«Қош келдің, Әз Наурыз!»

Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алдында «Наурызнама» тұжырымдамасының онкүндігіне сәйкес 22 наурыз — Ұлыстың ұлы күніне орай өткен мерекелік концерт «Қош келдің, Әз Наурыз!» деп аталды.
Киіз үй стиліндегі сахнаға шыққан Асхат Шахаров жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазір Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпы ұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді» — деген болатын. Сондай-ақ, күні кеше Көкшетауда төртінші құрылтай өтіп, ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында төл мәдениетіміздегі Әз Наурыз мейрамының орны бөлек екеніне ерекше тоқталып өтті. Шындығында, Шығыс халықтарының жыл басы болып саналатын бұл мезгіл — еңбек пен іскерлікті, бірлік пен ынтымақтастықты және бауырмалдықты одан әрі бекітеді. Осыған орай, өткен жылдан бастап дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар тамыр жайған ұлттық мерекені атап өтуге арналған «Наурызнама» тұжырымдамасы қабылданды. «Наурызнама» онкүндігі Көрісу күнінен бастау алып, Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі іс-шараларды қамтыды. Өңіріміздің наурыздан наурызға дейін қол жеткізген табыстары аз емес. Жылдан жылға облысымыз гүлденіп, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Осының барлығы – сіз бен біздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі. Бірлігіміздің арқасында талай асуларды да бағындыратынымызға сенемін. Наурыз мерекесі отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға молшылық, береке мен бірлік әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Одан соң Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртістері, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қазақ камералық хоры, «Сақтау» этно-фольклорлық тобы, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблі, «Достық сазы» фольклорлық ансамблі, «Дауыс» әншілер ұжымы өнер көрсететті. Сонымен қатар, дәстүрлі әндер шеруі ұйымдастырылып, қазақтың бай музыкалық мұрасы дәріптелді.
Мерекеде салт-дәстүрге негізделген шаралар да өткізіледі. Қазақтың ұлттық ұғымындағы табиғатқа байланысты 7 амал жұмбақ ретінде қойылып, сыр сандықтар ашылды. Наурыздың рухани мазмұнын арттыру мақсатында әжелердің аластау дәстүрі мен жауырыншының, жұлдызшының өнері сахналанды.
Ал көпшілікке танымал Тазша бала мерекенің сәнін келтіріп, көрерменнің көңіл күйін көтерді. Елімізге танымал әншілер — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мирас пен Құралай Бекжановтар әннен шашу шашып, ақтөбеліктерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
— Бүгін біз ұлттық мерекеміз — Наурызды тойлап жатырмыз. Бұл жай ғана тойлау емес, ұлттық дәстүрлердің жаңғыруы, жаңару мен халық бірлігінің тойы. Ежелден бері қазақ халқы көктемнің келуін қуанышпен және ізгі тілектермен қарсы алады. Екінші жыл қатарынан Наурыз онкүндік форматында тойланып отыр. Онкүндік 14 наурызда Көрісу күні — кешірім мен қауышу күнімен басталды, одан кейін бірлік, тазалық және қайырымдылық күндеріне жалғасады. Мұның бәрі жас ұрпақтың дәстүрге деген құрметін қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды нығайтып, адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты күшейтеді. Бүгінгі жастардың ұлттық киімін мақтанышпен киіп, ата-баба мұрасына қызығушылық танытуы көңіл қуантады. Өйткені олар өздері көріп өскен салт-дәстүрлерімізді келер ұрпаққа жалғастырады.
Барша ақтөбеліктерді осы тамаша мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа молшылық, береке және бақыт тілеймін, елімізде әрдайым бейбітшілік пен бірлік болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! — деді ақын, облыстық мәслихат депутаты Бижан Қалмағанбетов.
Сонымен қатар бұл күні қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде тұрғындар ұлттық бұйымдармен, зергерлік өнермен, ағаш және тері өңдеу шеберлігінің үлгілерімен танысты.
Әсіресе, балалар жұмсақ ойыншықтар мен түрлі-түсті қуыршақтар қойылған үстелдің жанында айналшықтап жүрді. Қолөнер шебері Ләйлә Байғанова көрмеде көптеген бұйымдарын ұсынып тұр: ұлттық киімдегі қуыршақтар, киізден жасалған ойыншықтар, автокөлікке арналған кәдесыйлар, үйді безендіруге немесе интерьердің бір бөлігіне айналатын рулық тұмарлар. «Жаңа жылда бәрі жаппай сыйлық алып, бір-біріне сыйлап жатады ғой. Наурызда да ұлттық кәдесыйларды сатып алып, неге сыйламасқа? Наурыз тойы құтты болсын, елімізде тыныштық болсын!», — деді Ләйлә Байғанова ұсыныс-тілегін айтып.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.