Спорт

Ел абыройын асқақтатқан асылдар

Қазақстан спорты тарихында бүгінге дейінгі ең табысты Олимпиада — Лондон Ойындарының аяқталғанына екі айға жуық уақыт өтті. Ал Олимпиада жүлдегерлері арасында бізді одан кейін де өз жеңістерімен қуантқан мықтылар бар: Ольга Рыпакова «Гауһар лига» жеңімпазы атанса, Гөзел Манюрова әлем чемпионатының күміс жүлдесіне қол жеткізді.

Сондай-ақ, Олимпиада жүлдегерлерін ұлықтау шаралары да жалғасып жатыр. Мысалы, апта басында ғана, Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық турнирде, Жамбыл облыстық күрес федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев Лондондағы Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровқа үш бөлмелі пәтер кілтін табыс етті.

Біз жеңімпаздарымыздың осы екі ай ішіндегі жаңалықтарына, әрі қарайғы жоспарларына тағы бір шолу жасағанды жөн көрдік.

Чемпионның қайырымдылығы

39 жасында Олимпиада алтынын иемденген даңқты велошабандозымыз  Александр Винокуровтың үлкен спортпен қоштасар шағы жетті. Ол 7 қазанда Монакода өтетін 50 шақырымдық критериумда ең соңғы рет жарыс жолына шығады. Sports.kz порталына берген сұхбатында өзі айтқандай, әлемнің ең даңқты велошабандоздары шақырылған бұл шара Александрдың спорттан кетуіне арналып өткізіледі.

Өткен екі айда Винокуров қайырымдылық шараларымен айналысты. Жаңа оқу жылы қарсаңында ол солтүстікқазақстандық 12 жасар Александр Надобенконы Қарағандыдағы зағип балаларға арналған мектеп-интернатқа орналастырды. Көзі көрмейтін кішкентай Александр бұған дейін мектеп табалдырығын аттамаған. Себебі Солтүстік Қазақстан облысында зағип балаларға арналған оқу орны жоқ екен. Баланың болашағына алаңдаған ата-анасы Винокуровтан жәрдем сұрапты…

Ал 15 қыркүйекте, өзінің туған күнінде, ол Олимпиадада жеңіске жеткізген велосипедін аукционға шығарған еді. Бастапқы баға 50 мың доллар боп белгіленіп, қорытындысында, 243 мың долларға сатылды. Велосипедті қайырымдылық және демеушілік істермен айналысатын Tak Group компаниясы сатып алды. Енді спортшының осы қаржыны ауыр дертке шалдыққан жеті балаға операция жасату үшін жұмсайтыны белгілі болды. Жеті баланың ең кішісі — 3 жасар Аяулым Құрбанова (Астана), ал ең үлкені — 15 жастағы Евгения Бойкова (Қостанай облысы). Туа біткен жүрек ақауы, асқынған бауыр циррозы, т.б. ауыр дерттерге шалдыққан бұл балалардың әрқайсысына шетелде операция жасалуы қажет. Операциялардың құны әртүрлі: 6,5 мың доллардан 55 мың долларға дейін…

Александр Винокуров: «Мен Олимпиада чемпионы атанған велосипедтің көмегімен енді осы балалар емделіп шығып, қатарға қосылса деймін. Олар спортта болмаса да, өмірде үлкен жетістіктерге жетеді деп үміттенемін» — дейді. Алла тілегін бергей дейміз.

Александрдың алдағы жоспарлары туралы әртүрлі әңгіме айтылып жүр. Қазақстан велоспорт федерациясы оған «Астана» командасының менеджері қызметін ұсынуы мүмкін. Қазір бұл қызметті италиялық Джузеппе Мартинелли атқарып отыр. Сондай-ақ, кейбір басылымдар жазғандай, Винокуровтың Парламентке сайлануы да мүмкін.

Айта кеткіміз келеді, қазақ велоспортында Винокуровтың ізін басады деп үміттенуге лайық жаңа есімдер жоқ емес. Жуырда ғана Голландияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында солтүстікқазақстандық Алексей Луценко алтын жүлдеге ие болды.

«Бәрі денсаулығыма байланысты»

69 кг салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте көш бастап тұрған қазақ боксшысы Серік Сәпиевтің жанкүйерлері әзірге оның спорттан кетуін қаламайды. Келесі Олимпиадаға бармаған күнде де, 2013 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысып, жеңіске жетсе дейді. Мұны астарында, әрине, олимпиадалық спорт түрінен қазақтан үш мәрте әлем чемпионы шықса деген тілек жатыр.

Ал бұл тілектің орындалу-орындалмауы Серіктің денсаулығына байланысты болмақ. Жуырда оған «Қарағанды облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Осыған байланысты өткен салтанатты шарада ол өзінің Германияға барып денсаулығына байланысты тексерілетінін, одан әрі Чехияға барып емделетінін айтты. Нақты шешімді емделіп шыққаннан кейін ғана қабылдамақшы.

Серік өз сұхбаттарында спорттан кеткен күнде мемлекеттік қызметке орналасқысы келетінін де айтып қалды. Ал бокста «қазақтардың салмағы» саналатын 69 кг салмақ дәрежесінде өзінің ізбасарлары ретінде ол Данияр Елеусінов, Бақытжан Қожабеков, Манат Өмірзақовтарды атады.

Қазақтың атын ғана шығармақ…

Үш мәрте әлем чемпионы, екі мәрте Олимпиада чемпионы Илья Ильин де өз салмақ дәрежесінде (94 кг) әлемдік рейтингте бірінші тұр. Олимпиададан кейінгі кездесулердің бірінде ол: «Мен Қазақстаннан кетпеймін. Ол мүмкін деп те ойламаймын. Егер менің атым әлемге танылатын болса, тек қана қазақстандық ретінде танылсын» — деп мәлімдеді.

Олимпиададан соңғы бірер апта ішінде Илья Спорт және туризм академиясының докторантурасына түсті, сонымен бірге, үйлену тойын өткізіп те үлгерді.  Ильяның жары Наталья Кулакова да — спортшы. Ол — гандболшы.

Ильяның үйлену тойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хат жолдады.

Анасы Галина Ильяны «ата-анасына қайырымды ұл, отбасы қамын ойлай білетін жақсы жар» — деп мақтаса, былайғы адамдар да оның өте қайырымды екенін айтады. Мысалы, ол Пекин Олимпиадасынан соң өзіне мемлекет тарапынан берілген 250 мың доллар сыйақының 150 мың долларына Қызылордада балаларға спорт мектебін ашып беріпті.

Жанкүйер жұрт оны Қазақстаннан шыққан тұңғыш үш мәрте Олимпиада чемпионы ретінде көргісі келеді. Бұл арман орындалады деп үміттенуге әбден негіз бар, өйткені Илья әлі жас. 24 жаста ғана.

Сәтті жыл

Жеңіл атлет Ольга Рыпакованың Олимпиададан кейін жақсылап демалуға да мұршасы болмады: оны «Гауһар лиганың» соңғы үш кезеңі күтіп тұрды.

«Гауһар лига» — халықаралық жеңіл атлетика федерациясы жыл сайын өткізетін коммерциялық сайыстар сериясы. Ол 1998 жылдан бері өткізіліп келеді. Бастапқыда «Алтын лига» атанып,  2010 жылы «Гауһар лига» деген атқа ие болды. Биыл бұл мәртебелі сайыстың соңғы үш кезеңі Лондон Олимпиадасынан кейін: 23 тамызда — Лозаннада (Швейцария); 26 тамызда — Бирмингемде (Англия) және 7 қыркүйекте Брюсселде (Бельгия) өтті. Ольга Бирмингемде ғана үшінші орын алып қалды. Басқа екі кезеңде, Олимпиададан шаршап шыққанына қарамастан, алдына жан салмады. Ал ең бастысы ол барлық кезеңдердің жалпы қорытындысы бойынша бірінші орынға шықты. Сөйтіп, Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Гауһар лига» жеңімпазы атанды.

Рыпакова биылғы жылды өзі үшін сәтті жыл санайды. «Бұрын мен Олимпиада Ойындарына да, «Гауһар лигаға» да қатысып, жүлдеге іліне алмаған едім. Биыл маған сәттілік жауды. Бұған, әрине, қуаныштымын. Ендігі ойым — шамалы уақыт стадион туралы мүлде ұмытып, демалу. Содан соң алдағы маусымға дайындықты бастаймын» — дейді ол Sports.kz порталына берген сұхбатында. Енді Ольга бағындырмаған бір ғана шың бар — әлем чемпионы атағы. Бәлкім, келесі маусымда оны сол шыңнан көріп те қалармыз?..

Света тұрмысқа шығады,

ал Зульфияға рұқсат жоқ

Ауыр атлетші Светлана Подобедова да енді алдағы жылы Варшавада өтетін әлем чемпионатына дайындыққа кіріседі.

Олимпиададан кейін ол ҚазМУ-дың заң факультетінің студенті атанып, өзінің туған жері Ресейге барып, туыстарымен қауышып та қайтты.

Ауыр атлетші чемпион-қыздарымыздың үшеуі де алда жаңа жеңістерге ұмтылады. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Нидің айтуынша, бізде бәсекелестік өте жоғары. Олимпиадада жеңіске жеттім екен деп босаңсуға болмайды. Пекин Олимпиададасының жүлдегерлері Мария Грабовецкая, Ирина Некрасовалар демалып-емделуге ұзағырақ уақыт жұмсаулары себепті құрамадағы өз орындарынан айырылып қалған.

Қыздардың жеке өмірлеріне келсек, Светлана Подобедова 2009 жылғы әлем чемпионы, ауыр атлетші Владимир Седовқа тұрмысқа шығатыны туралы жария етті. Қазір тойға дайындық жүріп жатыр.

Майя Манезаның да таңдаған адамы бар. Ол да ауыр атлетші көрінеді. Бірақ Майя таяу уақытта тұрмысқа шығуды жоспарламайды. «Бірінші орында — келесі  Олимпиадаға әзірлік» — дейді ол.

Ал Зульфияға әзірге тұрмысқа шығуға рұқсат жоқ көрінеді. «Ол Рио-де- Жанейродаға дейін тек спортпен өмір сүреді. Біз осылай келіскенбіз. Тұрмысқа шығу туралы содан кейін ғана ойлайды» — депті Алексей Ни өз сұхбаттарының бірінде.

Әрине, біз чемпион қыздарымыздың спортта қаншалықты табысты болса, жеке өмірлерінде де соншалықты бақытты болуына тілектеспіз.

Олимпиадаға қатысқан төртінші зілтемірші қызымыз — Анна Нұрмұхамбетоваға Көкшетау қаласынан пәтер берілді. Анна балалар үйінде тәрбиеленген. Алексей Ни: «Бірінші рет қазақ қызы Олимпиадада ауыр атлетикадан өнер көрсеткелі тұр» — деп, оған ерекше үмітпен қараған болатын. Бірақ, өкінішке орай, Аннаның жолын қазылар кесті. Оның үш бірдей төреші мойындаған көрсеткішін қазылар есепке алмады. Ал біздің тараптан шағым түсіру мүмкін болмаған. Себебі, ауыр атлетикада шағым түсірілмейді. Тәртібі солай… Лондоннан кейін:  «Олимпиада туралы мүлде ойлағым келмейді» — деп, сағы сыныңқырап қалған Аннаға Ақмола облысы әкімдігі тарапынан берілген пәтер — үлкен қолдау болғаны даусыз. Небәрі 19 жастағы Аннадан күтеріміз көп.

Бетті әзірлеген Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button