Спорт

Лондон, рахмет саған!

Қазақ үшін ең нәтижелі, ең ғажайып Лондон олимпиадасы да мәресіне жетті. Батырларымыздың атына айтылатын мақтан жыры аз болмас,

ал біз журналистің негізгі міндетін адал атқарайық: неден ұттық, неден ұтылдық, не нәрсеге шүкірлік еттік  — соны саралайық.

 

1. Балуан ел емес екенбіз

Ту ұстаушымыз балуан болғасын, күрестің барлық түріне ерекше үміт артқан едік. Өкінішке қарай, сеніміміз ақталмады. Дзюдошылар түгелдей жерге қаратты. Спорт күмәнсіз заңдылықтар мен сынадай қағидалардан тұрады. Бұл жолғы қағида Асхат Житкеевке қатысты. Даңқты спортшы даңқты бапкер болып қалыптасу үшін біраз уақыт керек сияқты. Асхат шәкірттерінің бір де бірі тым болмаса қола жүлде үшін күресе алмағаны өкінішті. Гүлжан Исанова дзюдомыздың абыройын сәл де болса сақтап қала ма деп едік, бесінші орынмен шектелді.

Грек-рим күресінің де өкініші үлкен. Әншейінде бабаларымыздың батырлығын айтқанда, айылымыз үзіле жаздайды. Жекпе-жекке шыққанда бабаларымыздың ұтылған бірі жоқ. Ал Алмат Кебісбаев болса, қола жүлде үшін белдесуде ұтылып тұрып: «Функционалкам жетпей қалды..» – деп жанарымен жер шұқиды. Құдай-ау, олимпиадаға жолдама алған 8 айдан бері сол функционалканы жетілдірмегенде, қызды ауылды аңдымаған болар?.. Кешірімсіз, оның сәтсіздігі кешірімсіз… Дегенмен, жақсы сөйлейтін халықпыз ғой, Алматтың да, Нұрмаханның да алғашқы олимпиадасы бұл. Қазақ баласы бір барып жеңіліп, екіншісінде айды аспанға шығаратын әдеті еді ғой, Рионы күтеміз енді…

Даниал Гаджиевтың қола жүлде үшін белдесуі ұнады. Өзінен бойшаң грузин балуанын тамаша ұтты. Гүржіні айналдырып түсіру қиынға соғатынын біліп, кілемнен шығарып тастауға күш салды және дегеніне жетті. Осылайша әр балуанымыз қарсыласының осал тұсын дәл тауып, соны қаузаса нетті…

Еркін күресте Ақжүрек Таңатаровтың еншісі жоқ дегенде күміс еді. 1,5 миллиард үндінің мысы төрешілерді басып кетті ме, әйтеуір Майк Тайсонның «інісі» Сушил Кумар Ақжүректің құлағын шайнап жатса да көрмеді. Басқа жігіттердің біреуі болса, үшінші орын үшін белдесуге бейжай шығып, «абыроймен» ұтылып қайтар еді — бәс тігемін осыған. Таңатаров Лондон кілемінде өзінің несібесі барын тамаша дәлелдеді. Оның қола жүлде үшін кездесуде түрік балуанын қалай ұтқаны қазақтың әрбір баласына үлгі болуға тиіс. Жанып та кетпеді, қолды-аяққа тұрмай атойлаған да жоқ, асқан сабырмен жүріп қарсыласын тұқыртты. Әдіске қарсы әдіс қолданатыны жақсы ақ жүрек азаматымыздың! Ақжүрек еркін күрестің қазақстандық абыройын тақыр жерден сәл де болса жоғарылатты.

Жеңіл атлеттеріміз, жүзгіштеріміз, судопшыларымыз, садақшыларымыз, мергендеріміз, таэквондошыларымыз, ескекшілеріміз өз деңгейінде өнер көрсетті. Бұл спорттағылардың Ольга Рыпаковадан басқасы медаль иеленсе, сенсация болар еді.

 

2. Заңдылықтар қапысыз орындалды!

Ол қандай заңдылықтар?

а) Әр олимпиада сайын күтпеген жерден Қазақстанның бір спортшысы алтын әкелетін: Парыгин —1996, Саттарханов —2000, Артаев — 2004, Сәрсекбаев — 2008! Биылғы сенсациямыз – Александр Винокуров! Күзде 39 жасқа толатын ардагер алтын алады деп басқа-басқа емес, өзі де ойлаған жоқ. Тіпті оның Лондонда өнер көрсететіні соңғы күндері ғана шешілді. Марк Кавендиш сияқты ұшқырды Ұлыбританияның Уиггинс, Фрумдар бастаған 4 шайтанарбашысы қаумалап, мәреге жетелегеніне қарамастан, Винокуров шабуылдайтын сәтті тура аңдады! Ригоберто Уран Уран артына қарайлап, басын солға бұра қалған сәтте, Виноның оң жақтан шабуылдағанын айтсаңызшы! Ер болса, Сашадай-ақ болар! Өзінің аңызға бергісіз спорттық ғұмырына тамаша тұжырым болды бұл! Жасай берсін Александр!

ә) Винокуров медаль алса, қазақ спортшыларының қолы жүреді. 2000 жылы дәл солай болған. Қоржынымыз қаңсып тұрғанда, Александр велоаламанда күміс жүлде жеңіп алды. Сол күні (27.08.2000) дереу Ольга Шишигинаның алтынын тойладық, одан соң Бекзат пен Ермаханды жеңіс тұғырынан көрдік, басқа спортшыларымыз да күміспен көңілімізді көтерді. Ал Лондонда Винокуровтың алтыны Қазақстан құрамасының өз тарихындағы ең жарқын жеңістеріне жол ашып берді! Іле-шала Чиншанло, Манеза, Подобедова, Ильин, Рыпакова алтын алды. Сосын қоладан жауын жауды. Ақжолтай ғой Александр Винокуров!

б) Тәуелсіз Қазақстан бокстан алтынсыз қайтқан олимпиада жоқ! Бұл жолы Серік Сәпиев мерейімізді тасытты. Василий Жиров, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаевтардың алтын даңғылын тағы төрт жылға ұзартты абайлық батыр! Велл Баркер кубогын қоса иеленді! Бәрекелді!

в) Бокстағы 69 келі қазақтың салмағы! 2004 жылы – Артаев, 2008 жылы – Сәрсекбаев, биыл Сәпиев дәл осы салмақта Олимпиада чемпиондары атанды! 2000 жылы мұндай салмақ дәрежесі болған жоқ. Сондықтан, 71 келіде топ жарған Ермахан Ыбырайымовты да қазақтың алтын салмағының өкілі деуге болар!

г) Илья Ильин ешқашан өзі қатысқан ресми халықаралық жарыстарда жеңіліп көрген жоқ! 2005 жылы 17 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған соң, ол өзі қатысқан жарыстардың бәрінде тек алтын медаль иеленіп отырды. Үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы, екі дүркін олимпиада чемпионы! Алла қаласа, ол Риода енді үш саусағын шошайтады.

ғ) Спортта бұдан бұрын сәтсіз болған көрсеткішке жете алмасаң да, чемпион атануың өте мүмкін! Ольга Рыпакова – осы заңдылықтың жарқын мысалы. Бейжің олимпиадасында ол 15 метр 11 сантиметрге секіріп, IV орынды қанағат тұтса, Лондонда 14,98 метр көрсеткішпен топ жарды! Бұдан Ольганың бәсі артпаса, төмендеген жоқ. Қазір «Гауһар лигада» да топ бастап тұрған отандасымыз өзінің үш секірудегі шын көшбасшы екенін Лондонда да дәлелдеді.

 

3. Тұңғыштар

а) Қазақстан тұңғыш рет үздік 12 ел қатарына енді. Көздері жасаурап, Голландия, Украина, Куба, Иран, Испания, желаяғы көп Жәмайканың артта қалғанын айтыңыз! Енді осы биікті ұстап тұруымыз керек. Асып түсіп жатсақ, арман қане!

ә) Тұңғыш рет Қазақстаннан екі дүркін олимпиада чемпионы шықты. Илья Ильин Бейжіңдегі табысын Лондонда еселеді. Қызылорданың қыраны қарсыластарынан биік самғағаны соншалық, бәрі де Илья-баһадүрдің жеңісін күмәнсіз мойындады. Серпе көтеруде және қоссайыста Илья әлем рекордын жаңартты, бұдан артық не керек өзі?

б) Тұңғыш рет Қазақстан 7 алтын медаль жеңіп алды. Бұл Сидней, Афина және Бейжің олимпиадаларын қосқандағыдан да артық! Бәрекелді! Бұл нені көрсетеді? Бұл Қазақстанда өзіндік спорт мектептері қалыптасқанын көрсетеді. Осы жолғы 13 медаліміздің екеуін ғана – Даниал Гаджиев пен Гүзел Манюрованікін көршілер өзімсіне алар, қалғанының бәрі — өзіміздікі! Чиншанло мен Манезаны да, Ресейде жолы болмай қойған Подобедованы да түбіне су құйып жүріп өсірген – өзіміз! Винокуров спорттағы тәй-тәй қадамын КСРО-да жасаса да, тәуелсіз Қазақстанның арқасында осылай кең айдынға шықты! Алға, Қазақстан!

в) Тұңғыш рет бір спорт түрінен 4 алтын қоржынымызға түсті! Бұған жұрттың іші күйгені соншалық, тіпті Ресейдің сырбаз дейтін спорт министрі Мутконың өзі шыдай алмай, жарылып кетті. «Қазақстан ауыр атлетиканың отаны ма еді соншама?» деп жіберді қапелімде. Министр мырза, ішіңіз күйсе, тұз жалаңыз! Қазақстан – ауыр атлетиканың Отаны! Осы Отан бағаланбаған Подобедова сияқты спортшылардың да жұлдызын жарқыратады! 2008 жылы Алла Важенинаны да күміспен күптеп жібергенімізді ұмытып барасыз!

Ни сияқты азаматтардың алақайлай секіргенін күтіп отыратын біздің жұрт қандай бақытты! Енді осы төрт алтын азаматтың қасына Анна мен Алмастар қосылып жатса, алты құрлықта бізге кім тең келер?

г) Тұңғыш рет Қазақстан 4 спорт түрінен алтын алды! Бұл да бұрын-соңды болмаған жетістік. Атлантада – 3 (бокс, грек-рим күресі және бессайыс), Сиднейде – 2 (бокс пен жеңіл атлетика), Афинада – 1 (бокс), Бейжіңде 2 (ауыр атлетика мен бокс) спорттан алтынымыз болған. Биыл велоспорт пен ұзақ үзілістен кейін жеңіл атлетика қосылды.

ғ) Тұңғыш рет алтынымыздың саны күмісіміз бен қоламыздан көп. Біздің иректілді блогшыларша айтқанда, Қазақстан бұл олимпиаданың алғашқы 8 күнінде алтыннан басқа түсті металдарды бар деп білген жоқ. Осының әсерінен бүкіл әлем біздің әнұранымызды жаттап алуға сәл қалды! Және залдағы қазақ жанкүйерлерінің бірауыздан шырқауына таң қалды! «Бірлік деп осыны айт!» деп тамсанды ресейлік басылым!

Несін айтамыз, бұл бір ғажап олимпиада болды!

Рахмет саған, Лондон!

Күт бізді, Рио-де-Жанейро!

Естен БАЙБИ,

jaqsy.kz сайтынан.

 

 «Бұл жеңіс — халқымның жеңісі!»

Бұл жолы Серік Сәпиев Олимпиада алтынына еш қиналмай қол жеткізген секілді.

Өйткені ол Лондоннан оралғаннан кейін іле-шала өткен баспасөз мәслихатында қойылған: «Ең қиын жекпе-жек кіммен болды?» — деген сауалға «Замковоймен» — деп жауап берген. Ал бұл жекпе-жекті тамашалаған жанкүйерлер Серіктің Замковойды 18:12 есебімен айқын жеңгенін жақсы біледі. Жекпе-жектен бұрын Ресей құрамасының бапкерлері: «Сәпиевтің техникасы өте жоғары. Бірақ Андрей оны жастық жігермен жеңіп шыға алады» — деген пікір айтқан еді. Жекпе-жекке дейін қазақ жанкүйерлерінің көңілінде қобалжу болғаны рас. Алайда ол қобалжу жекпе-жектің алғашқы сәттерінде-ақ сейілді…

Серік Сәпиев — Тәуелсіздік жылдарында Олимпиада чемпионы атанған бесінші қазақ. Және олардың бесеуі де — боксшы.

Серік Олимпиада чемпионы атанып қана қойған жоқ, Баркер кубогын да иемденді, ал ең бастысы — өзі алғаш әлем чемпионы атанған 2005 жылдан бергі уақытта барша әлемге ең бекзат, ең мәдениетті боксшы ретінде танылды.

Серіктен бөлек, Олимпиада жүлдесін тағы екі боксшымыз иемденгені белгілі: Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко. Ұлттық арна тілшісіне берген сұхбатында Әділбек өз өнеріне көңілі толмағанын, бірақ қиналып тұрған сәтінде қарсыласы, Олимпиада чемпионы Егор Мехонцевтің: «Сен маған лайықты қарсылық көрсеттің. Келесі Олимпиадада жолың болсын!» — деген сөзі көңіліне қанат бітіргенін жеткізген.

Иван Дычко жартылай финалда ұлыбританиялық қарсыласымен тең өнер көрсетті. Оның болашағы зор екені сөзсіз. Тіпті кейбір мамандар: «Енді бокста Дычко дәуірі басталады» — деген пікір де айтты. Сондай-ақ, бұл Олимпиадада біздің құрамадан Данияр Елеусінов, Біржан Жақыпов, Ілияс Сүлейменовтер тәуір өнер көрсетті.

Ал бокстан ҚР құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов: «Келесі халықаралық додаларға қатысуға лайық жігіттерді тағы да бір електен өткіземіз» — деп отыр. Мұны Лондоннан келгеннен кейінгі сұхбатында айтқан.

«Біз үш медаль аламыз деп уәде берген едік, сол межеге жеттік», — дейді Мырзағали Айтжанов. Сондай-ақ, ол өз сұхбатында: «Олимпиадада төрешілер тарапынан әділетсіздіктерге жол берілмегенде, қазақ боксшыларының медальдары үшеуден көбіректеу болар еді» — деген жанкүйерлер пікірін жоққа шығармайтынын жеткізген. Мысалы, бұрынырақ ол Ілияс Сүлейменовтің жеңілмегенін айтқан болатын.

 

Рекорд жаңартудан Қазақстан — төртінші

Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарында рекорд жаңарту көрсеткіші жөнінен төртінші орынды иеленді.

ХХХ Олимпиада ойындарының ресми сайтында жарияланғандай, бұл додада 95 рет рекорд жаңартылған: оның 39-ы — әлемдік, 56-сы — олимпиадалық рекорд.

Осы ретте қазақ спортшылары (Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова) 4 рет — әлем, 7 рет олимпиадалық рекордқа өзгеріс енгізді. Барлығы — 11. Бұл көрсеткіш бойынша, Қазақстан құрамасы жалпы есепте төртінші орынды иеленді.
Бірінші орында — АҚШ құрамасы (16 рекорд), екінші орында — Қытай (15 рекорд), ал үшінші орындағы Ресей спортшылары жасаған рекордтар саны — 12.

 

Алексей Ни:

«Қытайлар менің күлкімді келтірді…»

«Лондоннан келер-келместен-ақ жұрт мені: «Балаларымызды қайда апарайық? Қай жерде секция бар?» — деп, сұрақтың астына алды. Мұндайды бұрын көрген жоқпын. Боксқа, күреске, футболға барып жүрген балаларды енді біз қолға аламыз» — деді ауыр атлетикадан ҚР құрамасының бас бапкері Алексей Ни.

Ол Лондоннан оралғаннан кейін іле-шала Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазақстанның ауыр атлетикасы Кеңес заманында да сорлы болмаған. Ол кезде де спорттың бұл түрінен Қазақстаннан Олимпиада чемпиондары шықты. Әсіресе, Анатолий Храпатыйдың есімін қазақ Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Қонақбаевтан кем құрметтемейді. Храпатыйдың жетістігін 20 жылдан кейін, 2008 жылы Пекинде, Илья Ильин қайталады. Ал Лондонда қазақ елінің ауыр атлеттері төрт бірдей алтынға қол жеткізіп отыр.

«Бұл тіпті де сенсация емес. Үш қызымыздың екі мәрте әлем чемпионы атағы бар, бір Олимпиада чемпионы — олар, әрине, екінші орын үшін барған жоқ», — деді Алексей Ни.

Нидің айтуынша, Майя мен Светлана Пекинде-ақ жарысқа қосылуы керек еді. Бірақ түрлі себептермен олар өткен Олимпиадаға қатыса алмаған. Ал Зульфияны бапкерлер көп жарыстарда көзге түсірмеуге тырысқан. Оның Сингапурда өткен жастар Олимпиадасынан, Гуанджоуда өткен Азия ойындарынан алтынсыз қайту себебі де осы екен.

«Ресейліктер қайткенде де Подобедованы жеңіп шығуды мақсат етті. Сол үшін де олар 69 килограмм салмақ дәрежесінде спортшы шығармай, оның орнына 75 килограмм салмақ дәрежесіне екі адам қосты. Бірақ Евстюхина үш бірдей талпынысында да түк бітіре алмай, тартыстан шығып қалды. Мен мұны күтпеген едім», — деді бас бапкер.

«Ал қытайлар менің күлкімді келтірді, — дейді Ни. —  Олар маған: «Біздің спортшыларымызды қайтарыңыз, сіздерге тек жалға берген болатынбыз», — деп телефон шалды. Біз Чиншанло мен Манезаны өзімізге шақырған кезде, олар Қытай құрамасында болған жоқ. Оларды ұрлап алмағанымызды Қытай жағы жақсы біледі. Екеуінің де жарақаты болғандықтан, қытайлар құрамаға қоспаған. Ал біз оларды үлкен жарыстарға алып шығу үшін, бар жағдайды жасадық. Олар әлем чемпионы болған кезде, қытайлар қайда қарады? Үндемей келіп, енді шу шығарып отыр. Біздің қолымыздағы келісімшартта бәрі көрсетілген».

Ни өзінің Анна Нұрмұхамедова мен Алмас Өтешевке риза болғанын, болашақта олардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button