Тарих

17 аудан бар еді…

Ақтөбе облысы — 80 жыл

Елімізде маңызды аймақтар қатары саналатын, экономикалық ахуалы қарқынды  дамып, тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуде елеулі орын алатын Ақтөбе  облысының 80 жылдық тарихы бар. Орталық атқару комитетінің 1932 жылғы  қаңтар айындағы №83 хаттамасына сәйкес Қазақстанда облыстарды құру шешімі шықты. Осы шешімге сәйкес елімізде алты облыс құрылды. Олар — Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы, Алматы және   Оңтүстік  Қазақстан  облыстары.

Алғашында Ақтөбе облысы 17 ауданнан   құрылды. Олар — Адамовский, Ақбұлақ, Ақтөбе, Арал, Батпаққара, Жетіқара, Ырғыз, Қарабалық, Ключевой, Костанай, Меңдіқара, Семиозерный, Табын, Темір,  Обаған, Қобда, Шалқар аудандары болатын. Бұл деректер  Қазақ аймақтық атқару  комитетінің  қаулысында  жазылған.

1932 жылы Ақбұлақ ауданы Ақбұлақ және Мәртөк болып екіге бөлініп, Ақбұлақ  ауданы Орынбор  облысына  берілді.

1936  жылы Ақтөбе облысының 11 ауданының негізінде Қостанай облысы   құрылады.

1937 жылдары Ақтөбе өңірінде 14 аудан болды. 1938 жылы Арал ауданы Қызылорда облысына қосылды. Сол жылы облыста Родниковский ауданы  құрылып, 1957 жылы таралды, оның жері Степной мен Мәртөк аудандарының  территориясына берілді.

1940  жылы Ақтөбе облысының бірнеше аудандары ірілендіріліп, Ойыл  ауданының бір бөлек жері Атырау облысының құрамына өтті, қазіргі Қызылқоға  ауданының территориясына Ойыл ауданының бір бөлігі кірді. Ойыл ауданы кеңейтіліп, Алтықарасу ауданы атауына ие болды.

1958  жылы облыста 12 ірі аудан болды. Сол кезде қазіргі Мұғалжар ауданының  территориясын Жұрын ауданы, Қарғалы ауданының кейбір территориясын Степной ауданы құрады.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Ақтөбе, Исатай, Қарабұтақ, Октябрь аудандары  таратылып, басқа аудандардың құрамына  кірді.

 

Облыстың  бірінші  басшылары

 

Облыстың  алғашқы басшысы  болып  Шаяхмет Ярмухамедов  Шамухамедович  тағайындалды. Мұрағатта сақталған құжаттар бойынша ол 1932  жылдан  1934  жылға дейін  басшылық  еткен. 1902  жылы  дүниеге  келген Ш.Ярмухамедов   еңбек жолын  1917 жылдан  бастаған, атап айтсақ, 1919  жылдан  Алматыда  жауапты  хатшы,  кейін  қызметін  Ташкентте  жалғастырады. Ленинградта  жоғары  оқу  орнында   оқып, 1924 жылы  қызыл әскер қатарында  болған.  1930 жылы Алматыда   аймақтық  комитеттің  хатшысы, Қазақ  өлкелік комитетінде нұсқаушы  қызметінен  Ақтөбе  облысы  құрылып  бірінші   хатшысы  болып  тағайындалған.

Аты-жөні Туған жылы Қызмет атқарған  жылы
1 Ярмухамедов Шаяхмет Шамухамедұлы 1902 1932-1934
2 Досов  Әбілқайыр  Ысқақұлы 1899 1934-1936
3 Мусин Айтмұхамет 1899 1936-1937
4 Жүнісов  Мақай   1937-1937
5 Иночкин  Яков  Петрович   1938-1943
6 Бекжанов Мырзахмет Жексенғалиұлы 1907 1943-1944
7 Тайбеков Елубай 1901 1944-1948
8 Ильяшев Рымбек 1910 1949-1950
9 Сужиков Мухамедғали Әленұлы 1910 1950-1951
10 Комбаров Нығмет 1908 1951-1952
11 Елеубаев Б   1952
12 Тәшенов Жұмабек  Ахметұлы 1915 1952-1955
13 Дэльвин Павел Илларионович 1902 1955-1958
14 Қарсыбаев Шәкір   1958-1959
15 Бектұрғанов Хасан Шаяхметұлы 1922 1959-1964
16 Журин Николай Иванович 1908 1964-1972
17 Ливенцов Василий Андреевич 1914 1972-1985
18 Трофимов Юрий Николаевич 1931 1985-1989
19 Золоторев  Евгений  Михайлович 1936 1989-1991

 

 

Өндіріс саласы

 

Кеңестер  Одағы   құрылуы  қарсаңында   Ақтөбе   облысында   әлемдегі  ең   ірі   фосфор   кені   табылды (1,4   млрд. тоннаға  жуық). 1930   жылы   Алға  станциясында    ірі  химкомбинат   құрылысы    басталып, ол  1934 жылы күкірт қышқылының   алғашқы   өнімін  шығарды. 1936 жылы комбинаттың қуаты революцияға дейінгі Ресейде фосфор зауыттар қуатымен тең тұрды.

1934  жылы   облыста 22   түрлі   өндіріс   мекемесі   жұмыс    жасап,   өндірістің   өнім  құны  14 млн.   рубльге  жетті. Өндірісте   барлығы 1300  адам  қызмет етті.  Олардың   ішінде   механикалық   зауыт,  640 квт  қалалық   электростанция, кірпіш  зауыты,  ет  комбинаты және т.б. ірі   өндіріс   орындары болды.

Облыс   өндірісінің   дамуында   маңызды  роль   атқарған  артельдер де  бар.  Атап  айтсақ,  «Химик», «Казпух»  трикотаж  өндірісінің   бірлестігі, «Образец» тігін   фабрикасы, «Красная звезда», «Кожевник» аяқ  киім  тігу және  жөндеу  өндіріс  ұйымдары. Сонымен   қатар   Шалқар, Темір, Ембі, Жұрын, Мәртөк  елді  мекендерінде де  осындай   артельдер  жұмыс  жасады.  Ақтөбе   облысында 1934-1935  жылдары   Кемпірсай   ауданында   бағалы  әрі  бай   никель   кен  орны  табылды.  Ал 1936   жылы   Новоресей   ауданының  Дөң  ауылы  маңайында    ірі  хром   рудалары  кені  табылды.

Облыста    жергілікті   көмір   өндірісі  Бершүгір   шахталарында,  ал  Жақсымай  және  Шұбарқұдықта   мұнай    өндірісі   іске  қосылды. Сонымен  қатар   ақтөбеліктер   Каспий-Орск   мұнай  құбыры   құрылысына    белсенді   араласты.

Ұлы  Отан   соғысы   жылдарында   облыс    өндірісі қарқынды даму үстінде болды. 1943 жылдың қаңтар айында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Бұл  зауыт еліміздің қара металлургия саласындағы алғашқы зауыты болатын.  1941 жылы Ақтөбе қаласына «Актюбрентген» және «Сельмаш»   зауыттары  көшірілді. 1957  жылы зауыттың  өнім көлемі 50,5 млн. рубль; хром тұздары  негізгі  өнімінің  көлемі  жылына 130 мың тоннаға  жетті.

1960 жылы  өндіріс  артельдері  таратылып,  оның  орнына  тігін,   жиһаз, аяқ киім  фабрикалары  құрылды.

1970 жылы   кондитер фабрикасы  іске  қосылды.

1982 жылдың  шілде  айында  жүнді  бастапқы  өңдеуден  өткізу  фабрикасы іске  қосылып,  өз  өнімін   бере  бастады.

1959  жылы  Кеңкияқта  ірі  мұнай   кені  ашылып,  облыстың  мұнай бассейнінің дамуына жол ашылды.  Жаңажол кешені бүгінде елімізге мұнай өңдеу және игеру ісінде белгілі.

«Геотехника», «Эталон»  зауыты, автожөндеу, авиажөндеу, құрылыс  комбинаттары,  «Актюбхимпласт»   өндіріс  ұйымы, «Юность» тігін  фабрикасы, нан өнімдері және ет комбинаттары облыстағы  маңызды  өндіріс  орындары болып саналды.

Темір-бетон  зауыты,  үйкомбинаты, Мұғалжар  және  Бершүгір  қиыршық тас  зауыты,  Кірпіш  зауыттары облыстың құрылыс   индустриясын  дамытуға  өз  үлестерін  қосты.

1982 жылдың 11  тамызынан бастап қала жолдарына троллейбустар шықты.

Ақтөбеде  алғаш  рет  ұшақ 1930  жылы қонса, 1933 жылы әуежай ашылды. Онда 22 адам қызмет  жасап, әуежайға 9 ұшақ қонып,  ұшып тұрды.  Бүгінде  аталған әуежай халықаралық  деңгейге  дейін  көтерілді.

 

Ауыл шаруашылығы

 

Бұл  сала  тарихы ұжымдастыру  кезеңінен  бастау  алады.  1930  жылы  аймақта   393  колхоз   болды.  Ауылға  және  қалаға   көмек  ретінде  8000  жұмысшы  жұмылдырылды.   Олардың  ішінде  тракторшылар,  басқа да   жұмысшылар, колхоз басшылары, ауыл шаруашылығы саласында жөндеу  жұмыстарымен  айналысатын 21  бригада, 11 мәдени бригада  болды.

1931-1932   жылдары облыста —  Мәртөк, Жайсаң,  Новоресей,  Қобда  және  Тамдыда  5  машина-трактор станциялары  құрылды.

1932  жылы   ірі қара  саны 133,3  мың  бас,  қой және  ешкі  саны 137,1 мың,  жылқы 53,1 мың,  түйе 36,1 болды.

1930  жылдардағы  ашаршылық  кезеңінде халық  саны  күрт  азайды. Шалқар ауданының  өзінде халық саны  30-35  пайызға азайып кетті…

1939  жылы   облыста 677  колхоз, 23 МТС 23339 трактор және 616  комбайн  болды.

Ұлы  Отан  соғысы  жылдары  жұмысшы  топтың   жетіспеушілігіне   қарамастан  облыста 660  мың  гектарға  дейін егіншілік  алқабы игеріліп, ірі қара және   қой   саны 365,7  мыңға  жетті.

1948-1949   жылдары облыстың 72 ауылшаруашылық   жұмысшысына  Социалистік  Еңбек  Ері  атағы  берілді.

1954  жылы еліміздің  басқа  аймақтары секілді  облыста   тың  және  тыңайған  жерлерді  игеру  басталды. «Северный», «Псковский», «Комсомольский», «Ярославский», «Урожайный»  және  т.б.  астық  шаруашылығымен  айналысатын совхоздар  құрылды. Тың  игеру оң  нәтиже  беріп,  егін  шаруашылығында 1300 мың  гектар   тың жер  игерілді. Егін  өнімін сату 3 есеге  өсті.

1966  жылы  егін түсімі  1 млн. 193 мың тонна болып, мемлекетке 322,3 мың тонна  астық құйды. Сол жылы  Ақтөбе облысы  астық, ет, сүт және т.б. ауылшаруашылық  өнімдерінің  өсуіне байланысты Ленин орденімен  марапатталды.

1992 жылы   облыста  107 совхоз, 44 колхоз, 3 ауылшаруашылық  тәжірибе станциясы, 1 құс фабрикасы болды.  Сонымен қатар 200-ге жуық фермалар шаруашылығы ауылшаруашылық саласының дамуына үлестерін қосты.

Әлеуметтік   жағдай  

Облыстың  құрылуымен   Ақтөбе  қаласының  әлеуметтік   жағдайы  оң  өзгеріске  бет  бұрды.  1936 жылдан  бастап қаланың   тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы  қаланы  көркейтуге кірісті. 10,5 шақырымға  созылған  алғашқы су  құбыры  тартылып, 25  су бұраны орнатылды.  Көшені көгалдандыру, жарықтандыру  жүйеге қойылып,  жаяу жүргіншілерге  арналған  жолдар   салынды. Облыс  құрылған  алғашқы  онжылдықта  қалада  2 аз қуатты  электростанция  жұмыс жасап,  көшелер бойынша 250  электр шамдары орналастырылды. Тұрғын  үй қорында 7 мың жеке және коммуналдық үй болды. 1933 жылы  облыс  бойынша 680 бастауыш  және 30 орташа, 3 орта  мектеп  болды.  Оған  қоса 73 мектеп-интернаттары  ашылды.

Ұстаздар мен кадр  дайындаумен 1922 жылы  ашылған  Ақтөбе  педагогика  училищесі  айналысты. Ал 1935  жылы  ұстаздар институты   ашылды. Бұл  облыс тарихында  алғашқы   жоғарғы   оқу  орнының ретінде қалды.

1945 жылы  Темір қаласында  зооветеринарлық   техникум ашылды.  1957 жылы  Ақтөбе  мемлекеттік  медициналық   институты жұмыс жасай бастады.  Аталған  институт  батыс  аймақты   дәрігер мамандармен  қамтамасыз  етті.  Сонымен  қатар  облыстағы  бірегей  оқу  орнының бірі Т.Бигелдинов  атындағы   Жоғарғы ұшқыштар училищесі оқушылар қабылдай бастады.

 

Айнұр МАҚСАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе  облыстық  мемлекеттік  мұрағатының   қызметкері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button