Ертең жалпықалалық сенбілік өтеді

Ақтөбеде қала әкімінің қаулысымен 27 наурыз бен 31 мамыр аралығында абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша екі айлық жарияланды.
Ақтөбеде қыстан кейінгі қаланы жаппай тазалау жұмыстары басталды. Мердігер ұйымдардың, коммуналдық қызметтердің жұмыс бригадалары жаппай тазалыққа кірісті. Қазіргі күні жолдардың жиектерін балшықтан тазарту, су шашатын машинамен жуу, жолдың жиек тастарын және көшелердің жүріс бөліктерін шаңсорғыш машинамен сыпыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек қоршаулар, жол белгілері, түнгі жарық шамдардың бағандары жуып тазалануда.
Қала әкімі Азамат Бекет тұрғындарды жалпықалалық сенбіліктерге белсенді қатысуға шақырды.
— Биыл Ақтөбеге көктем жылдағыдан ерте келді. Сондықтан ертерек өз қаламызды бірігіп тазалап алуымыз керек. Екі айлық науқан аясында қалалық полигон тұрғындардан қоқысты тегін қабылдайтын болады. Қалада көп қабатты үйлердің 970 ауласы бар. Пәтер иелері кооперативі, меншік иелері бірлестігі төрағалары тұрғындармен бірге өз аулаларын қыстан шыққан қоқыстан тазартуға тиіс. Сонымен қоса біз өзен жағалауларын, елді мекендер аумағын, көшелерді жұмылып жинауымыз керек. Қаладағы 70-тен астам саябақ, скверлер де тазалықты қажет етеді. Кәсіпкерлер және барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдары өз ғимараттарының жан-жағын ретке келтіруге міндетті. Осы аптада алғашқы жалпықалалық сенбілік өтеді. Ақтөбеліктер қаламызды тазалауға бірге жұмылады деп сенемін! Баршаңызды тазалыққа үлес қосуға шақырамын! — деді қала әкімі.
Сондай-ақ мердігер ұйымдар қала жолдарында пайда болған ақауларды жою үшін асфальт жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді бастады. Мәселен, Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты, Шанхай аудандарындағы және ескі қаладағы бірқатар көшелер жөндеуден өтеді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.