338 оқушының талабы

Олимпиада
Iqanat олимпиадасының бірінші кезеңінен өңірдің 300-ден астам оқушысы сәтті өтті. Енді олар ел бойынша 1000 финалист қатарына ену үшін үш күн бойы тестілеуден жарысады.
Бұл туралы бізге IQanat білім беру қорының Ақтөбе облысы бойынша үйлестірушісі Ренат Вактов айтты.
— Мен олимпиада алдында өңірдегі ауыл мектептерін аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. IQanat бағдарламасы тек ауыл балаларына арналған. Бұған қала мектептерінің оқушылары қатыспайды. Олимпиадаға тек 8-сынып оқушылары тартылады. Бірінші кезең аудан орталықтарында өтті. Оған 1200 оқушы қатысты. Олар қазақ тілі, қазақ әдебиеті, математика және таңдау пәні бойынша сынға түсіп, 338 оқушы іріктелді.
Екінші кезең Ақтөбе облысында 26-28 наурыз аралығында зум платформасында онлайн форматта өтіп жатыр.Осы кезеңде бүкіл ел бойынша 1000 финалист іріктеледі. Олардың бір бөлігі — Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында оқу мүмкіндігіне, қалғаны олимпиададан кейінгі үш жылдық тегін қолдау бағдарламасына ие болады. Оның аясында балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға интенсивті дайындалып, ағылшын тілін ІТ дағдыларды және кәсіпкерлік негіздерін меңгереді.
IQanat олимпиадасы — білім сынағы ғана емес, сонымен бірге болашақ көшбасшыларға арналған ұмытылмас тәжірибе, шабыт пен жаңа мүмкіндіктер, — дейді Ренат Вактов.
IQanat білім беру қоры — ауыл балаларын қолдау ниетімен біріккен 100-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдау көрсететін республикалық әлеуметтік білім беру жобасы. Республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының тізбесіне енгізілгенIQanat олимпиадасы 2019 жылдан бері Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жыл сайын өткізіліп келеді. Содан бері жүздеген оқушы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсті.
Ренат Вактовтың айтуынша, осы жылдың басты ерекшелігі — Peer-to-Peer жобасы.
— IQanat олимпиадасы білім байқауы ғана емес, енді білім берудегі тәлімгерлік алаңына айналып, жаңа мазмұнға ие болды. Енді жоғары сынып оқушылары мен IQanat түлектері төменгі сынып оқушыларына тәлімгер (тьютор) болып, олардың мектеп бағдарламасы бойынша жетіспей жатқан білімдерін көтеруге көмектеседі, — дейді үйлестіруші.
Сондай-ақ оқушылар емтихан процесінен бөлек, ынталандыру тренингтеріне, квесттерге, командалық ойындарға және дамытушы шараларға қатысады. Балаларға 11 тьютор және IQanat жобасының 7 қатысушысы көмектесіп, олардың өз әлеуетін ашуына және алдағы академиялық міндеттерге дайын болуына ықпал етеді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.