Спорт

Ақтөбеліктер азия чемпионатына барады

Өткен аптаның сенбі күні «Қоныс» Спорт сарайында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 118 спортшы қатысты.

Шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова құттықтау сөз сөйледі. Осыдан кейін ҚР Қоян-қолтық ұрыс федерациясының вице-президенті, КСРО спорт шебері, жоғары дәрежедегі төреші Ғалымжан Бокарин соңғы жылдары осы спорт түрінен ел жастарының жақсы жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Аталған жарысқа Ақтөбеден екі команда қатысты.

Ақтөбе облыстық қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті, спорт шебері Айбек Шоқпытов ақтөбеліктердің жарысқа қызу дайындалғанын айтты.

Республикалық Қоян-қолтық ұрыс  федерациясының ашылғанына көп уақыт болған жоқ. Ал  федерацияның Атөбедегі  өкілдігі өткен жылы жұмысын бастады.  Сондықтан республикалық чемпионат Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы аталған жарыс Қостанайда өтті. Алғаш  рет қатысқандықтан болар, ол сайыста біздің спортшыларымыз жақсы көрсеткішке қол жеткізе алған жоқ. Ал осы жарыста жеңіске жеткендер қыркүйек айында Астана қаласында өтетін  Азия чемпионатына қатысады. Аталған спорт түрі жаңадан қолға алынғандықтан, алдағы уақытта ауқымын кеңейту жоспарда бар. Қазірдің өзінде аудандық, ауылдық жерлердегі спорт мектептерінен ұсыныстар түсуде, – деді ол.

Ал ҚР Қоян-қолтық ұрыс федерациясының вице-президенті, халықаралық дәрежедегі төреші Дәулет Темірханов:

Спорттың бұл түрін жетілдіру жолдары соңғы жылдары мықтап қолға алынды. Әсіресе, аудандық, ауылдық жерлердегі спорт мектептерінде жарыс ұйымдастырып, жастарды тарту мәселесі  көтеріліп жүр. Осы мақсатта әр облыстан келген өкілдердің басын қосып, жиын өткіздік.  Басқосуда спорттық жарыстарды ауылдық жерлерде жиі ұйымдастыру сөз болды. Бұл үшін жастарды қоян-қолтық ұрысқа үйретудің қажеті жоқ. Өйткені аталған спортта  самбо, каратэ, бокс, күрес секілді спорт түрлерінің әдістері бар. Сондықтан ұйымдастыру жағы мықты болса, бұл спортты дамытуға болады, – деді ол.

Екі күнге созылған жарыста Астана, Қарағанды қалаларының спортшылары үздік танылды. Ал  ақтөбелік спортшылар жақсы көрсеткішке қол жеткізіп, алдағы Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button