Денсаулық

Тегін медициналық көмек көлемі туралы не білесіз?

«Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2008-2009 жылдарға арналған тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қолданысқа 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді. Сонымен, тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2008-2009 жылдарға арналған тізбесін жүзеге асыру үшін Ақтөбе облысының тұрғындарына  республикалық және жергілікті бюджет есебінен 11 885 725 000 теңге бөлінетін болып жоспарланды. Ендеше, бюджеттен бөлінген қаржы көлемі жүйелі түрде көбейіп келе жатқанда медициналық көмектің сапасы да біртіндеп жақсаратыны сөзсіз. Құжатта жедел медициналық көмек, санитарлық авиация және кеңестік-диагностикалық, стационарлық, стационарды алмастыратын көмек түрлері бөлек-бөлек топталып көрсетілген. Осыған сәйкес бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерге дейінгі (фельдшерлік, акушерлік, мейірбикелік деңгейде) немесе білікті медициналық (учаскелік терапевтер, балалар дәрігерлері, акушер-гинекологтар, жалпы, практикалық дәрігерлерімен) көмек түрінде көрсетіледі.

Кеңестік-диагностикалық көмек – мамандандырылған, ал стационарлық – білікті және мамандырылған, республикалық деңгейдегі клиникаларда жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрінде көрсетіледі. Тегін медициналық көмек диагностика мен емдеу хаттамаларына сәйкес алдын алу, диагностикалық және емдеу хаттамаларын қамтиды. Кеңестік диагностикалық емдеу орындарында мамандандырылған медициналық көмек алу үшін  бастапқы медициналық- санитарлық көмек нысандарының дәрігерлерінің жолдамасы қажет. Сондай-ақ, тегін стационарлық көмек алу үшін бастапқы медициналық-санитарлық немесе кеңестік-диагностикалық көмек нысандары  мамандарының жолдамасы болуы керек. Жоғары мамандандырылған республикалық деңгейдегі нысандарда тегін емделу үшін уәкілетті орган белгілеген тәртіппен республикалық клиникаларға статистикалық 20-шы нөмірлі нысандағы жолдама (квота) алу қажет. Жоғары мамандандырылған көмек Ақтөбе облысында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік  медицина университетінің Медицина орталығында және Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар Ұлттық орталығының Батыс қазақстандық филиалында көрсетіледі. Осы аталған 2 медициналық ұйымда ақтөбеліктер ғана емес,  сонымен қатар Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының  тұрғындары  белгіленген ережелерге сәйкес (квота бойынша) тегін емделе алады.

Тағы да бір айта кетерлік жайт, амбулаториялық және стационарлық жағдайларда мына топтағыларға: 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер және жұқпалы аурулармен, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын сырқаттарға қымбат тұратын медициналық зерттеулер тегін жүргізіледі. Сонымен қатар осы көрсетілген тізімге кіретін тұрғындарға шұғыл  стоматологиялық көмек тегін жүргізіледі. Ал жоспарлы стоматологиялық (ортодонтиялық, ортопедиялықтан басқа)  18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге тегін  жүргізіледі. Тізбеде басқа да диагностикалық және емдеу қызметтерінің тегін көрсетілетін түрлері аталған. Кепілді тегін медициналық көмек дәрі-дәрмексіз іске аспайтыны белгілі. Сондықтан да  медициналық ұйымдардың стационарларында уәкілетті орган бекіткен өмірлік маңызды дәрілік заттар тізіміне сәйкес дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ету көзделген. Мұндай дәрі-дәрмектердің тізімі ауруханаларда емделушілер мен келушілерге көрінетін жерлерде ілініп тұруы тиіс.

Бір айта кететін жайт, жаңа туған нәрестелердің ауруларын емдеуге қажетті  дәрі-дәрмектер толығымен  тегін босатылады. СПИД дертін жұқтырған аналардан туған балалар да, СПИД жұқпасы бар аналар да тегін емделе алады. Гипофизар ергежейлілігі, Шерешевский-Тернер синдромы, жыныстың ерте дамуы, фенолкетонурия, мидағы сал ауруына шалдыққан 18 жасқа дейінгі  азаматтар, қолқа демікпесі бар ересектер, гемобластоздар мен апластикалық анемияны қоса алғандағы онкологиялық, психикалық, қояншық, қант диабеті, қантсыз диабет,  Паркинсон ауруы, бұлшық ет әлсіздігі, ревматойдты артрит және дәнекер тіндердің жүйкелік зақымдануы, протезделген жүрек  қақпашалары бар сырқаттар, гипофиздық гормонмен белсендірілетін ісіктер, гломерулярлы аурулар, акромегалия гипотириоз ауруы барлар жергілікті бюджет қаражаты арқылы жеңілдіктерге ие болады.

Нысаналы ағымдағы трансферттер түрінде республикалық бюджет қаражаты есебінен 1 жастан 5 жасқа дейінгі балалардағы өкпе қабынуы, обструктивті бронхит, фарингит/тонзиллит, ішек жұқпалары, энтеребиозы, барлық санаттардың туберкулез ауруы, органдарды ауыстырып, қондырғаннан кейінгі жағдай, қант диабеті, ересектердің гемофилиясы,  СПИД жұқпасы, жүкті әйелдердің йод жетіспеушілігі және темір тапшылығынан болатын анемиясы,  диспансерлік есепте тұрған балалар мен жасөспірімдердің аурулары – темір тапшылығы анемиясы, асқазан-ішек жүйесі аурулары, өкпе қабынуы, созылмалы бронхит, қолқа демікпесін емдеуге қажет дәрілік заттар рецепт бойынша тегін жіберіледі.

Қорыта айтқанда,  тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2008-2009 жылдарға арналған тізбесінің  бұрынғыдан ерекшелігі, 3 жағдайда санаттар қатары көбейген, жеңілдіктер бойынша босатылатын дәрілік заттар  рецептіне 12 ауру түрі жаңадан қосылған. Осының шеңберінде 2007 жылмен салыстырғанда  80 түрлі дәрілік заттар қосымша енгізілген.

Нысаналы ағымдағы трансферттер түрінде республикалық бюджет қаражаты есебінен  инсулинді жеткізу және бақылау құралдары – глюкометр, глюкометрдің тест сызықшалары инсулин терапиясын қабылдайтын сырқаттар үшін рецептілер бойынша тегін босатылатын болды.

Халық денсаулығы мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі, оның бәсекеге қабілеттілігінің негізгі шарты болып табылады. Халық денсаулығын сақтау және одан әрі жақсарту мақсатында еліміздегі тегін медициналық көмектің кепілді көлемі  екі жыл сайын қайта қаралып отырады.

Сұлутас ИБРАШЕВА,

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі

Медициналық қызмет көрсету саласындағы  бақылау комитетінің

Ақтөбе  облысы бойынша департаментінің медициналық

қызметтің сапасын бақылау бөлімінің  бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button