Мәдениет

Қадір-қасиет биігі

Ол талай замана белестерін бастан өткерді. Хал-қадірінше халқына қызмет етті, ел басқару ісіне араласты. Ұрпақ өсірді, немере-шөбере сүйді. Ақсақалдық жасқа әдемі жетіп, айналасына сыйлы болды, алқалы топта төрде отырды. 

Біздің кейіпкеріміз Пана Әлиұлы Оралбаевтың өмір жолы — ғұлама Әлкей Марғұлан ғылыми тұрғыдан сипаттама берген абыздық деген ұғымға да сай келеді деп ойлаймыз.

Ақтөбе облысында партия-кеңес органдарында басшы қызметтерді атқарған Әйтек Сәрсеков, Қалау Рыскелдин сияқты Пана Оралбаев та мағыналы, ұзақ ғұмыр кешті: 1919 жылы дүниеге келіп, 2012 жылдың 25 ақпанында бақилық болды.

Пана Әлиұлы өткен белестерді негізінен үш кезеңге бөліп қараған жөн. Әкесі Әлидің келешекке дұрыс бағдар жасай білетін зерделілігі, есімі елге мәлім ұстаз, «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім» атағына ие болған Мейірхан Орынбасаров сияқты жандардың дәріс беруі, ағасы Хасеннің қамқорлығы нәтижесінде өткен ғасырдың отызыншы жылдарында С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне қабылданып, сол кезде көптеген профессор, академик, ғылым кандидаттарынан дәріс алуы оның өмір баспалдағындағы сәтті кезеңдер деп қарауға болады..

Бұл ретте республикаға еңбегі сіңген ғылым қайраткері К.П.Персидскийдің көмегін айрықша атауға болады. Өзінің курстасы әрі жолдасы грек баласы Вадим Харасақал оқудан шығып кетіп, бірнеше жылдан кейін университетке қайта түсіп, осы К.П.Персидскийдің қолдауымен университетті бітіріп, физика-математика ғылымдарының кандидаты, докторлық атағына дисертация қорғағанын Пәкең бір әңгіме етіп айтып отыратын. Осы еңбек жолымен К.П.Персидский студенті Вадим Харасақалмен бірлесіп физика-математика мектебін ашқан. Пана Әлиұлы оқудан тыс уақытында К.П. Персидскиймен шахмат ойнауда кейде ұтып, кейде ұтылатын уақыттары да болған. 1941 жылы осы университетті үздік үлгеріммен бітіріп шығады. Кейін өзінің жазбаларында небәрі отыз төрт жыл тірлік кешіп, Ұлы Отан соғысының майданында ерлікпен көз жұмған Хасен Әлиұлын тебірене еске алады. Бұл кісі Кеңес дәуірінде Қазақстандағы сот жүйесінің алғашқы қайраткерлерінің бірі болып, белгілі заңгерлер Әбидулла Биекеновпен, Өтеген Сейітовпен араласып, сыйласқан жан екен. Өкініштісі, соңында ұрпақ қалмаған, зайыбы Дариға отағасы әскерге алынған соң Шалқарға көшіп келіп, 1995 жылы бақилық болғанға дейін қайнысы Пана мен келіні Күмістің қолында алаңсыз өмір сүреді.

Қырқыншы жылдардың басында жоғары білімді қазақ жастары көп болған жоқ. Қуанышы кеудесіне сыймай елге келген Пәкең дәуірдің үлкен сынына кезігеді. Көп ұзамай қолына қару алып, Ұлы Отан соғысының майданына аттанды. Адамзатқа төнген жойқын зұлматтың бетін қайтару жолында тұстастарымен бірге төрт жыл қанды жорықтарды өткеріп, елге оралды. «Ерлігі үшін», «Маршал Жуков» медальдары, «II дәрежелі Отан соғысы» ордені екінші топтағы мүгедек Оралбаев үшін сұрапыл кезеңнің қастерлі белгісі болып қалды. Осылайша, бірінші кезеңнен сүрінбей өткен кейіпкеріміз еңбек күнделігін Шалқар қаласындағы жалғыз қазақ орта мектебінің директорлығынан бастайды. Бұл ретте шәкірттері былай деп ой толғайды.

Бөпей Көрпебаева, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, зейнеткер:

— 1946-1947 оқу жылында Шалқардағы қазақ орта мектебінде бесінші класқа келдім. Соғыс лаңы қай жерде де сезіліп тұр. Мектеп ғимараты жүдеп, азып тұрған кез. Директор қызметіне қиын шақта тағайындалған Пана ағай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дәбен Бөкешовке, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Әбдуәли Меңдияровқа, халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Дәуренбек Саринге әлденеше рет кіріп, мектептің оқу-материалдық базасын жақсарту жөнінде ауызша да, жазбаша ұсыныстар жасады. Ұсыныс жан-жақты сарапқа салынып, қаржы бөлінді, нәтижесінде мектеп пен оның жанындағы интернатқа кітап-құралдар, басқа да жабдықтар сатып алынды, кітапхана қоры толтырылды. Педагогикалық ұжым кәсібін ардақтай білетін, ұдайы ізденісте жүретін кадрлармен жасақталды.

Оразбай Әділбаев, Шалқар ауданының құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Пана ағай мектепте директор болып жүргенде біздерге 9-класта жетекші болды. Ол кісі басқару ісінде қатаң, талапшыл болғанымен, шәкірттеріне өте биязы, кішіпейіл қалпында сөйлесетін, сабағын да, ақылын да санаңа жеткізіп айтатын. Қиқар, қисық мінезді баланың өзі ағайдың айтқанына құлақ асып, үлкен ықыласпен тыңдайтын.

Офицер, коммунист П.Оралбаевтың педагогтік қызметі лайықты бағаланып, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды. 1954 жылы ол Шалқар аудандық партия комитетінің аппаратына жауапты қызметке шақырылды. Аупарткомның бюро мүшесі болып, аудан өміріне белсене араласты.

Аға ұрпақтың ел басқару ісіне тікелей қатысқан өкілдерімен араласып жүргенде аңғарғанымыз – олар бір өңірде тұрақтап қалмай сатылап жоғарылап, бірнеше ауданда қызмет етіп, тәжірибесін шыңдаған, білімін жетілдірген. Пана Әлиұлы да осы санаттан еді. Шалқарда басталған партиялық қызмет Ойыл, Новоресей (қазіргі Хромтау), Ақтөбе аудандарында жалғасты. Сөйтіп, еңбек өтілінің үшінші кезеңінде парасатты іс-қимылымен елге танылды. Мына жайға назар аударған жөн, халқымыздың біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Шалқар ауданынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат болып ұсынылғанда кейіпкеріміз оның сенімді өкілі қызметін атқарған екен. Тағдырдың әдемі сәттілігі емес пе?! Оралбаев қайда, қандай қызмет атқарса да, сол аймақтың экономикасын дамытып, мәдениетін жақсартуға күш-жігерін аянбай жұмсады. Ақтөбе ауданында сегіз жыл бірінші басшы қызметін атқарған В.С. Мыслина бастапқы қиын кезеңде өңір тірлігін жандандыруда Оралбаевтың үлесі зор болғанын тебірене әңгімелейді. Кадрларды дұрыс іріктеу, шаруаны шебер үйлестіру нәтижесінде қысқа мерзімде егін және мал шаруашылығы қатар дамып, облыс орталығын ет-сүт тағамдарымен, көкөніспен, картоппен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған. Шаруашылық басшыларының қатары Иван Классен, Юрий Кувакин, Валентина Фурсова сияқты беделді адамдармен толықтырылды.

Әрине, Пана Оралбаевтың аудандар басшылығындағы қызметі дер кезінде бағаланды, бес орден, ондаған медальдар, грамоталар – соның айғағы. Қазақстан Компартиясының съездеріне делегат болып қатысты, Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуының 50 жылдығы құрметіне Мәскеу қаласында өткізілген шеруде қазақстандық майдангерлер сапынан көрінді. Ақтөбе облысының, бірнеше ауданның құрметті азаматы атанды.

Мұның бәрі қамшының сабындай келте ғұмырда бір адамға аз олжа емес. Табиғатынан байсалды, қарапайым Пана Әлиұлы мақтау-қошеметтерге тасыған жоқ, ел-халық тірлігінен өзін бөлек ұстамады. Зейнет демалысына шыққаннан кейін ақырғы демі таусылғанша отыз жылдан астам уақытында сергек қалпымен ұрпақ тәрбиесіне қатысты, мерзімдік баспасөзде танымдық материалдарын жариялады, өз атынан екі мемуарлық кітапты баспадан шығарды. «Адал еңбек — азамат абыройы» деп аталатын алғашқы кітабын дайындау жұмыстарында бірнеше журналист інісі қол ұшын бергенбіз. Бізді автордың ұқыптылығы, жұмыс кестесін қатаң сақтайтындығы тәнті етті. Өткен жолдары жайлы есінде қалған штрихтарды қағазға өз қолымен түсіріп, алдымызға ұсынатын. Адамдар, оқиға кезеңдері туралы жаңылмай айтады. Кейін алпыс жылдан астам отасқан жары, абзал ана, өзі сияқты ұстаз, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атанған Күміс Дәулетқызы дүниеден озғанда марқұмға сүйіспеншілігінің белгісі ретінде деректі-суретті кітап шығарып, оқырманға ұсынды.

Бұл ретте ұлағатты шаңырақта тәрбиеленген ұл-қыздарының адамгершілігін, ата-анаға құрметін айтқан ләзім. Қашан, қай кезде барсақ та үлкен-кіші арасында орныққан сыйластыққа сүйсінетінбіз. Күміс апайдың бақилық болуы Пәкеңе оңай тиген жоқ. Балалары болса «Әкеміз көңілін бәсеңсітіп алмасын» деген ниетте арнайы жұмыс кабинетін жасақтап берді. Жылы, жарық бөлме, үстел үстінде жазу құралдары, күнделікті газет-журналдар.

Пана Әлиұлы жасының ұлғайғанын желеу етпей, қасиетті Түркістан қаласында әкелі-балалы батырлар Тілеу Айтұлы мен Жолдыаяқ Тілеуұлын ұлықтау шараларына қатысты. Шәкірті, отставкадағы полковник Лескен Ізбанов ел үшін жанын пида еткен батыр бабалар әруағына тағзым ету сапарларында бірге жүріп, ұстазының бекзат болмысын бұрынғыдан терең тани түскенін, мағыналы әңгімелерін тыңдағанын риза пейілімен айтады.

Үлкен жүректі азамат Пана Оралбаев ағайын-туыстарға, құда-жегжаттарға қайырымдылығымен, өзара достастырып, біріктіріп жүретіндігімен де есте қалды.

… Уақыт осылайша жылжып өте береді. Ақсақалдық жастың өзінде ажарлы қалпын сақтап, айналасына қадірін жоғалтпаған Пәкең көз алдымызда сол көпке үлгі кейпінде сақталып қалды.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

 журналист.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button