өтпейді. Жүктіліктің 10-14 аптасы аралығында Даун синдромы ауруының белгілері бар-жоғын анықтауға болады. Өкінішке орай, аналардың көпшілігі дәрігерлерге сенбейді, «балаға зияны тиеді» деп, тиісті сараптамаларды жасатпайды. Дәрігерлер құрсақтағы нәрестенің кемтар болып туатыны туралы ескертсе де «құдайдың бергені — осы» деп, мерзімінде жүктілікті тоқтатуға келісім бермейді. Кейде ондай аналар кейін баласының кемтар боп туғанын көргенде, бас тартып жатады. Әрине, науқас бала денсаулығына бейжай қарайтын анадан туады. Қыз бала кішкентай кезінен бастап жылы киініп, бойын таза ұстауы тиіс. Сонда ғана өмірге дені сау ұрпақ әкеледі, — дейді А. Балықов.

 

P.S. «Торғай екеш торғай да

Балапанын қорғайды.

Ана безсе баладан —

Бәрінен де сол қайғы». 

Жарық дүниенің жамандығын көз ашпай жатып көрген тастанды нәрестелердің басым бөлігі түрлі дерттерге шалдыққан. Оған көбінесе берекесіз отбасы немесе аяғын шалыс басқан жас қыздар себепші болады. Ер азамат әкелік міндетті ауыр көріп, жауапкершіліктен бас тартады. Ал әйел-ана бойға біткен баланы қалай да түсіруге тырысып, ішін қатты байлап, түрлі дәрі-дәрмек қолданып, ақыры кемтар етіп тынады екен. Оның ішінде есірткіге еліткендер мен маскүнемдер де аз емес. Жезөкшелікпен айналысатын әйелдердің шараналары да шалажансар болып туылады.

Сәбилер үйінің табалдырығында көздері жәутеңдеп, жанары жасқа толып, есікке елеңдеп жүрген қаншама бүлдіршін жүр. Тағдыры қыл үстінде тұрған ешнәрседен хабарсыз, бейкүнә нәрестелер үшін, амалсыз, қайырымды, жанашыр ата-ана іздеуге тура келеді. Біздің әрекетіміз тек «әр баланың бақытты болуы үшін жаралғандығын» тағы бір еске салу ғана.

 

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

 

 

Боямасыз өмір

 

Әкесіз тағдыр

 

Қазақ отбасы түтінінің түзу ұшып, оның бүтін болғанын бақытқа балаған. Қазіргі қоғамда толық емес отбасылар аз емес. Басында сүйдім-күйдім деп қосылып, кейін бір отбасында тұра алмай, ажырасуды жөн санайтындар көбейді. Соның қырсығынан еш жазығы жоқ ұл мен қыз ата-анасының біреуінен еріксіз көз жазып қалады. Негізі, өз  әке-шешесінің  қасында, ата мен  әженің мейіріміне бөленіп өскен төрт құбыласы тең балалардан толық емес отбасында өскендердің айырмашылығы көрініп-ақ тұрады.

Күйеуі қайтыс болған әйелге де  баланы жалғыз өсіру оңай емес. Намысы бар аналар балаларын жалғыз тәрбиелеп отырса да, өзінің көріп отырған қиындығын айтуды ұят санайды.

Екі ұлымен саяжайда тұратын Бәтима да өз басындағы жайды ашып айтқысы келмейді.

— Құдайға шүкір, балаларым аш емес, жалаңаш емес. Мектептерінде ыстық тамақ береді. Сабаққа киетін киімдерін де, оқулықтарын да сол мектеп беріп отыр. Әйтеуір жоқ-жітіктерге мұғалімдері қарасып тұр ғой. Қол-аяғым сау, бірдеңе етіп асырармын, өздері де жетілер. Өзімде жұмыс бірде бар, бірде жоқ.

Саяжайдағы бір бөлмеде амалдап тұрып жатырмыз. Жалғыз біз емес, атпалдай азаматы барлар да саяжай жағалап жүр. Менің жолдасым да жоқ, себебін айтқым келмейді. Шамалы жәрдемақы жұғын болмайды, өсіп келе жатқан баланың керегі таусыла ма? Балаларым кейде жолақыға ақша таппай қалғанда сабаққа да бармайды. Қыстың күндері дала суық, қалай жаяу жіберейін.

Әжелеріміз: «Соғыстан қайтпаған боздақтардың жесірлері балаларын өздері жеткізді ғой», — деп айтып отыратын. Ол кездің жөні басқа, барлық жұрттың басына бірдей түскен қасірет, біреуді біреу мұқатпайды, керісінше, біріне-бірі сүйеу болды. Мейірімсіз болған жоқ қазіргідей.

Қазір кедейді кісі менсінбейді. Бөтен адамдар не қылсын, тіпті туысқандарың да жуымайды, арланады. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі  жеткіншек ұлдарға да жағымсыз әсер етеді екен. Қатарлары қымбат киім киеді, қалталарына ақшаларын салып алып қалада қыдырады. Менің балаларымда ондай мүмкіндік жоқ. Есейіп келе жатқан баламның қабағы ашылмайды. Жаз болса, бес-он тиын тапсын деп өзіммен бірге жұмысқа ертіп барамын, — дейді Бәтима.

Материалдық игіліктің әке орнын ауыстыра алмайтынын айтып өкінген тағы бір ана — Әсиманың әңгімесі де түрлі ойларға жетелейді.

— Жалғыз қызым бар. Не ішемін, не киемін жоқ, бар жағдайы бар, нағашылары  төбесіне көтереді. Мансап қуамын деп жүріп күйеуімнің қас-қабағына қарай алмадым ба, бөтен әйелге кетіп қалды. Бақуатты тұратын төркінім бар, күйеуімнің кетіп қалғанына онша бас ауыртпадым. Бала өсе келе әкесін іздейтінін ойламаппын. Қызым биыл 14 жасқа толды. Соңғы кезде: «Өзімнің жұртымда жүрсем, бұлай болмайтын еді. Әкем болғанда бүйтіп жүрмес едім. Кластастарымнан ұяламын, неге ажырастың әкеммен? Маған әке керек. Әкеме кетем!» — деп бұрқан-талқан болатынды шығарды. Қызын іздеп хабарласып жатқан әкесі тағы жоқ, — дейді Әсима.

Бір отбасында шошайып жалғыз өскен баланың ортаға сіңісуі де, адамдармен тіл табысуы да қиындау. Өйткені ештеңені өзгелермен бөлісіп үйренбеген, өзімшіл болып келеді. Толық емес отбасының өзіне тән проблемалары аз емес. Әрине, ешкім мұндай тағдырды таңдап алмайды, дегенмен балалардың жанына жарақат түспесін десек, ата-ана ұрпағының алдындағы жауапкершілігін есінен шығармағаны дұрыс болар еді.

Ардақ Құрманғалиқызы.

 

 

Туыстық некеге жол жоқ!

 

Қоғамымызда туыстық некені болдырмауымыз керек. Туыстық неке жақсылық нышаны емес. Оған медицина да қатаң тыйым салады. Туыстық некенің соңы тұқым қуалайтын аурулардың көбеюіне әкеліп соқтырады.

Тұқым қуалаушылық заңдылықтары тұрғысынан алғанда туыс адамдардың некелесуі дұрыс емес. Себебі, ондай адамдардың генотиптерінде ұқсастық болады. Тұқым қуалайтын аурулар рецессивті гендердің әсерінен анықталады. Содан кемтар балалар тууы мүмкін. Туыс емес ерлі-зайыптыларда ондай жағдай өте сирек кездеседі және ұрпақтың тіршілік қабілеті жоғары болады.

Біздің арғы ата-бабаларымыздан келе жатқан қалыптасқан дәстүр бойынша жеті атадан туыстығы бар ұрпақтың некелесуіне жол берілмейді. Бұл біздің гендік қорымыздың мол әрі мықты болуына әсер етеді. Сондықтан бұл дәстүрді сақтап қалуымыз қажет.
Кейде географиялық, әлеуметтік, экономикалық және тағы басқа да себептерге байланысты кейбір ұлттардың саны кеміп, оқшауланып қалады. Адамдардың ондай шағын популяциясында амалсыздан туыстық некеге мүмкіндік беріледі. Соның салдарынан тұқым қуалайтын кемістіктер мен сәбилердің өлімі көбейеді. Тіпті ондай халық жер бетінен жойылып кетуі де мүмкін.
Болашақ ұрпақты тұқым қуалайтын түрлі аурулардың зардаптарынан сақтандыру үшін адам генетикасы мен медициналық генетикада жүргізілген зерттеулер қолданылады. Дүниеге ауру ұрпақты келтірмеу үшін ата-ананың екеуінің де дендері сау болуы керек. Кейде ерлі-зайыптылардың екеуінің де дендері сау болғанымен, олардың тегінде тұқым қуалайтын ауру болса, ол келесі ұрпаққа беріледі. Мысалы, жігіттің шешесі эпилепсия (қояншық) ауруымен ауырса, ал әкесі сау болса, ол жігіт эпилепсик болмайды. Себебі оның әкесінен алған доминантты гені эпилепсияны анықтайтын шешесінен алған рецессивті генді жеңіп кетеді. Егер дәл осындай ата-анадан туған қыз жаңағы жігітке тұрмысқа шықса, өздері ауру болмағанымен, олардан ауру балалар дүниеге келуі мүмкін. Себебі оларда ата-аналарынан берілген эпилепсияның гені бар.

Жалпы ауру немесе кеміс ұрпақтың дүниеге келуі отбасы мен ата-ана үшін үлкен қайғы-қасірет. Сондықтан отбасын құруға бел буған кезде, әсіресе, тегінде тұқым қуалайтын кемістіктері бар адамдар медициналық-генетикалық кеңес алғаны жөн. Мұндай кеңес беретін орталықтар қазір Қазақстанның көптеген қалаларында бар.

 

Гауһар ДОСМЫРЗА,

жедел медициналық жәрдем ауруханасының медбикесі.

 

Қосымшаның редакторы А.Байменова.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button