Мәдениет

Жас өрендердің сайысы

Фестиваль

Ақтөбеде «Алақай» қуыршақ театрының ұйымдастыруымен VІI облыстық «ЕркеТеатрAqtobe» атты балалар театр фестивалі басталды. Екі күнге созылатын дәстүрлі фестивальге Ақтөбе қаласы мен аудандардан 3-11 жас аралығындағы 300-ге жуық мектеп оқушысы мен балабақша тәрбиеленушісі қатысып жатыр. Бұл іс-шара  Халықаралық театр күніне және «Алақай» қуыршақ театрының 40 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өнер және халық шығармашылығы бөлімінің бас маманы Әсемгүл Жұманова ашып, ауқымды іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Бұл фестивальдің балаларға тигізер пайдасы көп. Қазір осы өнер додасында бақ сынаған балалардың біразы дүбірлі додаларда топ жарып жүр. Фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеймін. Жас өрендерімізді шыңдап келе жатқан «Алақай» қуыршақ театрының ұжымына алғысым шексіз, — деді ол.

«Алақай» қуыршақ театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Абай Орынбайдың айтуынша, аталған фестиваль жас жеткіншектердің театр өнеріне деген қызығушылығын арттыру, балалардың шығармашылық деңгейін көтеру, театр мен білім беру мекемелері арасында шығармашылық байланыс орнату мақсатында жыл сайын өткізіледі.

Бұл фестиваль өңірде 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл да балалар сайысқа қызу дайындықпен келген. Іс-шарада 34 ұжым өнер көрсетуде. Олардың көздің жауын алатын костюмдері мен сахналық қойылымдары ақтөбелік балақайлардың көңілінен шықты. Өнерпаздар «Ең үздік актер», «Ең үздік актриса», «Ең үздік сценография», «Ең үздік көркемдік жетекші» сынды көптеген номинация бойынша сынға түсіп жатыр. Жеңімпаздар ертең анықталады. Барлық қатысушыға дипломдар, Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табысталады, — дейді ол.

Фестивальге Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Жеңісбек Қалқабеков, «Алақай» қуыршақ театрының актрисалары Гүлнар Баймағамбетова мен Гауһар Оралбай және басқа да өнер майталмандары төрелік етуде.

Өнерлі балалардың жарысына балаларды дайындап келген жетекшілердің бірі —Маржан Айтмурзаева. Ол №12 «Інжугүл» балабақшасында қызмет етеді.

—  Фестиваль тартысты өтіп жатыр. Осы сайыс арқылы балалар сахнаға шығуды, мәнерлеп сөйлеуді, өз ісіне жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Әрине, кішкентай бүлдіршіндермен жұмыс істеу өте қиын. Сол қиындыққа қарамай балаларды үйретіп, сахнаға алып шыққан жетекші ұстаздардың еңбегі өте зор, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button