Ерекше күнтізбе

Биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында Ақтөбеде ерекше Күнтізбе пайда болды. Мұны облыс әкімі Асхат Шахаровтың жеке идеясы және тікелей тапсырмасы бойынша құрылған шығармашылық топ жүзеге асырды.
Оның шебер көркемделген бастапқы бет-мұқабасына «Ақтөбе. 2025 жыл. Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жазылған.
Күнтізбе әдеттегідей қаңтар айынан емес, Шығыстың жыл басы саналатын 22 наурыздан басталады. Яғни, биылғы Наурыздан келесі жылғы Наурызға дейінгі уақыт аралығын қамтиды.
Алғашқы парақ« Жыл басы. 22 наурыз. Сенбі» деген жазумен ашылады. Әсем безендірілген парақтың орта тұсы парақшаны қолданушының өз жоспарларын, ойларын жазып отыруы үшін дәптердің жолақ жолдарысынды бос қалдырылған.
Ал қазақы өрнек салынып,көк туымыздың түсімен боялған көрнекі тұстан «Жыл басы Ұлыстың ұлы күні Наурыз—біздің дәстүріміздің қайталанбас белгісі. Бұл мейрам халқымыздың мәдениеті мен тарихын, сол сияқты біздің бірлігіміз бен ынтымағымызды айқындайды. Қ. Тоқаев» деген қанатты сөзді оқимыз.
Бұл күнпарақтың бірінші ерекшелігі — Наурыздан Наурызға дейінгі уақытты қамтыса, екінші ерекшелігі — осылай әр парақ сайын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр кезеңде, әр тұста айтқан, бүгінде алға ұстану үшін бағдарымызғаайналған ұстанымдарының берілуі.
Ол парасатты пайымдаулар парақтан параққа жай жалғаспайды, еліміздің мерейлі, даталы күндермен, белгілі қайраткерлеріміздің, ақын-жазушыларымыздың, басқа да ардақтыларымыздың мерейтойлық туған күндерімен мазмұндас келіп, қадыр-қасиетін аша түседі, бағыт-бағдар береді.
Айталық, былғы 24 наурызда белгілі ғалым Евней Букетовтің туғанына 100 жыл толады. Айтулы ғалымның мерейтойын еске салған осы парақта Президентіміздің «Біз ғылымды дамытпасақ, ешқашан озық мемлекет бола алмаймыз. Ғалымдарымыздың еңбегі — біздің болашағымыздың іргетасы» деген сөзі берілген.
Әрі қарай жалғастырсақ, 25 наурызда әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген ролінде ойнап, халқымыздың мақтанышына айналған даңқты актер Құман Тастанбековтің туғанына 80 жыл толады екен. Мемлекет басшысының осы беттегі «Мәдениет дегеніміз — ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр» деген тұжырымы осы сәтпен үндесіп-ақ тұрған жоқ па?!
Немесе 27 наурыз күнгі парақшадағы «Өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады» деуін көрегендік деп қабылдамауға қақымыз жоқ. Өйткені мұның ақиқаттығын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Әлем тарихында соның зардабын шеккен елдер аз емес, бүгінгі күнде де табылады. Президент осы сөзі арқылы өкінішке қарай, біздің де арамызда кездесіп қалып жататын желөкпеліктен, ұшқарылықтан сақтандырады.
Ал 29 наурыз парақшасына түскен «Көгалдандыру, абаттандыру — үлкен маңызы бар іс» деген жолдар көктемнің күшіне енуімен қай жұмыстарды қолға алу керек екенін меңзеп тұрғандай.
Наурыздың соңғы екі күні Президенттің «Көпшіліктің көңілінен шығамын деп тура сөзден жаңылуға болмайды» және «Біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек» деген ақиқатты алға тартқан түйіндемелерімен аяқталады.
Алдағы сәуір айының бірінде арқалы композитор, қазақтың біртуар ұлы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толады. Осы беттен «Нұрғиса Тілендиев — қазақ музыкасының үлкен шебері, оның шығармалары ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылады. Оның музыкасы халықтың жүрегіне терең жол тапты» деп берген жоғары бағасын оқимыз. Сондай-ақ, 3-4-5 сәуір парақшасындағы «Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес» және «Жаһанды белгісіздік жайлаған бұлыңғыр заманда бәсекеге барынша қабілетті болу үшін барлық жағынан кемел ұлт болуымыз керек», «Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді»деген сөздер өзара сабақтасып, әрі бірін бірі толықтырып тұрғандай.
Біз ата-баба аруағын ардақтап, пір тұтатын халықпыз. Биыл 7 сәуірде пірдің соңы Бекет ата Мырзағұлұлының туғанына 275 жыл толады. Осымен байланысты берілген «Бекет ата — қазақ халқының рухани ұстанымы мен мәдениеті үшін маңызды тұлға. Ол тек дін қайраткері ғана емес, сонымен қатар халықтың ұлттық болмысын сақтауға, ұрпаққа адалдық пен сабырлылықты үйретуге үлкен үлес қосқан» деген пікірі тақырыпты мейлінше ашып тұр. Мұнан кейінгі парақшалардағы «Біз «Тегіміз–түркі, түлігіміз–жылқы»деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған» немесе «Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек», болмаса «Табысқа жеткен әр адам туған жеріне қамқор болуы қажет» деп жалғасатын жалынды тіркестер әр қазақтың жүрегіне жақын.
Мамыр айы — Отан қорғау, Ұлы Жеңіс мерекесімен байланысты. Мұны Мемлекет басшысы «Отанға қызмет ету — әрбір азаматтың парыз» деп асқақ лебізбен білдіреді.
11 мамыр күнінің парағындағы «Қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар — заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі» деген сөз басты мәселені айқындайды. Күнпарақтың тағы бір бетіндегі «Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек» деген пайымдама әр адамды да ойландырса керек.
«Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады».
18 маусым күнгі парақта жазылған осы сөздің ақиқатын әлемнің біраз елдерінің мысалдары көрсетіп отыр.
Парақ беттерінде Президенттің елді, халықты бірліке, ынтымаққа шақыратын сөздері жиі ұшырасады. Соның бірі — «Бізге бітпейтін дау-дамбай емес, мызғымас ынтымақ пен бірлік керек» дегені.
Мөңке би бабамыздың 350 жылдығы биылғы 2 шілдеге келіп тұр. Президенттің данышпан баба туралы айтқандарында осы парақтан табуғаболады.
Қасым-ЖомартТоқаев «Ұлы Абай — қазақ руханиятының темірқазығы» деген. Ал сол ұлы Абайдың туғанына 10 тамызда 180 жыл толады.
Қыркүйек айының соңғы күндеріндегі парақтан «Дамыған елдердің тұрғындары әрнәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған»деген жолдарды оқуға болады.
16 қазандағы парақта «Енді біздің ортақ мақсатымыз–заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына лайықты құрмет көрсетілетін Әділетті Қазақстанды құру»деген айқын мақсатты,қағидалы сөзі жазылған.
Қараша айы Мемлекет басшысының «Ардың алдында ақ болу керек» деген елге арнаған сөзімен басталады.Ал 5 желтоқсанда «Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз» деген сөзі бар. Сол сияқты 2 қаңтарда «Жемқорлық–кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады» деген тұжырымды көреміз. “Ұлттың денсаулығы–мемлекетіміздің болашағының кепілі. Егер халықтың денсаулығы жақсы болса, ұлттың жан-жақты дамуы мен өркендеуі де мүмкін болады» деген сөзі 23 ақпандағы парақшада тұр.
2026 жылдың 1 наурызы Алғыс айту күні — жексенбіге келеді. Осы бетте «Сыйластық бар жерде–береке бар» деген Мемлекет басшысының сөзін оқимыз.Сондай-ақ осы наурыз айында аталатын «Шаңырақ күні», «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», «Ұлттық киім күні», «Жаңару күні», «Ұлттық спорт күні», соңы 21 наурызда аяқталатын «Ынтымақ күні» туралы айтқан Президенттің сөздері берілген.
Шығу тарихы грекке барып тірелетін күнпарақтың бастапқы міндеті, атқаратын қызметі —тәуліктің әр күнін есте ұстау, тиімді пайдалану болса, бүгінгі сан алуан, түрліше кескіндегі шығып жатқан күнпарақтар да негізінен сол мақсаттарды көздейді.
Ақтөбеде жарыққаь шыққан күнпарақ соның аудармалы, жұмыс столы үстінде пайдалануға арналған түрі сияқты. Оның ерекшеліктері туралы жоғарыда айттық. Биылғы жылдың 22 наурызынан келесі жылдың наурызына жалғасатын 365 күнді қамтитын күнпараққа Президентіміздің сонша қанатты сөздері берілген. Ол әр күн сайын маңызды мәселелерді еске салумен бірге, оларды табандылықпен жүзеге асыруға бағыт-бағдар ұсынады.
Бұл күнпарақ біздің қай-қайсымызға да, былайынша айтқанда жалпы жұртшылыққа, сондай-ақ елмен етене қызмет атқарып отырған мемлекеттік қызмет адамдарына да пайдалы әрі ыңғайлы ғой деп ойлаймыз. Жалпы қоғамымыздың әр мүшесіне көмегі тиетін жақсы көрнекі құрал десек, артық емес.
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Ақтөбе қаласы.