Әлеумет

Сарбаздар саптан шыққан жоқ

Ауған соғысы талай отбасының шырқын бұзып, қайғы мен қасірет жамағаны белгілі. Бүгінде сол соғыстың қаншалықты салмағы қалды? Ардагерлерге құрмет қандай? Бұл мәселелерді Ақтөбе облысында Ғұмырдан артық білетін жан жоқ. Ұзын тұра татар жігітінің өз тіліндегі толық аты-жөні – Гумер Галеев. 1988 жылдан бері облыстық локальды соғыс мүгедектері қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Біз Ауған жерінен кеңес әскерінің шығарылған күні қарсаңында төрағамен кездесіп, негізгі шаралардың жоспарын сұрағанбыз.

ҚЫСТА – САЛТАНАТ, КҮЗДЕ – ЕСКЕ АЛУ

– Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жеріне кіргеніне 30 жыл, шыққанына 20 жыл толып отыр. Осы мерзімнің аралығындағы уақыт қасіретке толы болғаны тағы рас. Енді осы даталарды немесе күндерді атап өтуге дайындық қалай жүргізіліп жатыр?

– Бізде тұтас жыл бойына түрлі шаралар қарастырылған. Оқушылармен, студенттермен кездесулер осы шаралар қатарында. Ал енді нақты шараларды тізбелесем, сәуір айында ауған соғысы жауынгерлерінен құралған «Контингент» тобын шақыру ойымыз бар. Биыл негізінен 20 жылдыққа ерекше көңіл бөлініп отыр. Алдағы салтанатты жиында «Әскерлердің шығарылғанына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатау рәсімі жүргізіледі. Бұл медальдарды Қорғаныс министрлігі Мәскеуде орналасқан жауынгер-интернационалистер комитетіне тапсырыс беру арқылы қамдап қойды.

Жоспар бойынша 14 ақпан күні митинг өтеді. Боздақтарға бағышталған ескерткіш басына гүл шоқтары қойылады. Сонан соң облыстық филармония ғимаратында салтанатты кеш өткізу көзделген. Негізгі марапаттар сол жерде тапсырылады. Ең бастысы, қаза тапқан жауынгерлердің отбасылары да назардан тыс қалдырылмайды. Сонымен қатар жылдағы үрдіспен мәңгілікке көз жұмған қаруластарымыздың қабірлеріне барып тағзым етеміз.

Негізгі шаралар күнтізбесіне майданда бақилық болған жігіттердің құрметіне грек-рим күресінен өткізілетін  IV халықаралық біріншілікті де қостық.

Ал облыс мектептерінің 1-4 сынып оқушылары арасында үздік қылқалам өнерінен, жоғарғы сыныптарда үздік шығармаларға байқау жарияланады.

Бұндай байқаулар бұқаралық ақпарат құралдары арасында да өткізіліп, жүлдегерлерді тиісінше марапаттаймыз.

Байқау жеңімпаздары 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні немесе жыл соңына таяу кеңес әскерлерінің ауған жеріне кіргізілгенінің 30 жылдығы қарсаңында анықталады.

СЕРІКБАЙ ТҰРЛЫБАЕВ – ҚАС БАТЫР…

– Осы соғысқа Ақтөбе облысынан қанша адам қатысты және қаза тапқандары мен жараланғандары қанша еді?

– Тек ауған жеріндегі қан майданға біздің облыстан 17 047 жігіт қатысты. Олардың арасынан 26 сарбазымыздың өмірі жат жерде қиылып, біреуі хабарсыз кеткендер санатында. Сондай-ақ, 30 жігітіміз жараланып, 34 сарбаз мүгедек болып оралды. Ал еліміз бойынша 761 жауынгеріміз сол сұрапыл он жылда опат болды және 27-сі хабарсыз кеткен. 6 бірдей қазақстандық қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына лайық деп танылды. Мысалы, Ауғанстаннан мүгедек болып оралған жерлесіміз Талғат Мүсірепов – Қазақстан бойынша бес адамға ғана тапсырылған жауынгерлік «Қызыл ту» орденінің иегері.

Сонымен қатар уақытында ерлігі бағаланбай қалған хромтаулық Серікбай Тұрлыбаевты биыл «Халық қаһарманы» атағына ұсынып отырмыз. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін жақында ғана тәуелсіз елдің батыры атанған генерал Бақытжан Ертаевқа қолқа салмақпын. Себебі Серікбаймен бірге болған қаруластары тоқсаныншы жылдың ортасына дейін өз елдерінің батырлары атанып үлгерді.

– Сонау жылдары жауынгер-интернационалистерге қолдау азайып, олар моральдық және материалдық тұрғыда тоқырауға ұшырап кетіп кетіп еді. Сол кезде қолтығынан демеушілер де азайып кетті. Ал сіз басқаратын ұйым осы кемшіліктің орнын толтыра алды ма?

– Расында, бұндай жағдайдың болғандығын жасырмаймын. Тіпті, көзқарасы теріс шенеуніктер де болды. Бірақ біздің облыс басшылары мен мекеме қожайындарының бірде-бірі қолымнан қаққан жоқ, көмектерін аяған емес. Ал қазір мемлекет тарапынан локальды соғыс ардагерлеріне деген ықылас ерекше. Әсіресе, облыс әкімі Елеусін Сағындықов – майдангерлердің мұңын түсінетін бірегей басшы. Оның ардагерлерді коммуналдық төлемдерден толық босатуы – бейбіт өмірдегі шын ерлік, зор құрмет. Бұндай көмек ТМД көлемінде тек Ақтөбе облысында ғана бар. Тіпті, біздің қаза тапқан жігіттердің отбасыларын да материалдық тұрғыда қолдап, жеңілдіктер беруі әркімнің қолынан келмейді. Елеусін Наурызбайұлының арқасында майдангерлер дәрі-дәрмекті тегін алып отыр, жыл сайын сауықтыру орындарында тегін тынығады. Облыс орталығында қаза тапқан қаруластарымызға арнап тұрғызылған ескерткішке де Елағамыз көп еңбек сіңірді. Демек, мемлекет тарапынан, облыс әкімдігі тарапынан жауынгерлерге мүмкіндігінше жағдай жасалып отыр.

МҰҚТАЖДАРҒА ДЕМЕУ ҰЙЫМ

– Сіздер, әрине, көмекке жауап ретінде жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеуге де үлес қосатын шығарсыздар?

– Әрине, Одақ тарағанға дейін бізде жастарды патриоттық тәрбиелеуге бағытталған «Парыз» атты орталық жұмыс жасады. Сол жерде тентектеу балаларды шыңдадық, әскери өмірдің қыр-сырын үйреттік. Алайда кеңес үкіметі күйрегеннен кейін көп мәселе қаржыға тәуелді болып, қиындықтар қаптап кетті. Сөйтіп, бұл орталықтың шығындарын өтеуге шамамыз жетпей, жабылып тынды. Ал қазір осындай орталықты жандандыру мәселесін қайта қолға алып, қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова келісімін беріп отыр. Енді биылдан бастап өшкеніміз жанатын шығар… сенім мол. Осыған қарамастан жергілікті мектептерде кездесулер үзілген емес. Бұндай жүздесулер балалардың асқан қызығушылығын тудыратыны рас.

– Кезінде локальды соғыстардың ардагерлер ұйымы жалғызбасты жандарға көмектесетін…

– Иә, иә. Біз көмек беруден қашқан емеспіз. Жеке басым ұйымның төрағасы ретінде жыл сайын демеушілердің көмегімен ауған соғысының мүгедектеріне бір-бір қап ұннан таратып отырамын. Сондай-ақ, мұқтаждарға көкөністерін жеткізіп беріп, пәтерлерін жөндеуден де өткізіп беремін. Бірқатарының үйлеріне су құбырларын да тегін өткіздік. Әрине, бұл ауыр жұмыс болғанымен, шын ниеттенсе бітпейтін іс жоқ.

– Облыс орталығында ауған соғысының құрбандарына арналып ескерткіш тұрғызылды, бірақ сол азаматтарға арналған есткелік кітаптың жоқтығының себебі неде?

– Естелік кітап баспаға тапсыруға әзір. Қажетті материалдарды жинақтап, Мәскеуде тұратын тарих ғылымдарының докторы, ауған соғысының ардагері Барт мырзаға табыстадық. Қажетті қаражаттың бір бөлігін де беріп қойдық. Алайда ақша әлі де аздау болып тұр. Ресейлік ғалым бүгінге дейін еліміздің алты облысының қаза тапқан боздақтарына арналған кітапты шығарып берді. Ал біздің облыстың кітабы шамамен Отан қорғаушылар күні шығып қалуы мүмкін. Бірақ 15 ақпанға дейін үлгермейтініміз анық.

СОҒЫСТЫҢ ЗАРДАБЫ ӘЛІ БАР…

– Сіз өзіңіз қайда шайқастыңыз?

– Мен танкиспін. Біздің батальон даңқты генерал Руслан Аушевтің қарамағында болды. Былтыр Шымкентте өткен жиында командиріммен кездесіп, қауқылдасып қалдық. Алғашқыда танымай қалғанымен, өзімді таныстырғаннан кейін құшағын айқара ашты және әлі күнге байланысымыз үзілген жоқ. Мен соғыстың ең бір қызған уақыты 1980-82 жылдары Кабулдың түбінде әскери міндетімді өтедім.

Қазір ол кезді еске алудың өзі ауыр. Екі жылда 24 әскери операцияға қатысып, Алланың күшімен аман шықтым. Сондай әрекеттердің бірінде «Ерлігі үшін» медаліне де ұсынылдым. Негізгі міндетіміз жаяу әскерді жетелеу еді. Сұрапыл майданда қанша достарымыздан айрылдық… Соғыстың алғашқы жылдары бұл зұлматты жасырын ұстауға тырысқан кеңес үкіметі жауынгерлерді марапатпен «еркелетпегені» де рас.

Бірде танк колоннасын өткізуге жауапты болуға тура келіп, шешуші сәтте минаға тап болғанымыз бар. Содан таң атқанша тырбанып, бөлімшеге аман оралғаным үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылдым. Бір өкініштісі, бұл марапат әлі де кеудеме тағылған жоқ. Мұндай келеңсіздіктердің орны әлі күнге толған емес. Мысалы, жоғарыда айтқан медальды тек үйге оралған соң ғана алдым. Ал бұрнағы жылы тағы бір қаруласым өз медалін 28 жылдан соң ғана алды.

– Бұл сонда жекелеген адамдардың жауапкершілігінің жоқтығы ма?

– Бұл, әрине, жауапкершіліктің аздығының салдары. Мысалы, хромтаулық егіз жігіттерге байланысты жағдайға күлкің де, ашуланғың да келеді. Ағайынды Әділжан және Әлжан Құжбановтар ауған соғысына алынып, сол жақта екеуі де «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған. Тіпті, біреуі осындай атаққа екі мәрте лайық деп танылған. Алайда кейін Әлжан екі орденін алып, Әділжанға түк тимей қалды. Осы мәселеге байланысты қуынғанымызда, Ресейдің қорғаныс министрлігіндегілер Әлжанға үшінші медальды жібергені бар. Орыс ағайындар қазақ жігіттерінің есімдерінің алшақтығына бас ауыртпаған сияқты. Енді бұл сайқымазақты доғару үшін Әділжанды тәуелсіз еліміздің «Айбын» орденіне ұсынып отырған жайымыз бар.

ТҮТІНІ ТҮЗУ ЕЛ

– Соңғы жылдары облыста әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналып, яғни  дәрігерлерге, ұстаздарға, мүгедектерге үйлер тұрғызылып жатыр. Ал одақ кезінде ауғандықтарға арналып 11-шағын ауданнан үй салынғаны белгілі. Осы жобаны қолға алу жоспарларыңызда жоқ па?

– Әрине, бар. 11-шағын аудандағы үйге әупірімдеп жүріп қол жеткізген едік. Алғашқыда, яғни 1990 жылы жергілікті билік ауған соғысы ардагерлеріне арнап 12-шағын ауданнан үй тұрғызуға уәде берген болатын. Тиісінше біздің жігіттер қолдары қалт еткенде сол үйдің анау-мынау жұмыстарына қолғабыстарын тигізіп жүрді. Жеме-жемге келгенде ол үй бізге берілмейтін болып шықты. Сол бойда қаруластарымыздың әрқайсысы 10 сомнан жинап, үш жігітті, олардың бірі мен болып Алматыға аттандырды. Дәл сол мезгілде Қазақстан компартиясының кезекті съезі өтіп жатқан. Телеграф арқылы бірінші хатшы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолыққымыз келетіндігін жолдадық. Ертеңіне бізді қабылдаған Нұрсұлтан Әбішұлы шағымымызды мұқият тыңдап, Ақтөбе облыстық компартиясының бірінші хатшысы Золотаревқа бізге үй беру жөнінде тапсырма берді және ол бұйрық орындалмаса, қызметінен кететіндігін қатаң ескертті. Ақтөбеге аса қуанышпен оралсақ, әуежайдан қаланың басшылары күтіп алып, реніштерін айтқандай болды. Содан не керек, 11-шағын аудандағы құрылысы басталған 160 пәтерлі үйді бізге толығымен беретін болып келісілді. Алайда үй құрылысы аяқталуға жақын қалғанда біз жасақтаған 140 адамның тізімі 108-ге дейін қысқарып қалды. Оған да көндік. Тағы бірде қала басшылары шақыртып, тізімді қырық адамға дейін азайтуды сұрады. Біз оған келіспей, Нұрсұлтан Назарбаевқа қайта баратынымызды айтқанда, сасқалақтаған басшылар сол 108 жауынгерге үй беруге келісті…

Қысқасы, содан бергі уақытта локальды соғыстың ардагерлеріне жыл сайын там-тұмдап болса да пәтерлер беріле бастады. Тіпті, былтыр 20 адамға жер учаскесін алып бердім. Бұл жағынан біздің ұйым республика бойынша алғашқы орында және жергілікті басшылардың түзу көзқарасы да бізде ғана. Ал биыл облыс, қала басшыларынан ардагерлерге арнап 30 пәтер сұрамақшымын.

Сонымен қатар мүгедек жігіттерімізге арнап 2-3 жеңіл автокөлікке тапсырыс беремін.

Ең қуаныштысы, облыс әкімі жаңадан салынып жатқан Достық үйінен кеңсе де беруге уәде етті.

Сайып келгенде, басшысы түзу өңірдің түтіні түзу шығатындығына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button