«Идеялар фабрикасына» өз жобаларын ұсынады

Семинар
Ақтөбеде «Жобалық менеджмент — мектепте!» жобасының аясында оқыту семинары өтіп жатыр.
Семинарға облыс орталығындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназия, №47 орта мектеп, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейі, Ақтөбе орта мектебі және №39 орта мектеп-лицейісынды оқу орындарынан мұғалімдер мен оқушылар шақырылған. Барлығы 50 адам қатысады.
Семинарды ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы мен облыстық білім басқармасы бірлесе ұйымдастырып отыр. Бастамашы — облыс әкімдігі жанындағы жобалық кеңсе. Сондай-ақ білім беру қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы да қолдау көрсеткен.
Семинардың ашылуында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясыоблыстық филиалының директоры Саида Сәдуақасовасеминардың мақсаты, жалпы осы бастаманың маңызы жөнінде айтты. Сондай-ақ облыс әкімдігі жанындағы жобалық кеңсенің басшысы Тимур Жөнелбаев,облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова да сөз сөйлеп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
«Жобалық менеджмент — мектепте!» жобасы алғаш рет 2023 жылы Ақтөбеде пилоттық жоба ретінде қолға алынған болатын. Ұйымдастырушылар атап өткендей, мақсат — жобалық басқару технологияларын меңгеру, мүдделі жақтармен тіл табысу, сапаны басқару, т.б. тақырыптар аясында теориялық білім беру, сол арқылы білім беру саласы қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттыруға, ал оқушылардың бойында жобалық басқару дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету.Сондай-ақ инвестиция мен қаржыны басқару, қаржылық сауаттылық мәселелері де қамтылады.
Семинарға қатысушылар соңында «Идеялар фабрикасына» өз жобаларын ұсынатын болады.
А.САРЫБАЙ.