Ресми

Еңбек кодексін қызметте қолдану сөз болды

Кәсіподақ

Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі қолданысқа енгеніне көп бола қойған жоқ. Ал осы маңызды әрі күрделі құжатты еңбек дауына жиі араласып, жұмысшы-қызметкерлердің мүддесін қорғайтын кәсіподақ қызметкерлері қаншалықты біледі? Осы бағыттағы жұмыстарды жақсарта беру үшін қандай мәселелерге көңіл бөлген жөн? Өткен бейсенбі, жұма күндері облыстық кәсіподақтар кеңесі ғимаратында  болған семинардағы әңгіменің арқауы осы мәселелерге арналды.

Бұл шараны Қазақстан Республикасы кәсіподақтары Федерациясының  оқу- әдістемелік орталығымен біріге отырып, облыстық кәсіподақтар  кеңесі өткізді. Семинардың тақырыбы «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексін кәсіподақтар қызметінде іс жүзінде қолдану» деп аталды.

Семинарды облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықов қысқаша сөз сөйлеп ашты. Ол семинардың мақсаты туралы айта келіп, бұл басқосу облыстық кәсіподақтар кеңесі мен кәсіподақ ұйымдары арасындағы өзара әріптестік туралы келісім-шарт негізінде кәсіподақ қызметкерлері мен оның белсенділері үшін ұйымдастырылып отырғанын айрықша атап көрсетті.

Семинар жұмысына еліміздің кәсіподақтары федерациясының өкілдері қатысты. Негізгі тақырып бойынша баяндаманы да республикалық кәсіподақтар федерациясы төрағасының әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшісі Валерий Кожевников жасады. Кәсіподақ қызметкерлері баяндама бойынша еліміздің Еңбек кодексіне байланысты көптеген мәселелерге қанықты. Қайсыбір мәселелер бойынша сұрақтар қойып, өздерін толғандыратын сауалдарға нақты жауаптар алды. Негізінен мұнда өндірістегі еңбек қауіпсіздігі, еңбек қорғау, оны қадағалау  сөз болды. Еліміздің Еңбек кодексіне байланысты еңбек қатынастарын реттеу бойынша кәсіподақ комитеттерінің жұмыстары қамтылды. Олардың проблемалары айтылды.

Семинарға қатысқан Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының еңбек қорғау бойынша бас қоғамдық инспекторы Альфия Пересунько, оқу-әдістемелік орталығының басшысы Николай Понамаренко да өз кезектерінде сөз алып, семинардың тақырыбына қатысты маңызды мәселелерді тереңдете әңгімеледі. Жергілікті кәсіподақ ұйымдары қызметкерлері қойған сауалдарға жауап берді.

Семинардың екінші күні басқосуға қатынасушылар ұжымдық шарт жасасу мәселелерін талқылады. Осыған байланысты кәсіподақтардың іс-әрекетінде  Еңбек кодексінің қолданылу тәсілдерімен танысты.

Семинар соңында әрбір қатысушыға сертификат және заңнамалық актілер мен әдістемелік нұсқаулар жиынтығы берілді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button