Кәсіпкерлермен кездесті

Прокуратура
Облыс прокуроры Марат Әбішев бизнестің түйткілді мәселелерін шешу мақсатында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының салалық кеңес төрағаларымен кездесті.
Кездесуге кәсіпкерлер палатасының құрылымдық бөлім басшылары, салалық кеңес төрағалары және облыстық прокуратура қызметкерлері қатысты.
Бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік палата жанынан кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған салалық кеңестер жұмыс істейді. Қазіргі таңда кеңестер құрамына 200-ден астам бизнес өкілі бірігіп, сауда және қызмет көрсету, денсаулық сақтау, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, индустрия және туризм секілді маңызды салаларды қамтып отыр.
— Бизнесті қорғау мен инвестициялық жобаларды қолдау — прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі. Бұл — Мемлекет басшысы мен Бас прокурор айқындап берген тапсырмалар. Сондықтан да біз оны тиімді жүзеге асыруға тиіспіз. Әкімшілік кедергілер, заңсыз тексерулер, рұқсат алу кезіндегі қиындықтар немесе басқа да тосқауылдарға байланысты кәсіпкерлерден бізге кері байланыс қажет, — деді облыс прокуроры Марат Әбішев.
Өз кезегінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов прокуратура органдарымен орнаған осындай конструктивті диалог үшін алғыс білдіріп, кездесулердің тұрақты түрде өтуіне үміт артты.
Кездесу барысында салалық кеңес төрағалары бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Соның бірі — электр энергиясының тарифтері. Былтыр 1 наурыздан бастап заңды тұлғалар үшін тариф 25 пайызға артты. Алдағы уақытта тарифті тағы 32 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Бұл бизнеске едәуір салмақ салып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын төмендетуі мүмкін.
Сондай-ақ жиында отандық медициналық техника өндірушілерінің мәселелері талқыланып, мемлекеттік сатып алуда жергілікті өндірушілерді қолдау және офтейк-келісімшарттар жасау ұсынылды.
Мектеп асханаларын қаржыландыру мәселесі де осы отырыста көтерілді. Кеңес төрағаларының айтуынша, тамақтану құны инфляцияға байланысты өссе де, өңірде индексация жасалмаған. Кәсіпкерлер мектеп асханаларында бір балаға шаққандағы тамақтану құнын қосымша құн салығынсыз 605 теңгеге дейін арттыруды сұрады.
Сондай-ақ жиында жергілікті кәсіпкерлер жиі көтеретін мәселе — жүк тасымалына қатысты, яғни шетелдік рұқсат бланкілерінің шектеулі саны экспорттық тасымалдарға кедергі келтіріп отырғаны айтылды. Аграрлық несие корпорациясының жұмысына қатысты мәселе көтерілді. Себебі проблемалы несиелерді қайта құрылымдау рәсімдері тым ұзаққа созылады. Бұл — ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне елеулі қиындықтар туғызуда.
Қазіргі уақытта облыста 700-ге жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін біріктіретін 14 несие серіктестік жұмыс істейді.
Сонымен қатар құрылыс және жөндеу жұмыстарына қатысты мемлекеттік сатып алуларды жыл басына дейін өткізу ұсынылды. Бұл мердігерлерге алдын ала дайындық жасап, жұмыстарды уақтылы аяқтауға мүмкіндік бермек.
Жиында ішкі туризмді дамытуға қатысты мәселе де сөз болды. Туризм саласындағы гранттар көлемін 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін ұлғайту ұсынылды. Бұл — кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, өңірдің туристік тартымдылығын жақсартуға сеп болады.
Кездесу қорытындысында көтерілген барлық мәселе облыс прокуратурасының қарауына алынды.
Облыс прокуроры Марат Әбішев пен өңірлік кеңес төрағасы Асхат Айтжанов бизнесті құқықтық қорғау бағытында ашық диалог пен бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Тек осындай өзара іс-қимыл арқылы өңір экономикасының дамуына қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
Арайлым НҰРБАЕВА.