Мереке

«Нұр-Ақтөбе» — болашақтың қаласы

Болашақта Ақтөбе миллион тұрғыны бар алып шаһарға айналады. Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерекесі тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде төрт қаланың «Миллион тұрғыны бар қала» мәртебесіне ие болатынын, осыған қатысты әлеуметтік-экономикалық даму моделі жасалып, ол үдемелі инновациялық-инвестициялық бағдарлама, «Бизнестің жол картасы-2020» секілді ірі бағдарламалармен байланыстырыла дамитынын айтқан болатын. Осы төрт экономикалық орталықтың бірі біздің Ақтөбе қаласы болмақ.

Тәуелсіздік қазақ елінің әр түкпіріндегі ауыл-елдің тіршілік тамырына қан жүгіртіп, даламыз бен қаламызға ешкімнің ойына кірмеген жақсы жаңалықтарды, игі өзгерістерді алып келді. Мысалы, кешегі күнге дейін елімізде миллион тұрғыны бар қала ретінде бір-екі қала ғана аталып келді. Енді олардың саны көбейіп, сапасы артатын болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы — өз алдына бөлек мәселе… Қазақстанда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады», — деген еді…

 

Ақтөбе халқының осынша тез өсетінін ешкім болжай алған жоқ. Осыдан 6-7 жыл бұрын 2015 жылға дейін жасалған бас жоспардың пайдаға аспай қалғанының да себебі сол. Ол құжатта 2015 жылға қарай қала халқы 350 мыңға жетеді деп болжанған еді. Қазірдің өзінде қалада 400 мыңнан астам халық тұрады!

— Жаңадан әзірленіп жатқан бас жоспардың нүктесі биыл жыл аяғына дейін қойылады деген болатынбыз. Бірақ оған тағы да өзгерістер енгізіліп жатқанына байланысты 2013 жылдың бірінші жартысында бекітіледі деп отырмыз, — дейді Ақтөбе қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің бастығы Бөкей Біртай.

«Нұр-Ақтөбе» қалашығында болашақта шамамен 260 мың адам тұратын болады. Рас, бұл шекті сан емес. Халық саны да, қала аумағы да кеңеюі әбден мүмкін.

Әзірге жаңа қалашықтың іргесін қалау үшін1000 гектаржер қаралған.

— Осының 700-дей гектар жеріне сызба сұлбасы жасалды. Соның ішінде шамамен300 гектаржерге бөлшектеп жайғастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Жоба бойынша тұрғын үйлер, әкімшілік аймақ, әлеуметтік нысандар, саябақтар — барлығы да қарастырылған. Мысалы, әкімшілік ғимараттар қазір қаламызда әр жерде шашырап орналасқан болса, «Нұр-Ақтөбеде» бір жерде шоғырланып салынатын болады. Спорттық ғимараттар, көрме залы, театр, цирк секілді мәдени ошақтар да тым алыста болмайды.

Жоспар бойынша алдағы уақытта көп қабатты зәулім үйлерді көптеп тұрғызуға басымдық берілмек. Сонда инженерлік желілер тарту жұмыстарында да көп қиындық тудырмайтыны белгілі. Жаңа бас жоспарда бұл мәселелердің барлығы да ескерілген.

Қала әкімінің орынбасары Геннадий Дудаковтың айтуынша, құрылысы шамамен 15-20 жылға созылатын қалашықта 9 қабаттан бастап 25 қабатты зәулім үйлер салынатын болады.

— Қазір «Базис А», «B I Grupp» акционерлік қоғамдары мен «Highvill-Қазақстан» ЖШС секілді ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер инвесторлар келетін болса, «Нұр-Ақтөбеде» мысалы, 12-шағын аудандағыдай 25 қабатты үйлер де салынуы мүмкін, — дейді қала әкімінің орынбасары.

 

 

Алғашқы тұрғындар шілде айында келеді      

 

«Нұр-Ақтөбе» қаласының құрылысы жалпы біздің өңір үшін үлкен тарихи оқиға екендігі айғақ. Яғни оның алғашқы қоныстанушылары да «Нұр-Ақтөбенің» тарихында жазылатын болады. Г.Дудаковтың айтуынша, алдағы жылдың маусым-шілде айларында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша жалпы алаңы 38,3 мың шаршы метр болатын алғашқы 607 пәтер пайдаланылуға беріледі.  Сонымен қатар коммуналдық тұрғын үй кезегінде тұрған мұқтаж азаматтарға 3,3 мың шаршы метр болатын 41 пәтердің кілті берілмек. Қазіргі уақытта бұл үйлерді алуға үміткерлер тізімінің 75 пайызы дайын тұр деседі.

— Жолдарды дұрыстау, телефон желілерін жүргзу секілді жұмыстардың барлығы күн жылығасын, тұрғындар келіп қоныстана бастаған уақытта жүзеге асырылады, — дейді Г.Дудаков.

Жаңа аудан құрылысының бірінші кезегі 5 шағын ауданнан тұрады. Негізгі екеуінде жоғары қабатты тұрғын үйлер саны басым болмақ. Қоғамдық-әкімшіліктік орталықты қосатын бульвардың екі жағындағы екі шағын аудан және аталған орталықтың Жаман Қарғалы өзені жағында орналасатын бесінші шағын ауданның құрылыстары да жоспар бойынша жүргізіледі. Песчанка өзенінің маңайындағы саябақта жобаға сай балаларға арналған алаңдар, аттракциондар мен толықтай жабдықталған жабық стадион болмақ. Бульвардың екі жағында музей, театр, кітапхана секілді бірнеше мәдени мекемемелер бой көтереді.

— Қазір екінші шағын ауданның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2015 жылдың аяғына дейін бұл ауданда «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында пәтерлердің жалпы алаңы 282,2 мың шаршы метр болатын тұрғын үйдің 92 блок-секциясы салынады. Онда шамамен 5045 пәтер болмақ. Әр ауданда 1000-1200 орындық екі мектептен, 280-350 орындық 4 балабақшадан салынады. Екінші шағын ауданда орналасатын 500 орындық емхананың жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Құрылыстың қазіргі қарқынына қарап, 2020 жылға дейін бес  шағын ауданның құрылысы аяқталады деп сеніммен айта аламыз, —дейді қала әкімінің орынбасары.

Г.Дудаковтың айтуынша, алдағы уақытта «Нұр-Ақтөбеде» негізінен 16 шағын аудан болады деген болжам бар. Соның бес шағын ауданының жобасы қолымызда болса, қалған 11-інің жобасы болашақтың еншісіне қалдырылған.

— Далаға қала салу ертегі секілді көрінетін шығар. Бірақ кезінде Ақтөбедегі 11-ші, 12-ші шағын ауданның орнында да ештеңе болған жоқ еді ғой, аз ғана уақыттың ішінде биік-биік ғимараттары бар үлкен аудандарға айналды. «Нұр-Ақтөбе» де уақытында үлкен қалашық болады, — дейді Г.Дудаков.

 

 

Ақтөбеде агломерация орталығы құрылады

 

Елбасының кейбір қалаларды миллион тұрғыны бар қала мәртебесіне сай дамыту тапсырмасына сай үкімет елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде бағдарлама қабылдаған болатын. Басқа бірқатар қалалармен бірге Ақ­төбе шаһарында агломера­ция орталығын дамыту тұжырым­дамалық қа­дамдары жасалып жатыр. Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетовтің айтуынша, агломерация­ның ақ­төбе­лік айма­ғының радиусы 50-80 шақы­рымды алып жатыр. «Біз агло­ме­рацияға жататын Алға, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Қобда аудандарын, қала маңын­дағы елді мекендерді да­мы­туға жұмыс іс­теуіміз керек. Ақтөбе агломерациясы «Aktobe industrial city» деп аталады. Бұл бағытта металлур­гия­лық кластерге, химия өнер­кәсі­біне, құрылыс материалдары өн­дірісіне, ауыл шаруашылығына ба­сымдық беріп отырмыз. Ірі зауыт­тарға маман жұмыс­шылар қажет. Оларға даму әлеуеті төмен елді мекендер тұрғындары тартылатын болады», — деді облыс әкімі бір сұхбатында.

Агломерация қала халқының өсуіне әсер ететін факторлардың бірі. Қазір Ақтөбе облысында 700 мыңнан астам тұрғын бар. Ал 2040 жылға қарай қала халқы миллионға жетуі керек. Ол үшін қала халқы 2,5 еседей өсуі керек.  Бірақ қалай?

— Мұндай ұзақ мерзімді болжамның жүзеге асуына барлық алғышарттар бар: қалада мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму стратегиясы белсенді жүргізіліп, тау-кен металлургия, мұнай-газ өңдеуші және құрылыс өнеркәсіптері, жаңа индустриялық объектілері ашылады, ғылыми сыйымдылығы мол салалар қалыптасып, технополистер құрылады, — дейді мамандар.

Ақтөбе қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің бастығы Бөкей Біртайдың айтуынша, қазіргі уақытта қаланың солтүстік жақ беткейіндегі өндірістік аймақтың орналастырылуы, бекітілуі секілді жұмыстар мәресіне жетті. Енді ол жерде қандай өндіріс орындарының болатыны анықталады. Ал жұмыс бар жерде тірлік бар екендігі белгілі…       

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.


Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button