Театр күніндегі салтанат

Театр
27 наурыз — Халықаралық театр күніне орай бірқатар ақтөбелік актер марапатталып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратында өткен «Бекзат өнер» мерекелік кешінде жылдағы дәстүр бойынша әуелі сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, құттықтау сөз айтылды.
— Ең алдымен театр майталмандары мен патша көңілді көрермендерімізді мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тілегім келеді. Театр әлемінде еңбек ететін әрқайсысыңыздың рухани құндылықтарды насихаттап, адамдарды ізгілікке, сұлулыққа, тәлім-тәрбиеге шақыруда үлестеріңіз зор. Осынау игі істе барлығыңызға сәттілік, шалқар шабыт тілеймін, — деген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Әсемгүл Жұманова «Алақай» қуыршақ театрынан Нұргүл Тұрғанова, Мәншүк Сатыбалдина, Ахтанов атындағы театрдан Айгүл Оразалина, Татьяна Юлусоваларға Алғыс хат тапсырды. Сондай-ақ Қазақстанның салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалы, облыстық, қалалық мәслихаттар, «Амаnat» партиясы, Қазақстан театр қайраткерлері одағының өңірдегі өкілдігі, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы атынан бірқатар мәдениет саласының өкілі марапатталды.
Мерекелік кеште «Akhtanov fest» фестивалінің қорытындысы шығарылып, «Мен театрды сүйемін» аталымы бойынша Мира Исатай, Наталья Короленко, «Үздік комментатор» номинациясы бойынша Индира Кущанова, Роза Юдкина, «Үздік көрермен» аталымы бойынша Құрманай Базарбайқызы, Наталья Демина сынды ақтөбеліктер жеңіске жетіп, әрқайсысына 5 спектакльге арналған 2 адамдық абонемент сыйға тартылды. Ал артистер арасынан Бекжан Қайроллин, Нариман Костыр, Рамазан Отарбаев, Әділет Мұхтар, Нұрсұлтан Есет, Аслан Төлентай, Уәлихан Кенжебаев, Станислав Бахмутов, Артем Москаленко, Елизавета Пятова-Иова, Ажар Жәрденбекқызы, Дарья Магомедова, Ирина Москаленко, Ольга Калашникова, Аружан Базарбаева, Ангелина Недюжина, Фатима Бердібековалар әртүрлі номинациялар бойынша үздік деп танылды.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр, «Алақай» қуыршақ театры, «Екі езу» сатира театры, Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-лицейдің балалар театры өнер көрсеткен думанды кеш ән шашуға ұласты.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.