МерекеМәдениет

Ырысты ынтымақ күні

Наурызнама онкүндігінің сегізінші күні —  Ынтымақ күні.

Мерекеге орай «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында «Наурыз.Бірлік. Береке» атты іс-шара өтті.

Наурыз мейрамы еліміздегі барлық ұлт өкілін жаңару, бірлік және ізгілік секілді құндылықтар арқылы біріктіреді.

Мерекеде алаңға жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды. Алдымен сахна төріне  жарапазан айтатын «Ер Едіге» жыр мектебінің балалары мен этномәдени бірлестіктердің ата-әжелері шықты.

— Қазақ халқы — ежелден ынтымағы мен татулығын ту еткен дана халық. Сондықтан бұл күн халқымыз үшін айрықша мәнге ие болмақ. Қала аумағында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бүгін этномәдени бірлестіктердің өкілдері өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Бүгінде қалада 37 этномәдени бірлестік бар. Барлығы да мерекеге атсалысуда, — деді облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері Аманбек Иманов.

Сондай-ақ  украиндердің «Оксана» ұлттық-мәдени орталығының  «Оксана» халықтық  хоры «Бипыл» әнін орындаса, немістердің «Возрождение» ұлттық- мәдени орталығының «Veilchen» халықтық  хоры   «Қазақстаным менің» әнін шырқады.

Сонымен қатар «Дәстүрден — дәмді өнерге» атты іс-шара ұйымдастырылды. Яғни әртүрлі әдіспен дайындалған құрттар ақтөбеліктерге ұсынылды. Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері шашу шашып, ақ дастарқан жайды. Наурызкөже, шұбат, бауырсақ және түрлі ұлттық тағамдардан қала тұрғындары мен қонақтары дәм татты.

Мерекелік шарада ұлттық саз аспаптары тартылып, ұлттық ойындар мен спорттық жарыстар да ұйымдастырылды.

Жиналған жұртшылық  алаңнан ерекше көңіл күймен тарқасты.

 К.ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button